Басты жаңалықтарМереке

Облыстың 30 мыңнан астам тұрғыны бір мезетте гимн шырқады

Мемлекеттік рәміздер күні

4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күнінде Ақтөбедегі Тұңғыш Президент атындағы мәдениет және демалыс саябағының Тутұғыр алаңында кең көлемде салтанатты іс-шара өтті.

«Менің елім!»

Бұл күні орталық алаңға үш мыңға жуық ақтөбелік жиналды. Мұндаеңбек ардагерлері, депутаттар, қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мемлекеттік қызметшілер,ішкі істер департаментінің қызметкерлері, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтының, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының курсанттары, дәрігерлер, құрылысшылар, оқу орындарының әскери-патриоттық клубтарының мүшелері, студенттер мен оқушылар, балабақша тәрбиеленушілері, спортшылар бой көрсетті.Алаңға жиналғандар еліміздің Мемлекеттік Туын көтеру салтанатты рәсіміне және Мемлекеттік Гимнді бір мезгілде орындайтын республикалық акцияға қатысты.
«Саз» балалар студиясының өнерлі өрендері, қаламыздағы мектеп оқушылары мен балабақша балдырғандары бастап, алаңда тұрғандардың бәрі бір мезетте Мемлекеттік Гимнді шырқады.№9 «Бәйшешек» балабақшасының меңгерушісі Сандуғаш Әбдішүкірованың айтуынша, бұл шараға №9 «Бәйшешек», №7 «Арман», №17 «Шұғыла», №33 «Нұр сәт», №21 «Кәусарбұлақ», №49 «Думан» балабақшаларының әрқайсысынан 20 баладан келіпті.Сөйтіп, Гимннің сөзін жаттап алған кішкентай патриоттар аға буын өкілдерімен бірге республикалық патриоттық акцияға үн қосты.

Мерекелік шарада әуелі облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңір тұрғындарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
— Мемлекеттік рәміздер — еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамайтын атрибуттарының бірі. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран — егемендігіміздің айғағы, жаһандық қауымдастық алдында елдігімізді ерекшелейтін, мәртебемізді биіктететін құндылық. Тәуелсіз елімізге деген құрмет — оның басты белгісі Мемлекеттік рәміздерді қадірлеуден басталады. Бүгінгі шара ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту, егеменді еліміздің болашағы — жас ұрпақты ұлттық дүниетаным негізінде тәрбиелеу, патриоттық, отансүйгіштік сезімдерін ояту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Көк Туымыз көгімізде желбіреп, Елтаңбамыз ардақталып, Әнұранымыз шырқала берсін! — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов. Одан соң сөз сөйлеген Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, ардагерлер арасында джиу-джитсу мен греплингтен әлем чемпионы Әшім Қали Рәміздер күні — елдігіміздің мерекесі екенін атап өтті. Абзал Төребек Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» әнін орындап, осы сәтте Тутұғырдағы көк Туымыз бен қатысушылардың қолындағы көк жалаушалар әдемі үйлесім тауып, желбіреп тұрды.
Салтанатты шара соңында жиналғандар Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнерпаздарына қосылып, Ескендір Хасанғалиевтің патриоттық рухтағы «Атамекен» әнін шырқады.

Бұл күні Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда және теміржол вокзалында, ірі сауда орталықтарында, базарларда, кәсіпорындарда да қызметкерлер мен тұрғындар, қала қонақтары бір мезгілде Гимнді орындады.

— Облыс тұрғындарыныңеліміздің дербестігін көрсететін, Тәуелсіздігіміздің нышаны саналатын Мемлекеттік рәміздерге деген құрметі ерекше. Оны бүгінгі шараларға белсенділік таныта қатысқандарынан аңғаруға болады. Мерекеде жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін шаралар облыс орталығында ғана емес, барлық ауданда бір мезгілде өтті. Облыстың 30 мыңнан астам тұрғыны бір мезетте Гимн орындайтын Рәміздер күніне арналған республикалық патриоттық акцияға атсалысты. Рәміздер күні — патриоттық рухты көтеріп, ұлттық намысты ұлықтайтын мереке. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! — деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева шараны түйіндеп.

Сондай-ақ бұл күні Абай даңғылындағы «Тәуелсіздік» стеласы алаңында да Мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылған «Рәміздер — Тәуелсіздік тұмары» атты мерекелік патриоттық концерт өтті.

Рәміздерге арналған байқау

Тұңғыш Президент атындағы саябақ сахнасының артындағы алаңда «Менің Қазақстаным — менің рәміздерім» атты кондитерлердің шығармашылық байқауы өтті.

