Басты жаңалықтар

Облыстағы өзекті мәселелер жүйелі түрде шешімін тауып жатыр

Сәрсенбі күні ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде Ақтөбе облысының биылғы төрт айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы  баспасөз мәслихаты өтті. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының елдің экономикалық өсу қарқынын сақтау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік-маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру, коммуналдық инфрақұрылым, білім және денсаулық сақтау салаларын кешенді дамыту бағытында атқарылып жатқан шаралар жайында баяндап, облыста алда атқарылар жоспарлармен бөлісті.

Экономикалық өсім тұрақты

Облыс әкімі биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша өңірде тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталып тұрғанын атап өтті. Нақты секторда ауыл шаруашылығында өндіріс өсімі — 100,9 пайыз, инвестициялар — 111,4 пайыз, құрылыс жұмыстары — 115 пайыз, тұрғын үйді пайдалануға беру — 101,1 пайыз, көлік және қоймалау 113 пайызға жетті.

Өңірге инвестиция тарту және қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру мәселелері басым бағыттардың бірі болып қала беретінін айтқан өңір басшысы:

— Биылғы жоспарымызда 1 триллион теңгеден астам инвестиция тарту қарастырылып отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірде 2023-2025 жылдар аралығында 7300-ден астам жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін 2,8 триллион теңгеге 16 маңызды жоба іске асырылады,— деп атап өтті.

Мәселен, 470 млрд теңгеге теміржол кластерін құру жоспарланған. Оның аясында елімізде алғаш болаттың арнайы маркаларын шығаратын кәсіпорын бой көтереді. Зауыт шетелдерден жыл сайын 1 млрд долларға сатып алынатын арнайы болат дайындамаларын өндіруге және импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанда 800 метрлік жіксіз рельстер шығаратын алғашқы кәсіпорын  және Қазақстанның батыс өңірі аумағына жоғары технологиялық теміржол дөңгелектерін шығаратын зауыт іске қосылады.

Өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту үшін ERG компаниясымен арада құны 1,1 триллион теңге болатын жобаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Маңызды құжатта 1973 жылдан бастап Дөң тау-кен байыту комбинатында жиналған шламдарды қайта өңдеу, облыстың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын жалпы қуаттылығы 250 МВт болатын утилизациялық жарату станциясы және жел электр қондырғысын салу қарастырылған. Сондай-ақ компания «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы» шахтасының екінші кезеңін жүзеге асырмақ, — деді Ералы Тоғжанов.

Бұдан бөлек биыл Ақтөбе облысында  ішкі нарықты мұнай жабдықтарымен қамтамасыз ету үшін мобильді бұрғылау қондырғылары және фонтандық арматура шығаратын Қазақстандағы алғашқы зауыт пайдалануға беріледі.

Өздеріңіз білетіндей, елімізде битум тапшылығы— күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе. Осыған байланысты өңірде «Батыс Битум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі битум зауытының құрылысы бойынша жобасын іске асыра бастады. Зауыттың қуаттылығы жылына 700 мың тонна битум шығаруға жетеді. Бұл зауыт өнімдері тек Ақтөбе облысы ғана емес, еліміздің батыс өңірлерінің қажеттілігін өтеуге толық мүмкіндік береді, —  деді облыс әкімі.

Ералы Тоғжанов құрылыс жұмыстарының құнын төмендетуге ықпал ететін цемент зауытын салу жоспарланып отырғанын да айтып өтті. Сондай-ақ облыста құрылыста жылу үнемдейтін материалдар өндірісін ашу бойынша жұмыс басталды, онда шикізат ретінде өңірдің жеке қосалқы шаруашылықтарынан сатып алынатын қой жүні пайдаланылады.

Ақтөбе мен Ұлғайсынның арасында жол құрылысы басталады

Ақтөбе —географиялық орналасуы жағынан транзиттік әлеуеті жоғары өңір. Дегенмен жол мәселесі ақтөбеліктерді әбден шаршатты. Бұл жағдайды жақсы білетінін айтқан облыс әкімі биыл бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқару жоспары тұрғанын айтты.

