Басты жаңалықтар

Бала тәрбиесіз болса, оған бәріміз кінәліміз…

Бала кезінен үлкенді сыйлай алмайтын, кішіге қамқор бола алмайтын жасөспірім болашақта қоғамымызды алға бастайтын, өз сәбилерін дұрыс тәрбиелейтін, ұлт мүддесін қорғайтын инабатты азамат бола ала ма? Ұрпағымыздың жақсы адам боп өсуі, өнуі үшін не істеуіміз керек?

Шалқар аудандық прокуратурасының ұйытқы болуымен «Жасөспірімдер арасындағы  қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу және осы бағыттағы тиісті тұлғалар атқарған жұмыстар барысын талдау» жөнінде отырыс өткізілген болатын. Оған прокуратура, ішкі істер полиция бөлімі, аудандық «Нұр Отан» ХДП, аудан, қала әкімшілігі, жасөспірімдер құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия, аудандық білім бөлімі қызметкерлері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, сынып жетекшілері, психологтар, ардагерлер кеңесі мүшелері, ата-аналар және оқушылар  кеңестерінің  белсенді мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысып, жастар тәрбиесіне қатысты қазіргі күні шиеленісіп кеткен мәселелерді шешудің жолын іздеді. 2010 жылғы мәлімет бойынша, ауданда қазір 14863 кәмелетке толмаған бала бар. Полиция бөлімі жыл басынан бері құқықбұзушылық жасауға бейім 18 мектеп оқушысын анықтап бақылауға алып, оқудан қасақана жалтарып жүрген 6 жасөспірімді оқуға қосты және жағдайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 54 баланы қамқорлыққа алу жұмыстарын жүргізді. 2008 жылы жасөспірімдер арасында 3 қылмыс жасалып, алты оқушы қылмыстық жауапқа тартылған, 2009 жылы 2 жасөспірім жазаға тартылған, былтыр 1 тонауға қатысты қылмыс жасалса, биыл жылдың басынан бергі бес айда Шалқарға келіп ұрлық жасаған ақтөбелік жасөспірім жазаға тартылды. Бұл ресми дерек қана, шын мәнінде оқушылар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық саны бұдан ондаған есе көп екені белгілі. Сонда… оқушыларды мұндай құқықбұзушылыққа не нәрсе итермелейді?

Біріншіден, бұған заңбұзушылыққа барған баласына тыйым салудың орнына, оны қолпаштап, құқық қорғау органдары мен ұстаздарды, қоғамды негізсіз кінәлайтын ата-аналар, екіншіден, «мектеп рейтингі» үшін оқушылардың тәрбиесіне қатысты орын алған кемшіліктерді бүркемелеуге ұялмай баратын педагогтер кінәлі.

Мысалы, Шалқар қалалық мектебінің 9-сынып оқушысы Манабековке өзінің сыныптастары: «Топқа кір, ағаларға ақша жинау керек», — деп тиісіп қоймаған соң, оның әкесі 2010 жылдың қазан айында мектеп басшылығына шағымданған. Алайда мектеп басшылығы бұл оқиғаға байланысты ешқандай шешім қабылдамаған, мектеп инспекторы бұл жөнінде уақытылы хабарланбаған. Соның салдарынан бұл оқушы 2011 жылдың ақпан айына дейін өзінен үлкен оқушылардан қысымшылық көрген. Мектеп инспекторы заң талаптарына сәйкес оқушының ата-анасын бұл келеңсіз жағдай бойынша «кінәлі балаларға» қатысты шара қолдану үшін арыз жазуға көзін жеткізгенімен, кейін арызданушы мектеп басшылығы және құқық бұзған балалардың ата-аналарының ықпалымен полиция бөліміне қайта-қайта келіп, кінәлілерге ешқандай шара қолданбауын сұрап, арыз жазған. Алайда полиция бұл факт бойынша құжаттар жасақтап, кінәлі балалар мен олардың ата-аналары тәртібін комиссия отырысында қарауға шешім шығарған. Сорақысы сол, комиссия отырысында мектеп басшылығы мұндай жағдайлардың алдын алудың жолдарын қарастырудың орнына «мектеп инспекторы оқушының үйіне барып жалған арыз жаздыртып алды» деп көпе-көрінеу жала жауыпты. Осылайша дардай білім ордасы басшысының мектеп ішінде әлгіндей топтар құруына өзі жол ашып, оқушылардан ақша жинауға әрекет еткен оқушыларды қорғаштап, оларды профилактикалық есепке алуға қарсылық білдірулерін қалай түсінуге болады?..

