Басты жаңалықтар

Баланы қатыгез қылатын — ересектер

Өзекті

Жақында әлеуметтік желілерде қыз балалардың шаштасып төбелескен видеосы жарияланды. Бұл — біздің қоғамдағы балалар тәрбиесінің қолдан сусып шығып бара жатқандығыныңбір көрінісі. Кей деректерге қарағанда, бұл оқиға осыдан бірнеше жыл бұрын болған. Бірақ мәселе қай уақытта емес, оның біздің қоғамда болғанында. Қыз балалардың аяусыз бір-бірін ұруы, тіпті жалаңаштап шешіндіріп, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратуы — қатегіздіктің ең сорақы түрі. Және бір сорақы нәрсе — біздің кәмелетке толмағандар арасындағы осындай құқықбұзушылықтарға, қылмыстарға етіміз үйреніп бара жатқаны.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бююросының ресми сайтындағы мәліметтерге жүгінсек, кәмелетке толмағандар арасында 2015,2016,2017 жылдары қылмыс басқа жылдарға қарағанда көп тіркелген. 2022 жылға дейін жасалған статистикалық есепте жасөспірімдердің ұрлық жасауы өте жиі тіркелгені көрініп тұр. 2021 жылы ұрлық жасағаны үшін 654 жасөспірім тіркеуге алынған. Содан кейінгі орында көптігі жөнінен тонау, алаяқтық, көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, есірткі құралдары, психотропты заттар немесе сол тектес заттардың заңсыз айналымы сынды құқықбұзушылықтар тұр. Жасөспірімдер зорлау және зорлауға оқталу, адам өлтіру немесе адам өлтіруге оқталу, қарақшылық, қорқытып алу, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жару құрылғыларын заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру секілді қылмыстарға да барған.

Облыстық полиция департаменті берген дерекке сенсек, өткен жылы облыс аумағында жасөспірімдер арасындағы қылмыс6,5 пайызға төмендепті.

Өкінішке қарай, биыл кәмелетке толмағандар арасында қылмыс қайта көбейген. Мұны Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ержан Құрмановтың берген дерегінен-ақ байқаймыз. Оның айтуынша, аталған сотта осы жылдың бірінші тоқсанында 21 адамға қатысты 13 іс қаралған, бұл 21 адамның 17-сі — кәмелетке толмағандар.

Өткен жылдармен салыстырар болсақ, қылмыс айтарлықтай өсіпті. Қараңыз, 2021 жылы барлығы 52 адамға қатысты 35 қылмыстық іс қаралса, оның 38-і — кәмелетке толмағандар. Былтыр 60 тұлғаға қатысты 37 іс қаралған, оның ішінде 40-ы — кәмелетке толмағандар. Биылғы үш айдың ішіндегі дерек былтырғы, алдыңғы жылғы 12 айдағы деректерден, шамамен, 50 пайызға ғана аз.

«Егер қылмыс жасағандардың арасында кемінде бір адам кәмелетке толмаған болса, ол істі кәмелетке толмағандардың мамандандырылған ауданаралық соты қарайды», — дейді ол.

Осыдан екі-үш жыл бұрын Шалқар қаласында кәмелет жасқа толмаған балалар арасында төбелес болып, біреуі көз жұмып, тағы екеуі пышақ жарақатын алғаны, қатарласын өлтірді деп айыпталған 17 жастағы оқушының бірнеше жылға бас бостандығынан айырылғанын, Ақтөбе қаласында да жасөспірімдердің топ-топ болып төбелесіп, бір оқушының пышақталып, аурухана ауласында қайтыс болғанын облыс халқы әлі ұмыта қоймаған болар.

Биыл да кәмелетке толмағандардың қатысуымен түрлі жайттар тіркелді. Наурыз айында көлік тізгіндеген кәмелетке толмаған жеткіншек рульді басқара алмай, көлікті аударып алған, соның салдарынан бір жасөспірім оқиға орнында көз жұмып, төртеуі жарақат алды. Жасөспірімдердің көлік құралын басқару деректері Ақтөбе қаласында да тіркелді.

Бүгінде қоғам «ауруын» жасыра алмайды. Болып жатқан барлық жайтты алақанымыздағы телефонымыздан күнделікті көріп отырамыз. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар: ауруын жасырған өледі. Бірақ игілікті насихаттаудан гөрі жамандықты жариялаудан жарысқа түскен кейбір желілердегі түрлі видеоларды «көрмейін десең, көзің бар». Бұдан буллинг мәселесінің шеті көрінеді. Бұл да балалар арасындағы қылмыстың, суицидтің артуының бір себебі болса керек.

