Басты жаңалықтар

Елек көмек күтеді!

Өзен — өзегіміз…

Біздің көбіміздің балалық шағымыз өзендермен байланысты болып келетіндігі ешкімге де құпия емес. Өткенімізді қозғай бастасақ, санамызда Ырғыз, Ойыл, Қобда, Ор, Торғай, Темір, Елек, әйтеуір соның бірі қылаң беріп қалады.

Санамызда сурет болып қалған сол өзендердің бүгінгі келбеті қандай, адамдар оларды сол баяғы кездегідей әлі де аялай біле ме — біздер осы сауалдарға жауап іздеп жолға шыққанбыз. Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің журналистері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тұсында осы мақсатпен Елек өзені бойымен «Таза өзен» экологиялық рейд-акциясын өткізуді ойластырды.

Елек — облыс орталығын жанай өтетін, аймақтағы ең белгілі өзен болып саналады. Бұдан басқа ерекшелігі, ол Каспий теңізіне құятын Жайықтың бір саласы да.

Акцияның мақсаты — өзеннің бүгінгі ахуалын бағалап, нақты жағдайын облыстық газеттердің беттерінде жан-жақты жария ету және біздің өзендеріміздің проблемаларына жұртшылықтың назарын аудару.

«Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осындай жоспармен арнайы экспедиция жасақтауды қолға алды. Оның құрамына «Ақтөбе» газетінің тілшісі Кәмшат Қопаева, осы жолдардың авторы және Тобыл-Торғай экология департаменті мен Тобыл-Торғай балық шаруашылығы облысаралық бассейндік инспекцияның бас мамандары Гүлнұр Мырзагереева мен Нұрболат Дүйсенов кірді.

Осындай аса жауапты міндетті орындау үшін өзен бойымен резеңке қайыққа мініп, жолға шығуды ұйғардық. Сонда ғана Електің жай-күйін жақсы білеміз деген тоқтамға келдік.

Өткен аптада экспедиция сапардың бірінші кезеңін аяқтады: Мұғалжар, Алға аудандары аумағымен Ақтөбе теңізіне дейінгі тоқсан шақырым шамасындағы қашықтық біздің зерттеу нысанымызға айналды.

 

Былық — бастаудан басталады

Елек қай жерден басталады? Біз үш күндік сапарға шығар алдында жол басын ойластырғанымызда да осы сауал санамызды көп мазалаған. Әуелі Мұғалжар аудандық әкімшілігіне хабарласып, өзімізге таныс өлкетанушылар мен географтарды, биологтарды мазалай бастадық. Сөз түйінінде өзеннің бастауы Мұғалжар баурайларының бірнеше аңғарынан шығып, жол-жөнекей Жарық пен Көктөбе секілді салалар келіп құятын, Қандыағаштың оңтүстік-шығысынан өрбиді деген түйінге келдік. Електі сондай-ақ Тереңсай, Батпақты секілді батыс аңғарлар мен теміржол астынан келіп қосылатын қар мен жаңбыр сулары да толықтырып отырады.

Бастапқыда суға қайығымызды салу үшін қолайлы жер іздеп көбірек жүріп қалдық. Сол тұста осы өңірдің байырғы тұрғындарының бірі Юрий Белоусовпен кездесіп, жөн сұраудың сәті түсті. Ол өткен күндерге ой жіберіп, өзеннің суы кенересінен асып-тасып жататын күндерді сағынатынын білдірді, мол балығы мен жотасы жалтыраған ондатрларын әспеттей суреттеді.

— Мен бұл араны талай рет жаяу аралағанмын, сондықтан да қай жерде қандай балық болатынына дейін жақсы білемін. Ондатр қазірде де бар, бірақ өте сирек кездеседі,— деді ол бір түрлі жабырқаулы кейіппен.

Өз өзенін жанындай жақсы көретін Белоусов Қандыағаштағы бір зауыттан аққан шайындылардың жіңішке аңғармен Елекке келіп құйылатынын жаны қынжыла айтты. Бұл саланың бұрын әп-әдемі қазақша атауы бар екен, бірақ беріректе жұртшылық оған Сасықша деген атау беріпті. Өкінішке қарай, жер жағдайының қолайсыздығынан біз оған жақындай алмадық. Дегенмен эколог Гүлнұр Мырзагереева зерттеу үшін төменгі ағыстан ыдысқа су құйып алды.

