Скринингтен өттіңіз бе?

Биыл жыл басында облыстағы барлық ауданда және қаладағы емханаларда тегін медициналық тексерулер басталды. Дәрігерлердің айтуынша, облыс тұрғындары скринингтен әлеуметтік маңызға ие болған жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, әйелдерде жатыр мойны және сүт безі обыры, сары аурудың В және С түрлері, глаукома, колоректальды, яғни тік және тоқ ішек қатерлі ісігін анықтау бойынша тексеріліп жатыр.
Аурудың алдын алу маңызды
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу, алдын алу, қоғамдық денсаулық сақтау және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Әсия Тржанованың айтуынша, скринингтік тексерулер ауруды алдын ала анықтауға, асқындырмауға және жүйелі ем қабылдауға мүмкіндік береді. Осы орайда қазір облыстағы барлық ауруханалар мен емханаларда тексерулер жүргізіліп жатыр.
— Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №146 бұйрығына cәйкес скринингтік тексерулерден 30 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер өте алады. Бүгінде еліміз бойынша скринингтік зерттеулер артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы және мінез-құлықтың қауіпті факторларын, жатыр мойны обырын, сондай-ақ 40-70 жастағы әйелдер арасында сүт безі обырын, 50-70 жас аралығындағы адамдардың тік және тоқ ішек обырларын, В және С гепатиттерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өткен жылдың қараша айынан бастап облыста, әсіресе ауыл-аймақтарда тұратын азаматтардың (18-70 жас аралығындағы) асқазан-ішек жолдары мен бүйректің созылмалы ауруларын, 50-70 жастағы тұрғындардың тыныс алу мүшелерінің дертін, 55-70 жастағы азаматтардың қуықасты безі обырын ерте анықтау үшін скринингтер өткізіліп жатыр, — дейді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, облыс бойынша жыл сайын мұндай тексерулер алғашқы медициналық- санитарлық көмек көрсететін 44 ұйымда жүргізіледі. Жалпы еліміз бойынша скринингтік тексерулер өткізуге медициналық сақтандыру қоры жыл сайын қаражат бөліп отырады. Скринингтің адамдардың ауруларын ерте анықтауда маңызы зор. Себебі көбіне науқастың дерттен айығуы диагноздың қаншалықты ерте анықталғанына тікелей байланысты. Уақтылы белгілі болған ауруды емдеу де оңайға түседі. Сондықтан елімізде тұрғындарды тексеріп, олардың сырқатын ерте анықтау мүмкіндігі жыл сайын артып отырғандығы қуантады.
Ақтөбе қаласындағы №1 емхананың алғашқы әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету және алдын алу бөлімінің меңгерушісі Гаухар Өтеуованың айтуынша, емханаларда тұрғындар скринингтен өту үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы керек.
— Скрининг жүргізу шаралары бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншісі — дайындық кезеңі. Бұл кезеңде әр емханадағы жалпы тәжірибелі дәрігерлер жанындағы медбикелер скринингтен өтетін адамдардың тізімін жасап, тұрғындарға тексеруден өтудің қажеттілігі мен шарттары туралы хабарлайды. Сондай-ақ азаматтардың уақтылы скринингтен өтуін бақылап отырады. Екінші кезең — тексеру кезеңі. Бұл кезеңде емханаға тіркелген және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған 30-70 жастағы тұрғындар зертханалық және диагностикалық зерттеулерден өтеді. Атап айтсақ, қан айналымы жүйесі, қант диабеті, көз іші қысымы (глаукома), жатыр мойны обыры бойынша скрининг 30-70 жас аралығындағы азаматтарға жүргізілсе, сүт безі обырына 40-70 жас, тоқ ішек обырына 50-70 жас аралығындағы тұрғындар тексерістен өтеді. Жалпы бұл аурулардың ішінде артериалық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті мен глаукоманы ерте анықтау үшін ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет, жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер төрт жылда бір рет скринингтен өтуге тиіс. Сондай-ақ 40-тан 70 жасқа дейінгі әйелдерге сүт безі обырын ерте анықтау үшін екі жылда бір рет тексерілу ұсынылады, — дейді бөлім меңгерушісі.
Скринингтен өтудің қорытынды кезеңінде мамандар толық тексерілген және патология анықталған адамдарды динамикалық бақылауға, яғни есепке қояды. Бұдан кейін науқас кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, маммолог, гинеколог, онколог, хирург, проктолог, т.б. дәрігерлерге қаралып, ем алуы қажет.
Биыл жыл басынан бері №1 қалалық емханада қан айналымы жүйесі аурулары бойынша 3424 тұрғын тексерілсе, қант диабетінен — 3806, көзішілік қысымнан (глаукома) — 3895, тоқ ішек обырынан — 1782, сүт безі обырынан — 1642, жатыр мойны обырынан — 877, В, С гепатиті бойынша 261 адам скринингтен өткен.