Балалар неге қатыгез? Бұл қатыгездіктің тамыры қайда? Қоғам бала тәрбиесінде қай тұста қате жіберіп алды? Қатыгездіктің «емі» бар ма? Осы сұрақтарды бала тәрбиесіне қатысы бар мамандарға қойған едік…

Замандасының бәрі «виноват»

«Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват». Абай осылай дейді. Демек, еліміздің бір шетінде жас қыздар бір-бірінің шашын жұлып, іштен аяусыз тепкілеп, төбелесіп жатса — бәріміз кінәліміз. Екінші бір шетінде жасөспірімдер топтасып төбелесіп, біріне-бірі пышақ сұғып, өлтіріп жатса — бәріміз кінәліміз. Кәмелетке толмағандар артық сөзді көтере алмай, өзіне-өзі қол салып, өліп қалып жатса — бәріміз кінәліміз.Балалардың идеалы — ересектер.

Бүгін 5-сынып оқушысы сабаққа кешігіп келді, кеше де кешігіп келген. Анасы неге кешігіп жүргенін білмейді. Сынып жетекшісі хабарласса: «Күндегі уақытында кетіп жүр», —  дейді. Баламен өзім сөйлесіп көрмек болдым. Оқушым алдымда көңілсіз отырды.  Менің сұрағыма жауап берместен, сұрақ қойды: «Апай, неге үлкен адамдар қатыгез?». «Неге олай дейсің? Мүмкін сен дұрыс түсінбеген боларсың», — дедім. «Жоқ, апай, өткенде біреулер қоқыс төгетін жерге кіп-кішкентай мысықты тастап кетіпті. Өзі әп-әдемі, бір аяғы ақсап қалыпты. Үйге апарып жуындырдым, тамақ бердім. Кешке анам пен әкем келгесін ұрсып-ұрсып, мысықты үйден шығарттырып жіберді. Достарымызбен үлкен қорап тауып алып, подъезге қойғанбыз, бірінші қабатта тұратын апайлар «Алып кетіңдер» деп бізге тағы ұрысты. Тек Маша әже ғана бір күнге үйіне қоя тұруға рұқсат берді. Таңертең мысығымызды дәрігерге апарғанбыз, «Ақшаларың болмаса, қарамаймын» деп ұрысты. Ата-анамыздың бізге тамаққа деп берген ақшаның бәрін қосып, дәрігерге  мысығымыздың аяғына май жақтырып,байлатып алдық. Сабаққа кешігіп келдік, апайымыз ұрысты, барлық жағдайды айтып берген едік: «Қаңғыбас мысықтардың бәрінің артынан жүрсеңдер, кім сабақ оқиды,екінші қайталамаңдар» деді. Кешке мысығымызды қоятын жер таппадық. Далаға қалдырсақ, қаңғыбас иттер жеп қояды ғой. Қорабымен үйдің төбесіне шығарып қойып едік, таңертең тұрсақ, төбеден құлап өліп қалыпты», —  деп өксіп жылап жіберді.

Бұл жерде кім қатыгез,үлкендер ме,балалар ма? Бұл — балалар арасындағы қатыгездіктің бір ғана себебі. Бірақ ең негізгі себебі дер едім. Өзіміз байқамай балаларды қатігездікке тәрбиелейміз, — дейді Әбіш Кекілбаев атындағы №72 жалпы білім беретін орта IT мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Сатаева.

— Тағы бір себеп бар. Сыныптастарының, достарының, мұғалімдердің әсері баланың қатыгездігінің «дамуына» ерекше әсер етеді. Мұғалімдермен, жоғары сыныптағы балалармен арадағы келіспеушіліктер, сонымен қатар үлкен оқу жүктемесі жасөспірімнің онсыз да дірілдеген психикасына әсер етеді. Шаршап жүрген жасөспірімге жауапсыз махаббаттың да жүгі қосылады. Жасөспірімдер осылайша өз проблемасымен жалғыз өзі бетпе-бет келіп, шешімін таба алмай, оны түрлі агрессия арқылы шығарады. Мұны мен күнделікті жұмысымда бақылап, осы тақырыпты зерттеп жүргесін анық айта аламын, — дейді бала тәрбиесінде тәжірибелі педагог Шынар Сатаева.

