БілімБасты жаңалықтар

Ауыл мен қала арасы: алшақтық жойылып, бәсекелестік арта ма?

Президент тапсырмасынан соң

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою жөніндегі тапсырмасы Ақтөбеде жүйелі түрде орындалып жатыр. Ауыл мектептерін қолдау бірнеше бағытта жүзеге асырылуда. Соның бірі — «Білімі ALL» өңірлік жобасы. Екіншісі — үздік мектептерге ауыл мектептері шефтік қамқорлыққа беріліп жатыр. Үшіншісі — «Сапалы білім» жобалық кеңесі ашылды. Соның арқасында ауыл педагогтеріне әдістемелік көмек берілмек. Төртіншісі — облыстағы 30 үздік ауыл мектебі анықталып, олардың іс-тәжірибесі жан-жақты насихатталуда. Бесіншісі — биыл ауылдағы 56 мектептің марериалдық-техникалық базасын жаңарту жоспарланып отыр. Алтыншысы — «Қазақстан халқына» қоры арқылы «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында 12 ауданда 12 мектеп түбегейлі жаңғыртылмақ. Қазірдің өзінде оның біреуі — Бестамақ мектебі заман талабына сай жабдықталды (Аталған білім шаңырағына Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі енгізілуде). Айта кету керек, бұл жоба аясында өзге өңірлерде бір-екі мектептен ғана жаңартылып жатса, біздің облысқа айрықша басымдық беріліп, 12 ғимаратты жаңғырту жоспарланды. Бұған ауыл мектептерін, ауыл балаларын, ауыл педагогтерін қолдауда Ақтөбенің іс-тәжірибесінің республикаға үлгі болуының арқасында қол жеткізіліп отыр.
Біз ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар туралы нақтырақ білмек ниетпен облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуовамен сөйлескен едік…

Бағалау мен сараптау

Облыста 424 мектеп бар. Соның 281-і — ауыл мектебі.
— Ауыл мектептері мен қала мектептерінің білім сапасы арасында біршама алшақтық бар. Мұны білім сапасын бағалаудың бірнеше тәсілі арқылы анықтап отырмыз. Алдымен облыстық, республикалық пәндік олимпиаданың қорытындысы арқылы анықтаймыз. Сондай-ақ сырттай бақылау — PISA-ның (Programme for International Student Assessment) қорытындысы сарапқа салынады. Әр 3 жыл сайын өткізілетін халықаралық зерттеу аясында оқудағы сауаттылық, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бағаланады.
Тағы бір әдіс — іштей бақылау, яғни білім сапасын бағалауға мониторинг жүргізіледі. Осы зерттеулердің қорытындысы жан-жақты тексеріліп, талдау жасалады. Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықтықты жою мақсатында жүйелі нақты іс-шаралар жоспары бекітілді, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Білім сапасын 12 пайызға арттыру жоспарланып отыр

