Басты жаңалықтарМереке

Dombyra party шарасына 6 мың жас домбырашы қатысты

«Ел бірлігі — қасиетті домбыра». 1 мамыр — Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесін тойлауға арналған Dombyra party шарасы осылай аталды. Бұл шараға бір мезгілде облыс орталығындағы және барлық аудандағы 6 мың оқушы қатысты.

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы алаңында ұйымдастырылған жиында 500 жас өнер көрсетті. Қасиетті домбыраның күмбірлеген үні облыс орталығындағы Шығармашылық академиясы алаңы мен Есет батыр шағын ауданындағы Есет батыр ескерткішінің алдында да шарықтады. Шараны өткізуге облыстық білім басқармасы ұйытқы болды.

Салатанатты түрде өткен басқосуға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, белгілі өнер зерттеушісі, күйші Әбдулхамит Райымбергенов қатысты.

Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды.
Өңір басшысы Қазақстан халқының бірлігі күні достықты, патриотизм мен бейбітшілікті насихайтын мереке екенін атап өтті.
— Біздің тәуелсіздігіміз бірлікпен, қоғамдық келісіммен және тұрақтылықпен тығыз байланысты. Бірлік күнінде ұйымдастырылған «Ел бірлігі — қасиетті домбыра» шарасын өткізуіміз үлкен мәнге ие. Өйткені домбыра — қазақ халқының музыкалық мәдениетінің басты символы. Бүгін, бір уақытта ұлы даланың ұлттық аспабының үні Ақтөбе шаһарында, барлық аудан орталықтарында шарықтады. 6 мың бала қазақ халқының көрнекті композиторларының асыл мұраларын бір мезетте орындау арқылы ұлттық музыкалық аспапқа деген сүйіспеншілігін көрсетті. Бұл үшін өнерлі, талантты, талапты, дарынды жастарымызға ризашылығымды білдіремін. Осындай өскелең ұрпағы бар Қазақстанның болашағы зор, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Шараның басты мақсаты — ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау, балалардың өнерін көпшілікке дәріптеу. Шараға қатысушылар Ахмет Жұбановтың «Би», Құрманғазының «Балбырауын» және Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін орындады.
Жиын барысында облыс әкімі қазақ музыкалық аспаптарының үйірмелеріне баратын этнос өкілдерінің оқушыларына домбыра тарту етті. Дарынды жастарды қолдау мақсатында тағы бірнеше балаға музыкалық студияда ән жазуға сертификаттар табысталды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button