Білім бөлімімен бірлесіп әрбір мектептердегі тәртібі нашар, яғни «қиын балалар» санатына жататын мектеп оқушыларының тізімі жасалды. Ең қиыны — мектеп басшыларының оқушылар жасаған түрлі заңбұзушылықтарды және балалардың сабаққа себепсіз қатыспау оқиғаларын ішкі істер бөлімінен әлі де жасыратындығы. Мысалы, былтыр қазан айында оқуға қатыспай, мектеп ішінде топқа бөлініп, ұрыс-керіс ұйымдастырған №3 және Үргенішбаев атындағы мектеп оқушыларының тәртібін комиссия отырысында қарау барысында, комиссия мен педагогтер оқушыларға мектеп тарапынан берілген «жақсы…» деген мінездемелерді негізге алып, оларды профилактикалық есепке алудан бас тартып, құқық бұзуға бейім балаларды негізсіз бақылаусыз қалдырды. Ал қиын балалармен қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін барлық есеп жұмыстары заңды болуы шарт, себебі тиісті ережелер бойынша тіркеуге алынбаған жасөспіріммен профилактикалық жұмыс жүргізу оның конституциямен қорғалатын құқығына қолсұғушылық болып есептелуі мүмкін.

Тағы бір мысал — түн мезгілінде қоғамдық орындарда топтасып, көше тәртібін бұзып жүрген жасөспірімдерді ішкі істер бөліміне жеткізгенде, олардың ата-аналарына өз балаларының кемшіліктерін мойындаудың орнына, олардың құқықбұзушылық жасауының алдын алған полиция қызметкерлерін кінәлауы таң қалдырды. Атап айтсақ, №1 орта мектеп оқушысы Сериков мезгілсіз уақытта топ болып, көршілес Жангелді ауылына барып жүрген жерінен оны мектеп инспекторлары тоқтатып, қасындағы оқушылармен бірге полиция бөліміне жеткізгенде, аталған жасөспірімнің анасы полиция қызметкерлеріне жала жауып, «баламды дүкенге нанға жұмсадым, сендер оған қысым жасадыңдар» деп арызданды. Жасөспірімнің түнгі уақытта көрші ауылға қаладан нанға баруы ақылға сыймайтындықтан, ата-ананың «полиция үстінен арыз жазсам, олар менің баламнан аулақ жүреді» деген теріс түсінікте болғандығы байқалады. Бұдан ата-ананың балаларын қоғамды, заңды, тәртіпті сыйлауға үйретудің орнына, олардың құқықбұзушылық жасауына жол беретіні көрінеді.

Ата-ана, педагогтар және тиісті мемлекеттік органдар қоғам алдындағы жауапкершіліктен және өз міндеттерін орындаудан қашпай, бірлесе жұмыс атқарған кезде ғана жасөспірімдер қылмыстарының алдын алуға, нақты жоюға болады. Егер осы тұлғалар бала тәрбиесімен дұрыс айналыспай, білім беру заңнамасын бұзған жағдайда тәртіптік жауапкершіліктен басқа, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 311-1 бабына сай педагог 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 15 120, ата-ана бұзғанда 15 120 теңге, ал ұйым басшысына 75 600 теңгеге дейін айыппұл салынатынын азаматтарымыздың білгені жөн.

Аудан прокуратурасы мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылық жағдайларды анықтау және қылмыстың алдын алу мақсатында ішкі істер, білім бөлімі және қала әкімшілігі қызметкерлерінен мобильдік топ құрып, тексеру жүргізді. Шалқар қаласы бойынша осы бағытта барлығы 9 мектеп және кәсіптік лицей оқушылары арасында сауалнама жүргізілді, нәтижесінде 1221 оқушының 6,2 пайызы мектеп оқушылары арасында қорқытып ақша жинау, бір-біріне күш көрсету секілді фактілердің етек жайғанын көрсетті.

Жастар құқықбұзушылыққа ата-ана және мектеп тарапынан дұрыс бақылау болмағандықтан баратыны белгілі. Күні-түні бақылаусыз, ата-ана қарауынсыз жүрген жасөспірімнің құқық бұзуы немесе оған қарсы құқықбұзушылық жасалуы мүмкін. Жасөпірімдер арасындағы құқықбұзушылықты тек қана оларға толық бақылау орнатқанда және олардың оқудан бос уақытын жоспарлы пайдаланғанда ғана жоюға болады. Қазіргі уақытта ҚР ӘҚБтК-тің 336-4 бабы бойынша кәмелетке толмағандарды олардың заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз тұрғын жайлардан тыс жерлерде сағат 23.00-ден кейін жүруіне тыйым салынған. Бұл өзгерістер аудандық «Шалқар» газетіне жарияланып, барлық білім беру орындарына түсіндірілді.

Түнгі мезгілде қоғамдық орындарда қараусыз жүрген балалар туралы мектептерге хабарламалар берілді. Жыл басынан бері 41 ата-ана аталған бап бойынша заңбұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар сағат 22.00-ден кейін заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде өз бетімен жүрген 6 оқушы анықталып, олардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 336-3 бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік жазаға тартылды.

