АуылБасты жаңалықтар

Түтіні түзу шыққан, табыстың сырын ұққан Ақкөл

Президент тапсырмасынан соң

Тоқсаныншы жылдары елімізді тоқырау тұралатқанда жұмыссыз қалған тұрғындар қаланы бетке алып, ауылдан жаппай көшкені белгілі. Содан қай ауылға барсақ та, бір көшенің бойына моншақтай тізілген еңселі үйлердің арасы сирегенін көретін едік. Көшкен ел шаңырағын бұзып, құрылысқа жарайтынын жөнелткен соң ауылдағы үйлердің арасы ашылып қалған. Бәріміз де ауылда өстік, бұл көрініс күні бүгінге дейін көз алдымызда қалды. Ал бүгінгі ауылдың келбеті қандай?

Қазір облысымызда мұндай «көріксіз» елді мекендердің саны азайып келеді. Себебі қазір қаладан ауылға көшіп барып, шаруашылық ашып, мал басын көбейтуге ден қойып жатқандар мен туған жерін түлетуге үлес қосып жүрген азаматтар жетерлік. Әйтеке би ауданындағы Ақкөл ауылы — күннен-күнге дамып келе жатқан осындай елді мекендердің бірі. Бұл ауыл қазір өңірге «малы көп, қылмысы жоқ» елді мекен ретінде танылып отыр…

Үлгілі ауыл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайлануына байланысты өткен ұлықтау рәсімінде: «Қазір — сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл — ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын», — деген еді. Бұдан кейін Президент осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың бес жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Міне, Мемлекет басшысының осы тапсырмасы аясында бүгінде облысымызда ауылдың жағдайын жақсартуға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ерекше мән беріліп отыр. Бұл орайда облыс әкімінің бастамасымен өңірімізде «Ауыл аманаты», «Бақытты отбасы», «Абаттандырылған ауыл», «Bilim All» жобалары сәтті жүзеге асырылып жатыр.

Әйтеке би ауданы да бұл жобаларға өз үлесін қосып келеді. Былтыр бұл ауданда 9,8 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 14,6 млрд теңгеге жеткен. 2022 жылы 6,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 7,1 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліпті. 756 жаңа жұмыс орны құрылған. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жеті көшенің жолы жөнделген. Биыл ауданда 15 округ «Ауыл аманаты» жобасына қатысып жатыр. Оның ішінде Ақкөл ауылдық округі де бар. Бұл ауылда екі тұрғын өсімдік шаруашылығын дамыту үшін аталған жобаға қатысуға өтініш беріпті.

Округ әкімі Нұрлан Жұмашевтің айтуынша, ауылда орта мектеп, балабақша, медициналық пункт, футбол алаңы, хоккей корты, «Қазпошта» АҚ ауылдық бөлімшесі және клуб бар. Елді мекен көгілдір отынмен, жарықпен, ауызсумен толық қамтылған. Мұнда 28 шаруа қожалығы бар. Жалпы ауылдағы тұрғындардың барлығы мал шаруашылығымен айналысады. Ауласына бау-бақша егумен, құс өсірумен айналысатындар да бар.

— Ауылымызда халыққа барлық жағдай жасалған. Қазір Ақкөл мен Қарабұтақ ауылдары арасына асфальт төселіп жатыр. Жалпы ұзындығы — 35 шақырым. Келер жылы ауылдағы Әйтеке би көшесіне асфальт төселіп, тағы екі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Шаруашылықтар саны көбейіп келеді. Қазір ауылымызда 3200-ден астам ірі қара, 5600 ұсақ мал, 1300 бастай жылқы бар. Биылғы қыста шаруашылықтар 15,2 тонна мал азығын дайындап, тұрғындардың барлығы шөппен қамтамасыз етілді, — дейді ауыл әкімі.

