Денсаулық

Дәрігерлердің ғылыми қоғамы

12 сәуір — Ғылым қызметкерлерінің күні

Еліміздегі ең ірі оқу орындарының бірі — Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде студенттердің ғылыми-зерттеу қызметінің рөлі ерекше. Ол тек оқу үдерісімен ғана емес, сонымен қатар университет алдында тұрған ғылыми міндеттермен де тығыз байланысты. 1958 жылы университеттегі үйірмелер негізінде Студенттердің ғылыми қоғамы құрылды. Кейін,мұнымен қатар Жас ғалымдар қоғамы да жұмыс жасады. Ал 2019 жылы бұл екі ұйымбірігіп, Жастардыңғылыми қоғамы атанды. Біз Ғылым қызметкерлерінің күні қарсаңында 65 жылдық тарихы бар осы қоғам туралы жазуды жөн көрдік.

Үйірмеден басталды

Оқу орнындағыстуденттердің ғылыми қоғамы студенттік ғылыми үйірмелер негізінде 1958 жылы құрылды. Жаңа кафедралар ашылып, ғылыми дәрежесі бар оқытушылар саны көбейген сайын студенттік ғылыми үйірмелер саны да көбейген.

Студенттік ғылыми үйірмелердің алғашқы ғылыми жетекшілері жастарды қызықтыратындай дарынды, білімді, мақсаткер адамдар болды. Олардың ішінде доцент, медицина ғылымдарының кандидаты А.Сорокин, С.Гордин, В.Яглинский, М.Булина, В.Морозова, В.Сенников, Х.Маманова, И.Буджанов, А.Стародубова, К.Сергеев және т.б. болды.

Қалыпты анатомия, химия, фармакология, балалар хирургиясы, стационар хирургиясы (қазіргі №2 хирургиялық аурулар кафедрасы), акушерия және гинекология бөлімдерінің студенттік үйірмелері жылдар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлерін жоғалтпай,қазір де белсенді жұмыс істеп келеді. Мәселен, кафедраның негізін қалаушы, анатомиялық мұражай және үйірменің жетекшісі профессор Алексей Сорокиннің 1958 жылы үйірменің алғашқы отырысында жазған  хаттамасы «Қалыпты анатомия» кафедрасының мұрағатында сақталған.

Сол кезде Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының студенттері алғашқы ғылыми жұмыстарының нәтижелерін 1960 жылы өткен бірінші студенттік ғылыми конференцияда баяндапты. Ол жерде 12 кафедрадан 25 дәріс ұсынылған. Конференция жұмысы екі отырысқа созылып, біріншісінемедицина ғылымдарының кандидаты, доцент А.Дайыров, екіншісіне жалпы гигиена кафедрасының меңгерушісі, доцент Л.Гландержетекшілік еткен.

Тарихты парақтасақ, алғашқы конференцияға сол жылдары студент болған, қазіргі таңда белгілі педагог, ғалым атанған академиктер Н.Ізімбергенов, О.Төребаев, В.Бондаренко, профессор Т.Сұлтанов, С.Ахметқалиевтер қатысыпты. Бұдан біз ғылымға деген қызығушылық студенттік үйірмелерден басталатынын көреміз. Осы ретте марқұм академик Намаз Ізімбергеновтің: «Егер мен өзімнің кәсіби қызметімде қандай да бір жетістікке қол жеткізген болсам, ол негізінен энциклопедиялық білімі бар тамаша ұстазым, менің алғашқы тәлімгерім Софья Наумовна Гординаның жетекшілігімен жүргізілген үйірменің жұмысымен байланысты», —  деп айтқаны сөзіміздің дәлелі.

Бүгінде еліміздің батыс өңіріндегі жалғыз медициналық университетте 5,3 мыңнан астам студент оқып жүр.

Жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы — 480 адам.

БҚМУ іргетасы қаланғаннан бері 30 мыңнан астам дәрігер шықты

 

Естеліктер

1961 жылдан бастап мединститут студенттері Алматы, Орынбор, Саратов, Харьков, Ташкент, Мәскеу және Ленинград қалаларында орыс, неміс және ағылшын тілдерінде өздерінің ғылыми жұмыстарын баяндайтын республикалық және Бүкілодақтық ғылыми студенттік конференцияларға қатыса бастады.