Тәрбие мәселесі — ұлттың ең жанды жері. Әл-Фараби ғұлама жазып кеткендей: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы».

2020 жылы «Балаларды тәрбиелеудегі үздік елдердің» рейтингі жарияланыпты. Сол рейтингте Қазақстан 73 елдің ішінде 73-інші орын алған… Рейтинг өтірік жасалған, жалған деп бетбақтырмай айтқым-ақ келеді. Бірақ… әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан жасөспірімдердің қатыгездіктері айқын көрінетін видеолар көз алдыма келе береді…

— Мен де педагогтің айтқанымен келісемін. Баланың қандай болмағы — ата-анасына, яғни өзі еліктейтін ересек адамдарға тікелей байланысты болады.

Өзінің ішкі әлемімен жұмыс істей алмайтын, өзінің сезімдерін басқара алмайтын ересектер баламен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайды. Яғни бала қателессе, оған кешіріммен емес, ашумен, дөрекілікпен жауап береді. Бұл — қатыгездік.

Екіншіден, бүгінгі кішкентай балалардың ертеңгі жасөспірім екенін ескерсек, біз баланың қолына телефон беріп қою арқылы қару беріп, қатыгездікке тәрбиелеп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Интернет желісіндегі көптеген ойындар қатыгездік туғызады. Әсіресе адам өлтіретін ойындар өте қауіпті. Ойында көп ретте өлген кейіпкер қайта тіріліп жатады. Баланың санасында: «Демек, адамды қалай қинасаң да, ол ауырмайды, өлтірсең де, тіріліп кетеді» деген пікір қалыптасады. Бұл — баланың психикасына дұрыс емес ақпаратты енгізу. Бұл — қатыгездік.  

Үшіншіден, үйдегі жағдай да балаға сөзсіз әсер етеді. Егер отбасында әкесі анасын, үлкені кішісін ұратын болса, бала мұны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Демек, үлкені кішісін ұруға болады, кішісі бәріне төзу керек деген ой қалыптасады. Бұл — қатыгездік, — дейді психолог, гештальтерапевт Арайлым Тоқсанбаева.

Бақпасаң, бала кетеді…

Қазақ баланы бағып-қағып өсіру керек дейді. Осындағы бағу түсінікті, қағу ше?

—  Баланы бағу да керек, қағу да керек. Яғни балаңыздың досы кім, бос уақытында немен айналысады, ғаламтордан не қарайды, қалай сөйлейді, бауырларымен қарым-қатынасы, мектептегі тәртібі қандай? Ата-ана осының бәрін бақылап жүрсе, баланың жаман қылықтарын байқаса, дер кезінде көмектесіп, тәрбиелеп, қажет болса «қағып», орнына түсірсе, көп келеңсіздіктердің алдын алар едік, — дейді ұстаз Шынар Сатаева.

Педагогтің пікірінше, жасөспірімдер арасындағы қатыгездіктің белең алуының  тағы бір себебі тікелей тәлім-тәрбиеге, отбасының материалдық жағдайына қатысты. Бұрын тәртіпсіз балалар тек қолайсыз — нашар тұратын, жағдайы жоқ, толық емес, ата-анасы ішімдікке салынған, т.б. отбасыларда болатын еді. Қазір жағдай мүлдем басқа. Материалдық жағдайы өте жақсы, толыққанды, ата-анасы бар отбасы балалары да «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласының» керіне ұшырап отырған сыңайлы:

Баланы тым еркелетіп, қалтасын ақшаға толытырып, дегенін жасаудың да соңы жақсылыққа апармайды. Ата-анасының баласына деген шамадан тыс қамқорлығы балада «мені ешкім жазалай алмайды» деген түсінік қалыптастырады. Ата-аналардың мұндай шектен тыс сүйіспеншілігі, қамқорлығы баланың өз бетінше құпия шешімдер қабылдауға деген ұмтылысын тудырады. Уақыт өте келе максималды қамқорлықпен қоршалған бала ата-анасына өзінің тәуелсіздігін көрсетуге деген ұмтылысы бар, басқаруға көнбейтін жасөспірімге айналады, ол өз қалауы бойынша не істегісі келсе, соны істеуге тырысады. Көбіне айналасындағы әлсіз адамдарға, балаларға, жануарларға зорлық-зомбылық  көрсете бастайды, — дейді ол.

