Сақтансаң сақтайды!

Бізде көбіне жан мұрынның ұшына келгенде МӘМС есімізге түседі
Тұрғындар мүддесін әлеуметтік тұрғыда қорғайтын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне әлемнің дамыған елдері ертеректе көшіп алған. Ал біздің елімізде аталған жүйенің толық енгізілгеніне биыл 3 жыл болады. Германия, Франция, Бельгия секілді елдердегі жағдайды қайдам, біздің елде жаңа жүйе іске қосылған тұстан бастап туындаған мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Ай сайын сақтандыру үшінбелгілі мөлшерде жарна төлеу міндетті болғанымен, сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік жоқ.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізілген уақыттан бастап, халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, баспасөз бетінде ақпараттық мақалалар жарияланды. Бірақ МӘМС үшін ай сайын төлем енгізіп отыру керектігін тек ауырып ем іздегенде ғана есіне түсіретіндер аз емес.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Алтай Оразбағамбетов қоғамда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты көптеген мәселе бар екенін, дегенмен бастапқы кезеңмен салыстырғанда азаматтар бұл жүйенің пайдасын түсініп келе жатқанын айтады.
Әрине, заң жүзінде қарасақ бұл жүйенің артықшылықтары мен пайдасы көп. Бірақ кей кезде құжаттағы жазу мен өмірдегі әрекеттер қабыспайтынын ескерсек…
Жүйе туралы не білеміз?
Қазір елімізде медициналық пакеттің екі түрі бар.Біріншісі — тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі. Бұл көмек түрі адамның сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына қарамайды. Жедел медициналық көмек, бастапқы медициналық-санитарлық көмек, яғни тіркеуде тұрған емханалардағыжалпы практика дәрігері,терапевт,педиатр сынды мамандар көрсететін қызметтер,стационарлық медициналық көмек, стационарды алмастыратын шұғыл көмек, паллиативтік көмек түрлері барлығына бірдей көрсетіледі.Ал екіншісі — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бұл көмек тек сақтандырылған азаматтарға ғана көрсетіледі. Яғни, олар магнитті резонанстық томография,компьютерлік томография немесе салалық мамандардың қызметінсақтандырылған жағдайда тегін ала алады.
Жүйе енгізілген уақыттан бастап мемлекет 15 санаттағы азаматтар үшін төлем жасайды. Бүгінде еліміздегі ондай адамдар саны 11 миллионнан асады. Егер нақты көрсетілген 15 санатқа жатпайтын болсаңыз, сіз үшін жұмыс берушіңіз ай сайынғыайлығыңыздың екі пайызын аударып отыруға тиіс. Ал жұмыс жасамайтын, өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтар ең төменгі жалақының бес пайызын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өздері аударуы қажет. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміздегі ең төменгі жалақы 70 мың теңге болды. Демек, сіз ай сайын қалтаңыздан3500 теңге төлеп отыруыңыз қажет.
Айтпақшы, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұрын сақтандыру мәртебесін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тізбесінен медициналық көмек алу үшін пациенттің өткен 12 айға жарнасы төленген болуы және мәртебесін жоғалтпау үшін ай сайын жарналарды үзбей төлеуі міндеттелген еді. Енді дербес төлеушілер сақтандыру мәртебесін алу үшін өткен емес,алдағы 12 айға да төлем жасай алады.
Құжатта бәрі дұрыс, ал өмірде ше?
Ауызбен айтқанда барлығы түсінікті әрі оңай көрінеді. Шындығында, сақтандырылғанның да, сақтандырылмағанның да көріп жатқан пайдасы шамалы. Өзі жұмыссыз, күнделікті жейтін нанына әрең ақша тауып жүрген адам өз еркімен барып денсаулығын сақтандыру мақсатында ай сайын 3500 мың теңге аудармайтыны анық. Бірақ ет пен сүйектен жаралған адам болғасын басың ауырып, балтырың сыздайтыны тағы бар. Сондайда қай емханаға барсаң да, МӘМС төлемегенің «қорқыттың көрі» құсап алдыңнан шыға береді. Өйткені бұл — жалпыға ортақ жүйе.
Бұған қатысты «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Алтай Оразбағамбетов былай деді:
— Еліміздің кез келген азаматы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің пайдасын түсінуі керек. Айына — 3500 теңге, бір жылға 42 мың теңгені өзіңнің денсаулығың үшін қиюға болатын шығар?! Мұндай ақшаға қазір ешқандай медициналық көмек ала алмайсың. Ал сақтандырылған жағдайда қажетті дәрігеріңе қаралып, толық тексерістен өтуге тегін қол жеткізе аласың.
Тұрғындар сақтандыру қаражатын «Қазпошта» немесе екінші деңгейлі банктер арқылы төлейді. Жаның көзіңнің ұшына келгенде қажетті қаражатты тауып, салуын саларсың-ау, дегенмен ақша төлегенің туралы мәртебе 3 немесе 5 күн өтпей базадан көрінбейтіні тағы бар. Ота жасататын болсаңыз, күтуден басқа амалыңыз жоқ.
