Басты жаңалықтар

«Бітер істің басына…»

Жұмыс сапары

Кеңқияқтың жолы жөнделіп, мектебі күрделі жөндеуден өтеді

Темір ауданына қарасты Кеңқияқ ауылдық округі мұнайлы өлке болғанымен, шешімін күткен мәселелер аз емес.Жолы нашар, жалғыз мектеп тозып тұр, жастар жаттығатын спорт кешені де жоқ. Шатыры тесіліп, әбден ескірген тұрғын үйлер де көп. Бұл мәселелердің барлығы осыдан екі апта бұрын облыс әкімінің аталған округ тұрғындарымен ұйымдастырылған кездесуінде көтерілген еді.

Өткен жұма күні атқарушы билік өкілдері Кеңқияққа қайта барғанда сол түйткілдердің нақтылы қалай шешілетіні айтылып, алғашқы жұмыстар басталып та кетті. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «Бұл жергілікті ірі компаниялар атсалысатын жұмыстардың басы ғана, алда атқарылатын шаруа аз емес», — деп тұрғындарды қуантып қойды.

6 мыңнан астам халқы бар Кеңқияқ ауылдық округінің негізгі мәселелерінің бірі — жол. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес былтыр басталған Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі тасжолын жөндеу жұмыстары жеделдетілді. Аталған бағыттағы облыстық маңызы бар жолдың 111 шақырымы қыркүйек айына дейін жаңартылмақ.

— Темір ауданында жолдар 3 учаскеге бөлінген. Жөндеу жұмыстарына3 миллиард теңге жұмсалмақ. Қазіргі таңда мердігер компаниялар жұмысқа кірісіп кетті.

Бұл бағыттағы жолдарға күрделі жөндеу 2005-2007 жылдар аралығында жүргізілген еді. Шынымен ескірді. Сондықтан жұртшылықтың арыз-шағымы ескеріліп, қалпына келтіру жұмыстары қарқын алды, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Ералы Тоғжанов асфальт төселетін жолдың жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалауды аудан әкіміне тапсырды.

Ауылдық округтегі 2012 жылы салынған жалғыз мектептің жағдайы да көңіл көншітпейді. Бірнеше жыл бұрын білім мекемесінің бірінші қабатының қабырғасында жарықшалар пайда болды. Бұл, әрине, ата-аналарды алаңдатпай қоймады. Тұрғындар «балаларымыздың өміріне алаңдаймыз» деп осы айдың басында өзекті мәселені көтерген. Жұмыс сапары кезінде өңір басшысы мектепке көп ұзамай күрделі жөндеу жасалатынын, бұл демеушілердің қаражатынан өтелетінін атап өтті.

— Кеңқияқ ауылына осыдан 10 күн бұрынғы жұмыс сапарымда халықпен кездесуде көптеген өзекті мәселелер көтерілді. Содан кейін мен ауылдағы мәселелерді шешу үшін қайта келемін деп баршаңызға уәде бердім. Бүгін, міне, мектепті қарап шықтық. Уақыт жоғалтпас үшін жөндеу жұмыстары бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізілетін болады. Оған жергілікті мұнай компаниялары тартылады. Тұрғындар үшін жол мәселесі де өзекті. Биыл ауылдың 14 көшесіне асфальт төселеді, — деді облыс әкімі.

Ауылдық округтегі бір ғана мектепке оқушылардың қатынауы да мұң еді. Әсіресе шалғайда тұратындар үшін жол азабы ерекше болатын. Бұл мәселе шешімін тауып, мектеп директорына су жаңа автобустың кілті табысталды.

«Кеңқияқ орта мектебінде 1300 оқушы бар. Солардың 50 шақтысы 3 шақырым жердегі Сазды-2 шағын ауданынан қатынайтындықтан автобус қажет еді. Бүгін бәріміз көптен күткен мәселенің оңды шешілгеніне қуанып тұрмыз», — деді аталған мектептің директорының міндетін атқарушы Айнаш Бришова.

Өз кезегінде ата-аналар ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, Кеңқияқтың көркейе беруіне тілектестігін білдірді.

Кеңқияқ ауылдық округінің аумағында ірі мұнай өндіруші компаниялары жұмыс істейтіні белгілі. Осы кәсіпорын өкілдері де сол күні ауылға келіп, жағдаймен танысты. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар ауылды абаттандыру, әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі жобаларды іске асыруға тікелей қатысатыны белгілі болды. Бұған 5 компания тартылады.

