Басты жаңалықтар

Ертең — Елбасының туған күні

Ертең — Астана қаласының туған күні. Сонымен бірге ертең Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да туған күні. Қос мереке қарсаңында Астананы Алматыдан Сарыарқа төсіне көшіру идеясының авторы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың жеке өмірі, шығармашылығы жөнінде оқырманға мол мағлұмат беруге тырыстық.

Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылғы 6 шілдеде Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. Анасы Әлжан Нұрсұлтанды 35 жасында босанған екен.

«Әлжан ана перзент көрмей, құрсақ көтермей, аяғы жеткен жердегі әулие­лерді аралап, ақыры Райымбек батырдың ба­сы­на кеп түнеген түні түс көреді… Түсін­де ен далада жүріп келеді екен. Жүріп келе­ді, жүріп келеді, ақыры көз ұшында сағымданып көрінген бір теңізге келіп жетеді. Теңіздің түбіне түседі, жүре береді, жүре береді, бір кезде теңіздің түбінде көлденең жарқырап жатқан ұзын мылтықты көреді. Мыл­тықты көтеріп алып, иығы­на салып, сол күйі теңізді кешіп отырып, арғы бетіне шығады…

Осы көрген түсін Әлжан ана ауылдағы абысын-ажындарына айтып береді. Олар Әлжан ананың түсін жақсылыққа жориды: “Құр­сақты болады екенсің, шекесі торсықтай ұл табады екенсің, өмірі күреспен өтеді екен”, – дейді. Алла анамыздың тілегін беріп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, дүниеге болашақ Президентті әкеледі» — деп жазады Мырзатай Жолдасбеков «Кемеңгер немесе Елбасы туралы тебіреніс» мақаласында.

«Өзі қатарлы балалар ауылын қимай жүргенде Қаскелеңге тиіп тұрған әсем Алматыға емес, ол кезде жер түбіндей көрінетін Арқадағы Қарағандыға, оның да өзіне емес, жанындағы ол кезде атын біреу естіп, біреу естімеген Теміртау қала­сына, онда да оқуға емес, жұмысқа тар­тып кеткенін, кейіннен өзге де қазақ­стандық жастармен Днепродзер­жинскі­ге аттанғанын, келгеннен кейін Қазақ­стан Магниткасының маңдайалды металлургі атанғанын да, сонда жүріп көзге түсіп, әуелі комбинаттың, одан қаланың, одан облыстың басшылығында болғанын да, қылшылдаған қырықтағы жасына жаңа жеткенде республикалық деңгейдегі лауа­зымды қызметке – Орталық Коми­теттің хатшылығына шақырылғанын да, мұнан соң көп ұзамай сол кезде Кеңес Одағын­да­ғы ең жас Совмин Төрағасы болып бе­кі­тілгенін де бүгінде халық жақсы біледі», — деп жазады әрі қарай автор.

«Ақорда» сайтында жарияланған деректерге сүйеніп айтсақ, Н.Назарбаев 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бiтiрдi.

Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеді. Осы облыстағы Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды,  Қарметкомбинаттың партком хатшысы, Қарағанды облыстық партия комитетiнiң хатшысы, 2-хатшысы, Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы, Қазақстан КП ОК бiрiншi хатшысы, Қазақ КСР Жоғары Кеңесiнiң төрағасы қызметтерін атқарды.

1990 жылдың сәуірінен — Қазақстан Республикасының Президенті. 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен тұңғыш рет Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев басым дауыспен (98,7%) жеңіске жетті.

1995 жылдың 29 сәуірінде жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды.

1999 жылы, 2005 жылы өткен сайлаудың нәтижесiнде Н.Назарбаев айқын басымдықпен жеңіске жетті.

2010 жылғы 14 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 298-ІV Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы күшіне енді.