Ғылыми конференциялар тарихына шолу жасағанымызда Марат Оспанов атындағы БҚММУ Студенттердің ғылыми үйірмелері Кеңесінің төрағалары әр жылдарда И.Истомин, Х.Хофман, С.Грибел, В.Делягин, Ю.Буганов, Г.Пинхасов, А.Трумов, С.Омаров, Ж.Нармұхамедов, Д.Нұрғалиев, К.Сабыр, Ж.Веселов, А.Кузнецов,Б.Дженалаев, А.Шейхина, С.Станибергенов болған.

Өткен күндерді еске алған медицина ғылымдарының докторы, профессор Надия Мавлюдова: «Институтқа түспей тұрып фармакология кафедрасында лаборант болып жұмыс істедім, сондықтан медицина факультетінің бірінші курсына түсіп, бірден кафедраның ғылыми үйірмесінің мүшесі болдым. Зерттеу жұмыстары өте қарқынды жүрді, бір мәселе бойынша бірден институттың 8 кафедрасы айналысты, оған үйірме мүшелері де белсене қатысты. Мен Студенттік ғылыми қоғамның хатшысы болдым. Институт асханасында ай сайын кештер, аға буын мен жас ғалымдардың қатысуымен кездесулер өтіп тұратын. Студенттік ғылыми қоғамның кеңесі ұйымдастырған алғашқы конференция біз үшін керемет оқиға болды. Екі күнге созылды.Кешкі сағат 5-6-да, сабақтан кейін секциялық отырыстар басталып, баяндама сайын белсенді пікірталас болды», — десе, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Ғазиза Смағұлова: «80-жылдары студенттердің ғылыми жұмысын комсомол жастар ұйымы бақылады. Институттың барлық жұмысына мединституттың комсомол комитетінің мүшесі Сайлау Омаров жетекшілік етті. Мен студенттік ғылыми қоғамдағы 1-3 курс үшін жауапты болдым, менің негізгі міндетім— студенттерді ғылыми үйірмелерге тарту болды. Төменгі курс студенттерінің арасындағы ең танымал үйірмелер анатомия мен биология еді.Мен биология үйірмесінің белсенді мүшесі болдым, ал үйірменің жетекшісі биология ғылымдарының докторы, профессор Айтқожа Бегалиев болды. Оның жетекшілігімен 1984 жылы Ақтөбе қаласында жаңа туған нәрестелердегі хромның мутагенді және тератогенді әсерлерін анықта убойынша зерттеу жүргізілді», — деп естелігімен бөлісті.

1988 жылы 18 сәуірде Ғылым күніне орайластырылып, алғаш рет комсомолдың 70 жылдығынаарналған 24-студенттікғылыми конференция өткізілді. 1999-2008 жылдар аралығында Ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, м.ғ.д., профессор Гүлсім Кисманова Студенттік ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосты.

2000 жылдардан кейін жақын және алыс шетелдермен ғылыми қарым-қатынастар табысты түрде қалыптасып, 2005 жылдан бастап ғылыми конференция республикалық, одан кейін халықаралық мәртебеге ие болды.

Көрнекіліктер жәрмеңкесі

2009-2010 оқу жылында алғаш рет «Ең үздік ғылыми үйірме» байқауы өткізілді.

Мұнда әр жылдары «Фитофармаколог»,«Анатом», «Хирургиялық аурулар №2», «Гистолог», «Акушерлік және гинекология», «Гигиенист», «Тамақтану гигиенасы», «Физиолог», «Хирургия» үйірмелері жеңіске жетті.

2011-2012 оқу жылында «Үздік ғылыми үйірме» байқауының бір кезеңі ретінде алғаш рет еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарының арасында студенттердайындаған оқу-әдістемелік және көрнекі құралдарының көрме-жәрмеңкесі енгізіліп, таныстырылды. Содан бері үлкен шаралар аясында студенттердің қолдарынан шыққан дүниелер көрме-жәрмеңкелердеқатысушылар назарына ұсынылып келеді.

Биыл да Аққағаз Досжанова атындағы конгресс холлда ұйымдастырылған конференция барысында ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының қызметкерлері үйірмелердің жұмысымен танысып, қолдан жасалған көрнекіліктердікөріп, өз пікірлерімен бөлісті.

