БілімБасты жаңалықтар

«Білім туралы» заң жобасы: онлайн оқу процесі және цифрлық педагог мәртебесі

«Білім туралы» Заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізілмек. Қазір заң жобасы әзір. Оған онлайн оқу процесі, виртуалды педагог, цифрлық педагог, онлайн платформа ұғымдары енгізілмек. Мұндағы мақсат — ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою, шағын жинақты мектептер мәселесін шешу.
Заң жобасында қарастырылған өзгертулер Солтүстік Қазақстан облысында өткен Парламент Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің алғашқы көшпелі отырысында жан-жақты талқыланды. «Шағын жинақты мектептер: білім беру сапасы, педагог кадрлардың тапшылығын шешу және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру жобалары туралы» тақырыбында ұйымдастырылған жиында ұрпақ тағдыры — ұлттық мәселені шешу мақсатында маңызды баяндамалар жасалып, жан-жақты зерттеулер мен талдаулар ұсынылып, тиімді ұсыныстар, өткір сындар айтылды. Шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басқарма төрағасы Дархан Білялов, Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан қатысты. Сондай-ақ еліміздің басқа өңірлеріндегі облыстық білім басқармаларының басшылары онлайн режимінде жиынға қосылды.
Мәжіліс депутаттарының көшпелі отырысында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен қолға алынған ауыл мектептерін қолдаудың ақтөбелік моделі — «Білім ALL» бірегей жобасы өзге өңірлерге үлгі етілді. Үздік жоба Оқу-ағарту минстрлігі тарапынан үлкен қолдауға ие болып, келесі оқу жылынан бастап еліміздің 5 облысында енгізілмек.
Айта кету керек, Мәжіліс депутаттарының Солтүстік Қазақстан облысындағы екі күнге созылған іссапары барысында олар мұндағы ауылдардың мектептерін аралап, тыныс-тіршілігімен етене танысты. Қазақ мектептерінің өте аздығын, тым болмаса орыс мектептерінде қазақ сыныптарының ашылмағанын сынға алып, қазақ балаларының таңдау құқықтарының аяқасты етілмеуі үшін тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма жүктеді. Расында, біз аралап, көзбен көрген ауылдарда, мектептерде ұлттық рухтың негізі — ана тіліміздің жағдайы тым мүшкіл еді. Біз әңгімеге тартқан балалар ана тілінде мардымды сөйлей де алмады. Мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік тіл заңдылықтары сақталмаған. Ал қазақ елінің тарихы 1941 жылдан басталған ба деген әсерде қалдық. Біз аралаған мектептердің мұражайларында бірыңғай көрініс: 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан өзге ұлт өкілдерін дәріптеген көрме мен Кеңес одағы кезіндегі пионер ұйымдарының қызыл ту секілді символдары мен барабан секілді атрибуттарына арналған бұрыштар жасақталған.
Жасыратыны жоқ, мұндағы мектептердің табалдырығын аттағаннан-ақ, «біз қай елде жүр едік?» деген ой оралды…
Солтүстік Қазақстан облысында 454 мектеп бар. Оның 112-сі — қазақ мектебі. Орыс мектебінің үлесі — 246, қалғаны — аралас білім шаңырағы. Өңірдегі балалардың саны — 72 360 оқушы. Олардың 18 447-сі қазақ тілінде білім алады.

Ауыл мен қала арасы: білім сапасы қайтсе артады?

Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің ғимаратында өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының көшпелі отырысына Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов төрағалық етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы бірінші сессияның ашылуында білім беру сапасын арттыру, кәсіби кадрларды тарту қажеттілігі туралы бірқатар тапсырмалар міндеттеген болатын. Солтүстік Қазақстан облысына іссапарымыздың басты мақсаты осы — ел Президенті жүктеген міндеттерді орындау, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою үшін «Білім туралы» Заң жобасына енгізілген өзгерістерді Үкіметке жібермес бұрын педагогтермен бірге талқылау, сарапқа салу. Көшпелі отырыста әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері шағын жинақты мектептердегі білім сапасының өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдарын зерделелеп, талқылайды. Шағын жинақты мектептердің мәселесі көп екені белгілі. Магнитті мектептер мен тірек мектептердің өзара байланысы, интернет мәселесі, кадр тапшылығы, оқушылар тасымалы, интернаттардың жұмысы, әсіресе шекаралас аудандардағы мектептердің мәселесі өзекті болып тұр. Біздің ойымызша, депутаттардың ұсынысы бойынша шекара маңында орналасқан ауылдардағы мектептердің оқушы қабылдау нормативіне өзгерістер енгізу қажет. Мұны заңмен реттеу керек. Нормативке сәйкес келмейді деп мектепті жапсақ, ауыл да құрдымға кетеді. Ал шекара аумағындағы ауылды сақтап қала алмасақ, елге қауіп, — деді Асхат Аймағамбетов.
Жиында сөз алған Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Парламент Мәжілісі әлеуметтік- мәдени даму комитетінің бірінші көшпелі отырысының елімізде шағын жинақты мектебі ең көп өңір — Солүстік Қазақстан облысында өткізіліп жатқанына, депутаттардың облыс мектептерін аралап, тыныс-тіршілігімен етене танысқанына, шағын жинақты ауыл мектептерінің мәселесін шешуде заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, оларды педагогтермен бірлесіп талқылауды ұсынған аталған комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов пен депутаттарға ризашылығын білдірді.
Еліміздегі мектептердің 40 пайызы — шағын жинақты білім шаңырағы. Бұл тек біздің елде ғана емес, әлем елдеріне де тән.

Мысалы, Америка Құрама Штаттарында, Финляндияда елді мекендердің арасы жақын болған жағдайда шағын жинақты мектептердің балаларына толық жинақты мектептердің педагогтері барып сабақ береді. Канадада шағын жинақты мектептерді сақтап қалуға барлық жағдай жасалған. Өйткені баланың өз отбасында тәрбиеленуі дұрыс деп есептеледі. Швецияда үлкен мектептер хаб ретінде пайдаланылып, кішігірім мектептерге олардың іс-тәжірибесі енгізілген. Аустралияда дәстүрлі оқу процесімен қатар, қашықтан веб-сабақтар ұйымдастырылады. Байқағанымыздай, бұл тәжірибелер елімізде де пайдаланылып жүр, — деді Шолпан Таңатқызы. Ол еліміздегі шағын жинақты мектептердің мәселесіне тоқталды. Алдымен аталған білім шаңырақтарының инфрақұрылымын жақсарту керек. Мұндай мектептерге тән жағдай — сыныптардың біріктірілуі. Бұл білім сапасының төмендеуіне кері әсер етеді. Кейбір мектептерде екі сынып оқушыларын ғана емес, үш сыныптың балаларын біріктіріп оқытуға тура келеді екен. Елімізде мұндай мектептердің саны 1300-ден асады. Материалдық-техникалық базаны нығайту, пәндік кабинеттердің жаңа үлгіде жабдықталуы білім сапасын арттыруға септігін тигізеді. Дегенмен шағын жинақты мектептердің бәрінде бірдей мұндай өркениет жетістігі жоқ. Сондай-ақ мұндай білім шаңырақтарында сағат саны аз болғандықтан, кадр тапшы. Басты мәселелердің бірі — интернет желісінің әлсіздігі, жоқтығы.