Ал Ақкөл селолық округі учаскелік полиция инспекторы Заманбек Балтабектің айтуынша, соңғы үш жыл көлемінде елді мекенде қылмыс деректері тіркелмеген. Мұнда қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстар үнемі жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ жастар арасында түсіндіру жұмыстары да жолға қойылған. Бүгінде мұндағы орта мектепте 114 оқушы білім алады.

Еңбек пен тәртіп бар жерде береке бар

Ақкөлге арнайы іссапармен барған облыстық полиция департаменті үйлестіру кеңесінің мүшелері — ҚР «Бейбітшілік және келісім» кеңесі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов, «Ардагер» қоғамдық қауымдастығының төрағасы Серік Ботағарин, «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин ауылдық клубта тұрғындармен кездесіп, елді мекеннің тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Жиында Келдібай Еспағамбетов облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы қазір өңірімізде сәтті жүзеге асырылып жатқанын, бұл жобаның тиімділігі сол — халықтың табысын арттырып қана қоймай, ауылдарда мал басын көбейтіп, дәстүрлі емес шаруашылықтар санын арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

— Өздеріңізге белгілі, бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың жағдайын жақсартуға, ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл орайда алдағы жылдары облысымызға 3 триллион теңгеге дейін инвестиция тартылмақ. Өңірімізде битум, қант, жүн өңдейтін зауыттар салынады, республикалық, облыстық маңызы бар жолдар жөнделеді, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне көңіл бөлінеді. Былтырдан бастап облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен ауылдарды түлетуге арналған «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып, оған 134 елді мекен қатысып жатыр. Жобаның бір бағыты ақшалай несие беру болса, екінші бағыты — тауарлық несие беру. Бұл жоба ауылда мал, өсімдік, құс, басқа да шаруашылық түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Аталған жобаны жүзеге асыруға 6,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Алдағы уақытта тағы 12 миллиард теңге қаржы қарастырылады. Нәтижесінде ауыл тұрғындарының табысы артып, жағдайы жақсарады. Бұл мақсаттағы жұмыстарға Әйтеке би ауданының халқы да атсалысуға тиіс, — деген ол округ әкімдері мен ауыл халқын аталған жобаға атсалысуға шақырды.

Сөзінің арасында Келдібай Еспағамбетов елді мекендердегі тәртіп мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы екі жылда облыстағы 9 ауылда ешқандай қылмыс тіркелмеген. Мұндай ауылдардың қатарында Әйтеке би ауданына қарасты Ақкөл, Ақтасты, Қайрақты елді мекендері бар.

  • Былтыр өңірімізге іссапармен келіп, облыс тұрғындарымен кездескен кезде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов бірде-бір қылмыс тіркелмеген жеті ауылды атаған еді. Міне, сіздер тұрып жатқан Ақкөл ауылы солардың қатарына енген. Меніңше, бұл — өзгелерге үлгі болатын дүние. Сондай-ақ бүгінде облыста ешқандай ішімдік ішпейтін 11 ауыл бар. Бұл ауылдарда арақ-шарап өнімдері мүлдем сатылмайды. Алдағы уақытта сіздердің аудандарыңыз да осындай бастаманы қолдап, жақсылыққа, имандылыққа, тәртіпке бет бұрса, нұр үстіне нұр болар еді, — деді ол.

Бұдан кейін жиында сөз сөйлеген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен ауылдарға нақты қолдау көрсетіліп, заманауи инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылып жатқанын жеткізді.