— Автожолдардың сапасын жақсарту —  біздің облыстағы өзекті мәселенің бірі. Өткен жылы 32 миллиард теңгеге 536 шақырым жол жөнделді. Биыл жолға бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық. 2023 жылы 50,5 миллиард теңгеге 848 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеп, салатын боламыз. Нәтижесінде жыл соңында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 78 пайыз болады. Ал қазір бұл көрсеткіш — 72 пайыз, — деген Ералы Тоғжанов биыл республикалық маңызы бар автожолдарда ірі жобаларды жүзеге асыру жоспары тұрғанын мәлімдеді.

— Ең маңыздысы биыл Үкіметтің қолдауымен ұзындығы 262 шақырым болатын Ақтөбе-Ұлғайсын автожолын реконструкциялау басталады. Екіжолақты тасжол жөндеуден соң төрт жолақ болып кеңейтіледі.Бұл қажеттілік баяғыдан бар, өйткені бүгінде көлік ағынының қарқындылығы тәулігіне — 12 мың, ал автожол бар болғаны тәулігіне 3 мыңға есептелген, — деген облыс әкімі сондай-ақ биыл30 жыл бойы жөндеу көрмеген ұзындығы 260 шақырым Қандыағаш-Шалқар автожолын жөндеу жұмыстары басталатынын айтты.

Облыста «Бұқара-Орал» газ құбырының үшінші желісі салынады

Брифинг барысында журналистер Ақтөбе облысында әлі күнге дейін ауызсу жетпеген, газы жоқ ауылдардың бар екенін айтып, бұл мәселе толығымен қашан шешілетінін сұрады.

Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 98,6 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Биыл 10 мыңнан астам халқы бар 18 ауыл орталықтандырылған ауызсумен, ал

14 ауыл кешенді блок-модульдермен қамтылады. Нәтижесінде көрсеткіш  99,7 пайызға жетеді.

Біздің алдымызда Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін халықты 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында біз Президенттің тапсырмасын мерзімінен бұрын  —2024 жылы орындаймыз. Сонымен қатар биыл 9 мыңнан астам адам тұратын 12 ауылға көгілдір отын тартылып, халықты газбен қамту үлесі 94,4 пайызға жетеді. Дегенмен газбен қамтамасыз ету бойынша бізде бірқатар өзекті мәселе бар. Бүгінде Ақтөбе қаласында жылына 1,6 миллиард текше метрді құрайтын газ тапшылығы байқалады. Қыс мезгілінде қолданыстағы магистральдің газ жүктемесі 175 пайызға дейін жетеді. Бұл мәселені шешпей, өңірімізде жоғарыда атап өткен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қиынға соғары анық. Осыған орай, құны 43,4 миллиард теңге болатын «Бұқара-Орал» газ құбырының үшінші желісінің құрылысы бастау алды. 2023 жылы мемлекеттік бюджеттен 11,1 миллиард теңге қарастырылды, — деп атап өтті облыс әкімі.

Экоголиялық мәселелер — басты назарда

Өндірісі мен өнеркәсібі дамыған өңірде экологиялық проблемалардың болары анық.  Баспасөз мәслихаты барысында Ералы Тоғжанов облыстағы экологиялық ахуалды жақсартуға қабылданып жатқан шараларға да тоқталып өтті.

Облыс әкімі «Қазхром» компаниясымен қоршаған ортаға зиянды шығарындылар көлемін барынша азайтуға мүмкіндік беретін экологиялық жобаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойғанын айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарға компания 85 млрд теңге бөледі.Нәтижесінде 2025 жылға дейін қоршаған ортаға шығатын зиянды шығарындылар 99,9 пайызға және ферроқорытпа газы толығымен 100 пайызға төмендейді.

Дәл осындай келісімдер басқа да ірі компаниялармен жасалады.

Экология саласындағы өзекті мәселелердің бірі — Ақтөбе қаласының кәріздік тазарту құрылыстарының 80 пайызға тозуы. Осы мәселені шешу үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен кәріздік тазарту құрылыстарын салу жөніндегі жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Алдынала есептеулерге сәйкес жобаның жалпы құны шамамен — 78 млрд теңге.