Еліміздегі 2716 шағын жинақты мектептің 66,3 пайызында интернет жоқ. Бұл мәселені облыс әкімдіктерімен бірлесіп шешеміз. Қазір барлық облыстардағы құзырлы мекемелердің басшыларына мектептердегі интернет мәселесін шешу жөнінде нақты тапсырма берілді.
Оқушылардың білім сапасын арттыруда қосымша білім берудің маңызы зор. Бірақ ауыл мектептерінде бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті болып отыр.
Шағын жинақты мектептер мәселесін шешу мақсатында ресурстық орталықтар және магнитті мектептер жобасы енгізілді. Ресурстық орталықтар, яғни тірек мектептер жақын ауылдарда орналасқан магнитті мектептерге әдістемелік, оқу-процесі жағынан қолдау көрсетіп, педагогтердің тәжірибесі таратылады. Бұл процестерді ұйымдастыруда да қиыншылықтар бар. Мысалы, жобаны қаржыландыру, балалар тасымалын ұйымдастыру, сыныптағы мұғалім мен бұл мектептерге сырттан келіп оқытатын педагогтердің статусына, еңбекақысын төлеуге байланысты мәселе бар.
Мектеп директорларын тағайындаудың өзіндік талаптары бар. Соның бірі мектеп басшысы болу үшін үміткерге директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаруы міндеттеледі. Дегенмен шағын жинақты мектептердің директорларын тағайындауда бұл талап алынып тасталды. Тәжірибелі мұғалім шағын жинақты мектептің директоры бола алады. Бұл — бір. Екіншіден, Парламент депутаттарының бастамасымен биылғы оқу жылынан бастап мектептерге педагогтер конкурс негізінде қабылданып жатыр. Бірақ бұл талаптың шағын жинақты мектептерге қатысы жоқ.
VIII сайланған Парламенттің ашылу сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі оқушылардың бағасы нақты біліммен сәйкес келмейтінін айтып, бұл мәселені шешуді нықтап тапсырған болатын. Еліміздің оқушылары PISA — (Programme for International Student Assessment), PIRLS (Progress in International Reading Literacy Study) секілді халықаралық зерттеулерге қатысады. Жақында PISA халықаралық зерттеуінің қорытындысы шықты. Нәтижесі көңіл қуантады. Біздің елдің оқушыларының білім сапасының орташа көрсеткіші әлем елдерінің деңгейінен жоғары.
2021 жылдан бастап Қазақстанда сыртқы бақылау жүйесі енгізілді. Екі жыл бұрын өткізген талдау қорытындысында білім сапасы жөнінен Батыс Қазақстан облысы көш бастаса, екінші орынды Солтүстік Қазақстан облысы иеленді. Мұнда сарапшылар мұғалімнің қойған бағасын сырттай зерттейді. Қорытындысында толық жинақты мектептерге қарағанда, шағын жинақты мектептерде білім сапасы төмен екені анықталды. Біз қазақстандық зерттеу қорытындысында анықталған кемшіліктерді түзету бағытында жұмыс жасайтын боламыз, — деді ол.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Ақтөбе облысында ауыл мен қала балаларының арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою мақсатында бірегей жоба қолға алынғанын тілге тиек етті.

Ақтөбелік модель ізімен: 5 облыста біздің өңірдің жобасы енгізіледі

Оқу-ағарту министрлігі шағын жинақты мектептердің мәселесін шешуге, оқу тіліне қарамастан, сапалы білім алу үшін балаларға тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған ақтөбелік модельді қолдайды. Ақтөбеде қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жою бойынша жол картасы әзірленіп, бекітілген. Бүгінде «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасына облыстағы 120 мектептің 10 575 оқушысы қатысып жатыр. Оларға 6 жетекші мектептің 35 үздік педагогі тартылып отыр.

Білікті ұстаздар 5 пән — математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндері бойынша шағын жинақты мектеп оқушыларына онлайн сабақ беріп, виртуалды мұғалім қызметін атқарады. Қазір Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы жобаға әдістемелік сүйемелдеу жүргізу үшін облыстық басқармамен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жерде екі мәселені анықтап алу керек. Оқушыларды ұйымдастырып беретін ауылдағы мұғалімнің рөлі мен цифрлық педагогтің, яғни қаладағы мұғалімнің рөлі қандай екенін нақтылау қажет. Сабақты жоспарлаудың бірнеше кезеңі бар. Біздің мақсат — сабақты жоспарлауды дұрыс жасап, екі мұғалімнің статусын анықтау. Ол үшін үлкен әдістемелік жұмыстар керек.
Осы жоба сәтті жүзеге асырылса, бұл жобаны еліміздің 5 өңіріне енгізу жоспарланып отыр. Олар — Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Павлодар өңірлері.
Өздерінің мектептерінде қат-қабат жұмыс болса да, ауыл балалары үшін жаны алаң болған мамандандырылған мектептердің үздік педагогтеріне рақмет айтқым келеді. Сондай-ақ осындай бірегей жобаға ұйытқы болған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановқа ризашылығымды білдіремін, — деді Шолпан Каринова.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан баяндама жасады.
— Біздің облыста
тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алу үшін балаларға тең мүмкіндіктер жасау, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюдың ақтөбелік моделі қалыптасты.
Жоба жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарын жоғары жылдамдықты сапалы интернетке қосу, білім беру ұйымдарын цифрлық оқу жабдықтарымен жарақтандыру, пилоттық жоба үшін педагогтерге қосымша ақы төлеу шығындары қарастырылды.
2023-2024 оқу жылында облыстың барлық шағын жинақты мектептеріне виртуалды оқыту жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр, — деді Жайық Сұлтан.

