Басты жаңалықтарМәдениет

Нағыз таланттар — халық арасында

11-12 сәуір күндері Ақтөбеде Қазақстанның халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына орай «Театр — өнердің ұлы көші» атты ХІ республикалық халықтық театрлар фестивалі өтті. Көрермен арасында резонанс тудырып, аншлагпен өткен шараға Ақтөбе облысынан басқа еліміздің 7 өңірінен келген «халықтық» атағы бар театр ұжымдары қатысты.

Драматург рухына тағзым

Жылдағы дәстүр бойынша фестиваль қатысушылары алдымен Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың  ескерткішінің қасына жиналып, рухына тағзым етті.

Бұл ескерткіш 2013 жылы алғашқы  әңгімесімен және тұңғыш романымен әдебиет ордасының төріне жүрексінбей шығып, Мұхтар Әуезовтей алыпты елең еткізіп, «әдебиеттегі жаңа құбылыс» деп мойындатқан Тахауи Ахтановтың 90 жылдық мерейтойы аясында бой көтерген болатын. Ал биыл Ахтановтың туғанына 100 жыл толады.

Осы жерде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесіНұрлыбек Қалауов сөз сөйлеп, фестиваль қонақтарына сәттілік тіледі.Бұдан соң фестиваль қатысушылары ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Қала халқы мен қонақтарына театр думанын сыйлаған өнер мерекесін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды.

— Екі жылда бір рет Ақтөбеде халықтық театрлар фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Бұл — отандық мәдениеттің кеңінен қанат жаюына қосқан үлесіміз. Бұған дейін облыс, аймақ көлемінде  ұйымдастырылып келген фестиваль биыл алғаш рет республикалық деңгейде өтті. Театр десе ішер асын жерге қоятын талғампаз көрермен екі күн бойы 10 халықтық театрдың драматург Тахауи Ахтановтыңшығармалары желісінде сахналанған үздік қойылымдарын тамашалады.

Көрермен бір нәрсені түсінуі керек. Қойылымдарды сахналап жатқан кәсіби актерлер емес, жай ғана өнерді сүйетін әуесқой адамдар. Аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған халықтық атағы бар театрлардың құрамында тек екі ғана штат болады. Біреуі режиссер болса, екіншісі — оның көмекшісі. Ал актерлердің барлығы — қарапайым ауыл тұрғындары. Олардың қатарында мұғалім де, әдіскер де, электрик те бар,  — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.

Айтпақшы, фестиваль аясында актерлер мен режиссерлер үшін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов шеберлік сағаттарын ұйымдастырды.

Бас жүлде өзімізде қалды

Фестивальде халықтық театрлар дәуір шындығын, тарихи оқиғаларды  бар болмысымен суреттей білген Тахауи Ахтановтың  қазақ әдебиетінен өзіндік орын алатын көркемдік мәні жоғары туындыларынан қойылымдар көрсетіп, талғампаз көрермен мен кәсіби мамандардың бағасын алды. Екі күнде 10 спектакльді елімізге белгілі актер Болат Әбділманов бастаған қазылар алқасы бағалады.

Фестиваль шымылдығын Шалқар ауданынан келген өнер ұжымы «Қаһарлы күндердің тәтті дәмі» қойылымымен ашты.  Сары Батақұлы атындағы Мәдениет үйінің жанынан құрылған халықтық театры бұл қойылымды Ұлы Отан соғысы тақырыбын арқау еткен Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романының желісі бойынша дайындапты.

Сондай-ақ бұл күні көрермен Түркістан, Абай, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарынан келген халықтық ұжымдар қойған «Күшік күйеу», «Боран», «Махаббат мұңы» қойылымдарын тамашалады.

Ал шараның екінші күнінде Қарағанды, Жетісу, Қызылорда облыстарынан және өзіміздің Мұғалжар, Ойыл аудандарынан келген өнерпаздар Тахауи Ахтановтың пьесаларын шебер сомдады.

— Ақтөбе — қазақ халқына талай бұлбұлдар мен дүлдүлдерді сыйлаған өлке. Бүгінде рухани құндылықтар өзгеріп, жеңіл, сырты жылтыраған дүниелер алға шыққан уақытта Тахауи Ахтановтай алыбын еске алып, оның жазып кеткен еңбектерін сахнаға шығарып, осындай іс-шара ұйымдастырып жатқан облыс әкімдігіне, мәдиниет басқармасына, халық шығармашылығы орталығына үлкен алғысымды білдіремін. Театры бар елдің болашағы зор. Кей өңірлердің мемлекеттік театрлары кеңінен қанатын жая алмай жатқанда, халықтық театрлар фестивалін ұйымдастыру үлкен ізгіліктің, көрегендіктің белгісі деп білемін. Бұл шара халықтық театрлардың өркендеуіне септігін тигізеді. Шындығында нағыз талант халық арасынан шығады. Біз білетін ұлылардың көбі сол қарапайым халықтың ортасынан шығып-ақ, талайды мойындатқан. Әрине, халықтық театрды кәсіби театрмен салыстыруға болмайды. Оларға үлкен қолдау мен көмек қажет. Алдағы уақытта елімізде халықтық театрларға үлкен  көңіл бөлінсе екен деймін, — деді Болат Әбділманов.

