Басты жаңалықтарМереке

Батыр рухына тағзым

Облыста Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекелеріне орай тарихи тұлғаларымызға қойылған ескерткіштерге гүл шоқтарын қою іс-шаралары өткізіліп жатыр.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов түркі әлемінің ортақ тұлғасына айналған Ер Едігенің рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды.
— 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні қарсаңында тағылымды тарихымыздағы батыр бабаларымызды еске алудың тәлім-тәрбиелік маңызы ерекше. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін төл тарихымызды түгендеп, барымызды бағалауға мүмкіндік алдық. Едіге батыр тұлғасы да тәуелсіздігіміздің арқасында тарихымызға оралды. Оның өмір жолы, тұлғалық бейнесінің ашылмаған қыры әлі де көп.

Едіге батырдың 1339 жылғы 12 тамыз күнгі Борсықтыдағы жеңісі тек түркі халықтарын ғана емес,орыс халқын да жойылып кетуден аман сақтап қалғанын орыстың ұлы тарихшысы Карамзин мен Гумилев жазған. Едіге жайлы тарихи мәліметтер Мәскеу мұрағатында сақтаулы. Едіге Алтын Орданың сетінеген іргесін қайта бекітті. Күллі түркі жұртының қасиетті тұлғасының рухына тағзым ету, оны ұлықтау тек қазақ руханиятын ғана емес, тұтас түркі әлемінің руханиятын түгендеу. Бүгінгі іс-шарамыз соның айғағы деп санаймын, — деді Ералы Тоғжанов.

Ақтөбе облысының құрметті азаматы Алтай Тайжанов пен «Ер Едіге» республикалық қоғамдық қорының директоры Ахат Мырзалин де батыр рухына тағзым етіп, отансүйгіштік, патриотизм тақырыбында лебізін білдірді.
Өткізілген іс-шараға зиялы қауыммен қатар студенттер мен оқушылар да қатысып, ұлттың рухын көтеретін әндер шырқады.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button