Спорт

«Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу өтті

Ақтөбеде 6-7 мамыр күндері облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және облыстық қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу сайысы өтті.

Кезекті рет ұйымдастырылған іріктеу сайысында 20-ға жуық түйе палуан белдесті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысып, спортшыларға байрақты додаларда жеңіс тіледі.
— Қазақ күресін дамыту мақсатында «Қазақстан барысы» турнирі 2011 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі сайысқа әр ауданнан екі спортшыдан қатысып отыр. Мәселен мықты балуандарымыз бірі — Еламан Қойшыбаев 90 келі салмақта қатысты. Ол екі дүркін әлем чемпионатының жеңімпазы, көптеген халықаралық додаларда ел намысын асқақтатып жүрген спортшыларымыздың бірегейі, — дейді облыстық қазақ күресі федерациясының хатшысы Бақтыбай Қисықов.

Дүбірлі дода нәтижесінде 1-орынды мұғалжарлық Еламан Қойшыбаев, 2-орынды әйтекебилік Ерасыл Амангелді, 3-орынды ақтөбелік Азат Қуанов иеленді.
— Мен 6655 әскери бөлімінде әскери жасақ бөлімінің бастығы болып қызмет етемін. Қазақ күресімен он жасымнан бері айналысамын. Ағаммен бірге жаттығып жүріп, осы спортқа деген қызығушылығым оянды. Халықаралық, республикалық сайыстармен қоса әскери қызметші ретінде де түрлі додаларға қатысып тұрамын. Ең үлкен жетістігім Румынияда өткен әлем кубогында және төртінші дүниежүзілік көшпенділер ойынының жеңімпазы атанғанмын. Ол кезде 82 келі салмақта белдескен едім. Ал бүгінде түйе палуандармен сайысқа түсіп, жеңіс тұғырынан көрінгеніме қуаныштымын. Маған қолдау көрсеткен ата-анама, бауырларыма және жаттықтырушыларым Эдуард Саламатқа, Ағаділ Убаевқа,Әділет Мысинге ерекше алғыс білдіремін, — дейді «Қазақстан барысы» облыстық іріктеу турнирінің жеңімпазы Еламан Қойшыбаев.
Ендігі кезекте турнирдің бірінші, екінші орын иегерлері облыс намысын шілде айында өтетін республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде қорғайтын болады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button