Мәдениет

45 жылғы сағыныш

Өткен апта Шалқар қалалық № 1 қазақ орта мектебінің 1966 жылғы түлектері Ақтөбе қаласында 45 жылдан кейін кездесті.
Кездесуге келген түлектердің ішінде бірін-бірі танымай қалып жатқандары да болды. 17 жасында мектеппен қоштасып 60-тан асқанда жүздескен жандардың қуаныштарында шек жоқ! Балалық шақтағы қызықтарын айтып мәре-сәре. Тосын көзге қызыға қарайтын көрініс бұл!
Кездесуге дайындық барысында да түрлі-түрлі жағдайларға кез болғанымызды айта кетейік…
Мектеп өмірінен суреттер жинастырып жүргенде бір кластасымыздың немересі 7-ші кластағы әжесінің суретін көріп:
— Әже, сен де мектепке барғансың ба? — деп күлдірген.
— Е, мен осы әже күйімде аспаннан түсіп қалды деп пе едің? — деп әжесі реніш білдірген болып жатыр.
Кездесуге сонау Алматыдан ат арытып келгендермен қатар, өзіміздің Алға, Шалқар, Хромтау аудандарынан кластастарымыз отбасыларымен жиналды.
Бір-бірін сағынған әрбір түлек өз өмірлерінен мағлұмат берді. Туған еліне, халқына қандай қызмет көрсеткендерін, қандай ұрпақ тәрбиелегендерін мақтанышпен айтты. Кешегі жеткіншектердің арасынан журналист те, ғалым да, ел басқарған парасатты басшы да, тәлім-тәрбие беруші ұстаз да, ақ халатты абзал жан да шығыпты. Олар қазір абзал әке, ардақты ана, көбісі немере сүйіп отыр.
Әрине, осындай шәкірттерді тәрбиелеген, білім нәрімен сусындатқан ұстаздар атына арналған алғыс шексіз болатыны белгілі. Олардың ішінде осы тойға қатысқан Бөпей Көрпебаева, Нақыш Қозайдарова апайлар мен Дәулетжан Қыдыров ағай әр шәкіртінің қасиет-қылықтарын дара-дара сипаттаудан жалықпады және әрбірінің аты-жөнін айтып, танығандары көңіл қуантады.
Біз бір-біріміздің осындай жетістіктерімізді жарыса тыңдадық және шын көңілден бұл үшін қуана білдік!

Салтанат НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button