Басты жаңалықтар

Кәсіппен көркейген Ырғыз

Ырғыз — бұрыннан мал шаруашылығымен айналысатын аудан. Бүгінде онда 15 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 10 өндірістік кооператив, 288 шаруа қожалығы, 9 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Сондай-ақ былтыр мұнда дәстүрлі емес шаруашылықты дамытуды қолға алғандар саны артқан. Ал кәсіпкерлікпен айналысатын 689 ырғыздықтың дені қазір мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен өз бизнесін дамытып отыр.

Балымкүлдің бөденелері

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Есет Молыбаевтың айтуынша, бүгінде ауданда мүйізді ірі қара саны 44 822-ге жетсе, қой-ешкі саны — 109 383, жылқы саны — 14 536, түйе саны — 1241, үй құстарының саны 14 137-ге жеткен.

Былтыр күзде аудандағы шаруалар мал қыстату кезеңіне 203 395 тонна шөп дайындады. Бұл жұмыстарға 53 шөп дайындау бригадасы, 296 ауылшаруашылық құрылымы техникалары жұмылдырылды. Қазір өңірде ауа райының жылынуына байланысты мал өріске шықты. Биыл осы салада ауданға 759 миллион 706 мың теңгенің инвестициясы тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 60,6 пайызға артық. Жалпы ауданда жылдан-жылға мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Сондай-ақ елді мекендерде шағын және орта бизнеспен айналысып жатқандар да жетерлік. Мысалы, биыл ақпан айында Ырғыз ауылында екі жаңа нысан ашылды. Оның бірі «Матғам» кафесі болса, екінші нысан —  халыққа қызмет көрсетуге арналған ветеринариялық дәріхана.

Биыл ауданда Үкіметтің 2010 жылғы 1 наурыздағы №145 қаулысына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында ауылдық округ әкімдері барлығы 49 азық-түлік дүкен иесімен үстеме пайызды 10-15 пайыздан асырмау жөнінде меморандумға қол қойды. Осыған сәйкес қазір арнайы мониторингтік топ ауылдардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Наурыз мейрамында осы мақсатта ауданның барлық округінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткіздік. Жәрмеңкеде ет, сүт, нан өнімдері, тағы басқа да тауарлар арзан бағамен сатылды, — дейді бөлім басшысы.

Былтырдан бастап Ырғыз ауданында құс шаруашылығымен айналысуға бет бұрғандардың саны артқан. Солардың бірі — Ырғыз ауылының тұрғыны Балымкүл Құдабаева. Қазір оның ауласында жүз бөдене бар. Аз уақыттың ішінде осы кәсіпті игеріп, жұмыртқасын саудаға шығарған ол бұл өнімнің адам денсаулығына пайдасы зор екенін айтады.

— Бөдене жұмыртқасы кішкентай болғанымен дәруменге бай. Әсіресе аллергиясы бар адамдарға пайдасы зор. Сондай-ақ иммунитетті күшейтеді, бүйрек, өкпе, асқазан, ішек ауруларына да ем. Сондықтан сұраныс бар. Қазір ауыл тұрғындары үйден келіп, сатып алады. Бір жұмыртқаның бағасы — 50 теңге, — дейді Б.Құдабаева.

Ауыл тұрғынының айтуынша, бөденені өсіріп, жақсы өнім алу үшін жылы жер керек. Ол үшін бөденені өсіруге арналған орынның температурасы 20-25 градус аралығында болуы қажет. Ал оның жемі дәрумендерге толы дәндік бидайдан, минералдардан құралуға тиіс.

— Бөдененің жемін облыс орталығына арнайы барып алып келеміз. Бір қап жемнің бағасы — 9 мың теңге. Өкінішке қарай, жылдан-жылға жемнің бағасы қымбаттап жатыр. Өйткені ол Ресейдің Орынбор облысынан әкелінеді. Біздің облысымызда жем өндірілмейді. Былтыр ауламыздан құс өсіруге арнап жылы сарай салдық. Енді соған бөденемен қатар, тауық өсіруді де жоспарлап отырмыз. Осы мақсатпен «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға құжаттар әзірлеп жатырмыз. Егер жоба аясында несие алсақ, бөдененің санын 300-ге дейін жеткізбекпіз. Сондай-ақ 500-дей тауық сатып алғымыз келеді, — дейді ауыл тұрғыны.

