Ауыл

Ауылдың кәсіпкер жігіттері

«Ауыл аманаты» бағдарламасымен қорасын малға толтырғанСтепной ауылының тұрғындарының шаруасы түгел. Себебі қойы қоздап, сиыры бұзаулап, малы еселеніп жатқан жайы бар. Бұл ауылға Ақтөбе қаласынан не өзге аудандардан қоныс аударып, жұмысқа тұрып, кәсібін жасап жатқандары  қаншама?! «Ақтөбе» газетінің тілшісі берекелі ауылдың тұрмыс-тіршілігімен арнайы танысып қайтты.

Қарғалы ауданы Степной ауылдық округінде 822 адам тұрады. Соңғы үш жылда ауылдан ешкім көшпеген, керісінше, ауылға келіп жатқандар жетерлік. Ауылдық округте мал және өсімдік шаруашылығымен айналысатын«Степное» ЖШС орналасқан. Қоныс аударғандардың көпшілігі осы жұмыс орнының шақыртуымен не болмаса таныстарынан естіп келеді. Мекеме басшысы Аманғос Төлеуов жұмыскерлерді үй-жаймен қамтамасыз етеді, «бағамын» десе, алдына мал да салады.

Төрт баланың әкесі Нұрлан Өтеуов Қызылорда облысы Арал ауданынан көшіп келген. Ауылға 2021 жылы келіп, сол жылы зайыбы екеуі осы серіктестікке жұмысқа орналасыпты.

—  Жұмыртқасын, етін жейміз ғой деп көшіп келе салысымен алдымен бірнешетауық алдым. Кейін «Ауыл аманаты» жобасы жайлы естіп,мал алуға бекіндім. Аманғос Төлеуовтен ірі қараның бесеуін алдым, оның екеуі — сауын сиыр. Келіншегім балаларға сүттен айран, қаймақ, құрт істеп береді. Одан бөлек бес жандық алдым. Қойларым ақпан айынан бастап төлдеді, енді 3 қозымыз бар. «Малымыз қыстан аман шықсын» деп серіктестік басшысы алғашында жемді де түсіріп берді. Қолдан келгенінше көмектесіп жатыр, ол кісіге алғысымыз шексіз,— дейді Нұрлан Өтеуов.

«Степное» ЖШС бас зоотехнигі, директор орынбасары Қазығали Бектілеуовтің айтуынша, шаруашылық ұжымы мемлекеттік бағдарлама аясында ауыл тұрғындарына 100 бас ірі қара мен 100 бас қойбереді. Бағдарламаға қатысушылар ұнаған малдарын өздері таңдап алатын көрінеді. Сондай-ақ олар малдың ақысын малмен қайтармайды.Екі тараптың өзара келісімшарты бойынша олар ай сайынғы жалақыларынан 20-30 пайызын ұстап отыруға уағдаласқан.

Ғалихайдардың қаздары

Ауылдық округтың әкімі Гүлмайра Нұреділова ауылдың барлығы дерлік құс ұстайтынын айтты, тіпті өзі де құс бағады екен. Негізінен олар қаз, үйрек, бройлер тауықтарын бағады. Ал ауыл тұрғыны Ғалихайдар Шукунов «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, 2,5 пайызбен 5,5 миллион теңге несие алған. Оған 200 үйрек пен 500 қаз, онымен қоса қыс мезгіліндеқұстардың қыстайтынорны ретінде бір үйді сатып алыпты.

Осы ауылдан 20 шақырым қашықта орналасқан Орынбор қаласы Домбаровский ауданының тумасымын. Степнойға 1991 жылы көшіп келдім. Орынборда ата-анам мен бауырларым тұрады. Ал туысқандарымның жартысы осында. Әйелім мектепте медбике болып істейді. Тәрбиелеп отырған үш қызымыз бар. Кенжеміз мектепте оқиды.

Мен осы уақытқа дейін өзіме ұнаған жұмыспен ғана айналыстым. «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 17 жыл комбайншы және К-700 тракторының механизаторы болып істедім. Жас кезімде жаңа техникалармен, трактормен, комбайнмен жұмыс істеген ұнайтын. Ісімнің барлығын хобби ретінде бастаймын. Одан кейін бағытымды өзгертіп, пластикалық терезелер жасауға көштім. Онымен үш жылдай айналыстым. Басында терезе жасау сүйікті ісім болды, аптасына 20-30 тапсырысқа дейін қабылдаған кездерім де болатын. Ал қазір ол іске қызығым басылды. Өзіме ұнайтын басқа іспен шұғылданғым келді. Қазір бағдарламаға қатысып, құс бағып отырмын, — дейді Ғалихайдар Шукунов.

