Басты жаңалықтар

Елорданың туған күні

Мереке қарсаңында туған күнін Астана күнімен бірге тойлайтын жастар мен  Астана құрдастарын әңгімеге тартқанбыз.

Біз — Астананың құрдасымыз

Ақтөбе қаласындағы №38 мектептің 6-сыныбында оқитын Сұлтан Серікбаев Астана қаласымен құрдас. Ол облысқа танымал «Шашу» би тобының құрамында өнер көрсетеді. Аймақтық, республикалық және халықаралық жарыстардан жүлдемен оралып жүр.  Білім ордасында өткізілетін түрлі мерекелік шаралардан да тыс қалған емес. Сұлтан болашақта елімізге танымал биші болуды армандайды. Жылдан жылға көркейіп келе жатқан әсем қала Астанадағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алғысы келеді.

—  Астана қаласына барып көргенім жоқ. Бірақ қаланың әсемдігі туралы теледидар мен газеттерден білемін. Болашақта осы қалада білім алғым келеді. Мақсатыма жету үшін қазірден бастап жақсы оқуға тырысып жүрмін. Сабақтан тыс би үйірмесіне қатысамын. Тобымыздың жетекшісі Жанат Қадырбекова апайымыз түрлі ұлттық билерді үйретті. Өткен жылы Мәскеу қаласындағы халықаралық жарыста бірінші орынға ие болдық. Биыл облыстық «Жас толқын» байқауына қатыстық. Сайыстың екінші кезеңі өтпегендіктен,  қорытындысы әлі белгісіз. Бірақ бұл жарыста да жүлдеге қол жеткіземіз деген үміттемін, — дейді жас биші.

Сұлтан ағалары Медет пен Есетті үлгі тұтады. Үлкен ағасы Медет Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының экономика факультетінде сыртай білім алса, Есет 9-сыныпта оқиды. Есет кикбокс үйірмесіне қатысатындықтан Астана қаласында ұйымдастырылатын жарыстарға жиі барады екен. Сұлтан да болашақта Елордаға жолы түсетініне сенімді. Қазір ол шілде айында Байқоңыр қаласында өтетін жарысқа дайындалып жүр.

 

*   *   *

№21 мектеп-гимназияның оқушысы Көркем Лайықова да Астананың құрдасы. Ол жыл сайын жазғы демалысын Елордада өткізеді. Бұл жолы ата-анасымен, және кішкентай інісі Дінмұхаммедпен бірге бармақ.

Ең алғаш Астана қаласына 2005 жылы бардым. Ол уақытта қазіргі кейбір нысандар енді салынып жатты. Астанада тұратын әжем Ұрқия олардың болашақта қандай мекеме болатынын түсіндіріп отыратын. Ал бүгінде Астананың көркемдігін айтып жеткізу мүмкін емес. Әр барған сайын таң қалумен боламын. Әсіресе,  «Бәйтерек», «Думан», «Мега» ойын-сауық орталығы  ұнайды. Мәселен,  «Думан» ойын-сауық орталығында әлем елдерінің көрнекті ескерткіштерінің макеттері орналасқан. Қанша барсам да осыларға қызықтап қараймын. Бірімен-бірі сән жарыстыра бой түзеген зәулім үйлер мен заңғар ғимараттарды тамашалаудан жалыққан емеспін. Астанаға субұрқақтар мен саябақтар да ерекше көрік береді. Ағам Мұрат сіңілім Құралай екеумізді осы саябақтарға қыдыртады, суретке түсіреді, — дейді Көркем.

Көркем биыл да туған күнін Елордада қарсы алмақ. Тіпті ағасы әжесі екеуіне салтанатты сарайда өткізілетін концертке билет те алып қойыпты. Сәтін салса, жексенбіде жол жүрмек. Бұл күнді, әсіресе, інісі Дінмұхаммед асыға күтіп жүр. Көркем болашақта журналист болғысы келеді. Қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәнін сүйіп оқиды. Қаладағы «Ассерас» халықаралық оқыту орталығында білім алады.

