Спорт

Екінші рет есе жібердік

Премьер-Лига

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 2:1

13-14 мамыр күндері 9-тур ойындары өтті. Алғашқы бестікте келе жатқан командаларға тоқтала өтсек, «Қызылжар», «Ордабасы», «Қайрат» ұтты, «Астана» тең ойнады, «Ақтөбе» жеңілді.

Бұл турды «Ақтөбе» Алматыда өткізді, «Қайратпен» кездесті.

Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Алаң иелері бірден қарқынды шабуылға шығып, жерлестерімізге тынымсыз қорғануға тура келді. Ақтөбеліктер тек таймның екінші бөлігінде ғана біршама ес жиып, қарсы шабуылдар ұйымдастырудың қамына кірісті. Әттең, Элдер Сантана мен Максим Самородов қарсыластар қақпасы алдындағы өте сәтті мүмкіндіктерді пайдалана алмай қалды.

Дегенмен екінші таймда бразилиялық шабуылшы бәрібір мақсатына жетті. Қақпа алдындағы аласапыран шақта алматылық қақпашы Данил Устименко аса қағілездікпен кері қаққан доп тура сол маңдағы Сантанаға келе қалды да, шабуылшы алас-қапаста ашық қалған бұрышқа қарата 7 метр шамасындай жерден шапшаң соққы жасады — 0:1.

Бұдан соң алматылықтар күшке мінді. Және бұдан нәтиже шығармай тынбайтындықтары байқалып та қалды. 62-минутта біздің қорғаушыларымыздың салғырттығы мен қақпашымыз Стас Покатиловтың қамсыздығын тамаша пайдалана кеткен Жоао Пауло есепті теңестіріп үлгерді — 1:1.

Ұзақ ойланғаннан соң ақтөбелік бас бапкер алмастырулар жүргізді. Бірақ алаңға жаңадан шыққандар да, бұрыннан жүргендер де ойынға еш жаңалық енгізе алмады.

Ал 81-минутта «Қайраттың» кезекті шабуылы барысында алаңның орта тұсында жүрген Артур Шушеначев өзіне тасталған допты қағып түсіп, іле-шала біздің айып алаңымызға құлдилай енді де, қос қапталдан қоян-қолтық қыспаққа алған қос қорғушымыздың (Даниил Пенкович пен Әлібек Қасымның) ортасынан сәл ілгері сытыла ұмтылып, Покатиловты алдап құлатып, жеңіс голын соқты — 2:1.

Чемпионат барысындағы осы екінші жеңілістен соң «Ақтөбе» турнир кестесінде бесінші орынға сырғып түсті. Алматының Орталық стадионын қайта-қайта дүр еткізіп отырған ақтөбелік қалың жанкүйерлердің үміті ақталмады. Ойыннан соңғы сұхбатында «Қайраттың» бас бапкері Кирилл Кекердің алматылықтармен бірге ақтөбелік жанкүйерлерге де зор алғыс айтуының осындай себебі бар.

Ал, жалпы алғанда, бұл кездесуде біздің футболшыларымыз көпшілік күткендей өрнекті ойын көрсете алмады. Олардың допты қабылдаудағы кемшіліктері, пас берудегі әлсіздігі, қорғанысты допты әйтеуір айдалаға тебуге айналдырып жібергені, мақтаулы М.Самородовтың қайта-қайта қателесуі, С.Покатиловтың ебедейсіздігі тәрізді олқылықтар тайға таңба басқандай айқын көрініп тұрды. Әрі-беріден соң бұл кемшіліктер өткен турда көш соңындағы «Ақсумен» өткен кездесуде де анық байқалған болатын. Бұлардан бапкерлер құрамы енді қандай қорытынды шығарар екен?

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 2:1

Гол авторлары: Элдер Сантана, 51-минут (0:1); Жоао Пауло, 62-минут (1:1); Артур Шушеначев, 81-минут (2:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко (капитан), Лука Гадрани, Әлібек Қасым, Даниил Пенчиков (Әділхан Таңжарықов, 86-минут), Милаш Раичкович (Артурас Жулпа, 73-минут), Леонель Струмия, Максим Самородов, Арман Кеңесов (Андрия Филипович, 73-минут), Дегболе Ньянгбо (Бауыржан Байтана, 73-минут), Элдер Сантана (Абылайхан Жұмабек, 81-минут).

Бас бапкер: Андрей Карпович.

14 мамыр 2023 жыл. Алматы қаласы, Орталық стадион. 21 845 адам. 

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 2 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 2 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Лука Гадрани, қорғаушы — 2 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 2 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 1 гол;

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 1 гол.

*   *   *

Жерлестеріміз 9 кездесу өткізіп, 5 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 17. Доп айырмашылығы — 21:11.

*   *   *

Тоғыз турдан соң 22 ұпайдан жинаған «Қызылжар» мен «Астана» бұрынғыша алғашқы екі орында қалды.

3-4 орын иелері — 20 ұпай жинаған «Ордабасы» мен 18 ұпайы бар «Қайрат».

5,6,7-орынға «Ақтөбе» (17 ұпай), «Атырау» (14 ұпай), «Қайсар» (13 ұпай) келді.

8,9,10-орындарда 11 ұпайдан жинаған «Оқжетпес», «Тобыл» және 10 ұпайы бар «Жетісу» тұр.

Соңғы төрттікте, яғни 11,12,13,14-орында қалғандар — «Шахтер» (8 ұпай), «Каспий» (8 ұпай), «Ақсу» (4 ұпай), «Мақтаарал» (3 ұпай).

* «Астана» мен «Мақтааралдың» басқа командалардан бір ойыны артық екенін еске саламыз. 10 мамырда «Мақтааралды» елордалық команда 1:0 есебімен ұтқан болатын

*   *   *

10-тур ойындары:

20 мамыр, сенбі

«Шахтер» — «Ақсу»

«Жетісу» — «Атырау»

«Астана» — «Қызылжар»

21 мамыр, жексенбі

«Ақтөбе» — «Каспий»

«Тобыл» — «Мақтаарал»

«Қайрат» — «Қайсар»

«Ордабасы» — «Оқжетпес»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button