Басты жаңалықтар

«Жас дәуреннің» жеңімпаздары

Жыл сайын ұйымдастырылатын жастар мен студенттердің «Жас дәурен — 2011» облыстық фестивалі биыл да өз мәресіне жетті. Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда фестиваль жеңімпаздары марапатталып, облыс әкімінің Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарына ие болды.
Биылғы ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына арналған байқауға қатысуға әуелде тоқсаннан астам үміткер тілек білдірген еді. Сөйтіп, сәуір айынан бері халықтық шығармалар, вокал және би жанрынан үш кезең бойынша іріктеу сындары өткен болатын. Сол сыннан сүрінбеген 40 қатысушы, міне, фестивальдың лауреаттары мен дипломанттары атанып отыр.
— Қатысушылар саны жыл сайын көбейіп келеді. Ақтөбе қаласындағы оқу орындарында оқитын, әсіресе, аудандардан келген жастар өте көп. Фестиваль алда да осылайша қанатын кең жая беретіні даусыз, — дейді облыстық халық шығармашылығы үйінің бөлім бастығы Гүлнар Романова.
Фестиваль жеңімпаздарын облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова құттықтап, облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарын табыс етті.
— Бұл байқау облыс әкімінің қолдауымен 1997 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол уақыттың аралығында көптеген жастарымыз үлкен өнерге қанат қақты. Қазір олардың біразы республикалық, халықаралық деңгейдегі додаларда облысымыздың мерейін асырып жүр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында жастарға үлкен сенім артатындығын және қолдау көрсететіндігін айтқан болатын. Біз де жастардың болашақта еліміздің абыройын асқақтатарына сенеміз, — деді Н. Табылдинова.
Фестивальдың қорытындысы бойынша, 6 өнерпаз 1-дәрежелі лауреат атанды. Солардың бірі — А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің 2-курс студенті Нұртас Омаров:
— Мен бұған дейін де Алматыда өткен «Бозторғай» байқауынан бірінші орынды жеңіп алғанмын. Онда «Дудар-ай» әнін орындаған болатынмын. Еңбегім ескеріліп, өнерім бағаланып жатқанына ризамын. Әлі де талай белестерді бағындыратыныма сенімдімін, — дейді.
Мерекелік шара барысында облыстың мәдениет, білім және спорт салаларының дамуына үлес қосып, әртүрлі халықаралық және республикалық байқауларда жеңімпаз атанған жастар да облыс әкімінің Алғыс хаттары мен сыйлықтарымен марапатталды.
Фестиваль жеңімпаздардың гала-концертімен аяқталды.
Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button