 

 

Астана — жастардың қаласы

Туған күні Астана күнімен тұспа-тұс келген  жастардың бірі — Әсемгүл Жұбаназарова.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының 3-курсын тәмәмдаған Әсемгүл биыл туған күнін Елордада атап өтуді жоспарлап отыр.

—  Бұл менің Елордаға тұңғыш сапарым болмақ. Күнде теледидардан қарап қызықтағанша көзіммен көріп қайтуды жөн санадым. Ата-анамның ол жақта ешқандай туысымыздың жоқтығын айтып қарсылық білдіргендеріне  қарамастан, пойызға билет алдым. Бұйыртса, құрбы қыздарыммен бірге Астананың көрікті жерлерін аралаймын, — дейді Әсемгүл.

Әсемгүл «Жасыл ел» жасағында еңбек етеді. Биыл қаланың Кірпішті, Родниковка, Заречный, Ақжар ауылдарының маңындағы талдарды әктеп, қурағандарын кесіп, аймақтың гүлденуіне өз үлесін қосты.

— «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша үш жыл қатарынан жұмыс істедім. Қала ішін көгалдандыру жұмысына белсене қатыстым. Бұл, бір жағынан, студенттерді еңбекке баулыса, екіншіден, табыс табудың көзі. Әрі мұнда жастар үшін бар жағдай жасалған. Студент қалтасына  салмақ түспейді. Біздің институт жастары жаз бойы «Студенттер үйінде»  ақысыз тұрады. Алғаш айлық алғанда қатты қуандым. Оқуға қажетті құралдар мен киім-кешегімді өзімнің еңбекақыма сатып алдым. Менің жұмыс істеп, тәуір табыс тапқаныма ата-анам да марқайып қалды. Биыл да алғашқы айымды бос өткізгенім жоқ, — дейді Әсемгүл.

Әсемгүлдің үй- іші өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданынан көшіп келіпті. Қазір қаланың Ақжар-2 ауданында тұрады. Анасы Нұржамал үй шаруасында болса, әкесі Жаңабай — дәрігер. Ардақ және Гүлзат есімді екі бауыры бар. Студент қыздың алға қойған жоспарлары да көп. Оқуын тәмәмдаған соң магистратурада грант негізінде білім алғысы келеді.

*  *  *

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын математика пәні бойынша аяқтап, жуырда ғана қолына дипломын алған Жазира Бекжанованың туған күні де Елорда мерекесімен қатар.

Жазира Астана қаласына сәуір айында барыпты. Оқу орнының «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша еңбек еткен қырық студентіне Астана қаласына жолдама берілген.

Астанаға алғаш рет барғандықтан алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Бізді бастап барған жетекшіміз Елорданың ең көрікті жерлерін аралатты. Әсіресе, «Салтанат сарайы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Триумф Астана», «Думан» сияқты ғимараттар мен «Қазақ елі», «Шабыт», «Тәу­елсіздік сарайы», «Хан Шатыры» секілді нысандарды сәулет өнерінің жауһарлары санауға болады. Көркіне көз тоймайтын саябақтар мен субұрқақтардың өзі асқан шеберлікпен үйлесім тапқан. Көшелердің барлығы мұнтаздай таза. Барлығымыз осы жерлерге суретке түсіп, мәре- сәре болдық. Сапарымыздың өте қызықты өткені сондай, кететін уақытта Елордамен қимай қоштастық.

Жалпы, жастар үшін осындай саяхатты  ұйымдастырған облыс басшысы Елеусін Сағындықовқа  алғысымыз шексіз. Бұл мен үшін студенттік жылдардағы ең ұмытылмас сәтке айналатыны сөзсіз, — дейді Жазира Маралқызы.

