Спорт

Ташкенттен төрт алтын әкелді

Бокс

Ташкентте өткен Әлем чемпионатында біздің боксшыларымыз 4 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан жарыс қожайындары өзбек елінен кейінгі екінші орынды иеленді.

Бокстан ХХІІ Әлем чемпионаты 30 сәуір мен 14 мамыр аралығында өтті. Алдымен оның бокс тарихындағы даулы оқиғалардың бірі болғанын айта кетейік. Дау ұйымдастырушылардың, яғни халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) қазір көп жарыстан шеттетілген Ресей және Белорусь спортшыларына чемпионатқа өз елінің Туы және Әнұранымен қатысуына рұқсат етуінен туындады. Соған байланысты қауымдастық құрамындағы 21 ұлттық федерация, барлығы 19 ел әлем чемпионатына байкот жариялады. Оның ішінде ірі жарыстарда боксшылары үздік нәтижеге жетіп жүрген АҚШ, Англия, Германия, Украина сынды елдер де бар. Дегенмен, мысалы, Шотландия бокс федерациясының да байкот жасаушылар қатарында болғанына қарамастан, бұл елден бір спортшы өз қаражатымен келіп, жарысқа қосылды.

Жалпы, Ташкентте өткен әлем біріншілігіне 107 елден 538 спортшы қатысты. Жарыс 13 салмақ категориясы бойынша ұйымдастырылды. Қазақстан, Өзбекстан, Куба, Ресей секілді ірі бокс державасы саналатын елдердің спортшылары чемпионатта барлық салмақ категориясы бойынша өнер көрсетті.

Қазақстандық боксшылардың жартысы ширек финалға дейін-ақ жарыстан шығып қалғандықтан, бастапқыда жанкүйерлердің де көңілі күпті болған еді. Ширек финалға шыққан 7 боксшымыздың бесеуі ғана жартылай финалға өтті. Бұл Куба, Өзбекстан, Ресейден кейінгі 4-орындағы нәтиже болатын. Дегенмен жартылай финалда боксшыларымыздың бәрі де өз жекпе-жегін сәтті өткізіп, қатары бұзылмай ақтық сынға жолдама алғанда жанкүйерлер көңілінде үлкен үміт оянды және ол үміт ақталды.

Ақтық сында алдымен ең төменгі салмақ дәрежесінде (48 кг) өнер көрсететін Санжар Тәшкенбай грузиялық боксшыны жеңіп, чемпион атанды. Ал ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) пен Махмұд Сабырхан (54 кг)  қарсыластарының жарыс қожайыны болғанына қарамастан, жарқын жеңіске жете білді. Олардың жеңісті жолын Нұрбек Оралбай (80 кг) жалғастырып, қазақ еліне осы әлемдік додадағы төртінші алтынды әперді. Тек Дулат Бекбауов (67 кг) қана өзбекстандық қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Ерекше айтатын жайт, Нұрбек Оралбайдың финалдағы қарсыласы да қазақ баласы болды. Ол — қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатхан. Сондай-ақ жарысқа Өзбекстан атынан қатысқан қазақ баласы Руслан Абдуллаев та өз салмақ дәрежесінде (63,5 кг) әлем чемпионы атанды. Осылайша Ташкенттегі дода финалда жеті бірдей қазақ  баласы өнер көрсеткен алғашқы Әлем чемпионаты ретінде де есімізде қалатын болды.

Жалпыкомандалық есепте жарыс қожайындары көш бастады: өзбек боксшылары 5 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль иеленді. Екінші орында — Қазақстан, ал 2 алтын, 4 қола жүлдеге қол жеткізген Ресей құрамасы үшінші үздік команда атанды. Сонымен қатар Куба, Франция елдерінің боксшылары да алтын жүлделер алды.

Бір өкініштісі, бұл Әлем чемпионатында алдағы Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынбады. Парижге жолдама алған алғашқы боксшыларымыздың аты-жөнін алдағы күзде Қытайда өтетін Азия ойындарының нәтижесінде ғана біле алатын боламыз.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button