Н.Назарбаевтың жұбайы Сара Назарбаева халықаралық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорын басқарады. Президенттің үш қызы бар: Дариға – саясат ғылымдарының докторы; Динара – Н.Назарбаев атындағы білімді қолдау қорын басқарады; Әлия – бизнеспен айналысады, «Элитстрой» құрылыс компаниясын басқарады.

Н.Назарбаевтың бастамасымен ашылған оқу орындар

Елбасының бастамасы бойынша елімізде бірнеше оқу орыны ашылды. Мысалы, Қазақстан менеджмент институты, Экономика және болжау институты, Қожа Ахмет Иасауи атындағы Қазақ-түрік университеті, Н. Гумилев атындағы Еуразия университеті, Ұлттық Мемлекеттік заң университеті, Назарбаев Университетi, бірқатар лицейлер мен колледждер, «Назарбаев зияткерлік мектептері».

Президенттік «Болашақ» бағдарламасы іске асуда, ол бойынша жастар дүние жүзінің ірі оқу орындарында білім алып жатыр.

Аса талантты балалар үшін президенттік «Дарын» сыйлығы тағайындалған.

 

Президент кітаптары

 

Н.Назарбаев бірқатар ғылыми еңбектердің және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері мен қоғамдық-саяси тақырып бойынша кітаптардың авторы: «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Бейбітшілік кіндігі», «Сындарлы он жыл», «В сердце Евразии», «Қазақстан жолыТәуелсіздік белестері», «Евразийский союз: идеи, практика, перспективы», «О времени, о судьбах, о себе…», «Стратегия трансформации общества и возрождение евразийской цивилизации», «Важнейшее условие интенсификации», «Стальной профиль Казахстана», «Стратегия ресурсосбережения и переход к рынку», «Жүз жылға татитын он жыл», «Тарих тағылымдары және қазіргі заман», т.б.

Жақында Елбасының әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «ХХІ ғасырдағы жаһандық тұрақты дамудың энергоэкологиялық стратегиясы» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап қазіргі заманғы ғаламдық үдеріс жағдайындағы энергоэкологиялық мәселелерді шешу жолдары мен жаһандық энергетикалық және экологиялық қауіпсіз әлемді қалыптастыру мәселелеріне арналған.

Президент айналысатын спорт түрлері

Мемлекет басшысы былтыр республикалық БАҚ журналистерімен кездескенінде жас кезінен түрлі спорт түрлерімен айналысатынын, әсіресе, үлкен теннис, тау шаңғы спорты, гольф ойнағанды ұнататынын айтқан-ды.

— Мен жұмасына екі рет теннис ойнаймын. Ол шамамен бір жарым сағатқа созылады. Таңертең қай жерде болсам да міндетті түрде 30-40 минут дене шынықтыру қимылдарын жасаймын, — дейді Н.Назарбаев.

Президент және музыка

Н.Назарбаев «Жерім менің», «Үшқоңыр» әндерінің авторы, сонымен бірге Қазақстан Республикасы Әнұранының авторларының бірі.

Елбасы туралы еңбектер

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жайлы әр жылдары жазылған және әлемнің отыздан аса тілінде жарық көрген бірнеше кітап бар. Олардың қатарында
Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның құрылуы», Пьер-Люк Сегийонның «Еуразия тұғыры» кітаптары, «Нурсултан Назарбаев на исторической ленте РИА Новости» деп аталатын Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі мен Ресей Ақпарат агенттігінің бірлескен жобасы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және Мемлекеттік тілді дамытудың қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрген «Елбасы және мемлекеттік тіл» кітабы, т.б. бар.

Оның бер жағында ақындар мен композиторлардың Елбасы жөніндегі ән-күйлерін тізіп айтып беруге болады. Тағы бір жаңалық — елімізде бірінші рет Н.Назарбаевтың өмірі жөнінде драмалық шығарма сахналанды.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры әртістері қойған Еркін Жуасбектің «Терең тамырлар» спектаклінде Президенттің ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы еңбегі сипатталған. Басты рольді, яғни Елбасы Н.Назарбаев ролін театр актері Қуандық Қыстықбаев сомдайтын қойылым тұсаукесері жақында, шілде айының басында өтті.