Туған күнін Ақтөбеде өткізуді  жөн санаған Жазира сәрсенбі күні туған жері  Қызылорда облысы Сырдария ауданы Асқар Тоқмағанбетов атындағы ауылға жол жүреді. Алғашқы еңбек жолын да осы өңірден бастамақ.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

***

 

Ардагерлер айтса…

 

Қазақ жерінің кіндігі

 

Қайрат Жұмағалиевтің бір өлеңінде «Таңғалуды ұмытып бара жатырмыз» деген жолдар бар еді. Сол рас, адам табиғаты солай, қол жеткенді місе тұтпайды, қадірлей де бермейді. Болмаса, осындай шақты басымыздан кешерміз деген ой кешегі күндерде түсімізге де кірген жоқ қой.

Біз студенттік шақтарды Алматы қаласында өткердік. Бірнеше студент жамбас ақы төлеп, үй жалдап тұрдық. Ол да бір орыс кемпірінің үйінің бір бөлмесі. Төрт бұрышында икон тұрады. Түнімен шырағы сөнбейді. Сол үйге жақын «Сарыарқа» деген кинотеатр болды. Соның атының өзі құлаққа жағымды естіліп, бойыңа ерекше қайрат беретін. Ал қазір астанамыз сол аталған Сарыарқаның қақ төрінде. Астанамызға да, елімізге де, жерімізге де өзіміз ие, қожамыз. Ұлттың енді не арманы бар. Орындалған арман деген осы емес пе?!

Қай ел болса да астанасын үлкен өзен бойына салуы ежелден келе жатқан үрдіс. Өйткені, сулы жер — нулы жер, ол қаланы жағалай жасыл желекке бөлеп тұрады. Біздің Астана  қаламыз да сондай жерге орналасқан. Әрине, таңдаған жерге қалауың болса, саласың.  Ондай мүмкіндігі жоқ елдер барды қанағат тұтады. Ал біздің мүмкіндігіміз басқаша, жеріміз кең байтақ, астанаға лайық қалаларымыз да көп. Бірақ қазақ жерінің кіндігі — кешегі Ақмола, бүгінгі әсем қала Астана деп білеміз.

Ерболат ЕСНИЯЗОВ,

спортшы ардагері.

 

 

Сарыарқаның ерекше самалы

 

Кешегі кезде әсем қала Алматыға өз ұлтымыз бұлай шоғырлана алған жоқ. Өйткені, оған шектеу қойылды. Өз жерімізде өгейлік көріп, тіркеуге алынбадық. Тәуелсіздіктің жөні бөлек қой, шіркін! Астана салынған аз жылда, оған қазақтың зиялы қауымы да айтарлықтай шоғырланып қалды. Олар жаңарған қалаға өзіндік ұлттық сипат дарытып, өркениет сатысына көтере түсері де анық.

Астана қаласының бас сәулетшісі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев екені тегін айтылып жүрген жоқ. Президент іргелі елдерге барған сапарынан сәулеттің қайталанбас әсем үлгісін әкеліп, ұсынады екен. Орыстың бірінші Петрі сияқты ғой. Кейін «Ақ сұңқар» болып өзгертілген «Еуропа палас» мейрамханасы, «Самұрық» деп өзгертілген «Синема Сити» кинотеатры, «Хан шатыры» ойын-сауық отауы ғимараты, тағы басқа әсем құрылыстар осылай дүниеге келген екен.

Жаңадан ашылған көшелер мен даңғылдар жаңа атауларға ие болды. Мәселен, Сарайшық, Сығанақ, Ақмешіт, Түркістан, Орынбор, Сауран деген көшелер қандай жарасып тұр. Лайым осылай бола бергей деген тілекпен отырамыз.

Мақсот СӘДІРБАЕВ,

ардагер.