Қалай дегенде де бұл өңірдің табиғаты тамаша — өзенге иіліп тұрған шіліктер мен су жағалай өскен қараталдар, көлеңкесін су бетіне түсірген ақша бұлттар, бәрі-бәрі бір үйлесімділікті байқатады.

… Сол үйлесім алдымыздан жиі кездеспеуі ғана көңілімізге кірбің ұялатты.

Біздің әдеттен тыс жобамызда белгіленген өзен бойымен жүзіп өту деген жоспарымыздың сол күйінде іске асуы қиынға соқты. Елек — баяу ғана ағып қоймайды, сонымен бірге қандай да бір ағысы біліне бермейтін өзен.

Біз жол басында бағыт ұстанғанымызда Електің өзі картада жаппай сызықпен, ал оның салаларының басым бөлігі жазда кеуіп қалатындықтан үзік-үзік сызықпен белгіленген екен. Ал қазіргі уақытта Қандыағаштан Елекке дейінгі аралықтағы Елек өзенінің өзін үзік сызықтармен картаға түсіруге тура келетін секілді. Оны құрғап қалған деп айта алмайсыз. Бірақ көп жерлерде су бойын қамыс басып кеткен, бөгесіндер салынған. Сондықтан да экспедиция мүшелері Ақтөбе теңізіне дейінгі аралықта қайта-қайта қайығымызды судан шығарып, амалсыздан өзен жағалай еріп келе жатқан көлігімізге мінуге тура келді.

 

Жағалау толы қалдықтар

Қандыағаштан Ақтөбеге дейінгі аралықта Елек жағалауы әбден ластанғанын ешкімге дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Аяқ бассаң сүрініп құлайтының пластикалық ыдыстар. Демалуға шыққандар, балықшылар, бау-бақша салушылар — солардың барлығы да болған жерлерде өз іздерін қалдырып кетеді. Ол — тағам қалдықтары мен босаған ыдыстар. Қазіргі ыдыстардың ерекшелігі — тозбайтындығында, сондықтан ды жылма-жыл жиналған қалдықтар үсті-үстіне үйіле береді.

Жағалауы жасыл желекке бөленген Електің бүгінгі күйі біздің осылайша қарсы алды. Алыстан қол бұлғап шақырғандай болғанымен, жақындасаң — жаның күйзеледі…

 

Балықшылар мен балықтар туралы

Пушкиннің осылай аталатын ертегісі бар. Бірақ біздің айтпағымыз — ертегі емес, өмір шындығы. Елек ауылынан (бұрынғы «Пролетарский» кеңшарының Золотонош бөлімшесі) бастап Ақтөбе су қоймасына дейінгі аралықта біз балық аулау үшін құрылған ондаған торды жинап алдық. Әрине, бәрі де — заңсыз қойылған дүниелер, өйткені мұнда балықты тор немесе басқалай құрал-жабдықтармен аулауға тыйым салынған. Тек қармақты ғана пайдалануға болады.

Балық аулау үшін пайдаланылатын торлар қазір үлкен қиындық тудырып отыр. Қытайда жасалған арзан торларды, балық аулайтын басқа да саймандарды біздің базарлардан емін-еркін сатып алуға болады. Ал көрші ел — Ресейде, Нұрболат Дүйсеновтің айтуынша, Қытайдың арзан торларын алып келуге және сатуға бұдан екі жыл бұрын тыйым салынған.

Мәселе мынада: браконьерлер су тегін капрон торларды мол етіп сатып ала алады, сөйтіп, бір келгенде-ақ он-ондап құрып тастайды да, артынан «ұмытып» кетіп жатады. Бұл өте қауіпті: ұмыт қалып, ұзақ уақыт бойы тұрған торға балықтар көптеп түсіп-қырылады; ал, екінші жағынан, қырылған балықтар шіріп, өзен-көлдерді бүлдіреді.

 

Жағадағы тұрғын, тыңдаңыз!

