Басты жаңалықтар

«Шағын несие» бағдарламасы: Кәсіп бастаймын деген жастарға үлкен қолдау

Реформа: іс жүзінде

Елімізде жастарды қолдау мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі —  «Шағын несие» бағдарламасы.  Өткен жылдың қараша айынан бастап қолданысқа енгізілген бағдарлама бойынша облыста 14 адам құжаттарын тапсырып үлгерген.  

«Шағын несие» бағдарламасына кімдер қатыса алады? Оның талаптары қандай? Осы сұрақтар бойынша жауапты мамандар мен несие алушы жастардың пікірін білген едік.

14 адамның құжаты қабылданды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, осы жылдың 1 наурызынан бастап кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында жастарға жеңілдетілген төмен пайызбен, яғни жылдық  2,5 пайызбен берілетін несиеге  құжаттарды қабылдау басталды.

Шағын несие беру бағдарламасы 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Несие талаптарына сәйкес өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген мерзімі 5 жылдан аспауға тиіс. Бағдарламаға жұмыс істеп жүрген жастар да қатыса алады. Несие 5 жылға беріледі. Несиелеу шарттарына сәйкес жылдық 2,5 пайызбен мал шаруашылығын дамыту үшін 7 жылға дейін,  бизнестің басқа бағыттары үшін 5 жылға дейін жалпы көлемі 5 миллион теңгеден аспайтын несие алу мүмкіндігі бар.

Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін төлеуге қатысты жеңілдік кезең қарастырылған. Несие аларда міндетті түрде мүлік кепілге қойылуға тиіс. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-анасын, туыстарын және басқа да адамдарды) тартуға болады. Өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы филиалына тапсыруы қажет. Филиалдардың мекенжайы agrocredit.kz сайтында көрсетілген, — дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе облысы филиалы несие бөлімінің басшысы Айнұр Медетова. Оның айтуынша, шағын несие алу үшін бірнеше құжат тапсыру қажет.

Қажетті құжаттар тізімі:

жеке басын куәландыратын құжат; жоба бойынша бизнес-жоспар; қызмет көрсететін банктен шоттың бар екенін растайтын анықтамалар;  қаржы ұйымдарынан (несие болған кезде) несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтамалар; қатысушының (үміткердің) жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме); кепіл мүлікті бағалау туралы есеп; кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Айнұр Медетованың айтуынша, биыл осы бағдарлама бойынша 187 адамға 935 миллион теңге көлемінде шағын несие беру жоспарланған.

«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы осы бағдарлама бойынша «Сенім білдірілген агент» ретінде белгіленді. Қазір құжаттар қабылданып жатыр. 14 сәуір күні жастарға жылдық 2,5 пайызбен несие беру бойынша өтінімдерді іріктеу жөніндегі комиссияның бірінші отырысында 21 адамның құжаттары қаралып, оның ішінде талапқа сай келген 14 адамның құжаты мақұлданды, — дейді ол.

Бағдарлама қатысушылары не дейді?

Мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алуға өтінім берген жастардың пікірін білген едік.

Мен осы жылы мемлекеттен жылдық 2,5 пайызбен несие алып, сабын жасау өндірісін бастадым. Ең алдымен кір сабын шығаратын жабдықтарды сатып алдым. Бес жыл бойы сабын цехында жұмысшы болып жұмыс істедім. Осы көктемде басшым өз кәсібін сатуды ұйғарды. Мен де еш ойланбастан сабын цехын сатып аламын деп шештім. Күніне салмағы 200-300 грамм кір сабынның мың данадан астамын шығаруға мүмкіндігіміз бар. Сабын бағасы халық үшін де қолжетімді. Қазір үш адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Несиеден құтылған соң цехымды кеңейтіп, жұмысшылар санын көбейткім келеді, — дейді Нұрбол Құлжабаев.

Халықтың сұранысын қамтамасыз ететін несиеге көп адам өтінім жібергенімен, тек нақты жобасы бар адамдар ғана іріктеуден өткен.

Мен шағын несиенің арқасында кәсібімді жалғастырғалы отырмын. Бұрын ауыр жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істегенмін. Отбасылық жағдайыма байланысты көлігімді сатуға тура келген еді. Несие алған соң ауыр жүк көлігін сатып аламын. Тасымалдаумен айналысқым келеді. Жоспарым — көтерме бағамен сатып алынған жеміс-жидек, көкөністерді уақтылы тасымалдау, — дейді Қанат Ермағанбетов.

Осы бағдарламаға алғашқы болып өтінім білдіргендердің бірі — Анар Жумирова.

Жастарға арналған 2,5 пайыздық несиені әлеуметтік желіден көріп, ертесіне «Аграрлық несие корпорациясы» филиалына барып, кеңес алдым. Қажетті құжаттарды бір апта ішінде жинап, несиеге өтінім жіберілді. Есет батыр тұрғын алабынан дүкен ашқым келеді. Осы уақытқа дейін азық-түлік дүкендерінде сатушы болып жұмыс жасадым. Осы бағдарламаны естігенімде қуанышымда шек болмады. Бизнес-жоспарымды жүзеге асыруға 5 миллион теңге қажет болған. Жоспарымда көрсетілгендей, қазіргі заманауи павильонның дайын түрі қаламызда 3,5 миллион теңге тұрады. Қолыма несие қаражаты тиген бойда павильон ішіне азық-түлік, көкөніс және тұрмыстық заттар қоятын сөрелермен қатар, мұздатқыштарды да сатып аламын. Оның өзі 1,5 миллион теңгеге шығып тұр, — дейді ол.

Жастарды кәсіпкерлікке баулу, жұмыссыздықты жою мақсатында елімізде 7 жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, «Ауыл аманаты», Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілетін «Жастар» жеңілдетілген несие бағдарламасы, «Дипломмен —ауылға!», «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі» секілді бағдарламалардың жастарға    берері мол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button