Мұнымен бірге ауыл тұрғындары спорт нысандарына айналдыруды ұсынған екі қараусыз қалған ғимараттың біреуі бұзылып, ал екіншісінің күрделі жөндеуден өтетіні туралы шешім қабылданды. Жыл соңына дейін мұнда спорт кешені салынады. Ауыл жастары бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдады.

«Сіздер бұл мәселені өткен кездесуде көтердіңіздер. 30 жыл бойы қараусыз қалып, пайдаланылмаған ғимаратта денешынықтыру-сауықтыру кешенін ұйымдастыруды сұрадыңыздар. Мұны біз бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізіп, сіздердің игіліктеріңізге береміз. Бірақ оны артынша күтіп ұстау — ауыл тұрғындарының еншісінде. Бірлесіп іс атқарғанда ғана Кеңқияқты көркейтетінімізді ұмытпайық»,— деп атап өтті облыс әкімі.

Ауылда тұрғызылғанына біраз жыл болған, тозығы жеткен 2-3 қабатты үйлер де аз емес. Тұрғындармен кездескен Ералы Тоғжановқа жертөлелердің жылдар бойы кәріз суымен толып, шатырлардың тесілгенін айтып, көмек сұрағандар көп болды. Корпусная көшесіндегі №23 үйдің тұрғындары «Бұл үйдің әр пәтерінде бес баладан тұрады. Шатырдан жыл сайын су ағады, біз оны өз қолымызбен жөндейміз. Жыл сайын әкімдікке барғанымызбен, ешқандай көмек жоқ. Біз жертөлемізді өз күшімізбен тазарттық, енді біздің проблемамыз — шатыр. Қазірдің өзінде кеше жауған жаңбыр суы төбемізден ағып тұр, көрсеңіз болады», — деп базынасын білдірді.

Артынша облыс әкімі 22 мамырда шатыр мен қасбетті жаңарту жұмыстарының басталатынын хабарлады. Сондай-ақ ауылдағы 11 аулаға асфальт төсеп, балалар ойнайтын және спортпен айналысатын алаңдарды орнату жоспарланып отыр.

Кеңқияқтық ақсақал Дат Елтезеров жылдар бойы жергілікті атқарушы билік тарапынан шешімін таппаған басты мәселелерге назар аударылғанына алғысын білдіріп, ақ батасын жаудырды: «Сіздің бізге жақын арада қайта келетініңізге сенген жоқпын. Мәселелер күрделі, оңай шаруа емес. Бірақ амалын тауып, демеушілерді де тартып, жақсы істі бастап жатырсыз. Рас, бұрын бізге көп уәде берілгенмен, сол сөз жүзінде қалатын. Осында 50 жылдан астам уақыт тұратын адам ретінде айтарым, осы уақыт ішінде үйлерге ешқандай жөндеу жүргізілген жоқ. Сөзіңізде тұрғаныңызға және бастамаларыңызды қолдап, жүзеге асырып жатқан компанияларға да көп рақмет», — деді.

Облыс әкімі ауылды көгалдандырып, саябақ салу қажеттігін айтты. Сондай-ақ жол бойындағы қоқыс полигонын сынға алды. «Ақсақалдар және қоғамдық кеңеспен ақылдасатын боламыз. Полигон ауылдың сыртында болуы керек», —деді Ералы Тоғжанов.

Жұмыс сапары барысында Кеңқияқ ауылының полиция бөлімшесі де назардан тыс қалмады. Тәртіп сақшылары отыратын ғимараттың салынғанына 40 жылдан асып барады, 2011 жылы күрделі жөндеуден өткен. Облыс әкімі қысқа мерзімде ғимаратқа, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жатақханасына күрделі жөндеу жүргізуді тапсырып, материалдық-техникалық базаға ерекше мән беру керектігін ескертті. Сондай-ақ қызметтік көліктің кілтін табыстап, полицейлердің қоғам игілігіне жұмыс істей беруіне тілектестігін білдірді.

 — Біз шұғыл түрде полиция бөлімшесінің материалдық-техникалық базасын нығайтамыз. Ауылдық округте тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануға тиіс, — деді облыс әкімі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Темір-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button