Басты жаңалықтар

Жол сапасы қалай тексеріледі?

Елімізде көлік жолдарының жай-күйі өзекті мәселе екені белгілі. Соның ішінде Ақтөбе облысында да көктем шығып, қар ерісімен жолдың «жыры» қайтадан басталады. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы арыз-шағымын білдіріп, ойдым-ойдым шұңқырлармен жүрудің өзі мұң екенін жеткізіп жатқандар көп.

Ал сол жол қалай салынады? Бұл мақсатта бюджеттен бөлінетін қаржының аужайы қалай? Құрылыс, жөндеу жұмыстарының сапасы қалай тексеріледі? Біз осы мәселенің жай-жапсарын құзырлы орган өкілдері мен сала мамандарынан білуге тырысқан едік…

Сан бар, ал сапа ше?..

Ресми деректерге сүйенсек, өңірдегі облыстық маңызы бар автожолдардың ұзындығы 1265 шақырым болса, Ақтөбе қаласында— 659 шақырым. Жылма-жыл жол салуға, жөндеуге, жалпы күтіп ұстауға Үкіметтен, жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Төреғалиев:

— Автокөлік жолын салуға, қалпына келтіруге, жалпы осы салаға 2019 жылы — 19,3 миллиард теңге, 2020 жылы — 34,3 миллиард теңге, 2021 жылы — 17,2 миллиард теңге, 2022 жылы — 37,8 миллиард теңге, ал биыл 50 миллиард теңге бөлінді. Яғни жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі артып келеді.

Биылғы ірі жобаларға тоқталсам, Ақтөбе-Қандыағаш, Қандыағаш-Шалқар-Ырғыз бағыттары бойынша жолға асфальт төселсе, Шалқар-Бозой жолын жөндеу жалғасады. Ал қалада41-бекет, Батыс айналма жолы қалпына келтіріледі. Сондай-ақ Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын жолын жөндеу басталмақ. Бұл — 18 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген тасжол.Былтыр басталған ұзындығы 111 шақырым  Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі тасжолын жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталмақ.

Қала халқы, құрылыстар да жыл санап көбейіп келеді. Соған сай Оңтүстік айналма жолының жобалау жұмысын бастап кеттік, — дейді ол.

САНДАРДЫ «СӨЙЛЕТСЕК»…

Жол-көлік апаттарының болуына автокөлік жолының нашарлығы да әсер етпей қоймайды. Өкінішке қарай, өткен жылмен салыстырғанда, қара жолда қаза тапқандардың саны көбеймесе, азаймай тұр.

— Жыл басынан бері облыста 120 жол апаты тіркелді. Соның салдарынан көз жұмғандардың саны — 26. Өткен жылдың 4 айында 19 адам бақилық болған еді. Олардың арасында кәмелет жасына толмағандар да бар. Жол бойында жарақат алғандар  саны да артқан, — дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев.

Жалпы, жыл соңына дейінжергілікті маңызы бар848 шақырымжолды жаңарту жоспарланып отыр.

Оның айтуынша, кез келген жөндеу жұмыстарының кепілдік мерзімі бар. Айталық, мердігер орташа жөндеу жасаған болса —2-3 жыл, күрделі жөндеу жүргізген болса, 5 жылға дейін кем-кетігін дұрыстауға міндетті.

Өз кезегінде жол құрылысына жауапты мекемелердің бірі — «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының басшысы Айбол Данағұл қазіргі таңда бірқатар жерде ағымдағы жөндеу, яғни шұңқырларды бітеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Бұл жұмыстарға облыс бойынша 4 бригада жұмылдырылыпты.

Жоғарыда аталған басқарма ұсынған мәліметке жүгінсек, өңірде жол құрылысына маманданған 50 шақты компания бар.

Қала бойынша 48 шақырым жол жөнделеді

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жомарт Бақыткелдіұлының айтуынша, биыл жол жөндеужәне құрылыс жұмыстарына 6,8 миллиард теңге бөлінген. Ұзындығы 48 шақырым болатын30 жоба жүзеге асырылмақ. Соның 13-і өткен жылы басталған.

— Ақжар елді мекеніндегі көпір қалпына келтірілсе, Елек, Нахимов, Әуезов (Жаңақоныс тұрғын үй массиві), Есет батыр (Қурайлы тұрғын үй массиві), Қазанғап, Хмельницкий, Тілепбергенов, Целинный, Жұмабаев, Разин, Чехов, Мәскеу, Станционный, Локомотив көшелеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. Есет батыр шағын ауданындағы былтыр басталған жолдардың құрылысы аяқталмақ. Сонымен қатар Тургенев, Сазды, Молдағұлова, Есет батыр, Пацаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жасалады, — дейді  Ж.Бақыткелдіұлы.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облысы бойынша филиалы құрылған 4 жылдың ішінде 622 нысанды қадағалап, 3364 рет тексеруге шыққан. Ал сынамаға 35 074 құрылыс материалы алынды.

Халықаралық дәрежедегі аккредитацияға ие мекемеөзге елдің де жолының сапасын келісімшарт негізінде сараптамадан өткізуге қауқарлы.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығына» қарасты филиалдар арасынан ақтөбеліктер үздіктер қатарынан әркез көрініп келеді. 2021 жылы ауыспалы «Үздік филиал» кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ Ақтөбе облыстық филиалының инженері Талғат Бижанов 2021 жылы «ҚР құрметті жолшысы» атағын иеленсе, «Сапа саңлағы» төсбелгісіне үш қызметкер лайық деп танылды.

