Жастарға сүйеу болған бағдарлама

«Ақтөбе жастары»
Елімізде жас мамандарды қолдау мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Мәселен,былтыр өңір жастарына арналған «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы енгізіліп, биыл қыста оның алғашқы қатысушылары өз пәтерлеріне кіріп үлгерді.
Ақтөбе жастарын үймен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіле бастады? Жас мамандар жеңілдікпен баспана алу үшін не істеуі керек? Осы ретте 35 жасқа дейінгі ақтөбеліктердің баспана сатып алуына мүмкіндік беретін бағдарлама туралы айтуды жөн көрдік.
Ұсыныс пен қолдау
Қай кезде де баспана — бас ауыртар мәселе. Әсіресе ауылдан қалаға оқу немесе жұмыс іздеп келген жастар үшін пәтер жағалап, әлсін-әлсін көшіп-қону қиынға соғары анық. Қазіргі уақытта еңбекке енді араласқан жастардың айлық жалақысынан қаражат үнемдеп, баспана ала қоюы да екіталай. Дипломын қолына алып, еңбек жолын енді бастаған жас мамандар үшін үй алу — күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 15 және 34 жас аралығындағы тұрғындардың саны 6 миллионға жуық. Ал мемлекеттің басты бағыттарының бірі — жастарды сапалы біліммен, жұмыс орнымен және баспанамен қамту.
Бұл жағдайдың жарқын дәлелі — жастарға арналған көпқабатты үйлердің еліміздің барлық аймағында бой көтеруі және сол үйлердегі пәтерлердің жеңілдетілген шарттармен ұсынылуы.
Былтыр қазан айында облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің белсенді жастарымен кездесті, осы жерде тұрғын үй мәселесі көтеріліп, жас ақтөбеліктерді баспанамен қамту туралы ұсыныс айтылды. Бұл ұсынысқа қолдау білдірген өңір басшысы желтоқсанда Астана қаласында өткен «Aktobe Investment-2022» VII халықаралық инвестициялық форумы барысында «Отбасы банкінің» Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимовамен арада «Ақтөбе жастары» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойған болатын. Сол форумда соңғы бес жылда «Отбасы банктегі» жас салымшылардың депозиттік базасының 35 пайызға өскендігі, яғни 18 бен 35 жас аралығындағы 925 мың тұрғын баспана алу үшін жинақ шоттарына ақша салып жатқандығы айтылды.Бұл ел жастарының тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сенім артатындығын көрсетеді. «Отбасы банк» өз салымшыларын, яғни жастарды қолдау мақсатында әкімдіктермен бірлесіп, еліміздің әр өңірі бойынша тұрғын үй бағдарламаларын белсенді түрде іске қосып келеді. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, Ақтөбе облысы — жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырып отырған тоғызыншы өңір.
Форумнан кейін облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы бірлесе отырып, жастарды тұрғын үймен қамту үшін жаңа бағдарламаның тұжырымдамасын әзірледі. Бағдарламаны іске асыру мақсатында былтыр 600 миллион теңге қаражат бөлінді. Оның 300 миллион теңгесі «Отбасы банк» арқылы, қалған 300 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен қаралды.
Құжат пен қаражат
«Отбасыбанктің» облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің І санатты маманы Сәкен Сүлейменовтің айтуынша, аталған бағдарлама бойынша бөлінген 600 миллион теңге қаражаттың 593 млн 590 мың теңгесі мақұлданып, қазіргі таңда 563 млн 590 мың теңгесі тұрғын үй алуға несиеге берілді. Қалған қаржы да берілуге жақын.
— «Ақтөбе жастары»тұрғын үй бағдарламасына 18-35 жастағы жастар немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің қатысуына мүмкіндік берілді. Барлығы мың жарымға жуық өтініш түсті. Бұл тұрғын үй несиесін рәсімдеу үшін 10 пайыз бастапқы жарна сұралды.Әрі соңғы бір жыл ішінде Ақтөбеде тұрақты тіркеуде тұруға тиіс. Сонымен бірге өтініш беру кезінде, онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің облыста тұрақты тіркеуде тұруы міндеттеледі әрі жеке баспанасы болмауға тиіс.Қатысушы ресми түрде соңғы 12 айда жұмыс істегенін және зейнетақы аударымдары барын растауы қажет.Сондай-ақ қатысушылардың төлем қабілеттілігі тексерілді. Жастар құны 15 миллион теңгеге дейін берілетін несиеге ыңғайлап, бастапқы және қайталама нарықтағы үйлерденөз қалауына сай баспана іздеді. Олардың төлем қабілеттері ескеріліп, таңдаған үйлерін сатып алу үшін 23 жылға дейінгі мерзімге 5 пайыздық мөлшерлемемен несие алды.Биыл бұл бағдарламаның арқасында 42 жас пәтерге ие болып жатыр,—дейді Сәкен Сүлейменов.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Елеусіз Нұрғалиевтің айтуынша, өтініштер былтыр 15-30 желтоқсан аралығында жазбаша нұсқада Әйтеке би көшесі, 39 мекенжайында орналасқан облыстық жастар ресурстық орталығында қабылданып, 14 күн бойы қаралды.Жолдаманы алған өтініш беруші 10 жұмыс күні ішінде төлем қабілетін растаудан өтуі үшін «Отбасы банктің» кез келген қызмет көрсету орталығына жүгінді. Банк тексеруінен өткеннен кейін 30 күнтізбелік күн ішінде қатысушы тұрғын үйді таңдап, құжаттарды «Отбасы банк» АҚ-ға ұсынды.
— «Ақтөбе жастары» бағдарламасының алғашқы қатысушылары пәтер кілттерін алып, қуанып жатыр. Барлығы 42 жас үйлі болды. Облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асқан жастарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы биыл да жалғасатын болады. Алдағы сессияда жергілікті бюджеттен жастарды барынша баспанамен қамту мақсатында бөлінетін қаражат мөлшері анықталмақ. Біздіңше, қаражат былтырғыдан гөрі көбірек бөлінуі мүмкін. Себебі облыс әкімі жастармен кездескенде тұрғын үй мәселесіне бейжай қарай алмайтынын, барынша қолдайтынын айтқан болатын. Ал бағдарлама шарттары сол күйі өзгермейді, — дейді облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Елеусіз Нұрғалиев.
Үй алғандар не дейді?
Осы орайда біз «Ақтөбе жастары» бағдарламасының игілігін көріп отырған жастармен сөйлестік. Әсет Сисенов, Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актері:

