Құқық

Мұрагерлік құқық туралы не білеміз?

Маман кеңесі

Бүгінде қандай да бір мүлікті мұраға қалдырудың соңы кей жағдайда дау-дамайға ұласып жатады. Тіпті кейде бірге туғандар бірін-бірі сотқа беруі де мүмкін. Мұндай жағдайды болдырмау үшін немесе басқа да себептерге байланысты кейбір азаматтар мұрагерліктен бас тартуы ықтимал. Осы ретте мұрагерлік құқық туралы айтуды жөн көрдік.

Мұрагерліктен бас тарту құқығы — мұрагердің заңды әрекеттерге құрылған біржақты мәмілесі. Нәтижесінде оның ашылған мұраға қатысты мұрагерлік құқығы тоқтатылады.

Мұрагерліктен бас тарту құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі — Кодекс) 1074-бабымен реттеледі. Мұра ашылған күннен бастап 6 ай ішінде мұрагер мұрадан бас тартуға құқығы бар. Дәлелді себептер болған кезде бұл мерзімді сот екі айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.Мұрагерліктен бас тартуды мұрагер мұрагерліктің ашылған жердегі нотариусқа арыз бере отырып жасайды.

Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері (олардың ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары), сондай-ақ әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың қорғаншылары сенімхатсыз әрекет етеді, алайда мұрадан бас тарту үшін қорғаншылық және қамқоршылық органнан рұқсат алу қажет.

Қорғаншылық және қамқоршылық органдары («Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 128-бабының 2-тармағы). 14 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар, сондай-ақ сот шешімі бойынша әрекет ету қабілетті шектеулі адамдар өздерінің қорғаншыларының рұқсатымен ғана мұрагерліктен бас тартуға құқылы. Соңғысы да қорғаншылық және қамқоршылық органдарының рұқсатымен ғана мұрагерліктен бас тартуға келісім бере алады. «Нотариат туралы» заңда бас тартудың екі түрі айтылады. Ол — абсолютті немесе басқа тұлғалардың пайдасына шешілуі мүмкін (бағытталған бас тарту). Соңғы жағдай Кодекстің 1074-бабының 5-бөлігімен реттеледі. Мысалы, мұрагердің жұбайы мен ұлы заң бойынша мұрагерлікке шақырылса, немерелерінің пайдасына жұбайы да, балаларының пайдасына ұлы да мұрагерліктен бас тарта алмайды. Ал егер мұра қалдырушының ұлы мұрагерлік ашылғанға дейін қайтыс болса, марқұмның балаларыөкілдік құқығы бойынша өз үлесіне мұрагер болуға шақырылады. Бұл ретте мұра қалдырушының жұбайы немерелерінің пайдасына мұрагерліктен өз үлесінен бас тартуға құқылы.

Мұрагерліктен міндетті үлеске құқығы бар мұрагер де заңда белгіленген мерзімде міндетті үлесті алу құқығынан бас тарта алады, бірақ бұл бас тарту абсолютті болып есептеледі және оның мүліктегі үлесі өсиет бойынша мұрагерлерге өтеді.

Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 бұйрығымен бекітілген Нотариустардың нотариаттық іс-әрекеттер жасау қағидаларының (бұдан әрі — Қағидалар) 119-тармағына сәйкес мұрагерлікті ашқан нотариус мұрагердің өтініші бойынша оған мұрагерлік құқық туралы куәлік береді.

Тәжірибеде мұрагер белгілі бір мүлікті мұрагерлікке алудан бас тартып, белгілі бір уақыттан кейін «бас тартуды рәсімдемеген» деп басқа мүлікті талап ететін жағдайлар жиі кездеседі. Осы ретте нотариустар мұрагерліктен бас тарту туралы арызды куәландырған кезде мұрагерлерге мұрадан бас тарту құқығы туралы кеңірек айтып, бұл әрекеттерін кері қайтара алмайтынын нақты түсіндіруге міндетті.

Кодекстің 1074-бабының 8-бөлігіне сәйкес мұрагерліктен ескертулер мен шарттарға байланысты бас тартуға жол берілмейді. Егер мұрагер мұрагерліктің бір бөлігінен бас тартса, онда ол бүкіл мұрадан бас тартқан болып есептеледі.

Сондай-ақ мұрагер Кодекстің 1079-бабына сәйкес өсу құқығымен өзіне тиесілі мұрагерліктен бас тартса, бұл ереже қолданылмайды.

 Дидар БАЙДРАХМАНОВА,

Ақтөбе облысы нотариалдық округінің нотариусы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button