— Осыған дейін біз облыстағы бірнеше ауылды аралап, тұрғындармен кездестік. «Ауыл — ел бесігі» деп тегіннен-тегін айтылмаса керек, ауыл халқының ауызбіршілігі, тыныс-тіршілігі қашанда өзгелерге өнеге. Бүгін, міне, сіздің ауылға да осы мақсатпен келіп отырмыз. Басты міндет — сіздермен жүздесіп, алдағы уақытта ауылдың жағдайының жақсаруына, елдегі тәртіптің күшейтілуіне, азаматтардың осы бағытта жұмыла еңбек етуіне ықпал ету, халықты жақсылыққа үндеу. Өздеріңізге белгілі, облыстық басылымдар қашанда ауылдың тыныс-тіршілігін, шаруалардың жай-күйін, мұнда жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар туралы үнемі қалам тербеп отырады. Алдағы уақытта да сіздер сияқты өзгелерге үлгілі болатын ауылдарды баспасөз арқылы насихаттайтын боламыз. Қазір өңірімізде ауылды дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты», «Bilim All» «Бақытты отбасы» сияқты жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Егер елді мекендерде осы жобалардың арқасында жұмыссыздық азайып, халықтың табысы артса, әсіресе жастардың кәсіп ашуына мүмкіндік жасалса, онда ауылдарда тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, тіршілікке бейімделген соң қылмысқа да тосқауыл көбейер еді, — деді ол.

Бұдан әрі басқосуда Ақкөл және Ақтасты ауылының әкімдері елді мекендерде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ауыл тұрғындарының жеткен жетістіктері мен биыл атқарылуға тиіс жаңа жобалар жайында айтып берді.

Ақкөл ауылының әкімі Нұрлан Жұмашев соңғы жылдары қаладан ауылға көшіп келушілердің саны артып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, екі-үш жыл ішінде Ақкөлге 6 отбасы қоныс аударыпты. Олардың қатарында Жеңісбек Жұбаниязовтың, Мейрамбек Сатмағанбетовтің, Аслан Сағынбаевтың, Тұрдыбек Отарбаевтың, Гүлзира Карибаеваның және Дастан Жанқасымұлының отбасы бар. Қазір олардың барлығы мал бағып, шөп шауып, үздіксіз еңбек етіп жатыр.

Жиында аудан әкімі Дархан Ермағанбетов қазір аудандағы шаруашылықтар егін егу жұмыстарына дайындалып жатқанын, ауылдарды қайта түлетуге осы өңірден шыққан кәсіпкерлер мен бірқатар елге белгілі азаматтар қолдау танытып жатқанын жеткізді.

«Ардагер» қоғамдық қауымдастығының төрағасы Серік Ботағарин кезінде «Талдық» ауылында бірнеше жыл совхоз директоры болып қызмет еткенін, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен ынтымақтастығы, еңбекқорлығы қашанда өзгелерге үлгі болғанын атап өтті.

  • Мен еңбек жолымды осы Әйтеке би ауданынан бастаған болатынмын. Сондықтан бұл өлкенің мен үшін орны бөлек. Ауыл — қазақы рухтың қуат алар қайнар көзі, ұлттың ұйытқысы. Өркениетті елдер қатарында болуымыз жолында ауыл­дың арқалайтын жүгі қашан да орасан. Сондықтан ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Өздеріңізге белгілі, бұған дейін елімізде «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында көптеген елді мекендер қайта түлеп, жаңарды. Қаншама ауылға көгілдір отын, ауызсу тартылды, интернет желісі орнатылды. Әлі де осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді, — деді ол.

Кездесу соңында Келдібай Еспағамбетов облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Олардың қатарында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Тілеужанов, Ақкөл ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Заманбек Балтабек, ауыл тұрғындары Орынбасар Смайылов, Қуантай Қалиев, Асылбай Сыдықов, Дастан Бисенбаев, Азамат Өтепбергенов бар.

«Шыныққан» шаруалар

Ақкөл селолық округіндегі «Қонысбай» шаруа қожалығы асылтұқымды мұғалжар жылқысын және ірі қара өсірумен айналысады. Қазір қожалықта 1500 жылқы, 500 ірі қара мал бар.

