Ораза айтты қалай атап өткен жөн?

Рамазан айындағы ораза — мұсылмандар үшін парыз амал. Ал осы парыз өтелгеннен кейін Ораза айт мерекесі келеді. Халқымыз айтқандай: «Отыз күн оразаның бір Айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайты бар».
Кеңес тұсындағы тыйымға дейін халқымыз үш үлкен мерекені кең көлемде атап өткен. Бұлар — Наурыз, Ораза айт және Құрбан айт.
Ораза айт — әлемдегі барша мұсылманға ортақ мереке. Дін қызметкерлерінің айтуынша, шариғатта Ораза айт — бір күн, ал Құрбан айт 4 күн мерекеленеді. Алайда халқымыздың салтында Ораза айтты үш күн бойы тойлау қалыптасқан. Мұның астарында құр дабыра, тойшылдық емес, керісінше, ағайын арасындағы бауырмалдықты, аралас-құраластықты неғұрлым арттыру, сол арқылы бірлікті нығайта түсу ниеті жатыр.Қазіргідей мерекесі көп заман да емес, жылына айналып келетін үш мейрам арқылы ағайын-туыстың арасын жақындата түсуге барынша көңіл бөлінген.
Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Байкемелұлының БАҚ-та жариялаған мәліметі бойынша, 1921 жылы 5 наурызда ҚазАКСР-ы Орталық атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешов қол қойған құжатта Наурызбен қоса, Ораза айт пен Құрбан айт та ресми мереке ретінде бекітілген. Осы қаулыда да Ораза айт пен Құрбан айттың үш күннен тойланатыны көрсетіліпті.Ал кей зерттеушілердің пікірінше, 1926 жылдан кейін бұл қаулының күші жойылған, яғни аталған мейрамдар ресми мерекелердің қатарынан алынып тасталған. Тек тәуелсіздіктен кейін халқымыз ата-бабалар ғасырлар бойы атап өткен үш мерекемен қайта қауышты.
Ораза айттың басты амалдарының бірі — айт намазын оқу. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» еңбегінде айт намазы мешіт бар жерде оқылатыны көрсетілген. Ал өз тұсында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Айт намазына бет алғанда бір жолмен барып, қайтарында басқа жолмен қайтқандықтан, бұлай ету сүннет амал ретінде әлем мұсылмандарының арасында қазірге дейін ұсталып келеді. Айт намазына барарда ғұсыл құйынып, барынша таза, бар болса жаңа киім киініп шығу керек. Ақтөбеде айт намазы барлық мешіттерде ертеңгілік сағат 7.00-де басталады.
Айта кету керек, жылына бір рет — рамазан айының ішінде берілетін пітір садақасы айт намазына дейін беріліп болуға тиіс. Айт намазынан кейін берілген садақа жай садақа болып есептеледі. Биыл еліміз бойынша пітір садақасының орташа мөлшері жан басына 535 теңге болып бекітілді. Ауқатты отбасылар пітір садақасын жан басынаекі келі мейіз (4270 теңге) немесе 4 келі құрманың (8090 теңге) құнымен де бере алады.
Намаздан кейін мерекелік шаралар басталады: адамдар бірін-бірі құттықтап, ренжіскен жандар бір-бірінен кешірім сұрап, өткен реніштер ұмытылуға тиіс. Бір-бірінесыйлықтар беру, әсіресе балаларға айттық беру, арнайы дастарқан жаю мерекенің мәнін арттырып, оны сезіне түсуге үлес болады. Ал Пайғамбарымыз өз хадистерінде мұндай амалдарды туыстық қатынасты күшейтеді деп көрсетіп, үлкен сауап ретінде айтқан.
Ораза айт күнгі сый-сияпат, жалпы барлық жақсылық, ең алдымен, жақын адамдарыңа бағытталуы керек: отбасы, ата-ана, бауырлар, көршілер, тума-туыс, дос-жаран, т.б. Сонымен бірге айналаңыздағы мұқтаж жандарды да ұмытпаңыз. Жетім-жесірге, міскіндерге, басына қиындық түскен жандарға көмектесу — әр күнгі міндет. Алайда, әсіресе Айт күні оларды ұмыт қалдырмай, басқалармен бірге шаттануына, мерекені сезінуіне жағдай жасаудың жөні бөлек саналған.
Сондай-ақ Айт күніне бір сәт оңаша қалып, Құран оқу, ата-бабалардың, бақилық болған жақындарыңыздың рухына Құран бағыштау, науқас жандардың көңілін сұрай бару, ренжіскен адамдарды татуластыру секілді сауабы мол істерді жоспарлауыңызға да болады.
Көпшілігіміз рамазаннан кейінгі шәууал айының ішінде де алты күн ораза ұстауды дұрыс көреміз. Өйткені хадисте: «Кімде-кім рамазан айының оразасынан соң шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады», — делінген. Алайда Айт күні ораза ұстауға болмайды. Дінімізде Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салынған.
Ораза айт құтты болсын!
А.САРЫБАЙ.

Қадірлі ақтөбеліктер!
Күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі Ораза айт мейрамымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Айт қабыл болсын!
Қасиетті рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт — жүрекке қуаныш пен мейірім сыйлайтын, адамзат баласын ізгілікке, достық пен бауырластыққа, қанағат пен қайырымдылыққа үндейтін мейрам. Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейтін күн. Бір ай бойы шынайы ықыласпен ұстаған оразамыз, оқыған Құран хатымымыз бен намаздарымыз, берген зекет пен пітір садақаларымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болып, қасиетті айдың берекетіне бөленіп, сауабына кенеліп, күнә-қателіктерімізден арылуды, жылдан-жылға, айдан-айға аман-есен жетуімізді Алла тағала баршамызға нәсіп еткей!
Алла тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…»—дейді.
Ораза айт — отбасылық мереке. Айт күндері ата-анамызды, ұл-қыздарымызды, аға-бауырларымызды қуанышқа кенелтіп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен мүгедек жандарға көмектесудің сауабы мол екенін ұмытпайық.
Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, еліміз бен жеріміз, әлем жұртшылығы түрлі қауіп-қатерден аман болсын!
Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл-имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы.
НАСИХАТ: ПІЛ МЕН МАЙМЫЛ
Пілдің бар жақсы көретұғын жемісін піл жүретұғын жерге шашып, шұбатып соқпаққа шашып, оны тереңдеп барып тұйық жар қылып қойса, піл жемісті тере-тере тұйыққа қамалады. Сонда артын бекітіп қойып біреу ұрған болып, біреу арашалап алып, әлгі жемісті беріп, үйір қылып алып, көп жүк артып һәм ойнатып жетелеп жүреді.
Маймыладам не қылса, сонықылуғақұмар. Оны біліп тұрушылар маймылға көрсетіп торға оралып шырмалып тұрып,торды тастап кетсе,маймылда келіп, оралып жатқанда ұстап алып үйретіп,неше түрлі ойын қылғызады. Қалаға барған кезде екеуін де ойнатып жүргенін көрген де шығарсыз. Енді бұл екеуінің бірі нәпсі үшін, тамақ үшін құл болды. Бірі не көрсе,соған құмар боламын деп құл болды. Шайтан да бізді сөйтіп алдап, дәндетіп үйір қылады. Күні бұрын сонан сақтану керек. Піл кейін шегінуді білмегеннен ұсталды. Біз шегіне білеміз ғой. Шегініп қаралық. Маймыл құмарлығын қоя алмады, ұсталды. Бізде сабыр бар ғой, Аллаға сиынып алдатпайғадет (әдет) қылған күнәні қалдырып көрелік.
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» кітабынан.



