Мәдениет

«Жоғалттық нәзік жіпті біз…»

Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалы жанынан «Шұғыла» әдеби бірлестігі құрылып, жұмыс істей бастағанына бір жыл болды. Бірлестік мүшелері жуырда облыс орталығында поэзия кешін ұйымдастырған еді.

Осы кеште оқылған жырларды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Сырым Сәтімов

Қоштасу

Бақыт iздеп жүрдiк анық,

Өмiр, шiркiн, өзгердi.

Көздiң жасын сүртiп алып,

«Қош» деп айтар кез келдi.

 

Еске түстi сұлу көктем,

Таныстырған бiздердi.

Ғашық жүрек жырын төккен,

Көктем кетiп, күз келдi.

 

Көрген сәт те әлi есiмде,

Арай атқан сол таңда.

Бақыттың бал дәмi үшiн де

Қарыздармын сол жанға.

 

Алыстады неге арамыз?

Жырым едiң мен үшiн.

Көгершiндей,

Ей, арман қыз,

Сүйген едiм сенi шын.

 

Жүрек неге сен деп соқты?

Арман етпей басқаны.

Кеудемдегi жанған отты,

Сөндiре алмас жас жаным.

 

Болар әлi алар ақым,

Өмiр жасар сый маған.

Қош, бақытсыз махаббатым,

Он жетiмде қимаған.

 

Үмiттерiм ұшқанменен,

Жүрек әлi сенбейсiң.

Күзде тоңған құстарменен,

Кеттiң, қайтып келмейсiң…

Данагүл Баймұхашева

Жүрек сыры

Илан маған мұны жалған демессің,

Жүрегіммен кеше тағы кеңестім.

Күллі жаннан саған ғана сұқтансам,

Жұрттан асқан сұлулығың емес-тін.

 

Гүлін теріп жастық атты белестің,

Мен өзіңмен қол ұстасып, тел өстім.

Күллі жаннан сені таңдап ұнатсам,

Жұрттан асқан ақылыңнан емес-тін.

 

Жүрегімнен жастық оты неге өшсін,

Талғамсыз деп айта алмайды мені ешкім.

Көп ішінен сені ғана таңдасам,

Мінезіңнің байлығынан емес-тін.

 

Өзге жанның елітпейді арбауы,

Сүйген жанның мүмкін емес алдауы.

Кемшілігің байқалмайды,

Шынында,

Бәрі-бәрі — жүрегімнің таңдауы.

Оразбек Кенбаев

Әзіл

Себеп болды бір өлең әкелуге,

Шалқар шабыт қалықтап қапелімде.

Таңғы төрттер шамасы өлең жаздым,

Жатып ап төрт қабырға — пәтерімде.

 

Төрт әлсіздің күші бар білегімде,

Жарасы бар төрт  қыздың жүрегімде.

Төрт апамнан кейін мен келген екем,

Төртінші қаңтар күні бұл өмірге.

 

Мынау төрткүл дүниені жортып жүрмін,

Төрт құбылам тең жандай толқып жүрмін.

Бәрі аздай, баста-дағы төрт орай бар,

Төрт әйел алам ба деп қорқып жүрмін.

 

Төртеу түгел болса егер төбедегі,

Ел боларсың дейді екен өнегелі.

Үстімдегі көйлек те — төрт мың теңге,

(Оны айтпай-ақ қоюым керек еді.)

 

Төрт дөңгелек — машина алайын ба,

Бірақ МАИ-лар қаншама маңайымда?

Төрт деген өлеңімді тарту еттім,

Төрт көзі түгел жүрген ағайынға!

Ақтолқын Тәжікова

Қожа Ахмет Яссауи кесенесi

Мұндағы өрiлген қыш,

ою-өрнек,

Емес-ау зерiккенге ойын, ермек.

Жыландай ирелеңдеп араб әрпi,

Күмбездiң барады әнi, бойын өрлеп.