 

 

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы

(Қазақстан Республикасы Президентінің бұрынғы Сарайы)

 

Есілдің оң жағалауындағы ескі әкімшілік орталығының Қазақстан Республикасының Президенті Сарайы 1998 жылы салынды.

Мұнда орталық салтанатты холл, Президенттің БАҚ өкілдерімен кездесуіне арналған баспасөз залы, Мемлекет Басшысының жұмыс бөлмелері, шет мемлекеттердің немесе үкіметтердің басшыларымен жеке кездесулеріне арналған «Камин» залы, ресми сапарлар кезіндегі құжаттарға қол қою рәсімдеріне, сондай-ақ наградалар мен сенім грамоталарын тапсыруға арналған «Күміс» залы, халықаралық, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесуіне арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен шетел делегацияларының кеңейтілген құрамымен жоғары деңгейдегі кездесулеріне арналған «Алтын» залы, банкет залы, мәжіліс залдары орналасқан.

Жоғарғы қабаттағы Күмбезді зал барлық Қазақстан халықтарының бейбітшілігі мен бірлігінің нышаны – шаңырақ түрінде жасалған. Күмбезді залдың фойесінде Президентке шетел мемлекеттерінің және үкіметтерінің, халықаралық ұйымдар мен қорлардың, озық әлемдік компаниялардың, өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары және республика азаматтары сыйға тартқан сыйлықтар мұражайы орналасқан.

2005 жылдың 7 шілдесінде Президент Сарайының ғимаратында Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің мұражайы ашылды. Қазір мұражай қорында Қазақстанның тарихы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі жайлы сыр тартатын 40 мыңнан астам жәдігерлер бар. Мұнда 15 тақырыптық зал орналасқан.

Қазақстан Республикасы Президентінің « Ақ Ордасы»

 

Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталығының аумағындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы 2001 жылдың қыркүйек айында салына бастады. Ақ орданың ресми тұсаукесері 2004 жылғы 24 желтоқсан күні өтті.

Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерін қолдана отырып, монолит құйматастан салынған. Шатырсүмбіні қоса есептегендегі ғимараттың биіктігі 80 м.  Ғимарат жер бетінде 5 және жер астындағы 2 қабаттан тұрады.

Ғимаратта салтанатты холл, киіз үйге ұқсатып жасалған, мәрмәр және гранит таспен өңделген Шығыс залы, сыйлықтар мен сенім грамоталарын тапсыру залы, екіжақты кездесулерге арналған залдар, қызметтік орынжайлар мен мәжіліс залдары, Саммиттің Үлкен залы, кітапхана, кіші Шығыс залдары орналасқан.

Барлық зал ерекше мәнермен әрленген.

Резиденцияны салу барысында әлемдік ірі өндірушілердің озық инженерлік құрал-жабдықтары пайдаланылған.

 

Елбасының басқа лауазымдары мен мансаптары, атақтары

 

Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академияның, Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің құрметті профессоры. Беларус ғылым академиясының құрметті мүшесі. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.

Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғары Бас Қолбасшысы, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төрағасы.

ҚР ҰҒА-ның (1995) және басқа да ғылыми мекемелер мен шетел оқу орындарының академигі,

«Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының төрағасы, Дүниежүзі қазақтары ассоциациясының төрағасы, Орталық Азия мемлекеттері Достық қорының құрметті төрағасы, бірнеше жыл Халықаралық Аралды құтқару қорын басқарды.

Н.Назарбаев – Қазақстанның ең жоғары ерекшелік белгісі – ерекше үлгідегі «Алтын Қыран» орденімен, сондай-ақ әлемнің көптеген елдерінің, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың жоғары наградаларымен марапатталған.

«Уикипедия» ашық энциклопедиясы, «Ақорда» және «Хабар» агентті сайттарының материалдары негізінде әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button