Басты жаңалықтарМәдениет

Жыл сайын жаңарған «Balausa»

Ақтөбенің брендіне айналған VІ халықаралық «Balausa» эксперименталды спектакльдер фестивалі өз мәресіне жетті. Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған өнер додасында Ресей, Татарстан, Қырғызстан елдерімен қатар, республикамыздың бірнеше өңірінен келген 8 театр бағы мен бабын сынады.

«Ешкім жүлдесіз қайтпайды»

Ақтөбеде алтыншы рет өткен жатқан театр мерекесінің тарихы 2016 жылдан басталады. Сол жылы Ақтөбе қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай республикалық жастар және студенттік театрлар арасындағы «Balausa» фестивалі өткен болатын. Ал 2017 жылы халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстан драма театрлары арасындағы II республикалық «Balausa» эксперименталды қойылымдар фестивалі шымылдығын түрді. 2018 жыл да ел мәдениеті үшін елеулі даталарға толы жыл еді. Бұл жылы фестиваль Астана қаласының 20 жылдығына және Т.Ахтановтың 95 жылдығына орай алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылса, 2019 жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орайластырылды. Ал 2022 жылы аталған іс-шара 5-ші рет өткен болатын.

— Биылғы фестиваль күллі қазаққа ортақ тұлға Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат — мәдениет саласының ішіндегі театр өнерін дамыту, тәжірибе алмасу, сондай-ақ өнер ұжымдарының арасындағы байланысты нығайту. «Balausa»дан бірде-бір өнер ұжымы жүлдесіз қайтпайды. Дәстүрлі номинациялардан бөлек, Темірбек Жүргенов атындағы арнайы жүлде бар, — деген Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының директоры Сайлау Қамиев биылғы фестивальге қатысуға 30-дан астам театр ұжымы ниет білдіргенін айтты.

— Бір қуантарлығы, жыл сайын фестивальге қатысқысы келетін театрлар саны артып келеді. Биыл өтініш білдіргендердің ішінен 8 ұжымды таңдап алдық. Іріктеу барысында «эксперименталды» деген бағытты ұстауға тырыстық. Таңдап алынған қойылымдардың екі-үшеуі осы бағытқа сай келеді. Қалғандарына эксперимент жолындағы ізденіс ретінде қарауға болады, — деді ол.

Шараның салтанатты ашылуы 20 сәуір күні өтті. Ақтөбеліктер театр мерекесіне келген өнердегі достарын қызыл кілем жайып, зор қошеметпен қарсы алды.

«Столетвмакондо» үздік деп танылды

Өнер ұжымдарының еңбегін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, өнертану ғылымының кандидаты Еркін Жуасбек бастаған топ бағалады. Қазылар алқасының құрамында Загир Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының өнер теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі, доцент Айсұлу Сагитова, драматург, театр шолушысы, арт-менеджер Ольга Малышева, театртанушы, Театр сыншылары бірлестігінің мүшесі Жансая Тұрмағанбет, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, театртанушы, «Өнертану» магистрі, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Әдеби және ғылыми қор» бөлімінің басшысы Мирас Әбіл бар.

Бірнеше күнге созылған шараның жабылу салтанаты 24 сәуір күні өтті. Шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова қатысып, өнер ұжымдарына сәттілік тіледі.

Қазылар алқасының шешімі бойынша Ресейден келген М.В.Ломоносов атындағы Архангельск драма театрының ұжымы қойған «Столетвмакондо» спектаклі байқаудың бас жүлдесін алып, «Үздік қойылым» номинациясымен марапатталды.

«Үздік режиссерлық жұмыс» деп халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің бірнеше мәрте лауреаты Дина Жұмабаева режиссерлық еткен  Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахналаған «Оян, қалыңдық» спектаклі танылды. «Үздік сценографиялық жұмыс» номинациясын «Жәмиләны» сахналаған  Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры иеленсе,  «Үздік  ер адам рөлі» «Көксеректегі» Көксерек рөлі үшін С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының  актері Мәди Саденовқа бұйырды.

«Үздік  әйел адам рөлі» номинациясын Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының  «Мертвые души» қойылымындағы «Незнакомка» рөлі үшін Руфина Ибрагимова-Кылосова иеленді. Татарстаннан келген Буа мемлекеттік драма театры «Шобаға» әдеби-музыкалық композициясымен «Үздік  актерлік  ансамбль» номинациясын алды. Бұл фестивальде номинациялардан бөлек, екі арнайы жүлде тағайындалған болатын.

«Қ.Жетпісбаев атындағы арнайы жүлдені» «Қаралы сұлу» қойылымын сахналаған

Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық облыстық қазақ драма театры  иеленсе, Қырғызстаннан келген «УЧУР» мемлекеттік жастар театры «Т.Жүргенов атындағы арнайы жүлдеге» қол жеткізді. Қырғыз бауырлар ақтөбелік театрсүйер қауымға «Мать Олениха» қойылымын алып келіпті.