 

 

***

 

Әлемдегі ең шуақты қала…

Өткен жылдың көктемінде ақтөбелік жастар «Ауылдың гүлденуі ─ Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы жөнінде бастама көтергені белгілі. Бұл ізгі бастаманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қуаттап, еліміздің өзге өңірлеріндегі жастарды ақтөбеліктерден үлгі алуға шақырды. Марафон-эстафетаға еліміз бойынша — 600 мың, ал облысымызда 70 мың ұл мен қыз қатысты. Осы 70 мың студент пен оқушының арасынан ауыл-қалаларды көркейту ісіне ерекше белсенді қатысқандарға 64 жеңіл автокөлік, 1000 дана ноутбук, сонымен бірге Астанаға сая­хаттау үшін ­ 2000 жолдама берілген еді.

Астана қаласына саяхаттау бақытына ие болған ұл-қыздар өз әсерлерін былай деп бөлісті:

 

Минвара Изматова,

№40 мектептің оқушысы:

— «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» акциясына біз үлкен ықыласпен қатыстық. Өзіміз топырағын басып, суын ішіп, ауасымен тыныстап отырған қаламыздың — Ақтөбенің тазалығы үшін аянғанымыз жоқ. Сол еңбегіміз бағаланып, біздің мектептен 10 оқушы Астанаға жолдама алдық. Астананы әрдайым әлемдегі ең сұлу, ең шуақты қала деп елестетінмін. Расында да, солай екен! Біз Астанаға қаңтар айында аттанған едік. Мен бір деректен ауа темпуратурасы жөнінен Астана — әлемдегі ең суық астаналардың бірі дегенді оқығанмын, «ол жақтың қысы қатты» — деп үлкендер де айтып жатады, бірақ, өз басым қыс іші болса да, Астананың ызғарын, аязын сезінген жоқпын, керісінше, ол күндер тек шуақты әсерлерге толы болды: «Бәйтерек», «Хан шатыры», «Нұр Астана» мешіті, «Қазақ елі» монументі… «Бәйтеректе», «Хан шатырында» біз көңіл көтердік, ал мешіттегі, мұражайлар мен ескерткіштер маңындағы әңгімелерден еліміздің өткені мен бүгіні, Қазақстан халқының жасампаздығы, Елбасымыздың ерен еңбегі жөнінде мағлұматтарға қанықтық. Осының бәрі біздің еліміздің болашағы жарқын деген сенімімді бекіте түсті. Мен болашақта дәрігер болсам деймін. Ал әзірге — оқушымын. Оқушы болсақ та біз «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы арқылы еліміздің, жеріміздің көркейіп-гүлденуіне үлес қосып отырмыз. Осыған шын жүректен қуанамыз. Осы мүмкіндікке жол ашқан облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа алғыс айтқым келеді. Ал өз құрбыларыма айтарым —  марафон-эстафетаға белсенді қатысайық. Бұл күндерді кейін, өмірдің көп белесін артқа тастаған шақтарда, үлкен мақтанышпен, ризашылық сезіммен еске алатындай болайық.

 

Айдана Қыдырова,

Ақтөбе медицина колледжінің оқушысы:

— Негізі, Астанада бұрын да болған едім. Бірақ бұл жолғы сапарымның жөні бөлек деп білемін — өйткені, өз еңбегіммен, өз жетістігіммен барып отырмын. Біз барған, аралаған жерлердің бәрі де маған ұнады. Қазақстандықтар үшін осынау қаланың әр көрінісі ыстық та қымбат болса керек. Десе де менің көңілімде сәулеті, мазмұны жағынан Бейбітшілік және келісім сарайының орны бір басқа сынды әсер қалды.

Бұл ғимараттың авторы Норман Фостер — әлемге әйгілі сәулетші. Ол Трафальгар алаңын, Британ музейін, Гонконгтың «Чех Лап Кок» әуежайын, «Гонконг және Шанхай банкін», тағы басқа әлемге белгілі құрылыстарды жобалаған.

