Жаңалықтар

Ералы Тоғжанов Ақтөбедегі проблемалық нысандарды аралады

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов бүгінгі күнге дейін берген тапсырмаларының орындалу барысын тексеру мақсатында Ақтөбе қаласындағы проблемалық құрылыс нысандарын аралады.

Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес облыс орталығында құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысын аяқтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ералы Тоғжанов «Арайлы» тұрғын үй кешенінің екінші кезегі және бұрынғы «Космос» қонақ үйінің орнында салынып жатқан нысанның жұмыс барысын тексерді.

«Космос» тұрғын үй кешенінің құрылысын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Құрылысшылар сондай-ақ қарсы міндеттемелер аясында кешен маңындағы алаңды абаттандыруға ниетті. Қазіргі уақытта демеушілік қаражат есебінен қоғамдық кеңістік жасау үшін учаске таңдалуда.

«Арайлы» тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстары да аяқталуға жақын. Инвестор үйді осы жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беруге уәде берді.

Ералы Тоғжанов жаңа ғимараттардың қасбетіне ерекше назар аудару қажеттігін еске салды. Үй дизайны эстетикалық жағынан ерекшеленіп, оған заманауи материалдар қолданылуы керек. Сондай-ақ, өңір басшысы биыл жазда аяқталатын №12 мектепке жапсарлай салынып жатқан құрылыс барысымен танысты. Бұл жоба іске асырылса, үш ауысымда оқыту мәселесі шешілмек.  Мектеп ауданы 2,5 мың шаршы метрге ұлғайып, қосымша 300 оқушы орны құрылады.

Проблемалық нысандарды уақытылы тапсыру және зардап шеккен үлескерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өңір басшысының тапсырмасымен шаралар кешені әзірленді, «Құрылыс кооперативтерінің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі жол картасы» бекітілді. Ақтөбеде 11 проблемалық үлестік құрылыс нысаны бар. Олардың құрылысын жалғастыратын әлеуетті инвесторлар анықталды, бірнеше материалдар құқыққорғау органдарына талқылауға берілді.

«Жилище» ТК алаңында облыс әкімі жер учаскесін рәсімдеуге, құрылыс жұмыстарын бастауға қатысты мәселелерге қызығушылық білдірген үлескерлермен кездесті.
Үй құрылысын аяқтауға міндеттеме алған «Альянс Б-2» ЖШС компаниясының өкілі Ералы Тоғжановқа жұмыстарды бастауда ешқандай проблемалар жоқтығын, құрылыс материалдары жеткілікті мөлшерде бар екенін жеткізді. Жер учаскесін беру рәсімі қысқамерзімде аяқталады.

💬 «Сіздің үйіңізді аяқтауға уәде берген мердігерлерге материалдарды сатып алу және басқа да мәселелер бойынша көмектесеміз. Үйдің құрылысын тезірек аяқтап, өз пәтерлеріңізге кірулеріңіз үшін біз қолымыздан келгеннің бәрін істеп жатырмыз», деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

«Эксклюзив» тұрғын-үй кешенінде құрылыс жұмыстары қарқынды. Бес қабатты үйдің біреуі – мамыр айында, қалған екеуі – 2023 жылдың тамызында пайдалануға беріледі, содан кейін іргелес аумақты абаттандыру жұмыстар басталады.

Өңір басшысы барған соңғы нысан – Мұстафа Шоқай көшесіндегі учаске болды. Батыс-2 ықшамауданындағы көпқабатты үй жерасты паркингімен бірге салынуда. Нысанды 2025 жылы аяқтау жоспарланған, алайда облыс әкімі пайдалануға беру мерзімін кешіктірмеу үшін құрылыс кестесін қайта қарауды тапсырды.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button