Кәріздік тазарту құрылыстарын салу жобасы ағынды сулардың ластануын айтарлықтай азайтып, суаруға жарамды ағынды сулардың сапасын арттырады, қаланың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсартады. Ағынды суларды тазарту үшін энергия үнемдейтін заманауи технологияларды және анағұрлым жетілдірілген жабдықтарды пайдалану қарастырылған.

Алдағы 3 жылда үш ауысымды мектеп мәселесі шешіледі

Білім беру саласындағы жаңалықтарға тоқталып өткен облыс әкімі алдағы үш жылда Ақтөбе облысында апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілетіндігін айтты.

Білім беру сапасын арттыру мақсатында биыл 4 мың оқушыға арналған 18 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде біздің облыста 5 апатты және үш ауысымды 6 мектеп бар. Бұл мәселені шешу үшін алдағы 3 жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17,5 мың орындық 20 заманауи мектеп салу жоспарлануда. Бұл біздің өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешеді, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Өңір басшысы облыс тұрғындарын, оныңішінде ауылдық жерлерде медициналық қызметтерменқамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданып жатқанына тоқталды.

Осы мақсатта облыстың 3 ауданы — Хромтау, Мұғалжар және Шалқар аудандарында көпбейінді ауданаралық ауруханалар ашу жоспарлануда. Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жыл ішінде 20 мың халқы бар 29 ауылда заманауи жабдықталған денсаулық сақтау нысандары салынады, — деді Ералы Тоғжанов.

Айтпақшы, облыс әкімі Ақтөбеде Орхун Медикал ядролық медицина орталығы, Қазмедприбор медициналық бұйымдар шығаратын фабрикасы және ТМД елдері арасында алғаш рет диализаторлар шығаратын зауыт салынатынын айтты.

«Ауыл аманаты» ел еңсесін көтереді

Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» ауқымды жобасының іске асырылу барысы туралы да айтып өтті.

Былтыр Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы бастау алғанын білесіздер. Негізгі мақсат — ауылды барынша сақтап қалу, ауыл халқының әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздықты азайту. Біз, ең алдымен,134 ауылдық округке скрининг жүргіздік, оның негізінде әрбір округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары әзірленді. Нәтижесінде біз әр ауылдың, ауданның ерекшеліктеріне орай экономикалық әлеуетін анықтадық, нақты мүмкіндіктерді, күшті және әлсіз жақтарын белгіледік, — деді Ералы Тоғжанов.

Скринингке сәйкес Ақтөбе облысы халық тұтынатын негізгі азық-түліктің 65 түрінің 7-еуін толық қамтамасыз етеді. Ішкі өндіріс есебінен азық-түліктің 45 түрімен қамтамасыз ету үлесі 1 пайыздан 69 пайызға дейін. Ал 13 өнім түрі мүлдем өндірілмейді екен.

Мысалы, өңір өз өндірісіндегі құс етімен небәрі 5,4 пайыз қамтамасыз етілген. Бұл шамамен 95 пайыз тауар шетелден немесе басқа аймақтардан әкелінеді деген сөз. Тек құс етінің өзінен жылына өңірімізде қалдыруға болатын 11 миллиард теңге сыртқа жұмсалуда. Ал жыл сайын көкөніс сатып алуға шамамен 10 миллиард теңге жұмсалады. Осы деректердің негізінде облыс негізгі азық-түліктің 65 түрін өндіруді жолға қойып, жыл сайын өңір экономикасында 151 миллиард теңге қалдыра алады, — деп атап өтті облыс әкімі.

Аталған мәселені шешу мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында тамақ өнімдерінің түрі бойынша өндірісті дамыту бағыттары айқындалды, жеке қосалқы шаруашылықтар іске асыратын жобалар дайындалды.

Мемлекет басшысының ауылдарды дамытуға 1 триллион теңге бөлу туралы шешімі импортқа тәуелділікті жойып қана қоймай, бүгінде азық-түлік импортына жұмсалатын қаражатты ел ішінде қалдыруға мүмкіндік береді, —деп түйіндеді Ералы Тоғжанов.

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру тетігі еліміздің басқа өңірлерінен өзгешеленеді.