Облысымызда өзен көп. Солардың арасынан Електің ерекшеленетін себебі — негізгі елді мекендер осы өзеннің жағасында орналасқан. Ал бұл жағдайдың өзенге үлкен әсері болмай қоймайды. Қандыағаш, Елек, Ақкемер, Тамды, Алға, Бестамақ, Россовхоз, Ақтөбе қаласы — міне, осындай елді мекендердің тыныс-тіршілігі Електің жағдайын қиындатып отырғанына көз жеткіздік. Бұл тізімге батыс бетте, темір жолдың арғы жағында орналасқан Еркінкүш және Новоукраинка ауылдарын, сондай-ақ шығыс жақтағы ауылдарды да қоссақ болады. Олар — Елекке келіп құятын шағын өзендер жағалауында орналасқан ауылдар. Бұл шағын өзендер арқылы да Елекке қоқыс және басқа лас дүниелер аз түспейді.

Біздің елді мекендердің айналасында қоқыс аз емес. Бұған Елек өзенін жағалай отырып, Елек, Ақкемер, Тамды, Алға, Бестамақ және Ақтөбені аралап өткенде көз жеткіздік. Рейд-акция барысында біз түсіріп алған суреттер көп жайтты аңғартады. Әсіресе, Ақкемер ауылы тұсында Елекке барып тірелген жылға қоқысқа толы болып шықты. Ал ол қоқыстың арасында не жоқ деңіз! Тіпті өліп қалған малды да сонда апарып тастай салыпты.

Ауыл айналасындағы қоқыс туралы сөз қозғалғанда, Ақкемер ауылдық округінің әкімі Әлібек Қалмырзаев қаржы жоқтығын айтып қиналды. Ауылда тұрмыстық қалдықтарды жинауды орталықтандыру жұмыстары енді ғана басталыпты. Қоқыстар жинақталатын полигонға жер бөлу мәселесі де әлі шешілмеген көрінеді. Әкімнің айтуынша, «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафон-акциясына қатысушы жергілікті жастардың күшімен Елек жағасында тазалау жұмыстары жүргізіледі-ақ, ал ол жұмыстар нәтижесінің көрінбейтін себебі — өзенге демалуға келгендер, негізінен, Қандағаш қаласының тұрғындары, жағалауды тез арада қайта ластайды.

Ал Тамды маңайындағы Елек жағалауы көрінісі, Ақкемердегі жағдаймен салыстырғанда, сәл-пәл ғана жақсырақ. Қоқыс, босаған бөтелкелер, жыртылған қорапшалар… үйіліп жатпағанымен, мұнда да кездесті. Тамды ауылдық округінің әкімі Амандық Есмағамбет бұл қызметке жуырда ғана кірісіпті. Бірақ, ауылдың іші-сыртын қоқыстан тазалау мәселесіне ерекше ден қойып отырса керек. Тұрмыстық қалдықтар полигонға жүйелі түрде тасылып тұратын көрінеді.

Судың да сұрауы бар

 

Мұғалжар және Алға аудандары шекарасында біз Електің сол жақ жағалауында су сорғысы бар үлкен дизель отынды двигатель тұрғанын көрдік. Одан бақшаға қарай суаруға арналған құбыр жіберіліпті. Бақша иелері жоқ болып шықты, ал жұмысшылар мандытып ештеңе айта қоймады. Бұл жерде көзге ұрып тұрған экологиялық заң бұзушылық фактілері бірнешеу: суару агрегатында арнайы тұғыр болмағандықтан, май бірден жағалаудағы құмға ағып жатыр. Айнала толған — қоқыс. Құбырды жалғау үшін, бақша өсірушілер жағалауды қазыпты, ал топырағы өзенге қарай лақтырылған. Тіпті бақша иелерінің табиғатты, жерді пайдалануға рұқсат берілген құжаттары бар ма,  жоқ па — бұл да анықталмады. Ал бұл маңда осындай бақшалар бірнешеу болып шықты.

Нақ осындай бақшаны біз Мұғалжар ауданында, Елек ауылы маңындағы өзен жағалауынан да кезіктірдік.

