Ғашықтар күнін тойлайсыз ба?

Өзге мәдениетке тән Әулие Валентин күнін тойлайтын жастар қоғамда әлі де бар. Десек те бір жылдары ақпан айының 14-інде жастар арасында нағыз ду-думанға айналған бұл күннің буы бүгінде басылып келеді. Жастардың жат мерекеге мұнша үйір бола қалуы мағынасы осыған ұқсас бір атаулы күннің қажет екендігін көрсеткендей. Яғни мәңгі тақырып — махаббат күні керек болды. Осылайша Валентин ұмытылып, Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні жастардың күнтізбесіне енді — олар 15 сәуірді «Ғашықтар күні» деп атап, тойлайтынды шығарды. Осы орайда жұртшылықтың ғашықтар күні туралы пікірін білген едік…
Бұл күннің маңызы қандай?
2011 жылдан бері аталып өтілетін бұл бейресми мерекенің отбасылық құндылықтарды арттырудағы мәні ерекше. Мәңгілік махаббаттың символына айналған Қозы мен Баян күнін атап өтуді алғаш Серік Абас-шах ұсынған. Әулие Валентинді ұлықтағанша, «Еңлік–Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Ләйлі-Мәжнүн» секілді ғашықтық дастандарымызды көбірек насихаттап, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіре білуіміз керек деген пікірлер айтылды.
— Жастардың жат ағымдарға, өзге елдің салт-дәстүріне еліктемей, өз халқымыздың дәстүрін қадірлей білуге үйрету, бағыт беру — аға ұрпақтың парызы. 14 ақпанда тойланатын Әулие Валентин күнінің біздің мәдениетке қандай қатысы бар? Оның орнына Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың, Ләйлі мен Мәжнүннің, Еңлік пен Кебектің, Төлеген мен Қыз Жібектің махаббатын, олардың кіршіксіз таза сезімін неге айтпаймыз?!
Біздің ата-бабаларымыз әлемдегі сұлулықтың көркем үлгісін ару қыздың мінсіз мінезінен, тал бойынан көріп, ән мен жырға қосқан. Қыздарымыздың жан дүниесінің нәзіктігін, адал махаббат иесі болғандығын жыр-дастандардан білеміз. Бүгінгі қызғалдақ қыздарымыз ертеңгі ибалы да инабатты келін, болашақ әже болары сөзсіз, ұрпақ өсіп, ұлт тәрбиелейді.
Әйел заты — шаңырақтың құты, бағы мен берекесі, отбасының ұйытқысы, тұрмыстың сәні мен салтанаты. Дүниедегі мейірім мен махаббат ана сүтінен дарып, әйел жүрегіне ұялаған деп есептеген бабаларымыз.
Білімді де білікті, парасатты, адал, шыншыл ұрпақ тектілігіміздің айнасы. Сондықтан жастарымыз қоғамдағы алар орнын біліп, көңілімізге қаяу түсірмесе екен деймін. Өйткені жас ұрпақтың тәрбиесі — ұлтымыздың ең қымбат байлығы, — дейді ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Ақжеңіс Жаналина.
Қозы-Көрпеш-Баян сұлу күні туралы айтқанда, адамдардың пікірі екіге жарылады. Бірі қолдаса, бірі қарсы шығады. Олар қосыла алмай кеткен қос ғашықтың қайғылы тағдырын тойлаудың қажеті жоқ деп санайды. Ал тарихшы Ербатыр Қалышев болса махабатты тек қыз бен жігіттің қарым-қатынасымен шектемеу керектігін айтады.
— Жастарымыздың кіршіксіз сезімін көрсететін Ғашықтар күнінің болғаны — құптарлық іс. Алайда «махаббат» ұғымының мағынасын тек қыз бен жігіттің арасындағы сезім деп шектеуге болмайды. Бұл ұғымды ананың балаларына деген махаббаты, баланың ата-анасына деген махаббаты сияқты кең ауқымда қарастыруымыз керек.
Жас кезде оқыған ғашықтық жыр-дастандарда ынтық болған жастар қосыла алмай, жолдары екіге айырылған оқиғаларды көп оқыдық. Ол кезде жастар қанша жерден бір-бірін жақсы көрсе де, ата-ананың сөзінен, жұртының дәстүрінен аттап кете алмағанын көруге болады. Рас, махаббат — ұлы күш, бірақ ұлтыңның салт-дәстүрін құрметтеу, ата-ананы сыйлау секілді жайттарды бірінші орынға қоятын кездер де болады.
Жастардың Ғашықтар күнін атап өтуіне еш қарсылығым жоқ. Қайта 15 сәуір күнін республикалық деңгейде тойласа, бұл күннің ұлттық сипаты арта түсер еді, — дейді Ақтөбе қалалық №47 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ербатыр Қалышев.