Қаладағы жастар көп жиналатын орындар анықталып, кешкі уақытта күшейтілген полиция нарядтары бөлінді, бірақ бұл «шаралар» жасөспірімдердің ата-аналарының, заңды өкілдерінің, педагогтердің толық қолдауынсыз мардымды болады деп есептеуге болмайды. Сондықтан жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтарды болдырмау және алдын алу үшін Шалқар аудандық ішкі істері полиция бөлімінің білім беру мекеме қызметкерлерімен бірлескен түрде түнгі мезгілде қоғамдық орындарда жиі рейдтер жүргізуге, құқықбұзушылыққа бейім қиын балаларды міндетті түрде профилактикалық есепке тіркеп, нақты тәрбие жұмыстарын жүргізуге және ата-аналар, заңды өкілдер, мектеп мұғалімдері, сынып жетекшілері, мектеп басшылары, мектеп психологтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, құқықтық үгіт-насихаттар жұмыстарын жаңдандыруға және жасөспірімдердің тәрбиесімен айналыспайтын, керісінше өздерінің мінез-құлықтарымен оларға теріс ықпал ететін ата-аналарды анықтап, уәкілетті органдармен бірлесе отырып, олардың жауапкершіліктерін шешуге тура келеді. Сонымен бірге құқықбұзушылыққа, нашақорлық пен спирттік ішімдіктерге бейім және оқудан қасақана жалтаратындарды, жасөспірімдерге темекі және ішімдік өнімдерін сататын тұлғаларды, кәмелеттік жасқа толмағандарды қылмыс жасауға, құқықбұзушылыққа итермелейтін ересектерді анықтап, олардың тиісті жазасын алуына, аудан көлемінде атыс қаруларын, оқ дәрілерді, жарылғыш заттарды сақтау, қолдану заңдылығына бірлесе тексеру жүргізуге, Шалқар теміржол торабы бойы және перронымен беймезгіл уақыттарда топтасып жүретін кәмелетке толмағандарды, сауда-саттықпен айналысатындарды, вагондарда ата-ана қарауынсыз тиісті құжаттарсыз жүретіндерді дер кезінде анықтау қажет.

Қаладағы барлық мектептерге мектеп инспекторлары бөлінгенімен, олар жергілікті атқару және білім бөлімінің назарынан тыс қалып, тиісті көлемде жұмыс кабинеті, компьютер, байланыс құралдарымен жабдықталмай отырғаны да айта қаларлық үлкен мәселе.

Шалқар аудандық жергілікті атқарушы органдарына, тиісті комиссияларға тәрбие алудан қасақана жалтарып жүрген кәмелет жасқа толмағандар мен олардың ата-аналары, өкілдеріне заңда көрсетілген қатаң шараларды қолдануға аса назар аудару керек.

«Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау» комиссиясы, қылмыстық атқару инспекциясы және қылмыстық-құқықтық ықпал ететін мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, аудан бойынша «халық жасақшылары» жұмысын жандандырып, олардың арасындағы белсенді мекемелер мен қызметкерлерді марапаттау, көтермелеу мәселелерін шешуге, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында аулалық клубтар, ақысыз спорттық секциялар, үйірмелер жұмыстарын жетілдіріп, мәдени іс-шараларды көбейтуге, қиын жағдайға тап болған отбасылар мен азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмектер беру орталығын ашу мүмкіндігін қарастыруға, аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен оның бөлімдеріне ҚР «Білім туралы» Заңының талаптарын бұлжытпай орындап, білім беру мекемелері жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстарының барысына талдау жасауға, оқушылар арасында діни теріс ағымдағы көзқарастардың алдын алу және заңбұзушылыққа бармау жолдарын кең насихаттауға,  ҚР «Білім туралы» Заңындағы балалаларын тәрбиелеудегі ата-аналар мен заңды өкілдердің, педагогтердің міндеттері мен жауапкершіліктерін кең түсіндіруге және заңбұзушылыққа жол берген тиісті тұлғалардың жауапкершіліктерін уақытылы және қатаң шешуге, аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесіп мектеп оқушылары арасынан полицияға көмек көрсететін отрядтар немесе ерікті жасақшылар тобын құру тәжірибесін жандандыруға зор мән беру керек.

ҚР Конституциясының 34-бабында көрсетілгендей, «Әр азамат ҚР Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті».

Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дегендей, ауданымызда қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында барлығымыз бірлесе жұмыс атқарып, жастарымыздың мәдениетін көтере, оларды тарихымыз бен салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, имандылықты сақтауға, үлкенді, қоғамды сыйлауға баули отыра, патриоттық, адамгершілік рухта тәрбиелеуіміз қажет.

Айбек АЙТБАЕВ,

Шалқар ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі.                           

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button