Қазіргі уақытта 2,5 пайыз  жеңілдікпен несиелеу бағыты бойынша жалпы сомасы 3 миллиард теңгеге 776 отбасының жобасы мақұлданып, 3 мыңнан астам адам қамтылды. Сонымен қатар біздің облыста алғаш рет республика бойынша қаржылық несиемен қатар 6 мың бас малды тауарлық несие ретінде берудеміз. Тауарлық несиенің ерекшелігі —  бюджеттен бірде-бір тиын жұмсалмайды және қайтарымы ақшалай емес, алынған төл есебінен өтеледі. Бүгінгі таңда 249 отбасына 3220 бас мал берілді, —  деген облыс әкімі жоба аясында 450-ден астам жұмыссыз ауыл тұрғыны өз ісін бастағанын айтты.

Сондай-ақ ол қазіргі уақытта «Ауыл аманатын» іске асыруға 6,5 млрд теңге бөлінгенін, Үкімет тарапынан қосымша 12,5 млрд теңге бөлу мәселесінде қолдау бар екендігін айтып, қаражат толығымен игерілетініне сенім білдірді.

Нәтижесінде жыл соңында жобаға қатысушы ауылдардағы жұмыссыздар саны 41,4 пайызға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 39 пайызға қысқарады. Отбасының орташа табысы 182 мың теңгеден 354 мың теңгеге дейін, яғни 2 есеге ұлғаяды. Жыл қорытындысы бойынша құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 3 есеге, көкөністермен қамтамасыз ету 23 пайызға және картоппен қамтамасыз ету 20,1 пайызға артады.

Қаладан — ауылға!

«Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына қызмет көрсету саласында түрлі кәсіп ашуға мүмкіндік береді.

Облыс басшысы қала тұрғындары да жобаға қатысуға үлкен қызығушылық танытып жатқанын алға тартты. Жоба басталғалы бері 60-тан астам отбасы,  250-ге жуық адам қаладан ауылдық жерге көшіп, «Қаладан — ауылға» қозғалысын бастады.Сонымен қатар Ақтөбе облысында жоба аясында ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту және ауыл тұрғындарын қолайлы өмір сүру жағдайымен қамтамасыз ету үшін «бірыңғай қолдау шаралар пакеті» қабылданды.

— «Бірыңғай қолдау шаралар пакеті», біріншіден, жыл ішінде 67 ауылды мобильді интернетпен қамтамасыз ету. Нәтижесінде ауыл халқының 98,5 пайызын сапалы интернетпен қамтамасыз етеміз. Екіншіден, біз ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім деңгейін теңестіру мақсатында «Білім ALL» өңірлік жобасын іске қостық. Конкурстық негізде іріктелген кәсіби шеберлігі жоғары 35 мұғалім 5 негізгі пән бойынша онлайн форматта оқушыларды оқытуда. Қарқынды жұмыс нәтижесінде 7 айда білім беру сапасындағы алшақтық 4,7 пайызға қысқарып, қазір 10,3 пайызға жетті. Осылайша бір мұғалімнің шағын жинақты ауылдық мектептерде бірнеше пәнді оқыту, ауылдарда 99 маманның тапшылығы және балаларды тасымалдау мәселелері шешілді, — деген Ералы Тоғжанов ауылда медицина сапасын арттыру мақсатында «Фельдшер сөмкесі» жобасы басталғанын айтты. «Фельдшер сөмкесі» — арнайы планшеттен және сегіз түрлі анализатордан тұратын инновациялық портативті медициналық жабдық. Оның көмегімен пациентке дұрыс диагноз қоюға және тасымалдаусыз қашықтан емдеуге болады. Бұл шалғайдағы ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, өңіріміздегі білім және медицина саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар ауылдарға интернет жүргізу саясатына нақты әлеуметтік мағына берді.

 — «Абаттандырылған ауыл» жобасы бастау алды, оның аясында ауылдарды абаттандыру бюджет есебінен ғана емес, демеушілік қаражат есебінен де жүргізілуде. Пилоттық режимде біз 27 мыңнан астам халқы бар 12 ауылда 120 әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруға кірістік. Бүгінде жалпы сомасы 1,7 миллиард теңгеге 6 ауылды абаттандыруға келісімге қол қойылды. «Ауыл аманаты» аясындағы тағы бір жоба — қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, жасөспірімдер қылмысын жоюға бағытталған «Қауіпсіз ауыл» жобасы. Бүгінде аймақта ішімдіктен бас тартқан 10 ауыл және соңғы 2 жылда бірде-бір қылмыс жасалмаған 10 ауыл бар. Жыл соңына дейін Ақтөбе облысында қоғам белсенділері, өңірдің кәсіпкерлері, жастардың қатысуымен өтетін іс-шаралардың нәтижесінде қауіпсіз ауылдар саны 60-қа жетеді. Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен игілігін ауыл халқының жақын арада сезінетіндігіне сенімім мол, — деп түйіндеді Ералы Тоғжанов.