 

Сорға салынған бөгет

 

Әрине, өзендердің тартылуы, жер асты суларының тереңге кетуі сынды құбылыстардың қандай да бір ғаламдық процестермен байланысты екені сөзсіз. Дегенмен, табиғат адам қолымен жасалған істерден орасан зиян шегіп отырғанын кім жоққа шығара алсын? Алға маңында Елекке ондаған жылдар бойы екі бірдей бөгет арқылы тосқауыл қойылып тұр. Бұл бөгеттердің бірі Тоқпансайға бұрылатын тұста болса, екіншісін бұрынғы әскери бөлімге барар маңнан табасыз. Елек аңғарын қамыс басып кетуінің себептерінің бірі — осы бөгеттер. Егер бұрын, көктемде топырақтан үйілген бөгеттерді су алып кетіп, кейіннен қайта тұрғызылып жатса, қазір мұнда көп тонналық бетон құймалар қозғалмастан, «нық» тұр.  Соның кесірінен бұл маңда көктемде су тасып, сең жүруі мүлде доғарылған. Су тасып, сең жүрмесе өзеннің тазалығына да кері әсер ететіні белгілі. Ал қамыс қатары жылдан-жылға қалыңдап, бұрын тұрғындар шомылып жүрген жерлерге де жетіп отыр.

Көктемде бөгет маңында адам қаптап кетеді. Жүздеген балықшылар, (іс жүзінде — броконьерлер),  қолайлы сәтте мол олжаға кенеліп қалуға тырысады. Қолайлы сәт болатыны — бұл мезгілде балықтар уылдырық шашу үшін өзен ағысымен жоғары өрлейді, бірақ бөгетке кеп тірелуге мәжбүр болады да, қармаққа, торға түседі.

 

Ескегіңді берші маған…

 

Алғадан Бестамаққа дейінгі аралықтағы Елек көрінісі көңілсіз: сол баяғы қоқыс, қамыс пен қаратал өскен жағалаулар, шағын шалшықтар… Мол су бізге Бестамақ маңында ғана кездесті. Бұл жерде балық аулап жүрген жергілікті тұрғынға кезіктік. Ол екі бірдей қармақ пайдаланғанымен қоймай, тағы бір қармақ сабына сымнан өрілген тор жалғап, «теледидар» жасап алыпты. Нұрболат Дүйсенов қызметтік куәлігін көрсеткенде, біздің «телекөрерменіміз» өз «туындысынан» дереу бас тартты. Бірақ бұл қулығы іске аса қоймады. Нәтижесінде, пайдалануға тыйым салынған құрал жойылып, ал балықшыға ауызша ескерту жасалды.

Осы жерде саяхатымыздың ең қиын да қызықты тұсына келдік. Бізге енді ескекке жармасып, қарсыдан қатты жел соғып тұрған кезде резина қайықпен саяхаттау дегеннің не екенін сезінер сәт туды.

Заңсыз балық аулаушылардың көпшілігі, нақ осы тұста — Бестамақ маңында және өзеннің төменгі ағысында болса керек. Бұл маң, яғни Ақтөбе су қоймасының оңтүстік бөлігі — Електің суы мол тұсы, бізге кезіккен қалтқы, торлардың көптігіне қарағанда, балыққа толы болса керек. Тор дегенде, барлығы да — біз жоғарыда айтқан қытайлық дүниелер, олардың арасында өлі балыққа толы торлар да жүр.

Біз «Таза өзен» экологиялық рейд-акциясының бірінші кезеңін Ақтөбе су қоймасында аяқтадық. Саяхатымыз аяқталған тұстағы көрініс те Електің — түрлі шыны, пластмасса бөтелкелер «жинақталған» қоқыс «орнына» айналғанын, мұндағы онсыз да аз балық қорының аяусыз талан-таражға түсіп жатқанын растап тұр.

 

Жол жалғасады…

Сапар алға қарай жалғаса түседі. Газеттің осы саны шығатын күні экспедиция мүшелері Елек ағысымен Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі межемен жолға жиналмақшы.

Сапарды ұйымдастыруда «Зере тур» туристік фирмасының директоры Ботагөз Қырамбаева рейдке қатысушыларды қайықпен, палаткалармен, ұйқы қапшықпен, басқа да керек-жарақтармен қамтамасыз етіп, оны ұйымдастыруға көп қамқорлық жасады. «КарТел» компаниясы бүкіл маршрут бойында тұрақты мобильдік байланыспен қамтамасыз етті.