Айта кету керек, №1 қалалық емханаға жалпы тіркелген тұрғындардың саны — 63 815.
Ал қаланың ескі бөлігінде орналасқан №2 қалалық емхананың скринингтік кабинетінің терапевт-дәрігері Алатау Ақтановтың айтуынша, биыл жыл басынан бері аталған емханада 765 әйел жатыр мойны обырын, 1259 әйел сүт безі обырын ерте анықтау бойынша скринингтен өткен.
— Сондай-ақ тоқ ішек обырынан — 1139, жүрек-қан тамырлары ауруларынан — 1478, қант диабетінен — 1719, глаукоманы ерте анықтау үшін 1714 адам тексеруден өтті.
Жалпы скринингтік тексерулер диспансерлік есепте тұрған науқастарға жүргізілмейді. Бұған тек дені сау адамдар қатыса алады. Біз жыл сайын қараша-желтоқсан айларында келесі жылға скринингтік жоспар жасаймыз. Яғни емханамызға тіркелген тұрғындарды тізім бойынша қарап, олардың келесі жылы тегін скринингтен өтуіне мүмкіндік береміз, — дейді Алатау Ақтанов.
«Ақтөбенің» анықтамасы
«Скрининг» термині ағылшын тілінің «screening» сөзінен шыққан, «сұрыптау», «елеу» деген мағынаны білдіреді. Дегенмен «скрининг» сөзінің басқа да «қамқорлық», «белгілі бір жағымсыз нәрселерден қорғау» деген түсініктегі аудармалары да бар. Аталған ұғымдар — медициналық «скринингтік тексерулер» терминінің негізі.
Елімізде скринингтік тексерулер 2002 жылдан бастап қолға алынды. 2008 жылдан бастап Ұлттық скринингтік бағдарлама аясында балалар және ересектер тексерулерден өте бастады. Біздің облысымызға да скрининг сол жылдан бастап енгізілді.
Мамандар тапшы, аппарат жоқ
Облыста тұрғындарды скринингтен өткізу жұмыстары аудандық ауруханаларда да қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде Ойыл ауданында жүрек-қан тамырлары ауруларына 861 адам тексерілген. Оның 19-ынан аурудың белгілері анықталған. Сол секілді қант диабетіне қаралған 861 адамның 11-не аталған диагноз қойылыпты. Ал тексерілген 861 тұрғынның екеуінен глаукома анықталған.
Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаевтың айтуынша, жыл аяғына дейін ауданда 2118 адам жүрек-қан тамырлары, глаукома және қант диабетін, 841 адам тік ішек обырын, 597 әйел жатыр мойны ісігін, 757 әйел сүт безі обырын ерте анықтау бойынша скринингтен өтуі керек. Сондай-ақ аудан бойынша 5453 балаға түрлі тексерулер жүргізілуі керек. Бүгінге дейін бұл жоспардың 26,1 пайызы (1421 бала) орындалған.
Ал Әйтеке би ауданы бойынша өткен үш айда жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтау үшін 1029 адам тексерілген. Соның 46-сынан ауру анықталған. Ал қант диабетіне тексерілген 1150 тұрғынның 12-сіне аталған диагноз қойылыпты. Сондай-ақ аудан бойынша екі адамнан глаукома, екі адамнан жатыр мойны обыры, екі адамнан тоқ ішек обыры анықталып отыр.
— Қазір елді мекендерде скринингтен өту кезінде туындап жатқан бірқатар мәселе бар. Олардың бастысы — 18-29 жас аралығындағы ауыл жастарының тексерулерге уақтылы келмеуі. Жауапты мамандар жастардың әрқайсысын арнайы шақырып отырса да, олар скринингтен өтуге асықпайды. Яғни бұл тұрғыда жастардың үлесі өте аз. Ал ауданда тұратын 30-70 жас аралығындағы азаматтардың белсенділігі жоғары. Қазір скринингтік тексерулер жоспарға сай жүргізілуде.
Тағы бір мәселе — шалғай ауылдарда гастроэнтеролог, уролог, кардиолог мамандар тапшы. Сондай-ақ аудандық ауруханаға сүт безі обырын анықтауға арналған маммографиялық аппарат қажет. Бұл мақсатқа облыстық денсаулық сақтау басқармасы қаржы бөлді. Алайда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы елді мекендерде халық саны аз деген уәжбен әлі күнге дейін аталған аппаратты бермей отыр. Соның салдарынан қазір бұл бағыттағы тексерулерді басқа мекемелермен келісімшартқа отырып, жүргізіп жатырмыз, — дейді Әйтеке би аудандық ауруханасының бас дәрігері Жамбыл Жайлыбаев.
Р.S. Биыл скринингтің басталғанына үш айға жуықтады. Егер сіз жасыңызға қарай әлі тексерулерден өтпесеңіз, тіркелген емханаңызға барыңыз. Басты байлық — денсаулық. Сондықтан аурудың алдын алу өте маңызды.
Данагүл қазихан.