 

Күмбезден

құйылып тұр жарқын арай,

Темірдің демеңіздер шартын оңай,

Қисайтпай, қышты қалай қадады екен,

Құлдардың аяқ-қолы қалтырамай.

 

Шертiлiп шежiресi болған iстiң,

Торабы жатыр мұнда толғаныстың.

Күмбездiн жобасын ап кiм барды екен?

Алдына Әмiр сынды жолбарыстың.

 

Әулие,

хан да, би де құлақ асқан,

Батылдық болмас, сiрә, бұдан асқан.

Қаймықпай, тура айтқан ерлер бар-ау,

Кетсе де төбесiнен құлап аспан.

 

Тот баспай саф алтыннан жетсе дерек,

бiз оны жаңғыртамыз екшеп, елеп.

Рухы күмбездi өрген шеберлердiң,

Айналып қарлығашқа кетсе керек.

Бұрымдай өрiлген қыш,

ою-өрнек,

Ұрпаққа болмас сiрә, ойын, бермек

Мың, миллион қарлығаштар қалықтап жүр,

Күмбездiң  шырқау биiк бойын өрлеп.

Жақсыбек Кемал

Ақ моншақ жаңбыр құйылды бүгін

Кейінде қалды құйынды күнім.

Сезім де менде әр-сәрі күйде

Ұғуға тырыс күйімді, гүлім.

 

Сағынбағанмен сағымды шақты,

Тулатып тағдыр шаңымды қақты.

Сырлы сұрақтың жауабын тапқам,

Кез қылды, бірақ тағы жұмбақты…

 

Ойланып жүрмін өзіңіз жайлы

Кездеспей кеткен кезіміз — қайғы.

Салқында қалса сезімі суып

Ыстық жүректің өзі мұздайды.

 

Өрлетер өрге асылық кімді?

Айту да қиын ашылып сырды.

Әсерлі әлі әңгіме барын

Сенің де көзің жасырып тұрды.

 

Құпиялығымды ұрлапсың деме

Жүрсің-ау сен де мұңды ап, шын сене…

Жаныңда жүріп жалғыздық көрдім,

Шынымен, сұлу, жұмбақсың неге?

 

Ақтөбеден адасу

Әжетханаға асылып өлді арлылық,

Мейірім жүр мешіт жақты мекендеп…

Барар жерім — қараңғы көр, тар құдық

Әуре болдым, рас, бақытқа жетем деп.

 

Аялдамада арман қалды ұмыт боп,

Троллейбустағы «тірлігім» де күлкілі.

Ақтөбенің  көшесінде күдік көп —

Шошытады көп көліктің «күркілі».

 

Алдымда анау, гүл сататын дүңгіршік,

Шаттанулы күндерімнің мазағы.

Батқан күн мен мүмкін, мына түн қырсық —

Қара түнек — арымның да азабы!

 

Түнгі клуб — шайтан көңілдің  әлегі

Арбап тұрса, қайтем енді, пақырым?!.

Санам да сол, құнсыз ойдың әлемі

(Естілер ме естілерге хақ, ұлы үн?..)

 

Сыраханада ақтарылып сыр қалды

Саптыаяқпен ұмытылды мерей күн.

Ынсапсыздық ұрлап кетті ынтамды

Қонақ  үйге қонақ  болам демеймін…

 

Сағынышым басымдағы бақ көне,

Көшедегі айқайыма құлақ түр —

«Жастығымды жұтып койдың, Ақтөбе!»

…Көлеңкелі ғимаратттар жылап тұр…

Индира Кереева

Наз

Хабарсыз кеттіңіз көп уақыт…

Ұқпадым…

Жоғалттық нені біз?

Ұялшақ жүректі тулатып,

Сіз мені «сүйем» деп едіңіз….

 

Деміңіз секілді таңғы леп,

Ұйқымнан оянғам елеңдеп.

Мен жүрмін жанарым жәудіреп,

Күттіріп қойғасын «келем» деп…

 

Ойымнан шықпайсыз күні-түн…

Сіз жоқсыз…

(Өмірім мұздады-ай…)

Біз шерткен сырларды ұмытып,

Алаңсыз жүресіз Сіз қалай?

