Жағажайлар жайы қалай?..
Қазір суға түсу маусымының қыза бастаған шағы. Жасы да, жасамысы да өзен-көлдерді, су-тоғандарды жағалап жүр. Бұл — аптап ыстықтан саялаудың бір жолы. Десек те суға түсу маусымы басталғалы қауіпсіздік ережесін сақтамай, арты қайғымен аяқталып жатқан оқиғалар да кездесті. Жағажайлар жайы және өзге де мәселелер төңірегінде әңгіме тарқатсақ дейміз.
«Ақпан» биыл ашылды
Қасымжан БАЙСАДАҚОВ, «ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің суда құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің бастығы:
— Жыл сайын суға шомылу маусымы басталар алдында суға түсуге болмайтын жерлерге рұқсат етілмейтіндігін, тыйым салынатындығын білдіретін белгілер қойылады. Биыл біз Ақтөбе қаласы маңындағы «Энергетик», «Әсем», «Восток», «Мұғалжар» және Хромтау ауданындағы балалар демалыс лагерьлерінің су тоғандары түбіне сүңгуірлік тексеріс жүргіздік. Демалыс базаларының иелеріне содан кейін «Жағажай төлқұжаты» берілді. Бұл орайда су астын тазарту жұмыстары да қатар жүрді. Қала аймағындағы жағажайлардың ішінде Ақтөбе су қоймасына қарасты «Саяхат» жағажайына ғана осындай тексеріс жүрді.
Оқу жылы барысында балалардың суға кетіп, қазаға ұшырамауы үшін білім беру мекемелерінде судағы қауіпсіздік туралы лекциялар мен әңгімелесулер өткіздік. Мұндай кездесулер облыстың Алға, Мәртөк, Хромтау және Мұғалжар аудандарындағы білім ордаларында да жүргізілді. Судағы қауіпсіздік шаралары бойынша мемлекеттік және ресми тілде 600-ден астам плакаттар мен парақшалар шығарылып, профилактикалық жұмыстар жүргізу кезінде олар оқу орындарына таратылды. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында судағы қауіпсіздік шаралары туралы тұрғындарды құлақтандыру ісі тұрақты жүргізіліп келеді. Қысқасы, жазғы суға түсу маусымына суда құтқарушылар жан-жақты әзірлікпен келеді. Бірақ, ең бастысы, адамдардың өздеріне сақтық керек. Бір айта кетерлік жайт, әр өзен-көлдің, су қоймасының қасына құтқарушы қою қиын. Адамдар суға түсудің қарапайым ережелерін сақтамайды. Дегенмен, соңғы жылдары талдау көрсеткендей, суға кету дерегі азайып келеді. Айталық, 2005 жылы облыста 67 адам суға кетсе, 2006 жылы — 51, 2007 жылы — 55, 2008 жылы — 42, 2009 жылы — 34, ал өткен жылы 32 адамның ажалы судан болды. Былтыр біз 68 адамды судан құтқардық.
Адамдар көбінесе үш жағдайда суға кетеді. Яғни, олар рұқсат етілмеген жерлерге шомылады болмаса мас күйінде суға түседі. Сондай-ақ, өзен-көлдерде балалар ата-ананың қарауынсыз жүреді. Бізге жағажайлардың көптеп ашылғаны жақсы. Өйткені, табиғат аясында көңіл көтергісі келетіндер бір жерде бас қосса, онда біздің мамандарға да оларды қадағалау, бақылау қиынға соқпайды.
Бүгінгі күні облыста шамамен 786 өзен-көл мен су тоғандары бар. Қазір облыс орталығында 7 жағажай жұмыс істейді. Биыл «Ақпан» аталатын жағажай халыққа қызмет көрсетпек. Әрбір жағажайда суда құтқарушылар мен арнайы техниканың болуы міндетті.
Суда қорғау қызметінің 2 негізгі стансасы бар, оның бірі — Елек өзені жағажайында, екіншісі — Ақтөбе су қоймасында қызмет етеді. Қазір мекемеде 45 адам жұмыс істейді. Сүңгуір қорғаушылар отряды облыс бойынша қай жерде аса ауыр апатты жағдайлар орын алса, сол жерге жіберіледі. Десек те штаттың аздығы біздің жұмысымызға қиындық тудырып отыр. Оның үстіне, тек облыстың Шалқар ауданында ғана біздің филиалымыз бар.
