Басты жаңалықтарМереке

Ерлік ұмытылмайды

Жеңіс күні

Биыл да Жеңіс күні жауынгерлерге тағзым етіп, «Даңқ» мемориалы мен Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталды. Сондай-ақ бұл күні облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ұлы Отан соғысының ардагері Сатылған Бекмағамбетовті құттықтап барды.

Мерекелік шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжілісі және облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары мен қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты шараға жиналғандар майданда қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қос ескерткішке облыс әкімдігі, Ақтөбе қаласы әкімдігі, облыстық және қалалық мәслихат, облыстық әскери гарнизон, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаменті, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институты, облыстық полиция департаменті, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, «Ауған соғысының интернационал жауынгерлері» қоғамдық бірлестігі, т.б. қоғамдық ұйымдар атынан гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ әскерилер мен өнерпаздар патриоттық әндер орындады.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Ералы Тоғжанов сұрапыл соғысқа облысымыздан 122 мыңнан астам адам аттанып, оның 36 мыңнан астамы майданнан оралмағанын, 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атағымен, 9 жауынгер «Даңқ» орденімен марапатталғанын атап өтті.

— Отандастарымыздың, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, тыл еңбеккерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олардың батылдығы мен қайтпас қайсарлығының арқасында біз бүгін бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатырмыз. Біздің міндетіміз Ұлы Отан соғысының батырларын еске алу, олардың ерлігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, — деген Ералы Тоғжанов шараға жиналған жұртшылыққа алғысын білдірді.

Салтанатты жиыннан соң облыс әкімі бастаған топ 101-атқыштар бригадасы құрамында болған көзі тірі қалған жалғыз жауынгер, 102 жастағы қария Сатылған Бекмағамбетовті мерекемен құттықтап, үйіне барды. Ардагерге әскери оркестр құрмет көрсетті.

Ақтөбеде жасақталған 101-атқыштар бригадасының ерлігі ерен. Дивизия құрамына енген 5 мыңға жуық жауынгер майданға аттанса, тек 500 сарбаз қанды шайқастан аман қалды. 1945 жылы үйлеріне жеңіспен оралған сарбаздарымыздың саны одан да аз болды. Ұрыс алаңында қаза тапқан батырлар ешқашан ұмытылмайды.

Бүгінгі мерекеде сіздің әлі де қуатты екеніңізді көріп қуанып отырмын. Сізге Ұлы Отан соғысындағы жеңіс үшін барша тұрғындар атынан алғыс айтамын, — деді Е.Тоғжанов ардагерге.

Сатылған Бекмағамбетов 1941 жылдың желтоқсан айында әскер қатарына шақырылған. Облыс орталығында құрылып жатқан бригада туралы естіп, соғысқа өзі сұранған екен. Ол 1943 жылы 101-атқыштар бригадасымен Ржев шайқасына қатысқан, Смоленскіге дейін жеткен. Кейін бұл бригада таратылған соң 881-гвардиялық бригаданың, одан соң 740-гвардия полкінің құрамында қызмет еткен. Ол Мәскеу, Ржев, Смоленск түбіндегі қанды шайқастарда аман қалған, екі рет жараланған. Тұтқынға түсіп, одан қашып шығып, әскерге қайта қосылған. Жеңісті Кенигсбергте қарсы алған.

1946 жылы елге оралып, техникумды бітіріп, Қобда ауданының Жиренқопа ауылында 30 жылдан астам зоотехник болып жұмыс істеген. Сол жерден зейнеткерлік демалысқа шыққан.

Соғыс ардагері мерекемен құттықтап келген азаматтарға ақ батасын беріп, қазақ еліне бейбіт өмір мен ашық аспан, бірлік пен береке тіледі.

Сондай-ақ мереке күні облыс әкімі Ералы Тоғжанов Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлігін насихаттауға ерекше үлес қосып жүрген, «Қос Шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербесті құттықтап барды.

Ералы Тоғжанов Ғалымжан Байдербеске батырлар жайлы тарихи деректерді қалпына келтіруге, сондай-ақ өскелең ұрпақты ерлікті дәріптеуге тәрбиелеудегі орасан зор еңбегі үшін алғысын айтты.

Айта кету керек, «Ерліктің шырақшысы» деп атап кеткен Ғалымжан Байдербес саналы ғұмырын қазақтың батыр қыздарының өмір жолын зерттеуге арнады. Ол Әлия туралы көптеген құнды құжаттар, экспонаттар жинады. Жәдігерлерді өзі негізін қалаған мұражайға топтастырды. Оның Әлия Молдағұлованың 70 жылдығына орай жарық көрген «Подвиг длиною в жизнь» кітабы бүгінде ағылшын тіліне аударылды.

Жеңіс күніне орай Ақтөбе қаласындағы демалыс орындарында концерттік бағдарлама ұсынылды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жерлес өнерпаздарды қолдап келгендер аз болмады.

9 мамыр күні кешқұрым шаһардың он жерінде — «Мәнгілік алау» ескерткіші, Орталық саябақ, Ә.Молдағұлованың мемориалды ескерткіші, Зеңбірек ескерткіш-белгісі, «Шығармашылық академиясы» ғимараты, қалалық Мәдениет үйі, Есет батыр шағын ауданы, Сазды, Қурайлы және Нокин мәдениет үйлерінде жоспарлы  мерекелік концерт ұйымдастырылды. Негізгі шара Орталық саябақта өтті. Бұл жерде Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония, Т.Ахтанов атындағы драма театр және облыстық халық шығармашылығы орталығы сынды мәдениет мекемелерінің қызметкерлері өнер көрсетті. Атап айтсақ, өнерпаздар соғыс тақырыбындағы әндерді шырқап, майдангерлердің ерлігі баяндалған театрландырылған көріністі сахналады. Әсіресе әншілер Марат Әйтімов, Айбат Мақашев, Манзура Сапарова, Гаухар Саламас, Мерей Самұраттардың патриоттық бағыттағы туындыларын жиналғандар жақсы қабылдады. Қазақ камералық хорының орындауындағы «Ақ көгершін» әні де әдемі шықты. Арасында жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлік жолы туралы айтылып, ақтөбеліктердің Екінші дүниежүзілік соғысқа қосқан үлесі тілге тиек етілді.

— Концертке ұзын саны 100-ге тарта адам атсалысты. Олардың арасында Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтының курсанттары бар. Бұл жыл сайын өтетін дәстүрлі мерекелік концерт болғандықтан, ауа райына қарамастан, көрермендер жиналды. Біз де жоспарға сай 1,5 сағатқа созылған концерттік бағдарламамызды паш еттік, — дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.

Соңында концертке қатысушылар аспанға ақ шарлар ұшырып, бейбіт өмірдің мәңгілікке жалғасуын тіледі.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button