Тарих

Қиыр шығыстан келген көш

ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы сталиндік репрессия тұсында жекелеген азаматтар ғана емес, тұтас ұлттар, бір жерде шоғырланып отырған диаспоралар да қудалауға ұшыраған еді. Солардың бірі —Қиыр Шығысты мекендегенкәріс халқы.
Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында, 1937 жылы Жапонияның Қытайға шабуыл жасауы кеңес билігінің«жапон тыңшыларына» қатысты күдігін үдетті. Билік әсіресе Қиыр Шығыста тұрып жатқан кәрістерге асқан қауіппен қарады. 1937 жылы 28 қыркүйектеКСРО Халық комиссарлар кеңесінің«Қиыр Шығыс аумағынан кәріс халқын қоныс аударту туралы» қаулысы шықты. Соған сәйкес Қазақ КСР-інің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Гурьев округінің аумақтарына —12 000 шаруашылықты, Өзбек КСР-інің солтүстіктегі теміржол бойы аймақтарына 9 000 шаруашылықты қоныстандыру көзделді.Бұл іс аталған республикалардың Халық комиссарлар кеңесі мен өлкелік атқару комитеттеріне жүктелді. Сонымен қатар қорғаныс халық комиссариатына 60 эшелон дайындау тапсырылды. Кәріс тұрғындарын Қазақстанға қоныстандыру туралы 1937 жылғы 29 қыркүйектегі Қиыр Шығыс өлкелік атқару комитетінің директивасына сәйкес қоныстандыру 1937 жылдың 1 қазаны мен 25 қазаны аралығында жүзеге асуға тиіс еді. Аталған директивада отбасылардың дүние-мүлкін бағалау, өзімен бірге алуға болатын заттар, комсомол, партия ұйымдарынан шығару сияқты мәселелер қарастырылған.
1937 жылдың 28 қыркүйегінде Ақтөбеден Мусин мен Дурумбетовжоғары жаққа, атап айтқанда,Қазақстан КП ОК хатшысы Мирзоян мен Қазақ КСР ХКК төрағасы Исаевқа кәріс шаруашылықтарын қоныстандыру жөніндегі нұсқаларын баяндап, телеграмма жіберді. Нұсқа бойыншаоблыста кәріс шаруашылықтарын Қобда, Мәртөк, Степной (қазіргі Қарғалы), Ключевой (қазіргі Алға), Темір, Новоресей (қазіргі Хромтау), Ақтөбе, Жұрын аудандарының жеріне қоныстандыру қарастырылған. Көктемде тұрғын үйлер салғанша Қобда ауданына — 105, Мәртөк ауданына — 125, Степной ауданына — 100, Ключевой ауданына — 100, Темір ауданына — 100, Новоресей ауданына — 150, Ақтөбе ауданына — 50, Жұрын ауданына 50 шаруашылық қабылданатыны жазылған. Жалпы, облыс қысқы мезгілде 890 шаруашылық қабылдауға әзір болған. Бұл уақытта күштеп қоныс аударылған кәріс отбасылары үшін баспаналар дайын болмаған.
Қазақ КСР ІІХК-ның 1937 жылдың қазан айының соңы, қараша айының басындағы мәліметіне сәйкес, Ақтөбе облысына (Арал ауданымен қосқанда) Қиыр Шығыстан 6 эшелон, 1803 отбасы, 8547 адам келді. Оның ішінде Ақтөбе стансасына 3 эшелон, 974 отбасы, 3767 адам түскен. Олар одан әрі «Ярмухамет», «Мирзоян» ұжымшарларына және Новоресей ауданының 10 ұжымшарына қоныстандырылған.