Сарайдың төменгі жағының қырық жеті метрі табиғи тастармен қапталған және терезелері жоқ. Рухани конфессиялардың кеңселері бірнеше қабаттарда орналасқан. Сонымен қатар, діни басқосуларға арналған жалпы көлемі 1200 шаршы метрді құрайтын төрт зал, көрме залы, қысқы бау-бақша, Қазақстан халықтары Ассамблеясына арналған мәжіліс-залдар бар. Ал ең жоғары бөлігіндегі кәдімгі ұшып жүргендей көрінетін Бейбітшілік символы — ақ көгершіндердің бейнелері адамды ерекше сезімге бөлейді: татулықтың, тыныштықтың, расында да, шексіз бақыт, қымбат құндылық екенін сезінесің, бар жан-жүрегіңмен Жер бетіне бейбітшілік тілейсің…

Астана — тамаша қала. Астана күні — біз үшін ерекше мереке. Мен «Ақтөбенің» барша оқырмандарын осы мерекемен құттықтағым келеді. Аспанымыз ашық болғай!.

Арман Шәукебаев,

Алға қаласындағы №2 орта мектептің түлегі:

— Мен «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты жастардың акциясына қатынасып, өз жұмысымды жақсы атқарғаным үшін өткен  жылы Астанаға арнайы жолдамамен барып қайттым.

Мен — отбасымның үлкенімін.  Сондықтан жауапкершілікті де ерекше сезінемін. Қаламызды көркейтіп, абаттандыруға арналған үлкен жұмыстан кейін Елордаға бару мен үшін аса қызықты да маңызды болды. Қызықты дейтінім — қаланың әсем жерлерін араладық, «Бәйтерекке» бардық, Тәуелсіздік монументі үлкен әсер етті. Ал маңызды дейтінім – Астана сапары менің алдағы армандарымды да айқындап берді. Биыл мектеп бітіріп Астанаға, Кадет корпусына оқуға жүрмекші болып отырмын.

Елдің ертеңі біздің қолымызда екенін жаныммен сезінемін.

 

Фариза Салиева,

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқушысы:

— «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы — біздің жастық шағымыздың жарқын бір беттері боп қалатыны даусыз. Бұл шараға өткен жылы да қатысқан едім, биыл да қатысып отырмын. Бір жағынан, еңбек етіп, туған елімізге, ата-анамызға пайда тигізсек; екінші жағынан, осы шара қорытындысында белсенді жастарға сыйға тартылған автокөлік, Астанаға жолдама және ноутбуктер — көпшілігіміздің өмірдегі ең алғашқы үлкен табысымыз. Мысалы, өз басым Астанаға бұрын да барғанмын. Бірақ өз еңбегім арқылы қол жеткізген осы жолғы сапар ешқашан ұмытылмас деп ойлаймын. Кезінде Сәкен Сейфуллин сынды үлкен ақынның ізі қалған қала бүгінде еліміздің астанасына айналып отыр. Астанада жыл сайын жаңа, әдемі ғимарттар қатары көбейіп, Елордамыз тез өсіп келеді. Біз қаланың ең әдемі, көрнекті орындарын тамашаладық.

Әсіресе, Президенттің Мәдениет орталығындағы сәттер біз үшін ерекше маңызды да пайдалы болғаны сөзсіз. Былайғы уақытта күнделікті тірлікпен жүріп, халқымыздың тарихына жиі үңіле бермейміз. Ал мұнда қазақтың бүкіл тарихынан, тәуелсіздік шежіресінен сыр шертіп тұрған құнды жәдігерлердің тұсында көбірек аялдадық. Ұлы Даланың даңқты тарихы жанымызды баурады… Сондай-ақ, Елбасымыздың бала кезінде, жас шағында түскен суреттерін ерекше қызыға қарадық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әрқайсысымыз елім үшін мен не істедім, не істей аламын деп ойлануымыз керек» — деген еді. Мен өз басым еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін әрқайсысымыз әр күнімізді мәнді өткізуге тырысу керекпіз деп білемін. Қоғамдық өмірге, жақсы істерге белсене араласу — жастарға парыз. Біз, мен және құрбыларым — Әйгерім Молдаш пен Перизат Ермағамбетова үшеуіміз, облыстық балалар құқықтарын қорғау департаментінің бастамасына үн қосып, педагогикалық жасақ құрамында 8-шағын аудандағы бірнеше үй балаларының бос уақытын ұйымдастыруды қолға алдық. Балалармен күніне 4 сағат жұмыс істейміз. «Қыздар күні», «Ұлдар күні», «Күлкі күні» сынды шаралар өткіздік. Ең бастысы, олардың танымына, пайдалы істермен шұғылдануына титтей болса да үлесіміз тисе — соған қуанамыз. Еліміздің болашағы жарқын, аспаны ашық болса — ең үлкен бақыт сол емес пе?.