Балымкүл Құдабаева — бүгінде аудан орталығында бөдене өсіріп отырған жалғыз тұрғын. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, ол құс шаруашылығын әрі қарай дамытуды көздеп отыр.

300 жылқысы бар Айбек

Бүгінде Ырғыз ауданында бие сауып, қымыз өндіретіндердің саны артқан. Шаруалардың айтуынша, ауданда пандемия кезінде тұрғындар қымыз алуға бірнеше күн бұрын кезекке тұратын болған.

Ырғыз ауылынан 25 шақырым жерде орналасқан «Айқын» шаруа қожалығында бүгінде 300 бас жылқы, 30 ірі қара бар. Шаруашылық басшысы Айбек Нұрбаев жаз айларында базға көшіп, бие сауып, қымыз сатады. Қожалық күн сәулесінен қуат алатын қондырғы арқылы жарықтандырылып отыр. Былтыр баз аумағынан ұңғыма қазып алыпты.

— Қыста аудан орталығында тұрамыз. Ал жаз шығысымен базға көшіп, отбасымызбен қожалықтың жұмысымен айналысамыз. Мұнда жыл сайын 20 шақты бие сауамыз. Шаруашылығымызда 3500 гектар шабындық, 8000 гектар жайылымдық жеріміз бар. Техника болмаған соң, ірі қараға мал азығын сатып аламыз. Шаруашылықтағы жылқылардың дені —  жабы тұқымдас, 2-3 асылтұқымды айғырымыз бар. Болашақта жылқы санын көбейтуді жоспарлап отырмыз, — дейді шаруа.

Айбек Нұрбаев 2011 жылдан бері қымыз өндіруді қолға алынған. Оның айтуынша, пандемия кезінде қымызға сұраныс өте жоғары болыпты. Бұрын қымыздың бір литрі 700-800 теңге болса, қазір — 1500 теңге. Жаз айларында шаруашылық 20 биеден күніне 60-70 литр қымыз алады екен.

Қазіргі кезде иммунитетіңізді көтеретін бірден-бір тағам – жылқының сүті мен жылқының еті. Жалпы қымыздың адам денсаулығына пайдасы зор. Қазақ халқы үшін жылқы — қасиетті жануар. Мінсең — көлік, жесең — тамақ, ішсең — сусын. Халық арасында «Қымыз қырық ауруға ем» деген сөз де бар. Сондықтан жылқы малын өзім ерекше жақсы көремін, — дейді шаруа.

Өз сөзінде қожалық басшысы соңғы жылдары Ырғыз өңірінде су басты проблема болып тұрғанын айтады. Ырғыз өзені көптен тасымаған, жауын да аз жауады, соның салдарынан қуаңшылық болып тұр.

Аудандағы алғашқы орталық

Ырғызда өткен жылы алғаш рет балаларға қосымша білім беретін «Pro.Education» оқу орталығы ашылған. Жуырда осы орталықтың екінші ғимараты пайдалануға берілді.

Жеке кәсіпкер Ләззат Толықбаеваның айтуынша, бұл орталықта қазір 200-ге жуық оқушы бірнеше пәннен қосымша білім алып жатыр. Олардың ішінде ҰБТ-ға дайындалып жатқан жоғары сынып оқушылары да бар.

Орталығымызда 15 мұғалім дәріс береді. Мұнда ұстаздарға да, оқушыларға да барлық жағдай жасалған. Қосымша білім беру мекемесінде ағылшын тілі, орыс тілі, математика пәндерінен курстар өткізіледі. Сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларына күнделікті үй тапсырмасын орындауға көмектесеміз, математика және көркем жазу бойынша балаларды дамытуға арналған сабақтар мен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық курстары ұйымдастырылады. Биыл жыл басында оқу орталығында ұлттық тестілеуге дайындалып жүрген жоғары сынып оқушыларының 80 пайызы жоғары балл жинап, өздерінің білімін көрсетті, — дейді орталық басшысы.