Ұлттық дәстүрлеріміз насихатталуға тиіс
Соңғы 3-4 жылда Ғашықтар күнін жастар арасында тойлау кең етек алып келеді. Жастар жағы бастаңғы ұйымдастырып, көңілді кештердің ұйытқысы болып жүр. Бірақ бұл мерекені батыстық үлгіде емес, ұлттық сипатта атап өтудің маңызы зор.
Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің мәдени демалыс қызметін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Фариза Төлебаеваның айтуынша, Ғашықтар күнін ұлттық танымымызға, салт-дәстүрімізге қайшы келмейтіндей етіп атап өткен абзал.
— Жастарға Әулие Валентин күні секілді жат мерекені тойлауға негіз жоқ екенін түсіндіріп, өзіміздің дәстүрлі мерекеміздің мәнін ұғындыруымыз керек. Бұрын бұл күндері біз әртүрлі байқаулар өткізетінбіз. Осы жолы Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық Мәдениет үйі, қалалық жастар ресурстық орталығы, aqtobe_project04 жастарымен бірлесе отырып, бұрынғыдан өзгерек мерекелік думан ұйымдастырмақпыз. Іс-шара барысында қынаменде, ұрын бару, селтеткізер секілді ұлттық дәстүрілеріміз кеңінен насихатталып, көрерменге танымдық сұрақтар қойылып, қызықты ойындар ойнатылады. Жастар жағы алтыбақан аясында ән айтып, жырдан шашу шашады.
Ертеректе алтыбақан аясында бозбалалар мен бойжеткендер ән айтып, бір-біріне жеткізе алмай жүрген сезімдерін тұспалдап жеткізген екен. Бойжеткендер жігіттерге ұйқыашар, ал бозбалалар қыздарға селтеткізер сыйлықтарын жасаған. Ұнатқан адамына артық сөз айтпай, тек кестелі орамалын сыйлаған, бойындағы ибалылығын жоғалтпаған қазақ қызының бейнесін қазір де көргіміз келеді. Ол өз сезімін білдірудің айқын көрінісі іспетті. Сондықтан Қозы Көрпеш — Баян сұлу күнін қайта жаңғыртып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттауды ұмытпайық, — дейді ол.
Жастар жаппай Қозы Көрпеш-Баян сұлу күнін атап өтпегенмен, мейрамда бойжеткендердің өз ғашығынан тосын сый күтетіні рас. Ал жігіттер жағы сүйіктілеріне осындай мерекені пайдаланып, ұсыныс жасап жатады. Сондықтан осы күннің маңыздылығын ұғындыратын іс-шаралар көбірек болуы керек дейді жастар.
Концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, жастардың басын қосып жүрген ұйымдастырушылардың да пікірін білген едік:
— Қазіргі жастар сезімге тез берілгіш. Сәл ауыр сөзге ренжіп қалады. Ұялы телефон арқылы танысқанды жөн көретін жастардың сөздің қоры да азайып барады. Олар Қозы Көрпеш-Баян сұлу секілді ғашықтық жырларын оқыса, махаббатты тереңірек түсінер еді. Заманауи технологиялардың дамыған заманында қыз бен жігіттің танысуы еш қиын емес. Тіпті байланыс нөмірін білмесе де, әлеуметтік желідегі аккаунтын тауып алып танысатын жеткіншектерді көріп те, байқап та жүрміз. Сонда бұрынғының «қызға қырық үйден тыйым» дәстүрі қайда қалды? Осы заманда ешкімді тыйыммен ұстай алмасымыз анық. Дегенмен қыз бала ибалылығын, жігіт парасаттылығын жоғалтпаса екен.
15 сәуір — Ғашықтар күні ретінде кеңірек насихатталса, жастар тек танысып қана қоймай, шығармашылық орта да қалыптасар еді. Мысалы, мен осы мазмұнды іс-шараның басы-қасында жүріп, жаңа рухани ізденісі мол жастармен таныстым. Қаламызда өнерлі жастар өте көп. Тек қолдау аз. Шығармашыл жастардың басын қосатын орта қалыптастырып, рухани кештер көбірек өткізілсе, олар бос уақытын тиімді өткізер еді.
Махаббат күні деп жай ғана айта салмай, мән-мағынасын ашатын театрландырылған көріністер ұйымдастырылып, қызықты ойындар ойнатылса, Валентинді айтпақ түгіл, ол күнді еске алмайтын боламыз. Осы күнге орай Қозы Көрпеш-Баян сұлудың бейнесін салып, арнайы білезіктер мен алқалар шығарылып, ұлттық нақыштағы жүрекшелер таратылса, керемет емес пе?! — дейді Асланбек Иманалин.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