Тариф қымбат, интернет желісі неге жоқ?

Жиынға қатысқан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Жақсылық Ибрагимовке Асхат Аймағамбетов бастаған біраз депутат шүйлікті. Одан ел бойынша интернет желісінің тартылуы туралы ұзын сонар баяндама емес, ауыл мектептерінің интернет мәселесі қашан шешілетініне нақты жауап беру сұралды.

Ауылдарда интернет мәселесі күрделі. Шағын жинақты мектептердегі интернет тарифі өте қымбат. Бірақ жылдамдық төмен. Интернет жылдамдығы келісімшартта көрсетілген жылдамдыққа жеткен емес. Дегенмен пайдаланылмаған жылдамдық үшін бюджеттен қыруар қаражат төленіп жатыр. Қысқасы, мектептерге интернет желісі тартылды деген құр сөз ғана, оның игілігін балалар көре алмай отыр. Бұл мәселе қашан шешіледі? — деді Асхат Аймағамбетов.
Телекоммуникация комитетінің төрағасы Жақсылық Ибрагимов бұл сауалдарға берген уәжі мынау:

Елімізде15-20 жыл бойы ауылдарға интернет желісін тарту мақсатында ешқандай жұмыс жүргізілген жоқ. Мәселенің түп тамыры осында болып тұр. Ауылдарға интернет желісін тарту жұмыстарын 2018 жылы бастадық. 1257 елді мекенге интернет желісін жүргіздік. 2018-2019 жылдары 78 ауылдағы 86 мектеп интернетке қосылды.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Жоспар бойынша 3100 елді мекенге интернет тартылатын болады.
Мектепке су, жылу құбырлары тартылады, жарықтандырылады. Әлгінде ауыл іргесінде интернет желісі бар деп айтылып жатыр. Бірақ жергілікті әкімдіктің интернет желісін тартуға ықыласы жоқ.

Мектептерді интернетпен қамту бойынша нақты жоспар қажет. Мұнда мектептің нақты атауы және қашан қосылатыны туралы мәлімет болуға тиіс. Сондай-ақ қосылған мектептерді де нақтылау, жылдамдығын анықтау қажет. Мектептердің тарифі неге жоғары? Интернет үшін қыруар қаржы төленсе де, лайықты жылдамдық неге жоқ? Осы мәселемен айналысуға қызырлы органға екі апта уақыт беріледі, — деп нықтап айтты Асхат Аймағамбетов.
Көшпелі отырыс барысында депутаттар сөз алып, білім саласындағы кемшіліктерді сынға алды. Жалған статистика мен көзбояушылықты доғару керектігін тілге тиек етті.