Шалқарда да жағажай бар
Рахат СЫДЫҚОВ, Шалқар ауданының әкімі:
— Үстіміздегі жылдың тамыз айында Шалқар көлі жағасында ұзындығы — 280, ені — 80 метр аумақты қамтитын демалыс алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Биыл «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» жастар марафон-эстафетасы аясында студенттер мен оқушылар өз жұмысын осы аумақты тазалаудан бастады. Аудан әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан алаңға қазіргі күні жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, 6 мың шаршы метр жерге жасанды шөп төселді. Жағажай маңына ұсақ тастар төгіліп, жер тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шалқар көлі жағасындағы демалыс алаңында 4 жазғы кафе мен ойын алаңын салу жоспарда бар. Болашақта жағажайда шамамен 30 адам жұмыспен қамтылады. Бұл жерде шағын және орта кәсіп иелерінің өз жұмысын жандандыруына мол мүмкіндік бар. Енді «Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шалқар көлі жағасындағы жағажайға барар жолды асфальттау жұмыстары басталады. Адамдарды суда құтқару үшін «ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің судан құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі Шалқар аудандық филиалының мамандары қызмет көрсету үшін келісім шарт жасалып жатыр. Бүгінгі күні көлдің суға түсетін аумағы белгіленіп, қоршауға алынды.
Жергілікті тұрғындар үшін жағажайға қатынайтын арнайы автобустар шығарылады. Қазір жағажай маңында бір мезгілде 180 көлік сиятын автотұрақ орны белгіленді. Болашақта мұндай жағажайды қала ішінен ашуды да жоспарлап отырмыз. Тағы бір айта кететін жайт, жергілікті тұрғындар үшін жағажай қысы-жазы жұмыс істейді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өңір жастары үшін бұл жерде қыста коньки тебетін алаң салынып, спорттың әр түрінен шынығуға мүмкіндік туады. Балықшылар үшін мұз астынан балық аулау жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтар да осы жерден табылады.
Сақтансаң — сақтайды
Әрине, апаттың айтып келмейтіні белгілі. Суда қорғау қызметі үлкеннің де, кішінің де суға түсу кезінде аса сақ болу керектігін ескертеді. Алайда тұрғындардың көпшілігі суға түсу мерзімінің жариялануын күтпестен-ақ көңіл көтеруге асығады. Судың да адам өміріне тигізетін өзіне тән қауіп-қатері бар екенін жұрттың бәрі білгенмен, одан келетін апатты екінің бірі ескере бермейді. Сондықтан, суға түсу маусымы басталғаннан бері 6 адам суға кетіп, мерт болды. Олардың біреуі 5 жасар бала. Бұлардың қай-қайсысы да судағы қауіпке сақтықпен қарамаудың салдарынан орын алған жәйттер. Қайғылы оқиғаның төртеуі облыс орталығында орын алса, қалғандары Қобда, Әйтеке би аудандарында тіркелді.
Бұл орайда жағажайларда уақыт өткізетін тұрғындардың қауіпсіздігімен тікелей айналысатын суда құтқару қызметі мамандарының еңбегін ерекше атауға болады. Өйткені, олар судан келетін қауіпті, одан қорғану мен оған қатысты бақытсыздықтарды болдырмау үшін не істеу керектігін жағажай маңына демалуға келетін тұрғындарға ұдайы айтып отырады.
Елек өзенінің силикат зауыты маңы, «Тұрғындар қалашығы» ауданындағы «Бурляжка» аумағы, Қарғалы және Кірпішті поселкелеріне барар жердегі көпір тұстары суға түсуге рұқсат етілмейтін аймақ ретінде белгіленген.
P.S. Мамандар қарапайым халықтың рұқсат етілген жерлерде, арнайы жағажайларда ғана суға түскенін қалайды. Өйткені, бұл жерлерде судан қорғаудың барлық айла-әдістерін меңгерген сүңгуір мамандар мен талап бойынша медицина қызметкерлері кезекшілік етеді.
Арайлым НҰРБАЕВА.



