Басты жаңалықтар

Ақтөбе облысындағы автожолдарға қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысы – қатаң бақылауда

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе өңіріндегі автожолдарға қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды.

Оған мемлекеттік органдар және мердігер ұйымдардың басшылары қатысты.

Өңір басшысы жиында биыл жергілікті маңызға ие 848 шақырым автожол мен республикалық маңызы бар 190 шақырым жолдың құрылысын, реконструкциясын және жөндеуін сапалы жүргізу міндеті қойылғанын атап өтті.

💬 «Біздің облыста жолдардың сапасын жақсарту – өзекті мәселе. Барлық жобалар сапалы іске асырылып, белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс, жыл соңына қарай біз нақты нәтиже көрсетуіміз керек. Жұмыс көлемін ескере отырып, алдымызда  күрделі міндеттер тұр. Осыған байланысты туындайтын барлық мәселелерді уақытылы шешу қажет», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жоспарлар туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айдос Хамиев, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данағұл баяндады.

Құрылыс материалдары, оның ішінде битумның қолда болуына ерекше назар аударылады.

Қазіргі уақытта облыс қоймаларында 16,3 мың тонна битум сақтаулы, мамыр-маусым айларында тағы 10 мың тоннадан астам өнім жеткізілмек.

Облыс әкімі жұмыс барысын, барлық нысандар бойынша құрылыс материалдарының бар болуын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Мердігерлік ұйымдардың кепілдік жұмыстары аясында кемшіліктерді жою жөніндегі міндеттемелерді орындамауы, сондай-ақ бірқатар ауыспалы жобаларды, әсіресе облыс аудандарында іске асыру мерзімдерін кешіктіруі – проблемалық мәселелердің қатарында.

Міндеттерін дұрыс орындамаған компанияларды жауапкершілікке тарту бойынша ең қатаң шаралар қолданылады.

💬 «Олардың барлығын қысқа мерзімде уәкілетті органдар тексеруі тиіс. Егер компаниялардың өз міндеттемелерін орындамауына объективті себептер болмаса, қатаң шаралар қолданамыз. Барлық проблемалық нысандар бойынша орындалуы тиіс жеке іс-шаралар жоспарын жасаңыз», деп облыс әкімі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тапсырма берді.

Жиын қорытындысы бойынша өңір басшысы автожолдарды сапалы салу және жөндеуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов жақын арада облыстағы битум сақтайтын қоймалар мен асфальт зауыттарын, олардың жүктемесі мен шығарылатын өнімнің сапасын тексеру қажеттігін алға тартты.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button