Ілкіде Ақтөбеде екі жасөспірімнің дүкенге ұрлыққа түскенін әлеуметтік желіден көрген адам көп шығар. Бетіне қара бетперде киіп алып, қарақшылық жолмен дүкеншіні қорқытып, ақшасын алып кетеді. 16-17 жас шамасындағы мұрты тебіндеп енді шыққан бозбалалар.

Арнайы жоспар құрып, сондай іске баруының өзі баланың ой-өрісінің қаншалықты жаман бағытқа кеткендігін көрсетеді. Бетперде киіп, үйінен пышақ алып келіп, оны дүкеншінің мойнына тақап, сөмкесін алып, қашып кеткен. Бұл — қарақшылық, ауыр қылмысқа жатады.

Екі жасөспірімнің бірі мұның алдында жеті рет ұрлық жасаған. Бұл жолы қарақшылық жасаған, яғни қылмыс жасауға деген ниеті үдеп бара жатқаны байқалып отыр. Өзі сот тарапынан бас бостандығы шектеліп, пробациялық бақылауда болған. Демек, бұл бала өзінің жасаған қателіктерінен титтей сабақ алмаған, қорытынды шығармаған. Біз бұл іске зерттеу жүргіздік. Баланың ата-анасы бар, бауырлары бар, толыққанды отбасы, материалдық жағдайы — орташа. Былайша қарағанда баланы қылмысқа итермелейтін еш себеп жоқ сияқты. Баланың айтуынша, бастапқыда ақша керек болып ұрлық жасаған, қажеттіліктері көбейген сайын сұраныстарын қанағаттандыру үшін ұрлық жасауды жалғастыра берген. Ата-анасының, мұғалімдерінің айтқанын тыңдамайды. Балада девиантты мінез-құлық байқалғаннан кейін арнайы мектепке барып та оқып келген, бірақ өз қателіктерінен ешқандай сабақ алмаған, түзелмеген. Енді ұрлықты қойып, қарақшылыққа ауысқан, демек, оны қоғамнан оқшауламау мүмкін емес. Бұл жасөспірімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — дейді Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ержан Құрманов.

Екінші бала бұрын ешқандай тәртіп бұзбаған, мына балаға еріп кеткен, оған бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған, яғни пробациялық бақылауда болады.

Судьяның да пікірі педагогтер мен психологтердің пікірімен тоқайласады: бала дұрыс бағылмайды, қатыгездік содан шығады. Судья балалар арасындағы қылмыстардың көбеюінің бірнеше себебін санамалап берді:

Бірінші: балаға тиісті бақылау жоқ. Ата-ана жұмыста жүреді, баламен сөйлеспейді, баланың не істеп, не қойып жүргенін білмейді. Бақылаусыз бала білгенін істейді. Мектеп тарапынан да дұрыс бақылау жоқ.

Екінші: балалардың материалдық жағдайының әртүрлі болуы, яғни әлеуметтік себептер. Балалардың тұтынып жүрген заттары әртүрлі болады, сондықтан бірі екіншісінікіне қызығады. Содан келіп ұрлық, бопсалау, буллинг пайда болады.

Үшінші: ақпараттың көптігі және сүзгіден өтпеуі. Бала білмейтін нәрсесін ата-анасынан емес, ғаламтордан іздейді, сұрайды. Ал ол жерден үнемі дұрыс жауап табу мүмкін емес.

Жасөспірімдер қылмысы өршіп тұр

Жасөспірімдер арасындағы қылмысты «ауыздықтауға» бәріміздің жабылып күшіміз жетпей жатқаны ақиқат. Мамандар қылмыстың өскенін айтып отыр. Кәмелетке толмағандар арасында әсіресе ұрлық, тонау көп екен. Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ержан Құрмановтың айтуынша, мектептің, колледждердің балалары топ болып бірігіп, өздерінің сыныптастарына не болмаса сыртта ішімдік ішкен ересектерге тиесілі заттарды ұрлап, тонау деректері тіркеліп жатады.

Қазір тонаудың тағы бір түрі пайда болды — «каспий голд» арқылы тонау. Яғни кәмелетке толмағандар топ болып жиналып, біреуді қоршап алып, оның «Каспий» қосымшасы арқылы дүкендерден ұялы телефон не басқа заттар сатып алуға мәжбүрлеп, жаңа заттың қорабын ашпай, ломбардқа өткізіп, қолма-қол ақша алады. Сол ақшаны бөлісіп алады. Көбіне кәмелетке толмағандар, мәселен, 16-17 жастағы ер балалар өзінен бір жас үлкен 18 жастағы балаларға тиіседі, себебі несиені тек 18 жастан асқаннан кейін алуға болады. Ол жігіт топтасқан жасөспірімдерден қорқады, сөйтіп, несиеге зат алуға мәжбүр болады.

