Спорт

Гол соғылмаған ойын

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Каспий» — 0:0

20-21 мамыр күндері 10-тур ойындары өтті. Алғашқы бестікте келе жатқан командаларға тоқтала өтсек, «Астана», «Ордабасы» ұтты, «Қайрат», «Қызылжар» ұтылды, «Ақтөбе» тең ойнады. Әсіресе Алматыда «Қайраттың» қызылордалық «Қайсардан» 0:3 есебімен жеңілуі тым түсініксіз болды. «Ақтөбенің» тең ойыны да тіпті де күткен нәтиже емес еді.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда ақтаулық «Каспийді» қабылдады. Ойынның бастапқы минуттарына қарап, жерлестеріміздің үш ұпайға ие болатындығына сенімді де болғандай едік. Толассыз шабуыл, тынымсыз жүгіріс. Дегенмен алғашқы әсеріміз бірінші таймнан соң сұйыла бастады да, екінші таймның аяғында «Апыр-ай, ұтылып қалмасақ болар еді» деген уайымға көштік.

Міне, осымен төрт тур бойы «Ақтөбе» тек сүреңсіз ойнап келеді. Не алаңға алғашқы минуттан бастап шыққандар, не екінші таймда запастан қосылғандар, жалпы қай-қайсысы да, жанкүйерді риза ете алмай-ақ қойды. Бұл жолы да ойыншыларымыз құр шабуылдаумен шаршады. Тіпті қақпа алдына келіп тұрып, допты екі-үш метр жерден айдалаға тебу не тура «қақпашыны көздеу» кәсіби футболшыға жараса ма?

Әрине, бізге «Ақтөбе» қымбат, «Ақтөбенің» жанашырлары қымбат. Дегенмен кейде сырт көз иелеріне де құлақ аспасқа болмайтын сияқты. Мысалы, «Sport.kz» порталы тур біткен бойда былай деп жазды: «Ақтөбенің» отбасында әлдебір қолайсыз әлденелер бар. Команда әжептәуір старттан соң әлсіз нәтижелерге иек артумен келе жатқаны көптен бері белгілі. Ал клубта екі бірдей күшті құрамға жетерліктей тәуір ойыншылар бар. Сірә, Андрей Карповичке мықтап ойлануға тура келетін сияқты, себебі көш басындағы «Астанадан» бұлар жеті ұпай артта келеді».

Қысқасы, бұл турда да жерлестеріміз ойынды құр жүгіріспен бастап, құр жүгіріспен аяқтады.

Тек бір ерекшелігі, «Ақтөбе» чемпионат басталғалы алғаш рет қарсыластар қақпасына еш гол соға алмады. Қайталанбасын деп тілейік.

«Ақтөбе»-«Каспий» — 0:0

86-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Стефан Коцев («Каспий») алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, қақпашы, Әділхан Таңжарықов, капитан (Дмитрий Шомко, 90+1 минут), Лука Гадрани, Әлібек Қасым, Даниил Пенчиков, Милаш Раичкович, Леонель Струмия, Максим Самородов, Арман Кеңесов (Андрия Филипович, 64-минут), Бауыржан Байтана (Дегболе Ньянгбо, 64-минут), Элдер Сантана (Абылайхан Жұмабек, 71-минут).

Бас бапкер: Андрей Карпович.

21 мамыр 2023 жыл. Ақтөбе қаласы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің стадионы, 3000 адам. 

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 2 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 2 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Лука Гадрани, қорғаушы — 2 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 2 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 1 гол;

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 1 гол.

*   *   *

Жерлестеріміз 10 кездесу өткізіп, 5 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 18. Доп айырмашылығы — 21:11.

*   *   *

Он турдан соң алғашқы үш орынға «Астана» (25 ұпай), «Ордабасы» (23 ұпай), «Қызылжар» (22 ұпай) шықты.

4-5 орын иелері — 18 ұпайдан жинаған «Ақтөбе» мен «Қайрат».

6,7,8-орындарда «Атырау» (17 ұпай), «Қайсар» (16 ұпай), «Тобыл» (14 ұпай) тұр.

9-10 орынға 11 ұпайдан жинаған «Оқжетпес» пен «Шахтер» орнықты.

Соңғы төрттікте, яғни 11,12,13,14-орында қалғандар — «Жетісу (10 ұпай), «Каспий» (9 ұпай), «Ақсу» (4 ұпай), «Мақтаарал» (3 ұпай).

* «Астана» мен «Мақтааралдың» басқа командалардан бір ойыны артық екенін еске саламыз.

*   *   *

11-тур ойындары:

27 мамыр, сенбі

«Ақсу» — «Жетісу»

«Каспий» — «Шахтер»

«Мақтаарал» — «Қайрат»

28 мамыр, жексенбі

«Оқжетпес» — «Тобыл»

«Қызылжар» — «Ордабасы»

«Атырау» — «Астана»

«Қайсар» — «Ақтөбе»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button