Байқауға қатысқан 40 кондитер-маман төрешілер назарына патриоттық тақырыпта дайындап әкелген торт, печенье секілді кондитерлік өнімдерін ұсынды.

Шеберліктерін ғана емес, шын мәнінде патриоттық, отансүйгіштік сезімдерін де сынға салған кондитерлер өнімдерін рәміздерге, патриоттық тақырыпқа арнапты. Түр-түсі бірінен-бірі ерекшеленіп тұрған өнімдерді тамашалаған облыс әкімі Ералы Тоғжанов Мемлекеттік рәміздерді насихаттап, жастарға үлгі көрсеткен кондитер қатысушыларға, креативті байқауды ұйымдастырушыларға, комиссия мүшелеріне алғыс айтып, мерекемен құттықтап, жеңімпаздарға жүлде тапсырды.

Байқауда төрешілер назары «Күншуақты Қазақстан» деп аталатын тортқа түсті, кондитер бұл өнімді күннің шуағы секілді бейнелепті. Осы өнімімен 40 кондитердің арасында топ жарған көпбалалы Арайлым Молдағалиева жеңіске жетті. Жеңімпазға робот-шаңсорғыш табысталды. Арайлым 2021 жылы қалалық жұмыспен қамту орталығынан берілетін 1 миллион 225 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болғанын, сол қаражатқа кондитерге қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін бастағанын айтты.

Екінші орынға Айнұр Дүйсенбаева мен Айнұр Өтесінова ие болды, оларға «Braun» араластырғышы берілді. Ал үшінші орынды Лаура Құмарова мен Балсұлу Қайырбекова иеленді, жүлдегерлерге электр самаурын табыс етілді. Жүлдеге ие болмаған қатысушылар да ынталандыру сыйлықтарымен марапаталды.

Кондитерлікті кәсіп етіп жүргендердің ішіндегі ең кішісі — 14 жастағы Гүлсұлтан Балтабек.

— Гүлсұлтаным №31 орта мектептің 9-сыныбына көшті. Асүйде түрлі тәтті тоқаш, торт, бәліш әзірлегенді ұнатады. Тағамдарды әзірлеу жолдарын негізінен youtube арнасынан қарап үйренеді. Төрт қызымыз бар, шүкір. Қонақ келгенде сол қыздарым бәрін өздері үйде пісіреді. Өзім «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында аспаздық курста оқып жүрмін. Байқау туралы инстаграм әлеуметтік желісінен  көрдік, — дейді жас кондитердің анасы Айткүл Ташпаева.

Жас суретшілер сыйы

Орталық саябақтағы сахна артындағы алаңда жас суретшілер патриоттық тақырыпта сурет салып, бақ сынады.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған байқауда қаламыздағы көркемсурет лицейі, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық үйі, Оқушылар сарайындағы бейнелеу өнері, көркемсурет үйірмелеріне қатысып жүрген жас суретшілер сынға түсті. Қатысушылар ұзындығы 50 метрлік, ені үш метрлік кенеп мата бетінде патриоттық тақырыптағышығармаларынбейнеледі. Қылқалам иелері негізінен ашық аспанды, шуағын шашқан күнді, қазақ батырларын, қалықтап ұшқан қыран құсты, көк Туды, тұлпарды, домбыраны, Қазақстанның дарқан даласын, жайлауды, ою-өрнектерді салыпты.

Жеңімпаздарды Тұңғыш Президент атындағы саябақтың сахнасында өткен «Патриотизм дауысы» атты мерекелік концертте облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова марапаттады.Мұнда қалалық көркемсурет лицейінің оқушысы Мария Алиманованың салған суреті ерекше болып, І орынға лайық деп танылды. Ал балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық үйінің тәрбиеленушісі Алтын Серікбай мен Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің тәрбиеленушісі Полина Седова ІІ орынға ие болды. ІІІ орынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық үйінің тәрбиеленушісі Софья Сосина мен балалар шығармашылық үйінің тәрбиеленушісі Ақнұр Алдиярова иеленді. «Ең жас суретші» номинациясымен балалар шығармашылық үйінің тәрбиеленушісі Әмина Лұқпанова марапатталды. «Ерекше шығармашылық идея» номинациясына «Ақжелкен» аула клубының мүшесі Анель Мұқтар мен қалалық көркемсурет лицейінің оқушысы Кристина Львова ие болды. Ал балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық үйінің тәрбиеленушілері Аяулым Сағынаева мен Альмира Амандықова «Көрермен көзайымы» атанды. Қалғанқатысушыларға да ынталандырусыйлықтарыүлестірілді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button