Басты себеп — маман тапшылығы және бақылаудың жоқтығы

Жасыратыны жоқ, бұрын талай жол салынғанымен, оған бақылау кемшін-ді. Жергілікті атқарушы билік қанша жерден тексергенімен, жолдың қыр-сырын жіті білетін маманның орны бөлек. Бұны жол жөндеу жұмыстары, соның ішінде қолданылатын материалдардың сапасын тексеруге мүдделі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаев та қуаттайды.

— Біздің орталық Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті жанынан 2019 жылдың маусым айында құрылды. Басты міндет — жол салу барысын бақылау, оның сапасын тексеру, сондай-ақ құжаттамасын әзірлеу. Негізгі тапсырыс берушілеріміздің қатарында облыс, қала, аудан әкімдіктері бар. Мемлекеттік сатып алу арқылы өзара келісімшарт жасасып,  кейіннен жасалған жұмыстарды сараптамадан өткіземіз, кәсіби тұрғыда баға береміз. Орталықта 19 адам жұмыс істейді, олардың дені — жолшылар. Жылжымалы зертханамыз бар, соның көмегімен аз уақытта жолдың сапасын, жөндеу жұмыстары барысындағы кемшіліктерді анықтауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ арнаулы техникаларымызды жұмылдырамыз.

Былтыр облыстың 11 ауданындағы жолдардың сапасын тексердік. Айталық, асфальттың енін, қалыңдығын өлшеп, құрамын сынамадан өткізіп, температурасына дейін мән береміз. Одан бөлек алынған материалдарға өзіміздегі аппараттарымыз арқылы жан-жақты зерттеу жасаймыз. Бірақ бұл жерде тапсырыс берушінің нақты қай бөлікті, қалай тексергісі келетінін, соған сай зерттеу жүргізіліп, бағасы белгіленетінін ескеру керек. Өткен жылы 477 рет жолға шыққанда 2024 сынама алып, 488 бұзушылықты анықтадық. Кейіннен аталған олқылықтардың түзетілгенін қадағаладық. Өкінішке қарай, бұған тікелей жауапты техникалық қадағалаушы жұмысына салғырт қарайды.Егер соңғы аталған мамандар кез келген жөндеу жұмыстарын бастан-аяқ талапқа сай бақыласа, жолдардың жағдайы қазіргідей болмас еді, — дейді ол.

Маман пікірі

АСФАЛЬТТЫҢ «ҒҰМЫРЫ» НЕГЕ ҚЫСҚА БОЛАДЫ?

Жол саласында он жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан Нұрхат Балғабаев — «Жол активтерінің ұлттық сапаорталығы»Ақтөбеоблыстықфилиалының инженері. Автокөлік жолдарының жай-күйін анықтайтын маманнан  асфальт ұзақ жыл сыр бермеуі үшін не істеу керектігі жөнінде білдік.

— Жол инженері ретінде айтарым, біздің Ақтөбеде жол салуда жіберілетін басты қателік — асфальттың қалыңдығы талапқа сай болмайды. Сосын жол міндетті түрде жаз мезгілінде, ыстық ауа райында салынуы қажет. Тағы бір мәселе — кәсіби жолшылар аз. Айталық, осы салада инженер, зертханашы, шебер, механизатор, тракторшы сынды қызметкерлер тапшы.

Өзім қызмет ететін орталықта жылжымалы зертханамыз бар. Соның көмегімен арнайы бейнетүсірілім арқылы-ақ автоматты түрде ақауды анықтай аламыз. Жолда жарық бар ма, сапасы қандай, соның ішінде тегістігін, қалыңдығын, беріктігін — ұзын саны 27 форма арқылы жай-жапсарын тексеріп, бәрін тайға таңба басқандай көрсетіп береді. Одан басқа битумды тексеретін құрылғылар, басқа да қажетті аппараттар бар. Зертханамызда керн – асфальттың қиындысын алып, жіті зерттеуге де бар жағдай жасалған.

Менің ойымша, Ескі қала, Тұрғындар қалашығы сынды шағын аудандардың жолдарын жаңарту қажет, себебі әбден тозығы жеткен. Аулаішілік жолдардың да жағдайы нашар. Соған мән берсе, нұр үстіне нұр болар еді…

Оның айтуынша, жол жағдайының жақсармауының тағы бір себебі — жол салатын компанияларда қажетті мамандардың жетіспеушілігі. «Компаниялардан жоғары, орта арнаулы оқу орындарда оқыған, осы іске маманданған қызметкерлерді табу қиын. Көпшілігі — жолдан қосылғандар. Тиісінше техникалық талаптарға сай салынбағасын жол да ұзақ уақытқа шыдас бермейді», — дейді Тельман Малаев.

Сонымен қатар Ақтөбенің жолдарында арық, суағарлар жоққа тән. Бұл да қар суының, жаңбырдың жан-жаққа ағып кетпей, асфальтқа «сіңуіне», соның салдарынан мерзімінен бұрын тозуына әсерін тигізеді.

P.S. Көлік жолдарына қатысты мәселе көп. Оны шешу үшін алдымен жол салу ісіндегі қалыптасқан жүйені түбегейлі өзгерту қажет. Алғышарты —мердігер компаниялар мемлекеттік сатып алу сайты арқылы емес, арнаулы комиссияның шешімімен анықталып, оның құрамына тек білікті сала мамандары бекітілуі керек. Сала мамандарының ұсынысы — осы.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button