Басты жаңалықтар

Конкурс — әнді халыққа жеткізу жолы

Жексенбі күні Т.Ахтанов атындағы драмтеатрда Ақтөбенің перзенті, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі,  Халықаралық конкурстардың лауреаты Бейбіт Оралұлы әндерінің республикалық конкурсы басталды. Конкурстың төрағалығына ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Кеңес Дүйсекеев шақырылды.

Конкурс басталар алдында Бейбіт Оралұлы, Кеңес Дүйсекеев, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Н.Табылдинованың қатысуымен баспасөз мәслихаты өткізілді. Басқарма бастығының айтуынша, республикамыздағы 15 облыстың онынан әншілер қатысуға тілек білдіріпті.  Кеште Бейбіт Оралұлының 27 әні орындалды. «Осындай конкурсты өткізу туралы бастаманы кім көтерді?» деген сұраққа Бейбіт Оралұлы: «Үш-төрт жылдан бері Ақтөбедегі азаматтар айтып жүрген-ді, биыл сәті түсіп отыр. Облыстық мәдениет басқармасы, облыстық халық шығармашылығы үйі шараның өткізілуіне ұйытқы болды», — деді. Осы сұраққа Кеңес ағамыз былай деп жауап берді: «Бұл конкурсты 2006 жылы Қызылордада алғаш қолға алған мен едім. Туған жерімдегі азаматтардың  қолдауымен әуелі аймақтық болып басталған  менің әндерімнің конкурсы кейін республикалық, одан халықаралық деңгейге көтерілді. Бүгінде Әзірбайжаннан, Түркиядан, Қытайдан келіп әншілер қатысуда. Екі жылда бір өткізіледі.

Одан Батыс Қазақстанда Ескендір Хасанғалиев әндерінің конкурсын өткізу дәстүрге айналды.  Бейбітке : «Ақтөбеде өз конкурсыңды неге ұйымдастырмайсың?» деп ой тастағанбыз. Бейбіттің мықтылығы сол, алғашқы конкурсының өзін бірден республикалық деңгейде өткізіп отыр. Мәселенің бәрі қаржыға байланысты. Осы конкурс Ақтөбеде дәстүрге айналуы үшін ол бюджетке енуі қажет, әйтпесе бірде өтіп, бірде өтпей, қадірі кетуі мүмкін.

Ескендір екеуміз өз конкурсымызда өзіміз  қазылар алқасының төрағасы болатынбыз, ал Бейбіт інімнің қазақы, жөн-жосықты білетіндігін, кішіпейілдігін  осыдан-ақ байқарсыз, төрағалыққа мені шақырыпты. Ініміз айтып тұрғанда, неге келмеске?!

Ақтөбенің азаматтарына рақмет, бұл өнер адамына үлкен қолдау, конкурстың мақсаты — композитордың атағын шығару емес, олардың әндерін халыққа жеткізу».

Композиторлар басқа да сауалдарға жауап берді.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button