Басты жаңалықтар

Иттер «сырға» тағады

Өзекті

«Итке маржан не керек?» деген қазақ енді «сырға таққан» саққұлақтарды күнде көретін болады. Бүгінде қоғамда үлкен проблемаға айналып отырған қаңғыбас иттер мәселесіне қатысты пікір екіге жарылып тұр. Бірі осыдан бір жыл бұрын шыққан «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның дер кезінде шыққанын, иттерді бағатын арнайы орын салу керектігін айтса,

екінші тарап: «Иттерді бағатын орын салғанша, балабақша салмай ма?» деп, бұл заңның шикілігін, біздің қоғамның бұған әлі дайын еместігін алға тартады.  

Осы заң шыққаннан бергі бір жыл ішінде не істелді?Қоғамда жиі талқыланатын бұл тақырыпқа қайта оралуды жөн көрдік…

«Ит — жеті қазынаның бірі» дейміз. Алайда иттің де иті бар. Ертеде қазақ итті күнделікті тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, аңшылығы үшін мақсатты түрде тиімді пайдаланған. Қазір заман басқа, заң басқа. Көшеде қаңғы иттер толып жүр. Адамға тіршілігі үшін де, шаруашылығы үшін де керек болмай қалған.

Бұған дейін бұралқы иттер атылып немесе жансыздандырылатын дәрі егу арқылы азайтылатын. Былтырдан бастап жаңа Заң күшіне енді. Итті атуға, мысықты өлтіруге болмайды. Сол құжатқа сәйкес енді ит ататындардың орнын ит аулаушылар басатын болды. Жұрт басында бұған түсінбей қалды. Сөйтсек, оның да реті бар екен. Аңдардың құрып, «қызыл кітапқа» еніп кетпеуі үшін дала жануарларын қорғайтын заң бар. Енді бұл үй жануарларын да қамтыды.

Жалпы әлемдік тәжірибеге сүйенсек, ит пен мысықты қорғау, оларды бағатын, емдейтін арнайы орындары әуелден бар. Үй жануарларына жанашырлық танытып, жауапкершілікпен  қарауды негізге алған Заңда бұралқы иттерді жою әдісі енді өзгеше тәсілмен қолға алынбақ. Бүгінде бұралқы иттердің мылтықтың нысанасына ілікпей жүргені — сондықтан.

Жаңа Заң аясында қаңғы иттерді жою қалай жүзеге асырылмақ? Тұрғындарды мазалап жүрген де — осы сұрақ. Себебі өткен жылдан бері мылтықтың даусын естімеген иттер кез келген жерде топтасып еркін жүр. Қоғамдық орындарда, мектеп-балабақшаларда балаларды тістеп-талау оқиғалары талай кездесті. Жылына кем дегенде 5-6 күшік туатын иттердің қарасы тіпті көбейіп кеткен. Дегенмен қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ қарқынды емес.

Үй жануарларын есепке алу мақсатында алдымен «Tanba» ақпараттық жүйесімен келісімшарт жасалды. Өткен жылы осы арқылы облыс бойынша 1 мыңға жуық ит ауланған. Оның 500-і — Ақтөбе қаласында. Бұрын да жазғанымыздай, бос жүрген иттер ұсталып, панажайға әкелінеді. Онда уақытша ұстап, ауруын тексеріп, емдейді. Ал еркегі стерильденіп (ұрықсыздандырылып), ұрғашысының жатырын алып тастайды. Құтырған немесе адамды қабатын иттер бірден жансыздандырылады. Егер итіңіз қауып алған адамнан шағым түссе, итіңізбен қоштаса беріңіз. Панажайда иттер 15 күнге дейін ұсталады. Иесі анықталмаған жағдайда құлағына сырға салынып, чиптеліп, базаға енгізіліп,қайта жіберіледі. Бұл — бір жағы. Алдағы қыркүйек айынан бастап ветеринария мамандары әр аулаға кіріп, иттерді тіркейді. Сол кезде ит иесін анықтау да жеңіл болады. Егер итіңіз жоғалған жағдайда итті уақытша ұстау орталығына барып тауып алу мүмкіндігі бар.

Итті уақытша ұстау орталығы демекші… Қазіргі таңда қалалық әкімдік пен аудандар бұл науқанға кірісіп жатыр. Ақтөбе қаласынан панажай салуға 3 гектар жер бөлінген. Құрылыс жұмыстарын бастауға жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр деседі. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділгерей Әуелбаевтың айтуынша, ит ұстау орталығын салу жөнінде қала әкімдігімен бірлесіп төрт рет кездесу өткізілген. Арнайы кездесулерде қаладағы ит ұстайтын, емдейтін жеке емханалардың өкілдері, ветеринарлық дәрігерлер, ит баптайтын аңшылар және жеке тұрғындар шақырылып, ұсыныс-пікірлер сарапқа салыныпты.

Жалпы, біздің инспекция — түз тағыларын, жабайы жануарларды қорғайтын мекеме. Алайда жаңа заң аясында үй жануарларына жататын ит пен мысықтың да жағдайын қадағалауға тура келіп отыр.

Иттер қартайып өлгеннен кейін өлекселерін жинап, өртейтін орындарды заңдастырған дұрыс. Қалада тұрғындардың саны көбейген сайын үй жануарлары да екі есеге көбейіп тұр. Қазіргі таңда қалада жалғызбасты адамдар көп. Дені әсіресе өзге ұлт өкілдері ит пен мысықты үйлерінде асырайды. Ит пен мысықты жақсы көретіндер өз аулаларында иесіз жүрген басқа ит-мысықты да тамақтандырады. «Ит тойған жеріне үйір», сондықтан сол аулада қаңғы иттердің қарасы көбейеді. Сол жерде күшіктейді. Мәселе осыдан туады. Итті атуға болмайды деген заң шықты. Атпайық десек, көбейіп барады. Енді біз оларды күшіктемейтіндей етуіміз керек. Бір амалы — осы. Аталығын да, аналығының да туу қабілетінен айырғаннан кейін азаяды. Бірақ бұл 1-2 жылда бітетін шаруа емес.