Оның айтуынша, адам немен айналысамын десе де, ең бастысы, өзіне ұнауы керек. Егер жұмысқа ақша үшін ғана барып келіп жүрсе, демек, уақытының бос кеткені. Адамның мүмкіндігінде шек жоқ. Сол себепті жан дүниеңнің не қалайтынын білсең, көп ойланбай, істі бастап кету керек дейді.

Мен бірқалыпты өмірден тез жалығамын. Осы күнге дейін жұмысымның бағытын қаншама рет өзгерттім. Құс бағу маған таңсық нәрсе емес. Жастайымнан шаруаға жақын өстім. Ата-анам шопан болған. Мен де кішкентайымнан қой бағып өстім. Ауламызда тауық, үйректер де болатын. Енді құс бағу тек хоббиім ғана емес, сонымен қатар басты кәсібім, — дейді ол.

Ғалихайдар сатып алған үйінің ауласына алдағы уақытта тауық қора салғысы келеді. Ол үшін құрылыс материалдарын да алып қойыпты. Ауланың жан-жағын тормен қоршап, бейнебақылау орнату да жоспарында бар.

Үйректер үш айдан кейін сатуға болатындай өсіп қалады. Оларды жергілікті әкімшілікпен бірге, Бадамшада, Ақтөбе қаласында өткізілетін жәрмеңкелерге барып сатамыз. Ал қазды Жаңа жылға таман сатуға болады.

Одан бөлек «Ақтөбе мыс компаниясымен» алдын ала келісімшарт жасастық, олар 200 қаз аламыз деп отыр.

Құс бағасы 10 мың теңгеден басталады, қыс мезгілінде 15 мың теңгеге дейін барады. Құстың жеміне де аз қаражат кетпейді. Бір қабын 10 мың теңгеге сатып алып отырмын.

Негізі бағдарлама шарты бойынша маған жарты жыл каникул берілді. Жаңа жылдан бастап несиені қайтарамын. Бір жылдың ішінде барлығын өтеп тастаймын деп жоспарлап отырмын. Құстарым өтпей қалады деп қорықпаймын. Сатып алушылар бар, — дейді кәсіпкер.

Ол үйрек-қазыныңбарлығы өтіп кеткен соң тағы да балапан  сатып алып, өсіремін дейді. Инкубатор сатып алу ойында болған, бірақ тиімсіз екенін айтады.

Ғалихайдар құстың жұмыртқасын дүкенге өткізсе, мамығынан жастық жасап сатады. Жастықты өзі пішіп, іс машинасымен де өзі тігеді.

Өсіріп отырған қаздың тұқымы «линда» деп аталады. Осы уақытқа дейін қаздың бірнешетүрін көрдім. Басқаларымен салыстырғанда осы линда тұқымының жүні жұмсақ келеді екен. Жастықтарға да алдын ала тапсырыстар алып қойдым. Адамдар көбіне қыз жасауына қосуға арнайылап тіктіреді. Бір жастыққа 8-10 қаздың жүні кетеді. Көлемін 70х70 см, 70х50 см қылып тігемін, бағасы 6 мың теңге, — дейді іскер жігіт.

Ол бұрынырақта іс тігуді де кәсіп қылған. Онымен айналысқан үш жылдың ішінде киімнің түр-түрін тіккенін айтады.

Ғалихайдардың көмекшілері — әйелі мен қызы. Ол бастап жатқан ісін отбасылық кәсіпке жатқызады. Себебі жақындарының қолдауы мен көмегінсізісі алға жүрмейтінін айтты.

Шақыртумен келген маман

Көпбалалы Кенжебаевтар әулеті де ауылға жақында көшіп келіпті. «Степное» ЖШС-ында бас ветеринарболып жұмыс жасайтын Аманжол Кенжебаев жұмыс бойынша шақыртумен келген.

Алғадан Степнойға қоныс аударған жас отбасы бес баланы тәрбиелеп отыр. Балаларының алды 8-де болса, кішісі әлі жасқа толмаған.

Бұған дейін Алға қаласындағы «Актеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндетоғыз жыл ветеринар болып қызмет еттім. Осында шақыртумен келген соң Аманғос Төлеуов ағамыз үй берді.

Қайын атам қолымда тұрады. Ол кісі «Ауыл аманатына» қатысқысы келген соң қарсы болмадық. Өткен жылдың қараша айында он қой мен бір қошқар алды. Қаңтар айында қойымыз қоздап, қорамыз толды қазір 8-9 қозымыз бар.

Қалада өмір сүру қиындау. Ал осындағы жұмысымызға көңіліміз толады, жалақымызды да уақытында аламыз. Мал алғанда жем-шөбін де қоса берді. Алдағы уақытта мал басын көбейтеміз деп отырмыз. Бағдарламаны түсіндіріп, құжаттар дайындауға көмектескен жергілікті әкімшілікке, ауыл әкімі Гүлмайра Нұреділоваға да алғыс айтамыз, — дейді Аманжол Кенжебаев.

 Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button