Басты жаңалықтар

Бәрі де жастар үшін

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында Қазақстандағы алғашқы креативті орталық өз жұмысын бастады.Оның ашылуына облыс әкімі Ералы Тоғжанов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов және өңірдің талантты жастары қатысты.

Республикадағы бірегей орталық

Жаңа орталықтың ашылуы — Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту бағытындағы тапсырмасын орындау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі. Жоба Ақтөбе облысы әкімдігі және бас демеуші «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды. Бұл өңірдің мәдени және шығармашылық өмірін дамытуға жаңа серпін беріп, жастардың мансаптық жолында табысқа жетуіне және білімін жетілдіруге өз септігін тигізеді.

Елімізде креативті индустрияны дамытуға байланысты Үкіметтің қаулысы қабылданған болатын.Біздің міндетіміз — креативті индустрияны дамыту, талантты жастардың мәдени әлеуетін толыққанды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау.Олардың күнделікті өмірдегі қажеттіліктерін жан-жақты қамти алуымыз керек. Креативті орталықтың ашылуы — өскелең ұрпақтың болашағына салынған инвестиция.Біззаман ағымына ілесе алатын және дамыған елдердің кәсіби жас мамандарымен бәсекелесе алатын білімді жастарды тәрбиелеуіміз қажет. Ең бастысы, креативті орталықтар біздің рухани құндылықтарымызбен үндестік табуға тиіс.

Мүмкіндігі болмаған соң көп жастың бойындағы талант ашылмай жатады. Сондықтан біз Сағи Жиенбаев атындағы кітапхананың ғимаратын қыз-жігіттерге қолайлы, ыңғайлы етіп қайта жасақтадық. Бұл аймақтан жастар өздеріне қажеттінің барлығын таба алады. Мұнда зияткерлік және шығармашылық тұрғыдан дамуға, кәсіби біліктілік пен жеке қабілетті арттыруға болады, — деген Ералы Тоғжанов «Самұрық-Қазына»  ұлттық әл-ауқат қорының өкілдеріне орталықтың ашылуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов кітапхана ғимаратын адам танымастай етіп өзгерту үшін 498 миллион теңге қаржы жұмсалғанын айтты.

— Бүгін жастардың басын біріктіретін заман талабына сай, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған жаңа жобаның ашылуына куә болдық.

Өте қуаныштымын. Біздің қор адами капиталды, оның ішінде жастардың дамуына ерекше көңіл бөледі. Осы жобаны іске асыруға көмектескен барлық азаматтар мен жергілікті әкімдікке алғыс айтқым келеді. Қоғамның қозғаушы күші, Қазақстанның болашағы, негізі жастар екенін бәріміз білеміз. Баршаңызға табыс тілеймін! Қоғамға пайда әкелетін жақсы бастамалар жалғассын, — деді ол.

Жобаны жүзеге асырған — Q88 Қазақстан урбанистер қауымдастығы.

Еліміздің өзге қалаларында смарт-орталықтар болғанымен, дәл осындай форматтағы креативті орталық жоқ. Біз ойға алған жұмыстарымызды 5 айдың ішінде толық аяқтап бітірдік. Ғимарат алаңы 360 градусқа жарықтандырылды. Мұнда жастарға барлық мүмкіндік бар, —  дейді Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығы бақылау кеңесі төрағасының орынбасары Самғат Ермекбаев.

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар…»

Расын айту керек, бұрын Прохоров көшесінде орналасқан кітапхана сыртынан қарағанда біртүрлі ескілеу көрінетін. Ғимаратты қайта трансформациялаудың нәтижесінде оның сыртқы қасбетімен қатар, ішкі дизайны да өзгеше кейіпке енді. Ал мұндағы кітап оқу форматы толық өзгертілді. Енді оқырмандардың жұмсақ диванда, жайлы орындықтарда отырып оқуға мүмкіндігі бар. Тіпті аяғын созып, үйдегідей көрпеге жатып оқимын десе де өз еркі.

Қырық жылдан астам тарихы бар кітапхананың тұрақты оқырмандары бар. Ендігі мақсат келушілер санын — 10 мыңға жеткізу.

Оқырмандар үшін тағы бір жағымды жаңалығымыз — кітапханамыздың қоры демеушілер тарапынан 5 мың жаңа коллекциялық кітаппен толықты. Дәл қазір қорда 105 мың кітабымыз бар. Алдағы уақытта жұмыс жасау  форматымыз өзгереді. Орталық демалыссыз, түнгі сағат 12.00-ге дейін жұмыс жасайтын болады, — дейді Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина.

Енді жастар бұл жерге тек кітап оқу үшін ғана келмейді. Орталықта шығармашыл жастардың қызығушылығына байланысты түрлі тақырыптық аймақтарашылды. Бұл жерде басқосулар, идеяларды бөлісуге арналған комьюнити спейс, IT мамандарға арналған IT студия, анимация орталығы, дыбыс жазу орталығы мен фотостудия, tiktok түсіретін аймақтар бар. Суретшілерге, дизайнерлерге және сәулетшілерге арналған шеберханалар, кешкі көрсетілімдерге арналған кино экраны бар көше рекреациялық аймағы жастарға ойдағы жобаларын жүзеге асыруға, контент жасауға, таланттарын шыңдауға мүмкіндік береді.

Қалада жеке дизайн мектебі бар Диляра Айтмұхамбетова осы жерде жастарға қолөнер, сурет салу, эскиз жасау бойынша дәріс үйреткісі келеді.

Кез келген адамның қандай да бір салаға икемі болады. Маған қолөнер, тігіншілік генетикалық код арқылы берілген.  Дизайнерлердің бесінші ұрпағы екенімді зор мақтанышпен айтамын. Анам Малика Дүйсенбаева — жай ғана он саусағынан өнер тамған шебер емес, еліміздің 100 жаңа есімінің тізіміне енгізілгендердің бірі. Арғы әжелерім де шебер болған. Алматыда алған білімімді Италияда жалғастырып жатырмын. Соны өзіміздің жерлес сіңлілеріме үйреткім келеді, — дейді ол.

Мүмкіндіктер мекені

Шараның ашылу салтанатына келгендер қарасы көп болды. Қала тұрғыны Эльмира Исаева өзімен бірге екі баласын ерте келіпті. Мектеп жасындағы Темірлан мен Ідіріске орталықтың жаңа залдарындағы дизайны қатты ұнағанын байқадық.

— Қаланың осы бөлігінде тұрсақ та, бұрын-соңды мұнда келмеген екенбіз. Өткенде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын көрдік. Сыртқы қасбеті тартымды көрінген соң, балалармен бірге келіп көруді жөн санадым. Өте әдемі екен. Балаларға ұнап жатыр. Алдағы уақытта келіп тұратын боламыз, — дейді Эльмира.

Ал түрлі шаралардың басы-қасында жүретін белсенді жас Зүлфия Набиулина аталған орталық өзін-өзі дамытамын деген жастар үшін үлкен мүмкіндікке бастар жол екенін айтады.

— 2019 жылға дейін Ақтөбеде тегін бірде-бір коворкинг орталық болмады. Жастарға жиналуға ыңғайлы орындардың көбі сағатына ақша сұрайтын. Оқу орындарында да ондай мүмкіндіктер қарастырылмаған. Жаңадан ашылған креативті орталық ұнады. Шын қуандым. Тек бір тілегім — жастарға қолжетімді болса екен. Жастар өздеріне қажет кезде игіліне пайдаланса жақсы болар еді, — деді ол.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button