Қазір біздің облыста білім сапасын арттыру мақсатындағы жұмыстар бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр.
— Өңірде тұрғылықты жеріне қарамастан, балалардың сапалы білім алуы үшін тең мүмкіндіктер жасалып, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жоюдың озық үлгісі қалыптасты. Бүгінде біздің педагогтердің іс-тәжірибесі өзге өңірлердегі мұғалімдерге үлгі болып отыр. Ақпан айының соңында ауыл мектептерін қолдаудың ақтөбелік моделін республикаға тарату мақсатында үлкен жиын өтті. Сол кеңеске қатысқан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев: «Ауылдағы шағын жинақты мектептердің білім сапасын арттыратын бұл жобаны бүкіл ел бойынша жүзеге асыру қажет. Ақтөбе облысы ауылдық мектептерді дамыту бойынша министрліктің базалық орталығына айналады», — деп жоғары баға берген болатын.
Облыста жалпы 204 шағын жинақты мектеп бар. Бұл білім шаңырақтарында 14 585 оқушы оқиды, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Күзден бері «Білім ALL» жобасы аясында облыстағы 10 жетекші мектептің 35 үздік педагогі 120 шағын жинақты мектептің 10 мыңнан астам оқушысына 5 негізгі пән бойынша онлайн режимде сабақ беріп, виртуалды мұғалім қызметін атқарып жатыр. Бүгінде ауыл мектептерін қолдаудың үздік үлгісі өз нәтижесін беріп те үлгерді. Жоба басталған кезде ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының айырмашылығы 15 пайыз болған-ды, қазір ауыл мектептеріндегі білім сапасы 3,5 пайызға артты.
— Бұл көрсеткішті 12 пайызға арттыру көзделіп отыр.
Келесі оқу жылында облыстың барлық шағын жинақты мектебіне виртуалды оқыту жүйесі кезең-кезеңмен енгізіледі.
Жобаның арқасында дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарына оқуға қабылданатын ауыл балаларының үлесін арттырып, 10 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ ауыл балаларының арасынан облыстық, республикалық пәндік олимпиадалар мен оқушылардың ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарын көргіміз келеді. Олардың үлесін 10 пайызға арттыру жоспарланып отыр, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Қазір өңірде «Білім» электронды платформасы әзірленіп жатыр. Платформа ауыл балаларының цифрлық ресурстарды пайдалануына, барлық виртуалды педагогтің сабақтарының сақталуына, сабақты қарауына, оқытумен қатар талдау, мониторинг жасау мүмкіндігін беретін болады.

Мектептер жаңартылып, үздік тәжірибе енгізіледі

— Облыста үздік мектептерге ауыл мектептері шефтік қамқорлыққа берілуде. Мысалы, облыстық «Білім-инновация» лицейі мен «Кемел білім» мектеп-лицейінің әрқайсысына бес-бестен ауыл мектебі қамқорлыққа берілді. Бұл жоба да ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсетуде, бағыт-бағдар беруде, ауыл мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін шыңдауда, білім сапасын көтеруге септігін тигізуде, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Оның айтуынша, жан-жақты мониторинг негізінде облыстың 30 үздік ауыл мектебі анықталып, іс-тәжірибесі жан-жақты насихатталып жатыр. Сонымен қатар ауыл мұғалімдеріне ұйымдастырушылық, әдістемелік, ақпараттық қолдауды, кеңес беруді қамтамасыз ету мақсатында «Сапалы білім» жобалық кеңесі ашылды.
— Өңірде «Ауыл мектебі — үздік білім сапасы» жұмыс бағдарламасы қолға алынды. Бұл жобаның да мақсаты — ауылдың тірегі — мектепті қолдау, педагогтерінің сапалық деңгейін арттыру, ауылды көркейту, — дейді Нұргүл Лескенқызы.
Білім беруді жаңғыртудың тағы бір қадамы — мектептердің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жаңарту.
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында еліміз бойынша төрт жылдық жоспар жасалғаны белгілі. Соған сәйкес 2025 жылға дейін республика бойынша 5000, біздің өңірде 282 білім шаңырағын жаңарту жоспарланды. Қазірге дейін 114 мектеп (4 027,0 миллион теңге) жаңартылды. Бұл жобаның арқасында шағын жинақты мектептерде оқитын балалардың білім сапасы айтарлықтай артып, ауыл балалары бәсекеге қабілетті болады. Ауыл мектептері арасындағы бәсекелестік қалыптасады. Ауыл мектептеріндегі кадр тапшылығы мәселесі шешіледі, — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Еліміз бойынша «Қазақстан халқына» қоры арқылы «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы қолға алынғаны белгілі. Аталған жоба аясында Бестамақ мектебі жалпы құны 250 миллион теңгеге заман талабына сай жабдықталды. Жоба аясында өңірдегі 12 ауданда 12 мектеп жаңартылмақ.
— «Қазақстан халқына» қоры ғимараттарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, озық білім беру әлеуеті бар Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін де енгізеді. Осылайша ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелер енгізіледі, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button