Қобдадағы құрылыс аяқталуға жақын

Баспасөз мәслихаты барысында журналистердің бірі облыс әкімінен: «Су тасқынынан кейін сіз екі айдың ішінде тұрғын үй мәселесі шешілетіндігін айтқансыз. Қобдадағы үйі суға кеткен азаматтар 1 маусымға дейін жаңа баспаналарына кіре ала ма?» — деп сұрады.

Биыл өңірде су тасқынынан Қобда ауданының Қобда ауылы мен Ойыл ауданының Қаратал ауылы зардап шеккен болатын.

Құрылыс жұмыстары уәде бойынша 1 маусымға дейін аяқталады. Зардап шеккен отбасыларға барлық қажетті көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта Қобда ауылында 24 үй, оның ішінде екі пәтерлі 6 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. 30 отбасы жаңа баспанасына көшеді. Комиссия жұмысы аяқталмағанына қарамастан, ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында Қобда ауылындағы 75 отбасы және Қаратал ауылындағы 11 отбасы 500 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. Бірде-бір отбасы қолдаусыз қалмайды, — деді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, арнайы комиссия барлық ғимараттар мен өзге де нысандарды тексергеннен кейін зардап шеккендер залал сомасы туралы сарапшылардың қорытындыларына сәйкес толық көлемде көмек алады.

Су тасқыны салдарын жою мақсатында Қобда және Ойыл аудандарында жергілікті маңызы бар 25,2 шақырым автожолды, 4 көпірді жөндеу, 3 бөгетті нығайту және 26 су өткізу құбырын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ зардап шеккен мектеп ғимараты мен денешынықтыру-сауықтыру кешенін күрделі жөндеу қарастырылған. Сонымен қатар Ойыл ауданының екі ауылында жанашыр азаматтардың қатысуымен екі бөгет салу жоспарлануда.

«Алаңдауға негіз жоқ!»

Брифинг барысында журналистер облыс әкіміне Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режимге қатысты сұрақ қойып, пікірін білген еді. Тілшілердің бұл сұрағына Ералы Тоғжанов:

— Меніңше, бұл ретте алаңдауға негіз жоқ. Керісінше, біріншіден,

екі ел арасындағы қарым-қатынас дамиды, екіншіден, азаматтар арасындағы байланыс күшейеді, үшіншіден, сауда-саттықты кеңейтуге айтарлықтай қолдау болатыны сөзсіз. «Визасыз Қазақстанға келген Қытай азаматтары елімізде қалып қояды, жұмыс орындарымызды тартып алады» деген пікірден аулақ болуымыз қажет. Мен визасыз режим тек туристік және іскерлік салаларға арналатындығын баса айтқым келеді. Біздің ашық жатқан шекарамыз жоқ.  Сондықтан облысқа келіп-кетіп жатқан әр шетел азаматын немесе жұмысшысын қарап, бақылауда ұстап отырмыз.

Мысалы, Ақтөбе облысында бүгінгі күні 598 қытайлық азамат жұмыс жасайды. Олардың барлығы ерекше қадағалауда. Бұл сұрақты Сыртқы істер министрлігі ерекше қадағалауда ұстап отыр, — деп жауап берді.

P.S Баспасөз мәслихаты барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған көпбалалы аналардың мәселесі, қала тазалығы, үлескерлік құрылыс, қаңғы иттерге қатысты сұрақтарына жауап берді. «Көкжиде» жерасты суларына қатысты сұрақ бұл жолы да күн тәртібінен түспеді. Журналистер сондай-ақ жуырда Жаңажол мұнай-газ кешенінде болған жағдайға байланысты қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрап білді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button