Жалған статистика және көзбояушылық

Тексеретін адамдар келеді дегенде мектептерді апыл-ғұпыл сырлау, әктеу, өтірік көрініс жасау дегенді тоқтату қажет. Барды бар, жоқты жоқ деп айтатын кез келді.
Аққайың ауданындағы Түмен негізгі мектебінің жағдайы нашар. Химия, физика, биология, информатика, мультимедиа кабинеті мүлде жоқ. Тіпті акт залы мен спортзал да жоқ. Интернет желісі де тартылмаған. Ол түгіл, ұялы байланыс әлсіз. 100 орындық мектепте 26 бала оқып жатыр.
Елімізде шағын жинақты мектептердің мәселесі өзекті. Оның санын қысқарту, мектептерді жабу туралы да ұсыныс-пікірлер айтылды. Дегенмен бұл мәселені шешудің тиімді тәсілі емес. Шағын жинақы мектептер керек. Әсіресе шекара маңындағы ауылдардағы мектептер бала саны аз болса да жабылмауға тиіс.
Біз аралаған мектептің бірі — Аққайың ауданындағы Тоқшын мектеп-гимназиясы 1965 жылы салынған. 600 орындық мектепте 266 бала оқып жатыр. Былтыр жөндеу жұмыстарына 138 миллион теңге бөлінген екен. Дегенмен жөндеу үшін сонша қаражат жұмсалмағанын білдік. Ғимараттың бірінші қабаты, спортзалы жөнделмеген. Пәндік кабинеттер толық жабдықталмаған. Мультимедиа кабинетінде ноутбуктердің қосылмайтынын, тіпті алынғалы қуатталмағанын көрдік. Химия кабинетінде кран бар да, су жоқ. Интернеттің аты бар да, заты жоқ. Телекоммуникация саласына жауапты комитет төрағасы баяндамасында «Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептерде интернет бар» деп баяндама жасады. Бұл құр сөз, бос әңгіме екеніне кешегі іссапарда көз жеткізіп келдік. Мұғалімдердің айтуынша, мектепте интернет әлсіз. Олар «Күнделік.кз»-ға баға қоя алмай, үйлеріне барып, күнделік толтыруға мәжбүр екенін айтты. Бұдан кейін онлайн оқу туралы не айтуға болады? Мемлекет тарапынан білім саласы үшін көптеген қаражат бөлінсе де, ауыл мектептерінен дамыған технологияны көрген жоқпыз.
Тағы бір мәселе — қазақ мектебі жоқ. Қазақ балалары бар. Бірақ олардың таңдауы жоқ. Білім бөлімі басшыларының, директордың қазақ мектебін, тым болмаса бір сынып болса да қазақ сыныбын ашуға деген ықылас, ниеті жоқ. Жауапты мамандардан қазақ мектебінің неге жоқтығын сұрағанда айтқан уәжі: «Халық арыз жазбайды» дейді. Бұл мекемелер не үшін мемлекеттен қаражат алып отыр? Біз бұл ретте тілдік мәселені үстем қойып отырғанымыз жоқ. Дегенмен бұл жерде азаматтардың құқығы қорғалуға тиіс.
«Жас маман ауылға барсын» дейміз. Ал біз барған мектепте жас мамандар интернатта тұруға мәжбүр болған екен. Интернаттың жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Бір ғана мысал, ондағы орындықтарды төңкеріп көрдік, сөйтсек, мектеппен бірге жасап келеді екен, сарғайған қағаздан 1965 жылы шыққанын білдік. Бұдан кейін білім сапасы туралы не айтуға болады? Мұндай ауылға жас маман қайдан тұрақтайды, — деді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов отырыста сөз алған кейбір баяндамашылардың орыс тілінде сөйлегенін, орыс тілінде жасалған баяндаманың басында бір-екі ауыз қазақша сөз қосып, әрі қарай орысша сайрау мемлекеттік тілді қорлаумен тең екенін айтты.
Баяндамашылар біліктілік арттыру курсынан соншама педагогтің білімін жетілдіргенін айтты. Соның арасында қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы пәндерінен курстан өткен педагогтер бар ма? Кеше біз аралаған мектептің бірі Қызылжар-Абай деп аталады. Мектептің материалдық-базасы заман талабына сай жабдықталған. Жаңа технологиямен қамтылған. Дегенмен оқушылардың қазақ тілін білмейтінін, қазақ балаларының өзі ана тілін біліңкіремейтінін көрдік. Жас ұрпақтың көпшілігі ел тарихынан бейхабар екенін білдік. Бұл — трагедия. Осы балалар ертеңгі еліміздің тұтқасы — ел басқаратын да, Үкімет басқаратын да, министр болатын да, депутат болатын да, директор болатын да солар. Олардың бойында отансүйгіштік қасиет болмаса, онда біз роботтар даярлап жатырмыз деген сөз.
Ауылда маман тұрақтау үшін тиімді механизм қарастыру керек. Неғұрлым аудан, облыс орталығынан шалғай орналасқан ауылдардағы мектептердің педагогтеріне қолдау, көмек, әлеуметтік жеңілдіктер соғұрлым көбірек болуға тиіс. Бұл шекарамызды шегелей түсуге септігін тигізеді, — деді Ринат Зайытов.
Тоқшын мектеп-гимназиясының мұғалімдері күнделікке баға қоя алмай әлек, ал ауылдың іргесінде, екі-ақ шақырым қашықтықта интернет желісі өтіп жатыр. Интернетті сол жерден тартуға болады. Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі, жаңа технология дейміз интернет тартылмаса, ауыл мектебінде интернет болмаса, бұл әрекеттің бәрі бос әурешілік, — деді Таңсәуле Серіков.