Әсемгүл Нұржанова,

№34 мектептің оқушысы:

— Өткен жылы марафонға үш апта бойы қатыстым. Өзіңнің пайдалы істе жүргеніңді сезіну адамға үлкен қуаныш сыйлайды. Мен қолымнан келгенше тапсырылған істі адал орындауға тырысқан едім, ұстаздарым сол талабымды ескеріп, Астана қаласына саяхаттауға лайық деп тауыпты. Әрине, қатты қуандым. Бұл — менің Астанаға алғашқы сапарым. Астанада үш күн болдық. Бір ғана «Бәйтеректің»  өзі қанша әсерге бөлейді! Бұл  — қазақ халқының азат өмірге, достық пен жарасымдылыққа деген ақ ниетін, асыл арманын әлемге паш етіп тұрған орын; мұнда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің оң алақанының бедерлемесі — «Аялы Алақан» бар. Ал түнгі Астана ше? Бұл — жадыңнан ешқашан өшпейтін тамаша көрініс.

Сонымен қатар, астаналықтардың нағыз қазаққа тән қонақжайлығын да атап өту керек. Біз «Абай» қонақ үйінде болғанбыз. Осы қонақ үй қызметкерлері, бізге қаланы аралатқан астаналық мектептер мұғалімдері және басқалар жарқын жүз, жылы сөздерімен есімізде қалды.

 

Доснұр Ақылбекұлы,

№38 мектептің оқушысы:

— Болашақта сәулетші болсам деген мақсатым бар. Сондықтан мен Астананың әр ғимаратына ерекше қызығып, барлап қарадым. «Әлемнің сегізінші кереметі» деп атауға лайық ғимараттар бар мұнда! Әсіресе, «Хан шатырын» ұнаттым. Бұл — әлемдегі ең үлкен нысандардың бірі. Мұнда жаныңа не керектің бәрі табылады. Ішін араласаң да, сыртынан қарасаң да, әр қыры — көзің тоймайтын көрініс. «Хан шатырынан» басқа Президенттің Мәдениет орталығынан жанымызға үлкен азық алдық.

Астанамыз әлі де өсіп-өркендеп, көркейе берсе дейміз».

Бетті әзірлегендер И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА, Ш. ЕЛЕУСІЗ.

 

 

***

 

Елорданың елдегі көріністері

Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Әсіресе, Елордамыз Астана атанғалы бері еліміздің әр түкпірінде осы атауды иеленген түрлі мәдени-әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Көше аттары мен ауыл-аймақтардың тарихи атаулары қайта өзгертіліп, жаңа нысандар салынуда. Бүгінде Астананың символына айналған «Астана — Бәйтерек» шалғай ауылдарға салынған балабақшалардың атымен аталып тұр. Кейбір аудандарымызда «Бәйтеректің» шағын көшірмесі тұрғызылды. Мұның бәрі — тәуелсіздігіміздің жарқын жемісі!

Ырғыз

Ақшидегі «Астана»

Ырғыз селолық округіне қарасты Ақши ауылы төскейінде төрт түлігі өрген, ауыл тұрғындарының бірлігі жарасқан құтты мекендердің бірі. Ауылдың жасы да, жасамысы да өркениет жаңалықтарын қалт жібермейтін, тың идеяларды жүзеге асыруға бейім.