— Биыл «Ақтөбе жастары» бағдарламасы іске қосылып, жастарға үлкен мүмкіндік берілді. Осы бағдарламаны естігесін «қатыссам, қалай болады екен?» деген ой маза бермеді. «Әділ болама»? деген ойдың болғаны рас. Бірақбарлығы шынайы өтті. Аталған бағдарламаға соңғы күні барып, құжат тапсырдым. Құжаттардың барлығын реттеуге көмектескен театрдың әкімшілік қызметкерлеріне алғыс айтамын. Екі аптадан соң өтініш берген мыңнан астам адамның арасынан тек бағдарлама шарты мен банк талаптарына сай келетіндері іріктеліп алынды. Іріктеуден өткен 40 адамның ішінде бар екенімді білгенде, қуаныштан жүрегім жарылардай болды. Ертеңіне «Отбасы банкке»бардық. Негізі, «Отбасы банктегі» есепшотыңызда әкімшілік беретін ақшаның 10 пайызы болғаны дұрыс. Ең қиын болғаны,үйдегі жалғыз асыраушы болғандықтан,несием жоқ болсада, театр қызметкерінің айлық жалақысының жетпеуі көңілге қаяу түсірді. Содан кейін жан-жаққа шығып, кепілгер болатын адамды іздеп,оны да тауып, сосын алатын үйді іздеуге кірістік. Аллаға шүкір,ойымыздан шығатын пәтерімізді тауып, кілтін алдық. Ең қуаныштысы, сол күні шаңырағымда шекесі торсықтай ұл дүниеге келіп,қуанышымды одан сайын еселей түсті. Осындай керемет бағдарламаны ойластырып, жастарға үлкен қолдау білдіріп жатқан облысымыздың әкімі Ералы Лұқпанұлына ризашылығымды білдіремін, — дейді.
Ал Ақтөбе қаласындағы №29 орта мектептің мұғалім-лаборанты Гүлбану Көптілеуова:

— Қалаға Әйтеке би ауданынан келдім. Көптен күткен мақсатыма қол жеткізіп, биыл қаңтар айында пәтер алдым, қуаныштымын. Аллаға шүкір. «Ақтөбе жастары» — мен сияқты баспана алуға ниетті жас мамандарға арналған тиімді бағдарлама. Бұған дейін «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына үш рет өтініш білдірдім, мақұлдаудан өтпей, сәтсіз аяқталды. Ал «Ақтөбе жастары» бағдарламасы туралы жергілікті ақпарат құралдарынан оқып білдім.Жастардың дені баспана сатып алайын десе, бастапқы жарнаға ақша жеткізе алмайды. Ал бұл бағдарламаның тиімділігі сол — бастапқы жарнасы — 10 пайыз. Бір жерде тапжылмай 12 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқасын ба, «Отбасы банк» қызметкеріне жолыққанымда, жалақы жағынан мәселе болмады, төлем қабілеттілігім расталған соң, 14 жылға несие рәсімдедік, яғни жаңадан салынған үйден бір бөлмелі пәтерді 11 миллион теңгеге сатып алдым. Үйімізге мектеп жақын, өзіме де, қызыма да жақсы болды. Балабақша да тиіп тұр. Бұнымен тоқтап қалмай, деніміз сау болса, пәтерді кеңейтуді де ойлап қоямыз. «Ақтөбе жастары» бағдарламасы жалғасын табады деп естідім. Осы ретте баспаналы болуды армандап жүрген замандастарыма қолайлы шарттары бар осы бағдарламағақатысып көруге кеңес беремін, — дейді.
P.S.Бағдарлама биыл да жалғасады дедік. Ендеше, несиеге пәтер алуды ойлап жүрсеңіз, қолайлы шарттары бар бағдарламаға қатысып, бағыңызды сынап көріңіз. Ол үшін үлгі бойынша өтініш, білімі туралықұжат, неке қию туралы куәлік (бар болса), балалардың туу туралы куәлігі (бар болса), өтініш берушіге және Қазақстан Республикасы бойынша барлық отбасы мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтамасы, белгіленген үлгідегі фирмалық бланкіде, жұмыс өтілі көрсетілген, жұмыс орнынан анықтамасы, ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар қажет.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