Бұл фестивальдің өзге байқаулардан ерекшелігі — бірде-бір ұжым сыйлықсыз қайтқан жоқ. Қазылар алқасы үздіктерді бірнеше номинация бойынша анықтады. Халықтық театрлар фестивалінде рөлді  «Шынайы сомдағаны үшін» номинациясы Ойыл аудандық Мәдениет үйі халық театрының артисі әрі режиссері Сандуғаш Қарсақбаеваға бұйырса, «Ең үздік екінші пландағы рөл» номинациясын Қарағандының Шет ауданынан келген Арайлым Артықбаева иеленді. «Ең үздік әйел рөлі»номинациясын Жамбылдан келген «Дулати жастары»халықтық жастар театрының артисі  Айымжан Бауыржанқызы алды. «Ең үздік ер адам рөліне» Мұғалжар аудандық Мәдениет үйі халықтық театрының актері Ерболат Амангелдиев лайық деп  танылды. Түркістанның Ордабасы ауданынан келген «Темірлан» халықтық театры «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясын, Батыс Қазақстанның Бөрлі аудандық халықтық театры «Ең үздік дебют» номинациясын, Қызылорданың Шиелі аудандық халықтық театры «Ең үздік сценография» номинациясын иеленді. Көрерменге «Махаббат мұңын» тарту еткен Абай облысы Ақсуат аудандық халықтық театры «Ең үздік сахналық нұсқа» номинациясы бойынша марапатталды. Фестивальдің «Ең үздік режиссері» деп «Арыстанның сыбағасы» драмасын қойған Жетісу облысы Ақсу аудандық Мәдениет үйі халықтық театрының режиссері Арда Елубаева танылды. Бұл жолғы «Үміт» аталымы Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық демалу орталығының халық театрына бұйырды.

Барлық номинация иегерлеріне арнайы дипломмен қатар, 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Фестиваль қорытындысы бойынша «Тахауи Ахтанов» атындағы бас жүлдеге Сары Батақұлы атындағы Шалқар аудандық Мәдениет үйінің халықтық театры лайық деп танылды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндердің тәтті дәмі» спектаклін сахналаған жеңімпаздарға диплом, арнайы мүсін және 500 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Сын түзелмей, мін түзелмейді

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, театртанушы:

— Тахауи Ахтановтың пьесалары — қашанда құнын жоймайтын керемет дүниелер. Фестиваль кезінде көрсетілген барлық спектакль ұнады. Ақтөбеліктер театрды жақсы көреді ғой. Оны фестивальдің аншлагпен өткенінен-ақ көруге болады. Бұл жолы да театрға келген әрбір көрерменнің  рухани демалып, риза болып қайтқанына сенімдімін. Екі күнде де көруге тұрарлық дүниелер болды.

Фестиваль барысында халықтық театрлардың деңгейі жоғары екенін байқадым. Мәселен, біз бас жүлдеге лайық деп таныған Шалқар ауданынан келген халықтық театры Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романына инсценировка жасап, жақсы дүние шығарыпты. Бұл — оңай жұмыс емес. «Күшік күйеу» пьесасын 4 халықтық театр әкелген. Түркістан мен Мұғалжар ауданынан келген ұжымның қойғаны ұнады. Сырттай қарағанда комедия жанры жеңіл көрінгенімен, оны көрерменге жеткізіп ойнау оңай дүние емес. Негізінде,трагедияға қарағанда  комедияны сахналау қиынға түседі. «Арыстанның сыбағасы», «Махаббат мұңы» , «Күтпеген кездесу» спектакльдері де  көрермен көңілінен шықты деп ойлаймын. «Дулати жастары» қойған «Бораннан» махаббатты да, соғыс салдарын да, өмірдің қиындығын да көре алдық.

Талқылау барысында сын айтылды. Осындай байқаулардың арқасында олардың арасында бәсеке туындайды, ізденіс болады. Нәтижесінде деңгейі артады. Сондықтан мұндай фестивальдер жалғасын таба берсін деймін.

 Айжан ТІЛЕУЛЕНОВА, Абай облысы Ақсуат аудандық халықтық театрының актрисасы:

— Елу жылға жуық тарихы бар біздің халықтық театр бүгін қоржынына тағы бір олжасын салды. Қазылар алқасының шешімімен «Ең үздік сахналық нұсқа» номинациясын иелендік. Өте қуаныштымыз. Құтты мекен — Ақтөбе өңіріне келіп, өнердегі әріптес, сахнадағы бәсекелестеріміздің өнерін тамашаладық. Өзге облыстардың театрлары қойған қойылымдардан өзімізге керегін алдық. Байқау өте әділ өтті. Әрине, кәсіби маман болмаған соң кәсіби тұрғыда сын айта алмаймын. Бірақ бас жүлде алған халықтық театр ұжымының қойылымы бізге қатты ұнады.

Халықтық театрлар мерекесін республикалық деңгейде ұйымдастырған Ақтөбе облысына үлкен алғыс айтамыз.

Перизат БАЙМАХАНОВА, Түркістан облысы Ордабасы ауданы «Темірлан» халықтық театрының режиссері:

— Ақтөбеде өткен фестивальда біздің ұжым «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын иеленді. 1973 жылы халықтық атағын алған ұжым бұл байқауға «Күшік күйеу» спектаклін алып келді. Әрине, байқау болған соң сын болады. Сол сынды қабылдап, алдағы уақытта нәтиже шығаратын боламыз. Фестиваль керемет, жоғары деңгейде өтті. Барлық халықтық театрлары ұжымына  сәттілік тілеймін. 

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button