Депортациялау процесі өте ауыр жағдайда өтті. Кәріс халқын Орталық Азия жеріне жеткізген эшелондар санитарлық нормаларға сай болмады. Оларды вагондарға мал тиегендей тиеп алып, жолда азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді қарапайым дүниелердің өзі жетіспей, соның салдарынан өлім-жітім көп болған. Ақтөбе жеріне келген кәрістердібастапқыда негізінен «Ярмухамет» ұжымшарына орналастырды. Жергілікті деңгейде оларға баспана салу мәселелері қарастырылғанымен, ол тиісті деңгейде іске аспады. Бұған құрылыс материалдарының жетіспеушілігі, атқарушы орган қызметкерлерінің немқұрайдылығы себеп болды. Күштеп қоныс аударғандар үнемі ішкі істер органдарының бақылауында болды. Мысалы, 1939 жылы 8 мамырда облыстық қауіпсіздік комитеті басқармасының басшылары Дмитриев пен Киселевтің
обкомның бірінші хатшысы Иночкинге жазған хабарламасында соңғы уақытта кәрістер шоғырланған кеңшарлардан, атап айтқанда, Қарабұтақ ауданы, «Бөгетсай» кеңшарынан адамдардың негізсіз шығып жатқаны баяндалған. Бөгетсай ауылдық кеңесінің төрағасы ВасилийХанныңеш негізсіз, заңсыз анықтамалар беріп, сол арқылы ЕнчерТен, ГайТен, ТекТен, НихванКим және басқа да отбасылар кеңшардан шығып кеткен. Аудан тарапынан да алдын алу жұмыстарының болмағандығын хабарлайды.
Арнайы қоныстанушыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де түпкілікті шешілмеді. 1939 жылы облыстық жер бөлімінің басшысы Полтинников пен қоныстанушылар бөлімінің басшысы Иванов қол қойған түсіндірме жазбада көрсетілгендей, 1937-1938 жылдары облысқа кәрісқоныстанушыларының818 шаруашылығы келген. 417 шаруашылық 4 қоныстанушылар кеңшарына біріксе, 49 шаруашылықты бұған дейін жасақталған кеңшарларға орналастырған. 352 шаруашылықәртүрлі мекемелер мен ұйымдарға жұмысшылар мен қызметкерлер ретінде орналастырылған. 1938 жылы 463 қоныстанушылар шаруашылығының 46-сы жойылған «Ярмухаммед» ұжымшарының тұрғын үйлеріне орналастырылған. 244 шаруашылыққа үйлер салынған. 173 шаруашылықтың баспана мәселесі шешілмеген. 1938 жылы салынған 244 үйдің ішінде 4 екі пәтерлі үй төмен сапада салынып, құлаған, сонымен қатар 71 үйді қайта салу қажеті баяндалады. Сонымен қатар қоныстанушылар бөлімінің штатына 8 бірлік қажет екені көрсетілген. Шаруашылықтардың несиелендіруге зәру еместігі айтылып, қаржыландыру тек тұрғын үй салу үшін ғана қажет деп көрсетілген.Тұрғын үйлермен қатар, кәрістер орналасқан кеңшарларға мектеп, аурухана салу мәселелері де өзекті болды. 1938 жылы бір 280 орындық мектеп, екі 160 орындық мектеп салу керектігі айтылған. 1939 жылғы түсіндірме жазбада олардың құрылысының аяқталмағаны баяндалған. Жалпы, сол жылдардағы құжаттардан құрылыс материалдары тапшылығыныңкөп іске қолбайлау болғанын аңғарамыз.
Бүгіндеоблыста репрессия жылдарында Қиыр Шығыстан күштеп қоныс аударылған кәрістердің ұрпақтары, жалпы саны 1,5 мыңға жуық адам тұрады. Олар сол қиын-қыстау жылдарда халқымыздың ата-бабаларына көрсеткен көмегін, мейірімін ұмытпай келеді. Өткен жылы облыстағы кәріс халқы өкілдерінің Ақтөбе төрінде «Қазақ халқына алғыс» мүсіндік композициясын орнатуы — соның айғағы.

Берік ҚОШАН,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің магистранты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button