 

Үмітім жылатпай жетелер

Көңілді біз жүрген іздермен…

Мен сізді жек көріп кетер ем,

Жүр мені серт қинап Сіз берген…

 

Сырымыз бір еді…

Білемін.

Мен берген Сертімді бұзбадым!

Селт етпей мен сүйген жүрегің,

Қай жерде отырсыз Сіз…

Жаным…

 

Жасырын нөмір

Тағы да жүдетіп жүректі,

Санамды мазалап құнсыздық.

Ұялы телефон шыр етті:

Тұтқаны көтердім… ҮНСІЗДІК…

 

Тағы да күрсініс.

Апырмай,

өмірім шыдар ма мұндайға?

Абонент нөмірін жасырмай,

Телефон соғуға болмай ма?

 

Тырналап жүректің жарасын

Өкініш, өксікпен өрілген.

Несіне телефон соғасың,

Күн сайын жасырын нөмірмен?

 

Күресіп намысың, арыңмен

Соқпашы жасырын нөмірмен.

Мен сені сеземін жаныммен,

Мен сені танимын деміңнен….

 

Жанарда моншағым мөлдіреп

Тұрамын әл жетпей «кім» деуге…

Сені де сағынды бұл жүрек,

Құшағыңды аңсады бұл кеуде…

 

Әдейі адасып, шоқ басып,

күресем өзіңсіз өмірмен.

Өтінем, телефон соқпашы,

Жылатып, жасырын нөмірмен!

Нұрбол Ыбыраев

Мұқағалиға хат немесе өлгендерге арыз

Ей, Мұқа!

Түндiгiн түргенде мақпал түн,

өлгенмiн демешi, өтiнем…

Жүректiң жасымен хат жаздым,

Қайғырған қара түн бетiне.

 

Кiрпiкке тамшылап жаңбыр-мұң,

Қызғанып дертiмдi басқадан.

Даусынан безiнiп  тағдырдың,

Өксимiн. Жиiркенем. Жасқанам.

 

Мұң болып алаулап көзiмде от,

Телмiрем түндерге гүл өңдi.

Ұлыған тiрлiктен мезi боп,

Жазғырам жазықсыз өлеңдi.

 

Шумақтар жанары жылап сәл,

өксидi кiтапта ұлы өнер…

…Өлгендер, сәл ғана құлақ сал,

Менi әсте ұқпайды тiрiлер!

 

Санамда жүзiп жүр жыр-кеме,

Пейiлi көктен де асатын.

О, Мұқа!

Қасқайып тұр мiне,

Тәттi өлiм iздеген жас ақын.

О, Мұқа!

Адасқам жолдан шын,

Жанарға жазықсыз толар мұң.

Бiр кезде сен мендей болғансың,

Бiр күнi мен сендей болармын…

 

Құбыла — аңқыған гүл-көктем,

Өмiр бұл — ойын ғой оты бар.

…Аға, мен шаршадым тiрлiктен,

Шаршадым ойыннан…

Күтiп ал!..

Гүлжаһан Төреханова

Қызғалдақпен сырласу

Көктемнің күлкісі – қызғалдақ,

шық тұнған жанарда — шыншылдық…

Баянсыз бақыттай бізді алдап

кететін уақыт – бұл.

(күрсіндік…)

 

Жәудірер жанарда бір шындық…

Жаныңды жуа ма жасын жыр?..

Мөлт еткен минутқа ұмсындық,

әйтеуір аптыққан ғасыр бұл.

 

Күн-ару күйбеңге кірісті,

Селт еткен сезімнің бәрі ұмыт.

Атқарып тәңірлік ұлы істі,

Жүр, әне, ең адал жар – Үміт.

 

Не дейді бұл нәркес көздерің,

Сағыныш сазы ма жыл құсы?..

Әлде сен әнісің өзгенің,

Көктемнің күнәсіз күлкісі?..