Сонымен бірге алаяқтық та көп жасөспірімдер арасында. Мәселен, олар уатсап желісі арқылы «маған осынша ақша аударсаңыз, осындай қызмет көрсетемін» деп өтірік уәде беріп, ақшаны алып, із-түссіз жоғалып, алдап кетеді. Осындай бір-екі іс қарадық, — дейді ол.

Адамның денсаулығына қасақана зиян келтіруді көздейтін ауыр қылмыстар да азаймай отыр. Ержан Құрмановтың айтуынша, мұндай жағдайда тараптардың татуласуы да мүмкін емес. Себебі Қылмыстық кодекстің нормаларына сәйкес егер кәмелетке толмаған жасөспірім адамның денсаулығына, өміріне қауіп төндіріп, ауыр зиян келтірген болса, бұл іске қатысты үкім шығуы керек.

Мұндай қылмыстар да бар. Жасөспірімдер топ болып төбелесіп, бір-біріне пышақ тығып алып, тас лақтырып, ауыр зиян келтіріп жатады.

Жасөспірімдер арасында тағы да жиі кездесетіні — қылмыстық теріс қылықтар. Бұл қоғамға қауіптілігі аса жоғары емес қылықтар болып есептеледі және қылмыстың төрт санатына да кірмейді. Мәселен, бұған балалардың кастет ұстап жүруі жатады. Кастет — қорғасыннан жасалатын, төрт саусағына киетін үшкір зат, ол суық қаруға жатады. Көбінебұл зат теміржол вокзалынан өту кезінде табылып жатады. Жасөспірімдердің көбі оны «тауып алдым» деп жауап береді. Жақында бір жасөспірім осы затты қытайдың бір сайтынан интернет арқылы сатып алып, Алматы арқылы алдыртқан, оны вокзалдан күтіп алғанда ұсталып қалды. «Қызығып тапсырыс беріп, алып едім» дейді. Бұл теріс қылық болғаннан кейін және бірінші рет болған жайт екенін ескере отырып, жасөспірім кінәлі деп танылып, үкіммен бір жылға жауаптылықтан босатылды.

Жабық сот отырысында қаралатын істер де бар: кәмелетке толмаған балаға қатысты жыныстық тиіспеушілік, азғындық  мәселелеріне қатысты өтетін сот отырыстарында көбіне жауапкер ересектер болады. Олардың арасында 18-ден асқан жастар, орта жастағылар, тіпті зейнеткерлер де болды. Дені — ер адамдар. Бұл істер ауыр қылмысқа жататындықтан, басқа сотта қаралады, — дейді.

Мамандар тәртіп бұзған жасөспірімдерді жазалау емес, татуластыруға тырысады. Ең алдымен балалардың қылмысқа бару себебі, психикалық даму деңгейі, отбасылық жағдайы, бұрын-соңды қылмыс жасады ма, жоқ па — осының барлығы қаралып, ескеріліп, жаза тағайындалады. Қылмысты бірінші рет жасағандар көп ретте заңмен белгіленген тәртіп бойынша жәбірленушімен татуласып, іс тоқтатылып жатады екен. Бірақ ауыр қылмыстар жасалса, татуласу заңмен тыйым салынған.

Қатыгездікті тоқтату үшін не істеу керек?

Жасөспірімнің қылмыс жасауы — толып жатқан шексіз себептің салдары. Көзге көрінбейтін тәрбие деген нәзік процестің жүйесіз жүргізіліп, ақыры судың бетіне қалқып шыққан көрінісі. Бала нәзік жаратылыс болса, тәрбие одан да нәзік процесс. Бұл сұрақты біз сұхбаттастарымызға да қойып көрдік.

Кез келген ата-ана баласының бойынан девиантты мінез-құлықтың ұшқынын байқайтын болса, себебін алдымен өзінен іздесін. Өзін тәрбиелесін. Ересектер биологиялық-физиологиялық тұрғыда ғана емес, психологиялық тұрғыда да ересек болуы керек. Қандай да бір шешім қабылдау кезінде баланың рөліне еніп кететініңізді байқасаңыз, психолог маманға баруға кеңес беремін. Өзіңіздің нақты  психологиялық жасыңызды қалыптастырыңыз, егер психологке бара алмасаңыз, түрлі техникалар арқылы эмоцияңызды бақылауды, басқаруды үйреніңіз.

