Басты жаңалықтар

«Түйе төбе» мемориалында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өтті

Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шаралар өтті. Дәстүрге сай, ақтөбеліктер қаза тапқандарды еске алуға «Түйе төбе» мемориалына жиналды.

90- жылдары «Түйе төбе» деген атауға ие болған төбеден адам сүйектері табылып, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде олар ату жазасына кесілген саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар екені дәлелденді. 1997 жылы 1930-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш-обелиск орнатылды.

Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер өкілдері, діни қызметкерлер, ардагерлер, қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарында қаза тапқандардың туған-туыстары қатысты.

Өңір басшысы ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқы тоталитарлық режимнің барлық қасіретін бастан өткеріп, аштық пен қуғын-сүргінге ұшырағанын тілге тиек етті. Осы уақыт аралығында еліміз екі миллионға жуық халқынан айырылды. Зиялы қауым жаппай саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Ақтөбе облысында 7 мыңға жуық адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның ішінде 1800 адам ату жазасына кесілді.

💬 «Біз сол зұлмат жылдары ұлтымыздың қаймағы – зиялы қауым өкілдерінен айырылдық, ал ол біздің ұлттық салт-дәстүрімізге, тілімізге, ділімізге әсер еткені белгілі.
Бүгінгі күні, тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы бірлік пен ынтымақтың арқасында тату, өркениетті қоғамға айналды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін саяси қуғын-сүргін жылдарында құрбан болғандарды тарих аренасында қалпына келтіре алдық. Сол себепті, еліміздің болашағы үшін өз өмірлерін құрбан еткендерді біз әр уақытта есте сақтауымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды аяқтау мақсатында мемлекеттік комиссия құрылды, оның алдында барлық жазықсыз зардап шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – мемлекеттің міндеті ғана емес, біздің ата-бабамыздың алдындағы борышымыз»
, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

💬 «Біз саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына мәңгілік қарыздармыз. Біз өскелең ұрпақты өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімде тәрбиелеуіміз керек. Жастар өз тарихын ұмытпай, елдің тәуелсіздігін сақтау үшін барынша күш салуы тиіс. Бұл – біз үшін өте маңызды құндылық», – деді еңбек ардагері Ақансері Ермағанбетов.

Жиын соңында қайтыс болғандардың рухына құран бағышталып, мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар, кәсіпорындар мен еңбек ұжымдары атынан стеллаға гүл шоқтары қойылды.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button