Спорт

Жас палуандар белдесті

Күрес

Қарабұтақта балалар арасында облыстық турнир өтті. Жас палуандар Ауғанстанда ерлікпен қаза тапқан Жақсыбай Есентеміровті еске алып, оның рухына тағзым етті.

2010-2014 жылы туған балалар арасындағы 25-облыстық ашық турнирде 10 салмақ дәрежесі бойынша 70 палуан бақ сынады.

Турнирдің ашылу салтанатында Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Нәжмадинов спортшыларға сәттілік тіледі. Шараға қатысқан Жақсыбай Есентеміровтің туған ағасы Айдарбек Төлебаев інісі туралы естеліктермен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Әйтеке би ауданының Қарабұтақ балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің  дипломдарымен және кубок, медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар жоғары нәтиже көрсетіп жүрген палуандарға спорттық разрядтар берілді. Жарыс соңында жеңіске жеткен жас палуандарды Қарабұтақ ауылының әкімі Кеңшілік Байдрахманов пен ауылдық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бақтыбай Кеңесұлы марапаттап, алғыстарын білдірді.

Дәл сол күні Жақсыбай Есентеміровке арнайы Құран бағышталып, ас берілді.

Жау қолынан мерт болған кіші сержант, миномет командирі Жақсыбай Есентеміров Ауғанстанда болған үш айдың ішінде үш рет әскери операцияға қатысқан. Минометтен оқ ата жүріп, мотоатқыштар батальонына қолдау жасады. Әскери операциялар кезінде жаудың үш оқ ату нүктесін өшірді. Қаза болғаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button