Шаруашылық басшысы Мұрат Сатмағанбетов ауданда ауыл шаруашылығы саласында көп жыл еңбек еткен. Малдың жайын жақсы білетін қожалық басшысы бүгінде өзі туып-өскен ауылынан шаруашылық ашып, асылтұқымды жылқы санын көбейтуде.

2006 жылдан бері ауылда асылтұқымды мұғалжар жылқысын өсіріп келеміз. Бүгінде саны мың жарымға жетті. Сондай-ақ жылқы өсірумен қатар, қазақтың ақбас сиыр тұқымын көбейтіп жатырмыз. Қожалықта 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Шөп шабатын техникамыз, жұмысшыларға арналған жатақханамыз — бәрі бар. Қазір монша да салып жатырмыз. Негізінен, шаруашылық жұмысын ұлым Асыланбек жүргізеді. Мен балаларға басшы болып, ақыл-кеңесімді беріп отырамын.

Соңғы жылдары ауылдарды дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұрын осы ауылда бірлі-жарым адам ғана қожалық ашса, қазір отызға жуық шаруашылық бар. Біздің қожалық елдегі азаматтардың малды болып, төл өсіруіне жағдай жасап отырады. Ауылдағы ағайынның қай-қайсысын болсын қолдап, демеуге әзірміз, — дейді ол.

Қожалық басшысының айтуынша, елді мекеннің болашағы зор. Қазіргі таңда ауыл арасындағы жолдар жөнделіп, жолаушылар қатынасы жақсарып келеді. Елді мекенде  жұмыс істейтін адамға барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, ерінбей еңбек ету керек.

Қазір ауылымызға қаладан, басқа да ауылдан көшіп келіп жатқандар көп. Біздің Ақкөлдің табиғаты тамаша, шөбі шүйгін, жері құнарлы, халқы тату. Сондықтан кәсіпкер ретінде ауылымызға көшіп келгісі келетін кез келген отбасына қолдау білдіруге дайынбыз, — дейді ол.

Бүгінге дейін бірнеше отбасының малды болып, ауылда жайлы тұруына жағдай жасаған  Мұрат Сатмағанбетов қазір шаруашылығына жұмысшы керек екенін айтады. Туған жерін ерекше құрметтейтін кәсіпкердің болашақ жоспары көп, халыққа қызмет етсем деген ілгері тілегі бар. Айта кету керек, ол осыдан бірнеше жыл бұрын өз қаржысына ауыл балаларына арнап хоккей корты мен спорт алаңын салып берген.

Ақкөл ауылының тұрғыны Аслан Сағынбаев өткен жылы Ақтөбе қаласына қарасты Өлке ауылынан көшіп келген. Қазір ол ауылда жеке шаруашылығын ашып, ірі қара мен қой бағып отыр.

— Ақкөл ауылы — анамның туған жері. Бұл ауылды кішкентай кезімнен білемін. Былтыр осы ауылдан үй сатып алып, көшіп келдім. Жеке қожалық ашып, шөп шабуға техника сатып алдым. Қазір шаруашылығымызда 120 қой, 50 бас ірі қара бар. 1500 гектар жайылымдық және шалғындық жеріміз бар. Алдағы уақытта ірі қара санын көбейту жоспарымда бар. Өлкеде ата-анаммен бірге тұрдық. Қалаға жақын болғандықтан ол жер мал бағуға қолайлы емес. Ал Ақкөл — нағыз шаруашылықты дамытатын мекен, — дейді ол.

Аслан отбасында келіншегі екеуі бес бала тәрбиелеп отырғанын айтады. Балалардың үлкені 9-сыныпта оқыса, кенжесі — 1,5 жаста. Балаларының болашағын ойлаған шаруа ауылда еңбек етсең мол табысқа кенелуге болатынын дәлелдемек. Әзірге оған шаруашылықта үлкен ұлы мен келіншегі көмектесіп жүр.

«Кәусар» аталатын қожалығы бар шаруа алдағы уақытта «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниетті. Қазір оның бұл жобаға қатысуына былтыр техника алуға рәсімдеген несиесі қолбайлау болып отыр.

