Спорт

Ақтөбе» кәсіби баскетбол клубының әйелдер командасы ҚР Чемпионатының қола жүлдесін иеленді

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов баскетболдан ҚР Чемпионатының қола жүлдегері атанған «Ақтөбе» кәсіби клубының әйелдер командасының мүшелерін қабылдады.

Биылғы жылдың 6-12 мамыр аралығында Түркістанда Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында баскетболдан Қазақстан чемпионатының  плей-офф сериясы өтті. Чемпионатқа алғаш рет қатысқан «Ақтөбе» клубының командасы жүлделі үшінші орынға ие болды.

Спортшылармен кездесу барысында Ералы Тоғжанов өңірдегі баскетбол клубының 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

Қысқа мерзім ішінде «Ақтөбе» ерлер командасы Жоғары лиганың 2019, 2021, 2022 жылдардағы жүлдегері атанып, елеулі нәтижелерге қол жеткізді. ҚР Кубогі бәске тігілген жарыста бұл команда үшінші орынды иеленді.

💬 «Спорт жетістіктерінің қоржынын әйелдер командасы да толықтыруда. Қазақстан Республикасы Ұлттық лигасының 2022-2023 маусымының 3-орын иегері атанып отыр. Ұлттық лиганың әйелдер командасының жаттықтырушысы – Родионов Илья Игоревичтің келуі үлкен серпін беріп, ойыншыларымызға жолбастау болды деп ойлаймын. Сізге ерекше алғысымды білдіремін. Қыздарымыздың жетістіктері – облыс үшін ғана емес, еліміз үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш. Алда көптеген жарқын жеңістер күтіп тұр. Баскетбол ойыны жастар арасында танымал, біз осы спорт түрін дамыту үшін барлық жағдай жасауға дайынбыз»,деп атап өткен Ералы Тоғжанов топ мүшелеріне алғыс хаттар мен 3 млн теңгеге сертификат табыстады.

Өз кезегінде Илья Родионов баскетбол клубын қолдаған облыс әкіміне ризашылығын білдірді.

«Команда қарқыны мықты, біздің жетістіктеріміз бұқаралық спорттың дамуына ықпал етеді. Біз жемісті жұмыс істеуге және керемет нәтиже көрсетуге дайынбыз», – деп сендірді жаттықтырушы.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button