Қазақ балаларының таңдауы жоқ. Неге?

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев елімізде халықтың игілігі үшін қолға алынған бағдарлама, жобалардың көптігін, бірақ соларды үйлестіру кемшіндігін айтты.
Мемлекет тарапынан ел игілі үшін көптеген бағдарлама, жоба қолға алынған. Оларды жүзеге асыру үшін бюджеттен қыруар қаражат бөлінуде. Дегенмен бұл жұмыстардың нәтижесі көп жағдайда көрінбейді. «Серпін», «Дипломмен — ауылға», «Еңбек» жобаларының тиімділігін арттыру үшін жүйелеу керек. Біз барған мектептерде математика пәнінің мұғалімі, психолог мамандар жетіспейді.
«Серпінмен» келген мамандар солтүстікке тұрақтамай, кетіп қалып жатыр. «Бастау-бизнес» бағдарламасы бар. Осы бағдарламада Солтүстік Қазақстанға көшіп келген отбасыларға басымдық берер болсақ, үлкен мәселе шешілер еді. «Серпін» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнына қабылданған түлектерге солтүстікте міндетті жұмыс істеу мерзімін қысқартса, мұнда келушілердің санының артуына сеп болар еді. Сондай-ақ оңтүстік облыстардан, Маңғыстау облысынан осында көшіп келетін отбасыларға жағдай жасайтын болсақ, оның ішінде көпбалалы отбасыларға басымдық беретін болсақ, мектеп қазақ балаларына толар еді. Солтүстіктен көшіп кетушілер аз емес. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген бекер айтылмаса керек, — деді Дәулет Мұқаев.
Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Тоқшын мектеп-гимназиясында 16 бейнекамераның 4-еуі ғана жұмыс жасап тұрғанын, бейнекамера ең алдымен балалардың қауіпсіздігі үшін керектігін айтты. Сондай-ақ ол мектептердегі медпункттердің талапқа сай емес екенін сынға алды.
Отырыста Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев сөз алып, жыл сайын 30-40 мектепке күрделі жөндеу жүргізілетінін жеткізді. Оның айтуынша, аталған өңірге 5 жылда 12 мыңнан астам адам көшіп келген болса, соның 625-і тұрақтамаған. Көшіп келушілер саны аз. Биылғы жоспар бойынша 2600-ден астам адам Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келуі керек.
Жиынды Парламент Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов қорытындылады.
Заңдар қабылданады. Дегенмен көп жағдайда орындала бермейді. Орталықтан қабылданатын шешімдер жақсы болуы мүмкін, бірақ басқару жүйесіндегі кемшіліктердің кесірінен орындалмай қалады.
Бұрын аудандардағы мектеп, балабақшалар аудандық білім бөліміне бағынатын, ал аудандық білім бөлімі облыстық басқармаға емес, аудан әкімдігіне қарайтын. Аудандық әкімдікке бағынысты болған соң көптеген мәселелер туындаған-ды. Екі жыл бұрын аудандық білім бөлімдері облыстық білім басқармасының қарауына көшірілді. Бұған педагогтер ерекше қуанды. Бір ғана мысал, жалақы кешіктірілген емес. Бұдан екі жыл бұрын «Оқуға құштар мектеп» жобасын енгіздік. Тексеру нәтижесінде білгеніміз, мектеп кітапханаларында көркем әдебиет жоқ. Осы жобаның арқасында мектеп кітапханаларына 3 миллионға жуық кітап алынды. Бұл кітаптарды балалар оқып жатыр ма, әлде шаң басып босқа тұр ма? Бұл — басқа мәселе. Қазір әкімдіктерге оқулықтар сатып алу міндеттелді. «Білім туралы» Заң жобасында әкімдіктерге тек оқулықтарды ғана емес, сондай-ақ мектеп кітапханасына көркем әдебиеттер сатып алып беру міндеттеліп отыр. Көркем әдебиет оқымаған баланың білім сапасы жоғары, таным көкжиегі кең болмасы анық.