Ауыл тұрғыны Орынбасар Смайылов екі жылдан бері ағаш көшеттерін өсірумен айналысады. Былтырдан бері оның бастамасымен Ақкөл мен Қарабұтақтың арасына, аудан орталығына, Ақкөл ауылындағы мектеп пен клубтың айналасына ағаш көшеттері егіліпті. Қазір зейнеткер үйінің ауласында қарағаштың көшеттерін өсіріп жатыр.

— Көктем айларында ауылымызда сенбіліктер ұйымдастырып, ауыл тұрғындарының, жастардың көмегімен ағаш көшеттерін егеміз. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Қазір ағаш көшеттерін өз ауламда өсіріп жатырмын. Келіп, сұраушылар көп. Жуырда Шалқар, Ырғыз ауданынан тапсырыс түсті. Енді соларға дайындап жатырмын, — дейді ол.

Сондай-ақ ол — ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы. Елді мекендегі игілікті істердің басы-қасында жүретін зейнеткер қашанда жастарды еңбекке баулып, табиғатқа жанашырлықпен қарауды үйретіп жүреді. 50 жылдан бері осы ауылда тұратын ол Ақкөлге қатысты барлық тарихты біледі.

Қызметтік үй мен дүкендерді аралады

Іссапар аясында топ өкілдері Қарабұтақ ауылындағы «Әкелер» саябағын аралап, жол-патрульдік полиция инспекторларына берілген қызметтік үйді қарап шықты.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Нұрлыбек Сүйінтаевтың айтуынша, тұрғын үй департамент тарапынан инспекторлардың кезекшілік кезінде тынығуы үшін берілген.

  • Қарабұтақ ауылының үстінен көліктер үш бағытта, атап айтсақ, Ақтөбе, Қостанай, Ырғыз бағытында қатынайды. Бұл жерден өтетін көліктердің саны көп. Сол себепті жол қозғалысы ережесін қамтамасыз ететін рота қызметкерлері күндіз-түні үздіксіз жұмыс істейді. Департамент басшылығы осыны ескеріп, биыл инспекторларға қызметтік үй берді. Полиция қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс орталығына бара алмай қалған жағдайда осы үйде тамақтанып, тынығады. Мұнда асүй, жатын және жуынатын бөлмелер бар. Барлық жағдай жасалған, — дейді ол.

Бұдан кейін аталған топ осы ауылдағы ішімдік өнімдерін сатпайтын «Арай», «Әкімғали» аталатын дүкендерді аралап, кәсіпкерлермен тілдесті.

Келдібай Еспағамбетов дүкен иелері мен сатушыларына қазір облыс халқы арақ-шарап өнімдерін сату мен тұтынудан бас тартып келе жатқанын, ішімдік пен темекінің әсіресе жастарға зияны көп екенін, сол себепті мұндай өнімдерді сатудың соңы жақсылыққа апармайтынын жеткізді.

«Әкімғали» дүкенінің иесі, жеке кәсіпкер Ләззат Батырбекова көп жылдан бері саудамен айналысатынын, облыс орталығымен салыстырғанда мұнда баға әлдеқайда арзан екенін жеткізді.

Дүкенімізде азық-түлік, тұрмыстық заттардың бәрі бар. Көп жылдан бері біз алкоголь өнімдерін сатпаймыз. Арақ-шарап сатпай-ақ, жақсы табыс табуға болады, — дейді ол.

Топ өкілдері сондай-ақ Ақкөл мен Қарабұтақ ауылдарының арасына салынып жатқан жолдың құрылысымен де танысты. Екі елді мекеннің арасындағы жолдың ұзындығы — 35 шақырым. Бүгінде 7 шақырым жолға асфальт төселген. Жол жөндеу жұмыстары биыл апяқталады.

                                                                                                               Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақтөбе-Әйтеке би-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button