Басты жаңалықтарМәселе

Самокат жүргізушілерге талап күшейтілді

Ақтөбеде электр самокаттары көбейді. Жақын тұрақтан мобильді қосымша арқылы төлем жасап алып, қалаған жеріңе жетіп алған соң сол маңайға тастап кете беретін электр самокаттарды қолдану тиімді. Бірақ елімізде электр самокатпен жолда жүру тәртібі өзгеріп жатыр. Бұдан былай көлік құралы ретінде танылатын самокаттарды 18-ге толған, жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана пайдалана алады.

Соңғы жылдары жалпы елімізде де, қаламызда да электр самокаттардың көбейгенін көріп жүрміз. Бұрын демалыс орындарында ғана көрінетін, балалардың ермегі саналатын заманауи құрал қазір көшеге шықты. Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың айтуынша, қаламызда электр самокаттарға қатысты жол-көлік оқиғасы тіркелмеді. Дегенмен Қазақстан бойынша 1 қаңтардан бері 44 оқиға тіркелген. Былтыр самокат жүргізушілердің қатысуымен болған оқиға салдарынанбір адам қайтыс болыпты. Бұл — Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтқан дерегі. Ол жол қозғалысындағы жаяу жүргіншілер мен мопед, самокат жүргізушілерінің қауіпсіздігі үшін нормативті актілер қабылданып жатқанын айтқан еді.

Бұдан былай электр самокатын жолдың оң жолағымен 18-ге толған, жүргізуші куәлігі мен қорғау шлемі барлар жүргізе алады. Сондай-ақ үстінде жарық шағылыстыратын киімі мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет.Қалған жерлерде, мысалы, тротуарда жүретін болса, басымдық жаяу жолаушыларға беріледі, — дейді Ішкі істер министрі.

Бұл заң жобасын депутаттар ұсынған еді. Олар Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Электр самокаттардың жүрісін реттеу бойынша алғашқы түзетулер топтамасын депутатЕкатерина Смышляева таныстырды.

Жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокаттарға жатады. Олар велосипед жолдары мен жол жиектерінде жүре алады. Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл тәсіл көліктің жаңа түрін иеленушілер мен жаяу жүргіншілер үшін ең қолайлы шешім. Тротуардағы жылдамдықты шектеу жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Электр самокатпен жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. Оны қолданушылар жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек, — деді Екатерина Смышляева.

Оның айтуынша, жалпы, көліктің осы түрін дамытудағы мәселелердің бірі — арнайы бөлінген жолдар мен жолақтар түріндегі қалалық инфрақұрылымның болмауы. Өкінішке қарай, біздің қалада да самокат жүргізетіндерге арналған орындар өте аз. Әбілқайыр хан даңғылында жаяу жүргіншілер жолының бойында велосипедтер мен скутер жүргізушілеріне арналған қызыл жолақ бар. Дегенмен ол жерден балаларын серуендетіп жүрген аналар мен зейнеткерлерді жиі көруге болады.

Кішкентай балалар жол ережесін білмейтіні анық. Самокат теуіп жүрген балаларды көлік қағып кеткен жағдайларды да естіп жүрміз. Депутат сол себепті қала кеңістігін жоспарлауға, шерингтік компаниялардың жауапкершілігіне, көліктің жаңа түрін тіркеуге жергілікті атқарушы органдардың қатысуын қамтамасыз ету үшін реттеуші құралдардың екінші топтамасын әзірлеуге кіріскендерін айтты.

Осылайша Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданып, Сенаттың қаралуына жіберілді.

Жалға алғыңыз келе ме?

Қала тұрғындары электр самокаттыжалға алу үшін«Busy fly» мен «Jet» атты қызмет көрсететін компаниялардың қызметінпайдаланады. Олар мобильді қосымша арқылы жұмыс істейді. Жүргізушілер самокатты қаланың кез келген жерінде жүргізе алмайды, қосымшада рұқсат етілген жерлерде ғана жүре алады. Қай жерлерде жүруге болатыны мобильді қосымшада карта арқылы көрсетілген. Жүргізушілерсағатына 15-25 км жылдамдықпен жүретін самокатты минутына немесе сағатына жалға ала алады. Бағасы — 30 теңге мен 2000 теңгенің арасында. Діттеген жерге жеткен соң самокатты тастап кете беруге болады. Қауіпсіздік жағына келетін болсақ,барлық электр самокатта оның орналасқан жерін көрсететін навигаторы болады. Ол арқылы телефоннан өзіңізге ең жақын тұрған самокатты таба аласыз. Оны ұрлап кету де оңай емес. Дабыл іске қосылып, жүйеге ұрлық туралы хабарлама түседі.

Мобильді қосымшаларды қолданушылар самокатты пайдалану ережелерімен толық таныса алады.

Электр самокатын көлік құралы ретінде емес, жай ғана көңіл көтеру үшін пайдаланамын. Достарыммен күн сайын самокатты бір-екі сағатқа жалға алып тебеміз. Көбіне Орталық стадион мен 12-шағын ауданның арасында теуіп жүреміз. Жылдамдықты жаным сүйеді. Осы уақытқа дейін, Құдайға шүкір, ешқандай жол-көлік оқиғасына түспедім. Бастысы сақтық шараларын ескеріп жүргізген дұрыс. Алдағы уақытта өзімнің жеке электронды самокатым болғанын қалаймын, — дейді қала тұрғыны Асланбек Иманалин.

Балаларға зияны бар ма?

Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде кішкентай балалардың самокат тебетіні денсаулыққа зиян екендігі айтылып жүр. Ата-аналар көбіне балаларының жамбас сүйектерінің қисайып немесе сколиозға әкелуі мүмкін деп қорқады. Бірақ жоғары санаттағы травматолог-ортопед, медицина ғылымдарының кандидаты Болатбек Досанов балалардың ойын көлігі мұндай ауруларға себеп бола алмайтынына сенімді.

Балалар самокатын өндірушілер 7-8 жастан бастап онымен ойнауға болатынын айтады. Себебі бала осы жаста ғана самокатты өздігінен дұрыс жүргізіп, айналасындағы жағдайды бағалай алады.

Жалпы баланың тірек-қимыл мүшесінде туа бітті немесе басқа да бір ақаулар болмаса, самокаттың ешқандай зияны жоқ. Бұл жердегі мәселе — самокат тебетін баланың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы. Самокатты дұрыс жүргізбеудің кесірінен баланың жарақат алуы өте жиі кездеседі. Сол себепті алдымен ата-ана баласына қауіпсіздік ережелерін үйретуі қажет. Баланың қолайлы жерде және қауіпсіз жылдамдықта тебуін қамтамасыз етуі керек, — дейді Болатбек Досанов.

Маманның айтуынша, баланың физиологиялық дамуы үшін жас ерекшелігіне сай қозғалыста болуы керек. Баланың әр жасына байланысты қозғалыс белсенділігінің нормасы бар. Қазіргі балалар ұялы телефон не теледидар қарап, көп қозғалмайды. Ал самокат сол қозғалыс тапшылығының орнын толтырудың жақсы құралы деп санайды дәрігер.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button