Өзіңіз қатыгез болып кетпеуіңіз үшін интернеттен қатыгездікке толы контенттерді қарамауға тырысыңыз, психикаңызды қорғаңыз, — дейді психолог.

—Бала үнемі ата-ананың қадағалауында болуы керек. Әсіресе жасөспірім кезең — өтпелі кезең өте қиын. Біз мектептерге, колледждерге үнемі кездесулерге барып тұрамыз. Балаларға болған қылмыстық істер, олардың жазасы туралы айтамыз. Көмегіміз тисе екен, балалардың болашағы бүлінбесе екен дейміз. Бұл ретте ата-ана, мектеп, құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс жүргізбесе болмайды, — дейді судья.

Бұл — үлкен мәселе. Мұнымен ұлт болып айналысуымыз керек. Ұлттық тәрбие, қоғамдық тәрбие қолға алыну керек. Қоғамның бастапқы ұяшығы ретінде отбасынан бастап, балабақша мен мектепте жалғастырып, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардағы ұжымдармен аяқтау керек. … Бала қатыгез болып тумайды — баланы қатыгез ететін біз — үлкендер және қоғам, — дейді педагог.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция подполковнигі Нұржан Мукумовпен де сұхбаттасқан едік. Ол облыста жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіліп тұратынын айтты. Ақтөбе облысы полиция департаменті қаңтар-наурыз айларында «Жасөспірім» және «Отбасы» атты жедел-профилактикалық акциялар өткізген. Бұл акциялар аясында  кәмелетке толмаған 1300-ден аса бала әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін полиция бөлімшелеріне жеткізілген. Сонымен бірге түнгі уақытта заңды өкілсіз көшеде жүргені үшін 1073 жасөспірім жеткізілген. Балалары түнгі 10-нан кейін ойын- сауық мекемелерінде болған 64 ата-ана, жасөспірімдерді осындай мекемелерге кіргізгені үшін 34 кәсіпкер, 21-ге толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқан 61 жеке кәсіпкер, темекі өнімдерін сатқан 5 кәсіпкер жауапкершілікке тартылған.

Қолайсыз отбасыларды тексеру барысында бала тәрбиесімен дұрыс айналыспағаны үшін 54 ата-ана  әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Және кәмелетке толмаған 200-ден аса бала, 173 қолайсыз отбасы полиция бөлімінің есебіне алынған.

Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың қоғамдық орындарда кешкі, түнгі мезгілде жүрмеуі, жастардың арасындағы  келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатымен профилактикалық іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады екен. Қаламыздағы ірі сауда-ойын- сауық орындарында да аталған мекеме тарапынан кезекшіліктер ұйымдастырылған.

P.S.Әрине, мұндай іс-шаралардың берері көп. Бірақ статистикаға қарасақ, әлде де ауқымдырақ, әлде де көбірек жұмыс жүргізілу керектігі анық байқалады. Қараңыз: Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ержан Құрмановтың айтуынша, аталған сотта қаралған істер бойынша 2021 жылы — кәмелетке толмаған үш адам, былтыр — үш адам, биыл бірінші тоқсанда бір адам бас бостандығынан айырылған. Кәмелетке толмағандар заңға сәйкес 3 жылдан 10 жылға дейін жазасын өтейтін болады. Ал алдыңғы жылы — кәмелетке толмаған 9 адам, былтыр — 10 адам, биыл бірінші тоқсанда 4 адам бас бостандығы шектеліп, пробациялық бақылауға алынған. Мұның барлығы да 18 жасқа толмаған бозбалалар.

Құс балапаны үшін тұзаққа түссе, адам баласы үшін азапқа түседі. Азапқа түспеу үшін жердің үстінен жердің асты жақсы болғанын қаламасаңыз, баланың ең алдымен, тәрбиесіне мән беру керек. Әрине, бір ғана мақаламен бұл мәселенің себеп-салдарын анықтап, түйінді шешу мүмкін емес. Сондықтан бұл тақырыпты алдағы уақытта тағы да қаузайтын боламыз. Және оқырманның осы мәселеге қатысты пікірін күтеміз.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button