2008 жылы ауыл көшелеріне жаңа атаулар беру туралы мәселе көтерілген болатын. Осы кезде ауылдағы екі үлкен көшеге қаламгер Жолболсын Шайқақов пен Ырғыз өлкесінде ұзақ жыл еңбек еткен азамат, ақшилік Зейнолла Ермағанбетовтің есімі берілді.

Ауылдағы тағы бір көшенің атауын өзгерту керек болды. Сол кезде мен Ырғыз селолық округінің әкіміне ауыл тұрғыны ретінде сол көшені Астана атау жайында ұсыныс жасағанмын. Биыл менің ұсынысым заңды күшіне еніп, ауылдың бір көшесіне Астана атауы берілді, — дейді М.Төлегенов атындағы орта мектептің директоры Болат Қалиев.

Бүгінде Ақши ауылындағы Астана көшесінің бойында отызға жуық үй бар. Бұл көше ауылдағы М.Төлегенов атындағы орта мектептен бастау алады. Аудан тұрғындарын тұщы сумен қамтамасыз етіп отырған Айырқызыл  көлінің су айдайтын орталығы да осы көшенің бойында орналасқан.

«Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» жастар марафон-эстафетасы аясында мектеп оқушылары Астана көшесін тазалап, көріктендіру жұмыстарын жүргізіпті.

Айнұр ҚЫСТАУБАЕВА.

Хромтау

«Бәйтеректің» бүлдіршіндері

Аудан орталығынан бес шақырым қашықтықта орналасқан Дөң селосында елу орындық «Бәйтерек» балабақшасы жұмыс істейді.

«Шахтерлер поселкесі» аталып кеткен бұл ауылда «Бәйтерек» мектепке дейінгі ұйымы өткен жылы іске қосылды. Қазір бұл білім ордасында бес сала бойынша тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Атап айтар болсақ, балабақша тәрбиешілері танымдық, шығармашылық, әлеуметтік орта, дене тәрбиесі және қатынас пәндер саласы бойынша бүлдіршіндердің ой-өрісін кеңейтеді. Ашылғанына аз уақыт болса да, «Бәйтерек» балабақшасы  ұжымы көптеген іс-шараларды жүзеге асырды.  Жоспарлы мерекелік шаралармен қатар, мұнда, әсіресе, жаз маусымында «Толағай» спорт ойындары өткізіледі. Солардың бірі —  Балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, балалар мерекесінде аудандық білім бөлімінің кәсіподақ комитеті бүлдіршіндерге сыйлық ретінде ойыншықтар әкеліп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылыпты.

Бәйтерек — берік тұғырлы ағаш. Оның үстіне, Елордамыз Астананың символы. Астанамен үндес бұл білім шаңырағында ұдайы жетістіктер мен жаңашылдықтың мол болатынын нық сеніммен айта аламын, — дейді «Бәйтерек» балабақшасының меңгерушісі Есет Жортқанов.

Балабақшаға жергілікті кәсіпкерлер ұдайы демеушілік көрсетіп отырады.

 

Ләззат ӘБДІРОВА.

Мұғалжар

 

«Астана» бастаған алаңдар

Еңселі Елордамыз Астананың он жылдық туған күніне орай аудан орталығы Қандыағаш қаласында қала тұрғындарына арналған демалыс алаңдары ашылған болатын. Бүгінде сол алаңдар жасыл желектендіріліп, қалаға ерекше сән беріп тұр.

«Жастық» мөлтек ауданында ашылған алаңға еліміздің бас қаласы — Астананың аты берілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа демалыс алаңына орындықтар орнатылып, жас көшеттер отырғызылды. Қазір «Астана» демалыс алаңының іші түрлі-түсті гүлдермен безендірілген. Бұл жерге көше шамдары да қойылды. Алаңға халық көп жиналады. Әсіресе, кешқұрым бұл маңда жастарды көптеп кезіктіруге болады.