«Біздің медициналық орталық үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізеді және осы бағытта Сіздердің жоғары оқу орындарыңызбен ынтымақтастыққа мүдделіміз. Өйткені оқу орнының ғылыми әлеуеті жоғары. Бұл оқу орнынан расымен мықты дәрігерлер шығады»,— деп атап өткен болатын Алексей Цой кездесу барысында.

Бүгінде аталған оқу орнындағы 47 кафедрада 23 үйірме белсенді жұмыс істейді. Ал университет ректоры Әсет Қалиев бір сұқбатында бізге «Күшті кафедра — мықты университет» ұстанымын ұстанатынын, сондай-ақ ғылымды дамыту үшін қажетті жағдай құру аясында университет аумағында ғылыми-зерттеу зертханасы құрылысы салынатынын, қажетті құжаттар әзірленіп жатқанын айтқан болатын.

— 2018 жылы білімді қажет ететін мәліметтер қорын дамытуға және рецензияланатын журналдар мен электронды деректер қорларында мақалаларды жариялауға көп көңіл бөлінді. Ғылыми қоғам студенттері толық мәтінді шолу мақалаларын жазып, RSCI және eLibrary журналдарында жариялай бастады, бұл ретте ғылыми кеңесші Әкежан Астраханов ерекше рөл атқарды. Жастар ғылыми қоғамы Кеңесінің студенттері Мөлдір Жанұзақ пен Айдәулет Қонысбай ғылыми тәжірибе алмасуға қатысып, Португалия мен Италияның жетекші ғылыми орталықтарында болып қайтты. Білім және ғылым министрлігі Кеңесінің мүшелерін іріктеу күшейтіліп, қатаңдатылды. Алғаш рет университетіміздің 1-курс студенттері мен қаладағы медициналық колледждер үшін «Жас студенттер конференциясы» тақырыбында арнайы конференция өткізіліп, бірінші курс студенттерін ғылымға шақырды. Ковид-19 індетіне қарамастан, 2019 жылы Жастар ғылыми қоғамының төрағасы Ержігіт Найзабектің жетекшілігімен Халықаралық білім беру министрлігінің кеңесі біртұтас орган ретінде 60-халықаралық ғылыми конференция өткізді. Ең қиын жағдайларда Студенттердің ғылыми үйірмелерінің жәрмеңкесі мен жарыстары онлайн режимінде өтті, — дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі департаментінің жетекшісі, 2021 жылғы «Үздік ғылыми қызметкері» байқауының жеңімпазы — Ақмарал Баспақова. Одан әрі ол: «Отандық ғылым саласын дамыту үшін мемлекеттен қолдау бар, тек ізденіс керек, оқу керек», — деді.

Жастардың ғылыми қоғамының жетекшісі, қалыпты физиология кафедрасының оқытушысы Қарлығаш Бимағамбетованың айтуынша, студенттердің ғылыми қоғамының деректері бойынша, университеттің 61 ғылыми конференциясында 6 мыңнан астам ғылыми баяндама ұсынылған.

— Біраз студенттің баяндамаларының тезистері мен мақалалары Италия, Португалия, Египет, Болгария, Сербия, Түркия, Қытай, Украина, Ресей, Қырғызстан елдерінде өткен ғылыми конференцияларда жарияланып, қорғалды.Жалпы соңғы 10 жылдауниверситетіміздің 200-ден астам студенті халықаралық конференциялардың жеңімпаздары атанды, —дейді ғылыми қоғам жетекшісі.

Бүгінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті профессор-оқытушылар құрамының жоғары әлеуетімен, білім берудің биік деңгейімен, сондай-ақ қуатты клиникалық базаның қалыптасуымен және инновациялық зерттеулердің жүйелі түрде жүруімен мақтана алады. Әлбетте аталған оқу орны ұшырған түлектердің жерде қалғаны жоқ: бірнеше министр өсіп шықты, сондай-ақ елімізге танымал ғалымдар, дәрігерлер, қолы жеңіл хирургтер

ғылыми ізденісін тәжірибемен ұштастыра халыққа қызмет көрсетіп жүр.

Ғалымдардың дені университет қабырғасында жүргенде-ақ қызығушылықтарына қарай, үйірмелерге қатысып, ғылыми қоғамға мүше болып, белсенділік танытқан екен. Бүгінгінің жасына да ғылым есігі айқара ашық тұр.

 А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button