Ләззат Толықбаеваның негізгі мамандығы — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Әр кез балаларға сапалы білім беруді ойлайтын ол өзінің осы идеясын өткен жылы ғана жүзеге асырыпты. Қазір мұнда оқушылар екі мезгіл келіп, қосымша білім алады. Курстардың бағасы қолжетімді. Атап айтсақ, бір пән бойынша айлық курстың бағасы 10 мың теңге болса, ұзартылған топта қосымша білім алу курсының бір айлық бағасы — 15 мың теңге.

— Сондай-ақ бүгінде орталықта үш пәннен қосымша білім алып жатқан оқушыларымыз да бар. Олар жеңілдікпен ай сайын 24 мың теңге төлейді. Пән кабинеттері қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Алдағы уақытта орталығымызда робототехника кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір аудан оқушыларына мұндай үйірме өте қажет. Себебі робототехника оқушылардың ойлау жүйесін дамытуға және практикалық тапсырмаларды шеше білуге, сондай-ақ математика, физика, информатика, технология, инженерлік технология негіздерін білуге ықпал етеді. Қазір бізге бұл жоспарды жүзеге асыруға қаржының жоқтығы қолбайлау болып тұр. Себебі кабинетке арналған құрал-жабдықтардың құны 5 миллион теңгеден асады. Сондай-ақ жиһаздар, басқа да оқу құралдары қажет. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан қолдау болса деген тілегіміз бар, — дейді кәсіпкер.

Гүлнұрдың тәттілері

Ауданда кондитерлік өнімдер пісіріп, той-томалақ, мерекелік кештерде дастарқанның сәнін келтіріп жүрген ырғыздық Гүлнұр Еркебаева 2019 жылдан бері жеке кәсіпке ден қойған.

Негізгі мамандығы есепші болса да, осы кәсібін ерекше жақсы көретінін айтады.

Күн сайын торттарға, бәліштерге, тәтті тоқаштарға тапсырыс қабылдаймын. Кейде түнімен отырып жұмыс жасайтын кездерім болады. Кәсібім өзіме ұнаған соң, ешқандай шағым айтпаймын. Мен үшін ең бастысы — өнімдерімнің сапалы болуы және тапсырыс берушілердің алғысы.

Қазір аудандағы үйлену тойы, қыз ұзату, туған күн, басқа да мерекелік кештерге мен әзірлеген кондитерлік өнімдер қойылады. Бағасы басқаларға қарағанда сәл қымбаттау болуы мүмкін, дегенмен тәттілерімнің бәрі таза өнімдерден жасалады, — дейді кәсіпкер.

Гүлнұр Еркебаева 2019 жылы мемлекеттен 3 млн теңге несие алып, сол қаржыға пеш, миксер, басқа да өнімдер пісіруге арналған құрал-жабдықтар сатып алған. Болашақта кондитерлік цех ашуды жоспарлап отыр. Ол үшін кәсіпкер алдағы уақытта конкурсқа қатысып, мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алғысы келеді. Қазір ол үйінің бір бөлмесін кішігірім цехқа айналдырып үлгерген.

Қазір түскен тапсырысты күн-түн демей, өзім пісіріп жатырмын. Бұрын көмекшім болған, отбасы жағдайына байланысты жұмыстан шығып кетті. Енді көмекші іздеп жүрмін. Күніне 10-15 торт, он шақты пирог пісіремін. Болашақта цех ашып, ісімді кеңейтсем, бірнеше адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмын. Соңғы кезде өнімдерімді аудан орталығындағы «The Family» кафесіне, сондай-ақ бірнеше дүкенге тапсырып жүрмін. Тұрғындар риза, сұраныс көп, — дейді кәсіпкер.

Р.S. Биыл облыста жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына ырғыздықтар да белсенді түрде қатысып жатыр. Жобаға қатысуға 190-нан астам адам құжаттарын тапсырған. Қазір олардың көбі бағдарлама аясында мемлекеттен жеңілдікпен берілетін несиені күтіп отыр.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button