 

Үзіліп үмітің солмасын,

Ғашығы келесі көктемнің!

Бұл уақыт баянсыз болғасын,

Оралмас, қайтеміз, өткен күн?!.

 

Сен…

Айтылмай өлген сезімнің

сарқыны болдың кеудемде…

Тұсаулы келген төзімнің

бұлқынысы едің, өр бейне!..

 

Сағыныш болған күз едің,

Мұң едің әсте ерімес…

Кекілін жырдың күзедім,

бөтенге енді телімес…

 

Сағымдай маған сарғайған,

шақырдың тағы көк белге…

Көңілдің көлі ортайған,

қайрылмас қайта өткенге.

 

Шағала-сезім айдынын

тастап та кеткен талақ қып.

Желегін тағы жайды мұң…

Жаным-ау, нені жоғалттық?!

 

Алаңсыз күйді жоғалттық,

жоғалттық нәзік жіпті біз…

Жанымды қайта жаңартып

жатырмын.

Қалды тек бір із…

Гүлжайнар Қалдина

Кейде барым,

Кейде жоғым беймәлім,

Екі дүние есігіне сыймадым.

(Ұлы ісің деп ұлықтар ма ұлы ием,

Үйлестіріп келейінші үй қамын).

 

Үнім қайсы?

Қанжарым жоқ қындағы,

Сірілі екен мендік үннің үр жаны.

Жапырақ та жылап тұрып жымиып,

Ай құлағын жауып тұрып

тыңдады.

 

Кеуек көңіл кептіргенмен аңқамды,

Тоқта, тамыр!

Қалдырып кет қаңқамды.

Күлім қағып күнге келіп тұрдым да,

Ұрын барып

Түнге салдым қолқамды.

Тұжырымым – ол таңғы.

 

Тәнім тоңды.

Жаным жанып тұрғанда,

Сәнім солды.

Ұры көңіл ұрланба!

Нар денемнен наз ақтарып көрейін,

Көрші ғалам, біз айтпаған сыр бар ма?

 

Жаныма үңіл!

Жанарыма бас ұрмай,

Досым кедей болғанымен

Қасым – бай.

өмірмен де келіспейтін күйім бар,

Миллион мен нөлдің айырмасындай…

 

Күз және сіз

Іздемедім мен Сізді,

Аңсағам жоқ.

Күтпедім.

Сезінген шақ жер күздің —

Таңғы қырау, шық демін.

 

Ойым жалқы.

Мен жалғыз.

Таңнан күткем тамаша ән.

Бағбандарға арман күз —

Беретіні орасан.

 

Мен бақшашы емеспін,

Күз — кезекті бір мезгіл.

Қуанта алмай мені ешкім,

Тарам ойым — түн кездім.

 

Күн де күрең.

Ой  шаршау

Біз –

Бақытты сағынған.

Күз –

Көктемді текке аңсау,

Сіз —

Жанымнан табылған.

 

Арада жоқ дәнеме,

Еркелейін.

Сіз ұғып,

үндемеңіз.

және де —

Қарамаңыз үздігіп.

 

Көз алдымда күз. Дала.

Көңіл болмай жиі мұз…

Еркелерім Сіз ғана,

Маңдайымнан сүйіңіз…

 

* * *

Көңіліме күз жайып сап күдігін,

Болып алдым тас қала.

Көктеп едім –

Көргенсіз боп бір інім,

Ағам арсыз…

Масқара!

 

Пенделігін пұлдап ессіз пері күн,

Пешенемнен жерідім.

(құрғамайтын құнарлы едім)

Көлім — мұң,

Кеберсіп тұр ерінім.

 

Арды көмген асқақ ойдың аспаны,

Кірлеп кетті.

Сол ғана.

Қара ағашы қамсыз.

Арсыз жас талы,

Ұлт ұяты – қол бала.

 

Кейуана дәуір,

дауасын дерттің пайым ет,

Жағамда кетпей бармағым.

Күллі әлемді мөлдір шықпен шайып өт,

Көк қанатты арманым!

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button