Басты жаңалықтар

Ақтөбеде Марат Оспановты еске алуға арналған салтанатты іс-шаралар өтті

12 мамырдан бастап Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің бірінші төрағасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Марат Оспановты еске алуға арналған бірқатар салтанатты іс-шаралар өтуде.

Соның ішінде, Ақтөбеде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресейден келген командалардың қатысуымен белбеу күресінен халықаралық турнир, сондай-ақ Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындары арасында шағын футболдан ашық турнир ұйымдастырылды.

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Марат Оспанов атындағы қоғамдық қордың президенті Бақыт Оспанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалымжан Елеуов, жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы тәуелсіз Қазақстанның ірі саяси қайраткерінің бюстіне гүл шоқтарын қойып, батыс өңірінің медицинасын дамытуға арналған мұражайды тамашалады.

Аққағаз Досжанова атындағы Конференц-холлда «Жарқ етіп аққан бір жұлдыз» атты еске алу кеші өтті, оның аясында қоғам қайраткерінің өмірі туралы фотокөрме, «Марат Оспанов: ұстаз, саясаткер, ғалым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Өңір басшысы Марат Оспановтың қазақстандық парламентаризмді қалыптастыруға, заңнамалық базаны дамытуға және заманауи салық жүйесін жетілдіруге зор үлес қосқанын атап өтті.

💬 «Парламент еліміздің сол кездегі дамуының заңнамалық үдерісі мен күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелерін талқылауда ашық пікірталас алаңдарын қалыптастырып, сарабдал саясаткер-стратег ретінде елдің дамуына қосқан еңбегін ерекше атауымыз керек. Батыс Қазақстандағы жалғыз медициналық университетке көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерінің есімі лайықты түрде берілді. Жоғары оқу орнының түлектері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде. Университет медицина ғылымы, білім беру және практикалық денсаулық сақтау саласында 45 жетекші шетелдік университеттермен байланыс орнатқан. Университет ғалымдарының қолданбалы және іргелі ғылыми жобалары әрқашан біздің тарапымыздан қолдау табады», – деді Ералы Тоғжанов.

Марат Оспанов туралы естеліктерімен оның достары мен ғалым – әріптестері де бөлісті.

Марат Оспанов атындағы қоғамдық қордың президенті Бақыт Оспанова облыс әкіміне ғалымның туған жерінде іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button