Өткен жылы аудан орталығында тағы бір алаң — «Жастар» демалыс саябағы ашылған болатын. Сол сияқты, Қандыағаш қаласының символына айналған «Тәуелсіздік» алаңына да жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Әнуар ЕСҚАРА.

Қобда

Біздің көшенің тұрғындары

Мемлекеттің бас қаласы Астана бой көтергенде, еліміздің түкпір-түкпірінде болашағы жарқын қаланың атауы көшелерге беріле бастады. Сол уақыттарда ауданның орталықтағы бас көшесіне де Астана атауын беру туралы ономастикалық комиссияның шешімі шықты.

Астана көшесінің бойында Шәріп молда мешіті, аудан әкімдігі, «Қазақтелеком», Қобда орыс орта мектебі, аудандық қорғаныс бөлімі, жабық базар ғимараттары мен сауда орындары, спорттық сауықтыру кешені орналасқан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасы арқылы Лондонда оқып жүріп көп жетістікке қол жеткізген Айнұр Сүлейманова ұшақ апатынан қаза болғаннан кейін жерлестері білім қуған қазақ қызының атын берген орталық саябақ та осы көшенің бойында тұр.

Осы көшедегі үйлердің тұрғындары ауласының іші-сыртын, үйлерін таза ұстауға, тал отырғызып, гүл егуге әбден бейімделіп алған. Жыл сайын көктем шығысымен асқақ Астананың атымен аталған көшенің сәнін келтіруге бірінші болып кірісетін де осы көшенің тұрғындары.

Астана көшесінің тұрғыны екенімізді біздің отбасымыз ерекше мақтан етеді. Біздің көшенің тұрғындары тазалық жағына қатты мән береді. Аудан әкімдігі ғимараты орналасқан тұста біздің аудандық интернат бар. Интернат тәрбиеленушілеріне күн  сайын Астана көшесінің тұрғыны ретінде мойындарында үлкен жауапкершілік барын айтып отырамыз. Бұрын осы көшеде көп жылдар бойы Қобда қазақ орта мектебінің ғимараты болды. Мен сол киелі қара шаңырақта директор болып қызмет еткенімде, көше тазалығы үшін жасалатын жұмыстарға оқушыларды, мұғалімдерді түгел жұмылдырып жүрдім. Ол кезде қазіргі Астана көшесі Ленин атымен аталды. Кейін Астана болып аты өзгергенде, көшеге деген құрмет одан сайын артты, тазалық мәселесіне қатысты жауапкершілік екі еселенді десем, артық болмас. Қазір Елбасымыздың суреті бар баннерлер ілініп, көшенің бойы бұрынғыдан сәндірек болған сияқты. Ауданымыз тоғыз жолдың торабына алып шығатын Самара-Шымкент тас жолының бойында орналасқандықтан, жолаушылар да, қонақтар да осы көшенің бойымен өтеді, — дейді аудандық интернат меңгерушісі Бағила Көшкінбаева.

Қобданың орталығында Астана деген атауға ие жанында дәмханасы бар қонақүй де бар.

 

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Қарғалы

Абыройлы атау. Алты топ

Ауданның Петропавловка поселкесінде жұмыс істеп тұрған «Бәйтерек» мектепке дейінгі ұйымының ашылғанына бес жылдай уақыт болды.

120 орындық «Бәйтерек» балабақшасында 6 топ бойынша бүлдіршіндер тәрбиеленіп жатыр. Балабақша меңгерушісі Жанна Мұстафинаның айтуынша, бұл білім ордасының ғимараты 1983 жылы тұрғызылған. Екі қабатты, типтік үлгіде салынған ғимараттың іші жарық, ауласы кең. Бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған.

Қазір «Бәйтерек» балабақшасында балаларға тәлім-тәрбие беру жұмыстары қазақ, орыс тілдерінде жүргізіледі. Балабақшада мектеп алды даярлық тобы да бар. Қазір онда 41 бала дәріс алып жатыр.

Бетті әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button