Шағын жинақты мектептердегі білім сапасын арттыруда онлайн оқыту процесін қолға алу керек. Бұл үшін мықты педагогтер мен мықты материалдық база болуға тиіс. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Онлайн дәріс беретін педагогтің мәртебесін, жалақысын анықтауымыз керек. Астанадағы мұғалім шалғайдағы ауылдың балаларына сабақ берсе, еңбекақысы қалай реттеледі? Ал сол ауылдағы тьютор-педагогтің жалақысы қалай төленбек? Оған қандай жұмыс жүктеледі? Оның мәртебесін қалай анықтап, жалақыны қалай төлейміз? Онлайн оқу процесінің қорытындысын жасап, білім сапасын анықтағанда нәтиже кімге тиесілі болады? Мұның бәрін анықтауымыз керек.
Тірек мектеп пен магнитті мектептердің арасындағы байланысты заңнамалық тұрғыдан реттеу де маңызды мәселе. Тірек мектеп пен магнитті мектептерді кешен ретінде, магнитті мектептерді тірек мектептердің филиалы ретінде байланыстыруды заң жобасында қарастырып жатырмыз. Шағын жинақты мектепте бала саны аз болғадықтан сағат та аз. Жалақысы аз мектепке педагогтер барғысы келмейді. Шағын жинақты мектептің жалақы төлеу жүйесін өзгертпесе, маман тапшылығы мәселесін ешқашан шеше алмаймыз. Бұл Оқу-ағарту министрлігі шешетін мәселе емес. Өйткені «Білім туралы» Заңда еңбекақыны реттеу бекітіліп қойылған. Сол себепті «Білім туралы» Заңға тиісті түзету енгізіп, шағын жинақты мектептерде жалақы төлеуді ғана емес, қосымша ынталандыру жүйесін құруды қарастыратын боламыз.
Грантпен білім алған студенттерді мектепте кем дегенде 3 жыл сабақ беру міндеттеледі. Осы міндеттеменің мерзімін Солтүстік Қазақстан секілді өңірлерге барған жас мамандар үшін қысқарту қарастырылды.
Қосарлы мамандық бойынша кадр даярлау туралы ұсыныс айтылды. Бұл — орынды пікір. Дегенмен екі пәннің мұғалімін қатар даярлау үшін 4 жыл оқыту жеткіліксіз. 4 жылда екі пәннен шағын жинақты мектептерде сабақ беретін мұғалімдерді даярлап шығара алмаймыз. Сол себепті заңға өзгеріс енгізу керек.
Үлкен мәселе — шекаралас аудандардағы ауыл мектептерінің жабылуы. Нормативке сәйкес 40 балаға дейін бастауыш, 80 балаға дейін негізгі мектеп болады. Бұл норматив ел бойынша мектептерге қолдануға болатын шығар, дегенмен шекаралас аудандарда орналасқан мектептер үшін қолайлы емес. Шекарадағы ауыл мектебі жабылса, ауылдан айырыламыз, шекара бос қалады. Бұл мәселені шешу үшін депутаттар заңға өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Шекаралас ауылдардағы мектептердің нормативі өзгертіледі, — деп түйіндеді жиынды Асхат Аймағамбетов.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button