Барлық номинанттарға диплом мен ақшалай сыйлық табыс етілді.

«Balausa»— театр саласындағы жаңа есімдердің шамын жағатын фестиваль. Мен өткен жылы да тамаша іс-шараның куәсі болған едім. Бұл жолы да фестиваль жоғары деңгейде өтті. Қандай іс-шара болмасын, оның табысты өтуі алғашқы сатысынан басталады. Бұл жолғы өнер додасының іріктеу кезеңінің өзі әділ өткендігін біз байқау барысында анық көрдік. Фестивальге қатысқан 8 театр  қойған қойылымдар көңілімізден шықты. Халықаралық деңгейдегі шараны ұйымдастыушыларға, қолдау білдірген облыс әкімдігіне алғыс айтамыз. Алдағы уақытта аясы кеңейіп, жалғасы болғанын қалаймыз, — дейді қазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек.

Загир Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының өнер теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі, доцент Айсұлу Сагитова:

— Ақтөбеге екінші рет жолым түсіп, халықаралық деңгейдегі байқауда қазылар қатарында болдым. Театр ұжымдарының басын біріктіретін бұл фестивальге ұзақ ғұмыр тілеймін. Барлығы ұнады. Керемет әсер алдық, — деп лебізін білдірді.

Мирас ӘБІЛ, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, театртанушы, «Өнертану» магистрі, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Әдеби және ғылыми қор» бөлімінің басшысы:

— Бұдан бұрынғы байқауларда сегіз рет Гран-при алған Татарстаннан келген әріптестер сахналаған «Шобаға» деген спектакльді тамашаладық. Онда 22 жастағы қыздар сахнада үлкен кемпірлердің рөлін ғана емес, образын жасап шықты. Аталған қойылым біздің еліміздегі кез келген театр актрисаларына үлкен шеберлік сағаты ретінде көрсететін дүние болды. Үлкен әсер алдық. Ал фестивальдің соңғы күнінде Ресейден келген театр ұжымы сахналаған қойылым одан да асып түсті. Біріншіден, Габриэль Гарсиа Маркестің Нобель сыйлығын алған «Жүз жылдық жалғыздық» шығармасын қою кезкелген режиссердің қолынан келе бермейді.  Екіншіден, бұл ұжым режиссердің бастапқы идеясына барлық театр компоненттері жұмыс істеген керемет толыққанды қойылымды көрерменге ұсына білді. «Үздік спектакль» деген атауға барлық жағынан да сай келген қойылым осы болды. Бұл жердегі қазылар алқасының ойы бір жерден шықты. «Balausa»-ның абыройын аласартпай кетіп бара жатырмыз деген ойдамыз. 

 

Дина ЖҰМАБАЕВА, режиссер, халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің бірнеше мәрте лауреаты:

— Мен театр саласында 10 жылдан астам уақыт жүрген режиссер ретінде Қазақстанның театрлары өте жақсы бағытта келе жатқанын айтқым келеді. Қай жағынан алып қарасаңыз да, ілгерілеушілік бар. Сондай-ақ қазір жеке театрлар саны көбейді. Жеке болғаннан соң олар бір-біріне ұқсамайды, әртүрлі бағытта жұмыс жасайды. Жас болса да білікті режиссерлерді де көріп жүрміз. Қазір еліміздегі театр ұжымдары халықаралық деңгейдегі байқауларға жиі шығады. Бұл бізді қуантады. Ақтөбе облысы ұйымдастырған халықаралық деңгейдегі «Balausa» фестивалінің де деңгейі жоғары болды.

Андрей ТИМОШЕНКО, М.В.Ломоносов атындағы Архангельск драма театрының бас режиссері:

— Бұл біздің театр тарихындағы шетелге шыққан алғашқы гастрольдік сапарымыз деуге болады. Бүгінгі жүлде биыл 90 жылдығын атап өтетін өнер ұжымы үшін үлкен сый болды. Өте қуаныштымыз. Ең соңғы болып өнер көрсететін болғандықтан, Ақтөбеге сәл кештеу келіп қалдық. Сондықтан тек Татарстаннан келген әріптестеріміз сахналаған спектакльді көріп үлгердік. Қойылым бізге ұнады. Тамаша әсер алдық.  Ал өзіміз алып келген спектакльді қою барысында аздаған сахналық кедергілер болды. Мәселен, қойылымның соңында көбелектердің ұшуы, жаңбырдың жаууы секілді сәттерді келтіру бізге қиындық тудырды. Дегенмен бәрі ойдағыдай. Осындай тамаша фестиваль ұйымдастырған ақтөбеліктерге алғыс айтамыз.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button