Бірінші кезеңнің қорытындысын шығара отырып, мынадай тұжырымға тоқталдық: өзеннің қазіргі ахуалы жан төзгісіз — ол ластануда, жағаларды қамыс басып кеткен, балықтар қырылып жатыр… Жер мен суды пайдалану заңдылықтары бұзылуы деректері де кездеседі. Экспедиция барысында эколог-маман өзеннің әр түрлі учаскелерінен су сынамасын алса, балық инспекторы су қоймаларының пайдаланылуы мен балық аулау ережелерінің сақталуын тексерді.

Акцияның аяқталуына орай көптеген мәліметтерге көз жеткізетініміз анық. Біз сарапшылардың түйін сөзін тыңдап, табиғат қорғау және құқық қорғау органдарына, олыстық мәслихат қарауына айғақты анықтама береміз деген ойдамыз.

Електі ерекше қамқорлыққа алып, оның сауықтыру бойынша нақты аймақтық бағдарлама жасау ғана облысымыздағы табиғаттың тамаша тартуы іспетті өзгеше өзенді сақтап қалуға мүмкіндік берер еді…

 

Біздің анықтама:

 

Елек — Қазақстанның Ақтөбе облысы мен Ресейдің Орынбор облысы аумағынан өтетін, Жайықтың сол жағалауынан қосылатын ең ірі сала.

Ол бастауын Мұғалжардың солтүстік-батыс баурайынан алады. Ұзындығы — 623 шақырым, бассейн аумағы 41,3 мың шаршы шақырым.

Торғай — Қазақстанның Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы өзен.

Ұзындығы — 825 шақырым, бассейні аумағы 156 мың шаршы шақырым.

Өзен бастауын Жалдама және Қараторғай өзендерінің түйіскен жерінен алады. Салалары: Ырғыз, Сарыторғай, Қайыңды.

Ембі — Қазақстанның Ақтөбе және Атырау облыстарындағы өзен. Ұзындығы — 712 шақырым, бассейні аумағы 40 400 шаршы шақырым. Бастауы Мұғалжардың батыс бауырайында, Орал жазықтығы мен Каспий маңы аумағында ағады. Су мол жиналған жылдары өзен Каспий теңізіне жетіп жығылғанымен, көбінесе теңіз маңындағы сортаңдарға сіңіп жоғалады.

Өзен бойымен Еуропа мен Азияның шартты түрдегі шекарасы өтеді.

Ойыл — Қазақстанның батысындағы дала өзені. Жайық өзенінің сол жағында орналасқан және солтүстіктен оңтүстікке қарай ағады. Мұғалжар тауының етегінен бастау алады.

Өзеннің ұзындығы — 800 шақырым, бассейні аумағы 31 500 шаршы шақырым. Төменгі тұсында тұзды сорға сіңеді немесе Каспий маңындағы Ақтөбе көліне құяды.

Ырғыз — Қазақстанның Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы өзен, Торғайдың оң сағасы. Оның ұзындығы — 593 шақырым, бассейні аумағы 32 мың шаршы шақырым. Ырғыздың бастауы Мұғалжар тауының шығыс беткейінен өріс алады. Аңғардың ені 80-100 м, өзеннің жайылуы 300 метрден 2 шақырымға дейін барады, жағалауының биіктігі – 5-8 метр.

Қобда (жоғарғы жағында Ұлы Қобда) — Електің со жақ саласы, бастауын Мұғалжар тауының батыс беткейінен алады, Қазақстанның Ақтөбе облысында Жайық маңы жазықтығымен ағады, Орынбор облысының шекарасына дейін жетеді. Ұзындығы — 225 шақырым.

Ор — Қазақстанның Ақтөбе облысындағы және Ресейдің Орынбор облысындағы өзен, Жайықтың сол жақ саласы. Ұзындығы — 332 шақырым, бассейні аумағы 18,6 мың шаршы шақырым. Шилі, Терісбұтақ өзендерінің қосылуымен құралады, бастауын Мұғалжардың батыс беткейінен алады.

 

Мирал ЖАРМҰХАМБЕТОВ,

экспедиция жетекшісі.

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button