— Ота жасаудың өзі шұғыл және жоспарлы деп бөлінеді ғой. Шұғыл отаны қажет ететін адамның сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына қарамайды. Ал пациент отаны жоспарлы түрде жасататын болса, ол міндетті түрде сақтандырылған болуы керек. Егерміндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақшасын дәл ота жасатар алдында төлесе, базадан мәртебесі анықталғанша күтуіне тура келеді, — дейді А.Оразбағамбетов.
Бұл айтып отырғанымыздың барлығы сақтандырылмаған адамның басында кездесетін қиындықтардың мыңнан бірі ғана.
Сақтандырылғандардың жайы да мәз емес.
Заң бойынша сақтандырылған азаматтар тек біздің облыс емес, республика көлемінде қор келісімшарт жасаған кез келген емдеу мекемесіне барып қарала алады. Сол үшін, яғни халыққа қызмет көрсету үшін жеке емханалар мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Сақтандырылған азаматтардан тар бейінді дәрігерлердің консультациялары, КТ/МРТ, рентген және диагностиканың басқа да түрлері үшін қосымша ақы талап етілмеуге тиіс. Егер емхана осы қызметтерді өзі ұсына алмаса, онда оны орындау шарты бойынша пациентке басқа клиникада қабылдауды қамтамасыз етуі қажет.
Ал шындығында қалай?
Халық арасында «МӘМС-ке ай сайын ақша төлеп отырмыз. Бірақ пайдасын көріп жатқанымыз жоқ» деген шағымдар босқа айтылмаса керек-ті. Біздегі емханалардың көбінде кей аппараттар жоқтың қасы. Қажет кезде барсаң, учаскелік дәрігерің көп ретте өздерінде аппараттың жоқ екендігін немесе жұмыс жасамай тұрғанын айтып, өздері келісімшарт жасасқан жеке емханалардың біріне жібереді. Ал ол жерде УЗИ-ге немесе МРТ-ға түсу үшін апталап, тіпті айлап күтуің қажет. Бір қызығы, тап сол емханада сенің жолдама арқылы барып сұрап тұрған қызметіңді ақысын төлейтін болсаң, кезек күттірмей-ақ бітіре аласың.
Бұған қатысты сұрағанымызда филиал басшысы аздап мүдіріңкіреп барыпжауап берді:
— Біз мекемелердің емдеу процесіне араласпаймыз. Бірақ тұрғындар тарапынан шағым түссе, кезектен тыс тексеру жүргіземіз. Қазір емханалардың көбі жеке болғандықтан, оларды да түсінуге болады. Егерсіз барған емханада кезек көп болса, адам кезегі аз басқа емханаға жолдама алуға болады ғой, — деп қысқа қайырды.
Мақала жазу барысында әлеуметтік желі арқылы сауалнама жүргізгенбіз. Әлеуметтік статусы сақтандарылған Әселім есімді қала тұрғынын учаскелік дәрігерінің өзі тіркелген емханада паразитті анықтау үшінқан тапсыра алмайтынын айтып, кері қайтарыпты. Мұндай жағдайлар бізде жиі кездеседі ғой?!
Осы жерде тұрғындар тарапынан кететін қателік қандай?
— Қазір барлық емханада пациенттерді қолдау қызметі бар. Тіпті болмаса мұндай жағдайда сол емхананың бас дәрігеріне, оның орынбасарына барып,шағымын айтса болады. 1406 нөміріне хабарласып, аталған емхананың үстінен шағым түсіре алады. Бұл нөмір —халықтың өтініштерін қабылдайтын қордың жедел желісі. Сондай-ақQoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы немесе телеграм каналына өтініштерін жолдай алады. Әрбір тұрғынның шағымы ескеріледі. Міндетті түрде мониторинг бөліміндегі сарапшылар тексеріске шығады.
Егер емхана белгілі бір қызмет түрін ұсына алмаса, онда оны орындау шарты бойынша пациентке басқа клиникада қабылдауды қамтамасыз етуі қажет, — деді филиал директоры.
Оның айтуынша, биыл бірінші тоқсан бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты облыс тұрғындары тарапынан 160 шағым болғанын айтты.
… Осы жерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты бір оқыған мақалам есіме түсті: «Тамақ шикі болса, пісіріп жейсіз. Өнім шикі болса, оны өңдеп іске асыру шешімі бар. Ал қоғамның ортасына топ ете қалған жүйе шикі болса ше? Оны не істейміз?» Расында, толық енгізілгеніне 3 жылдың жүзі болса да бұл жүйеде шикілік әлі жетіп артылады. Бұл салада бірқатар мәселе барын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселері жөніндегі кеңейтілген отырыста да айтып, Үкіметке өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалдарының қызметіне аудит жүргізуді тапсырды.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.



