Спорт

Үздік үштікке жеткізген жеңіс

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 2:0

3-4 маусым күндері 12-тур ойындары өтті. Алғашқы бестіктің жағдайына келер болсақ, «Тобылдан» 0:1 есебімен ұтылған «Қызылжар» бір саты төмендеп, орнын «Ақтөбеге» беруге мәжбүр болды. «Астана», «Ордабасы», «Қайрат» жеңіске жетті.

Биылғы чемпионатта Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда алғашқы ойынын өткізген «Ақтөбеден» жергілікті жанкүйерлер де, футбол мамандары да тек жеңіс күткен болады. Тіпті Литва кәсіпқой футболшылар ассоциациясының президенті, «Ақтөбенің» бұрынғы футболшысы Арунас Климавичюс есепті 2:0 болады деп те болжаған.

Солай болды да. Орталық стадионның жасыл алаңын да, трибунаны толтырып отыратын жанкүйерлерін де сағынып қалған «Ақтөбе» бірден мәмілесіз шабуылға шықты. Шапшаң гол соқты. 6-минутта Франк Андерсон Ньянгбо тепкен допты, обалына не керек, әрі қақпашы, әрі капитан Игорь Шацкий кері серпіп үлгерген еді, дегенмен сол тұсқа жетіп келген Арман Кеңесов алдына келе қалған допты дереу сол аяқпен теуіп, қақпаның оң жақ бұрышын дір еткізді — 1:0.

Бұдан соң да жерлестеріміз қарағандылықтарды тықсырумен болды. Бірақ бірінші таймда әлгі табысты қайталаудың реті келе қоймады. Бұның ретін келтіруге 61-минутта Бауыржан Байтананың орнына алаңға шыққан Максим Самородов көмектесті. Он минуттан соң оң жақ қапталдан құйғыта заулаған ол допты қарсыластар қақпасына ентелей келіп қалған қызыл жейделі үш футболшының алдына қарай қиялай тепті де, Лука Гадрани аяғын тоса қойды — 2:0. Өткен турда да әріптесінің гол соғуына көмек берген осы Максим еді.

Айқын басымдылықпен ойнаған «Ақтөбенің» сапында Бауыржан Байтана, Ньянгбо, Максим Самородов, екінші реттен Арман Кеңесов, Лука Гадрани гол соғарлықтай мүмкіндіктер болды. Бірақ есеп осы күйі қалды.

Тур нәтижесінде «Ақтөбе» үшінші орынға көтерілді.

*   *   *

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 2:0

Гол авторлары: Арман Кеңесов, 6-минут (1:0); Лука Гадрани, 71-минут (2:0).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Әділхан Таңжарықов (капитан), Лука Гадрани, Даниил Пенчиков, Дмитрий Яшин, Милош Раичкович (Артурас Жулпа, 61-минут), Леонел Струмия, Бауыржан Байтана (Максим Самородов, 61-минут), Франк Ньянгбо (Андрия Филипович, 78-минут), Арман Кеңесов (Ыдырыс Умаев, 70-минут), Элдер Сантана (Абылайхан Жұмабек, 78-минут).

Бас бапкер Андрей Карпович.

3 маусым 2023 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 12 600 адам. 

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 5 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 3 гол;

Лука Гадрани, қорғаушы — 3 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 2 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 2 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 1 гол;

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 1 гол.

*   *   *

Жерлестеріміз 12 кездесу өткізіп, 7 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 24. Доп айырмашылығы — 24:11.

*   *   *

Он екінші турдан соң алғашқы үштікке «Ақтөбе» қосылды: «Астана» (32 ұпай), «Ордабасы» (29 ұпай), «Ақтөбе» (24 ұпай).

4-5 орын иелері — 22 ұпай жинаған «Қызылжар» мен 21 ұпайы бар «Қайрат».

6,7,8-орындарда «Тобыл» (20 ұпай), «Атырау» (18 ұпай), «Қайсар» (16 ұпай) тұр.

9-10 орынға 13 ұпай жинаған «Жетісу» мен 12 ұпайы бар «Шахтер» орнықты.

Соңғы төрттікте, яғни 11,12,13,14-орында қалғандар — «Оқжетпес» (11 ұпай), «Каспий» (10 ұпай), «Мақтаарал» (9 ұпай), «Ақсу» (7 ұпай).

* Басқалардан «Астананың» 2 ойыны, «Мақтаарал» мен «Ақсудың» 1 ойыны артық екенін еске саламыз.

*   *   *

13-тур ойындары екі апталық үзілістен соң 24 маусым күні өтеді:

«Ақтөбе» — «Мақтаарал»

«Ақсу» — «Ордабасы»

«Атырау» — «Тобыл»

«Шахтер» — «Жетісу»

«Қызылжар» — «Қайрат»

«Оқжетпес» — «Қайсар»

«Астана» — «Каспий» (14-тур ойыны)

*   *   *

Ал екі апталық үзіліс кезінде 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирлері өтеді.

Қазақстан құрамасы 16 маусымда Парма қаласында (Италия) Сан-Марино құрамасымен кездессе, 19 маусымда Белфаст қаласында Солтүстік Ирландия құрамасымен ойнайды.

Екі турдан соң «Н» тобын 6 ұпаймен Словения бастап тұр. Дания, Қазақстан, Финляндия, Солтүстік Ирландия құрамалары 3 ұпайдан жинады. Сан-Маринода еш ұпай жоқ.

Еске сала кетсек, Қазақстан Словениядан 1:2 есебімен ұтылып, Данияны 3:2 есебімен ұтқан болатын. Біздің құрамадан гол соққандар: Максим Самородов, Бақтияр Зайнутдинов (пенальти), Асхат Тағыберген, Абат Айымбетов.

Бас бапкеріміз Магомед Адиевтің жақында сырт алаңда өтетін кездесулерге шақырған құрама мүшелерінің ішінде ақтөбеліктер — қорғаушы Әлібек Қасым, жартылай қорғаушылар Максим Самородов пен Арман Кеңесов бар.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button