Бірақ күшіктемейтін болған соң алдағы уақытта өсу қарқыны шектеледі. Сөйтіп, іріктеледі. Біз осы жұмыстардың заңдылығын тексереміз, — дейді инспекция басшысы.

Облыстық ветеринария басқармасы ветеринариялық есеп және ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру бөлімінің басшысы Шаһидолла Рахимовтің айтуынша, қаңғыбас иттерді күтіп-бағуға биылғы жылға 224 796 588 теңге бөлінген. Ақтөбе қаласы  мен аудандарда бұралқы иттерді аулап, күтіп-бағу жұмыстары үшін мемлекеттік электронды портал жүйесі арқылы конкурс жарияланған.

Тұрғындардан түскен арыз бойынша жыл басынан бері 300 қаңғыбас ит ауланды. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласындағы «Ника Ақтөбе» уақытша ұстау орталығымен келісім жасалып, әзірге амалдай тұруға тура келеді. Онда ауланған 259 ит бар. Оның 100-ден астамы ұрықсыздандырылып, қайта жіберілген.

— Біз иттерді 15 күннен артық ұстай алмаймыз. Осы аралықта иелері іздеп келіп алып кету керек. Ит асырағысы келетіндер де келіп таңдап алуларына болады. Ол кезде барлық құжаты дайындалады. Бізге тұрғындардың көмегі керек. Әркім итін байлап ұстаса, жұмыс жеңілдеу болар еді. Көп жағдайда адамға қауіп төндірген иттерді ұстап, иесіне апарғанда олар  өз иттерінен бас тартып, мойындамайды. Мектепке сабаққа баратын баланың соңынан иті ере шығады. Мұндай иттер бірден көшедегі қаңғыбас иттердің санатына қосылады. Ол ит біздің қолымызға түссе, міндетті түрде сырға салынып, базаға тіркеледі. Егер иесі анықталса, алдымен ескерту береміз. Ал қайталанса,  әкімшілік жаза қолданылып, айыппұл салынады. Күзде әр үйге кіріп иттерді тіркеген кезде де осылай түсіндіру жұмыстарын айтамыз. Сол кезде көшеде бейберекет жүрген иттер азаюы мүмкін. Тұрғындар осыған назар аударса дейміз, — дейді ветеринариялық есеп және ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру бөлімінің басшысы Ш.Рахимов.

Панажайды паналап…

«Ника Ақтөбе» ит ұстау орталығына күніне — 50, 1 айда 1500 ит әкелінеді деп есептелінген. Ауру түрлеріне және адамға қауіп төндіру жағдайына байланысты ай сайын 300 иттің көзі жойылып отырмақ.

Күніне 3-4 итке ота жасаймын. Еркегін піштіріп, ұрғашысының жатырын алып тастаймыз. Қасымда тағы бір дәрігер бар. Отадан шыққан иттер арнайы оңаша ұяда  3 күн бақылауда болады. Одан кейін торға қамаймыз. Стерилизация жасалған еркек иттер 8 күннен соң жіберілсе, ұрғашы иттер 15 күннен кейін шығарылады, — дейді маман Берік Әбдірахманов.

Ал иттерді күтіп бағатын, тамақтандыратын Ержан Қалдығұлов оларды бағудың қиындықтарымен бөлісті.

Әскерде Ауғанстан жерінде соғыста болдым. Сол кезде кинолог болып, арнайы үйретілген иттерді қарадық. Содан бері иттерді күтіп-бағумен айналысып келемін. Итті баға білу керек. Қазір қараусыз қалды. Кейбірі әдейі босатып жібереді. Себебі ұлитын иттер бар. Қазақ ондайды жаман ырымға санап, ұлыған иттен тез құтылуға тырысады. Жалпы, көбірек ұлитын — хаски мен лайка тұқымды иттер. Олардың табиғи жаратылысы солай. Ұйығатын кезде немесе қанның иісін сезгенде, тағы басқа себептермен де ұлиды. Кейбір иттер ашулы келеді. Тамақтандырғанда тістеп, қауып алады. Ондайларды бұл жерден шығаруға болмайды,себебі олар басқа адамға қауіп төндіруі мүмкін, — дейді ол.

Қалалық ветринария бөлімінің дәрігері Асқар Омардың айтуынша, көшедегі иттерді тірілей ұстау көп жағдайда қиындық туғызады. Итті ұстайтын арнайы мамандар тормен ұстайды. Олардың тіс өтпейтін қалың киімі, қолғаптары болады. Бірақ иттерді ұстауға біраз уақыт кетеді екен…

P.S.Жоғарыда айтқанымыздай, бұл оңай шаруа болмайын деп тұр.Бірақ итті жаппай атып, қатыгездік танытпай-ақ, осындай жолмен ретке келтіруге болады екен. Оған азды-көпті уақыт керек. Бір нәрсе айқын: туу қабілеттері жойылған иттер енді күшіктемейді. Демек,алдағы уақытта қаңғыбас иттердің қарасы сиремек. Мамандардың айтуынша, қаңғыбас иттерді көбейтпеуге, жоюға тек тұрғындардың белсенділігі, жауапкершілігі ғана керек болып отыр. Олай болса, итімізге ие болайық…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button