Басты жаңалықтар

Баубек ОРАЛМАҒАМБЕТОВ, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы: Ақтөбеден шыққан «Әлем азаматтары» аз емес

Жер-жерде әртүрлі қызметте жемісті еңбек етіп жүрген ақтөбеліктер баршылық. Солардың бірі — Баубек Оралмағамбетовтің есімі өз саласында көпшілікке жақсы таныс, ол бірқатар жобаға басшылық етіп, талай лауазымды қызметті абыроймен атқарған азамат. «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Кейіпкеріміз өмірін авиациямен байланыстырған.

Бүгін, яғни 31 наурызда мерейлі жасқа толған Ақтөбенің перзентін қуанышымен құттықтай отырып, екеуара өрбіген сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

 Ақсақалдың батасы қабыл болды

— Ғарышкерлерден бастап өзіңіз еңбек ететін сала өкілдеріне дейін сіз туралы білетіні анық.  Дей тұрғанмен көпшілік оқырманға өзіңіз, жалпы ғарыш әлеміне қалай келгеніңіз жөнінде айтып өтсеңіз.

—1983 жылы Мұғалжар ауданына қарасты Ембі қаласында дүниеге келдім. Сол ауданның Жаңажол елді мекенінде мектепке бардым, балалық шағымды өткердім.

Бала кезден есімде қалғаны, әкем жұмыс бабы бойынша Ембі-5 сынақ полигонындағы әскери қызметкерлермен тығыз қарым-қатынаста болды. Мен де сол жерге жиі барып, бірде көкке көтеріліп, енді бірде қонып жататын ұшақтарға ерекше қызығатын едім. Арасында Мәскеуден келген құрылымдаушыларды (конструктор)сұрақтың астына аламын. Бәлкім,  инженер боламын деген балалық арман сол кезде қалыптасқан шығар.

Ұмытылмайтын естеліктердің бірі — нағашы апам Сәруармен бірге 1992 жылы Ташкент, Самарқанд қалаларына қыдырып барғанда, Ұлықбек обсерваториясын араладық. Сондағы телескопты көрген 9 жастағы мен, неге екені белгісіз, қолымды аспанға көтеріп: «Мен ракета жасаймын», —  деп жиналғандарды аузыма қаратқаным бар. Іле-шала бір өзбек ақсақалдың басымнан сипап: «Арманыңа жет», —  деп бата бергені де есте. Сол қабыл болып, алдымнан қандай мүмкіндіктер кезіксе де, бәрібір авиация саласына тартты да тұрды.

— Мәскеу мемлекеттік авиациялық институтының түлегісіз. Аталған оқу орнына ресейліктердің өзі көп түсе алмайтынын ескерсек, сол кездегі жас талапкер Баубекке оңай болмаған сияқты…

—Мектепті ерекше аттестатпен тәмамдаған соң одан бұрын 2-3 жылМәскеуден математика және физика пәндері бойынша есептер топтамасын алдырып, дайындалғасын анау айтқандай қиналғаным жоқ. Емтихан тапсырып, грант негізінде оқыдым.

Ұшақтар мен тікұшақтарды және зымырандарды құрастыратын инженерлерді даярлайтын байырғы техникалық институтта ұнағаны — тәжірибелік сабақтар көп болатын және оқытушылардың көпшілігі өндірісте еңбек етіп жүрген инженерлер еді. Өзім де 3-курстан кейін технолог, 4-курста сынақшы, ал соңғы жылда конструктор ретінде 1,5 айдан өндірісте жұмыс істедім. Мен үшін бұл үлкен тәжірибе әрі өмір мектебі болды.

— Жоғары оқу орнындағы үлгеріміңіз жақсы болғандықтан, диплом алғасын бірден Мәскеудегі Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталыққа жұмысқа қабылданған екенсіз…

— Иә, өзім сол орталыққа қарасты «Салют» конструкторлық бюросына жұмысқа тұруға талаптандым. Себебі оның қызметі «Байқоңыр» ғарыш айлағымен тығыз байланысты еді. Болашақта бәрібір елге қайтатын ойым болғандықтан, алдын ала біле берген дұрыс емес пе?

Мұндағы инженер-конструктордың жұмысы өте ауыр болғанмен, қызығы да соған сай еді. Кешенді процестерден тұратын алғашқы қызметім мені қай нәрсені де бағдарлауға, терең зерттеуге үйретті. Ең бастысы, білімімді үнемі жетілдіріп тұруға бейімдеді.

— Кейін Ресей астанасындағы екі елдің бірлескен мекемесі — «Бәйтерек» акционерлік қоғамында бас маманнан бастап, бөлім басшысына дейін көтерілген екенсіз. Мұндағы қызметіңіз, жалпы сырт елдегі өміріңіз қалай өтті?

— Әрине, бұл үлкен жауапкершілік жүктейді. Әрі сол кезде Ресейдің ғарыш саласы бойынша шын мәнінде үлкен держава екеніне көзім жетті.Елден жырақта жүріп, мол тәжірибе жинадым.

Сондай-ақ аталған мекемеде қызмет еткенде, Байқоңырдағы «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру бойынша бірлескен жобаның бас жоспарын және барлық техникалық құжатын дайындауға атсалысқаным еңбек жолымдағы ұмытылмайтын кезеңдердің бірі деп айта аламын.

Қазақстанның ғарыштық әлеуеті қандай?

— Шетелдегі жақсы қызметтерден қол үзіп, Қазақстанға оралуыңызға не себеп болды?

— 2010 жылдары Ұлттық ғарыш агенттігінің мен сияқты тәжірибесі бар инженер-конструкторларды елге тарту саясаты бойынша департамент директорының орынбасары лауазымына шақырылдым. Сөзсіз, бұл ұсынысты қуана қабылдап, отандық ғарыш саласының дамуына өз үлесімді қосқым келді. «Ер — туған жеріне» демей ме? Сұхбатымыздың басында айтқанымдай, туған жерге оралу әу бастан-ақ жоспарымда бар еді.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Баубек Оралмағамбетов 1983 жылы Ақтөбе облысында туған.

2006 жылы «Авиациялық қаруланудың робототехникалық жүйелері» мамандығы бойынша Мәскеу авиациялық институтын (мемлекеттік техникалық университет) бітірген. Экономика ғылымының кандидаты.

Еңбек жолын 2006 жылғы шілдеден бастап М.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталықтың инженер-конструкторы ретінде бастаған (Мәскеу қ.).

2010 жылғы қыркүйек пен 2012 жылғы шілде аралығында «Бәйтерек»  «Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ-ның бас маманы, бөлім басшысы болып қызмет атқарған (Мәскеу қ.).

2012 жылғы тамыз бен 2014 жылғы қазан аралығында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі ғарыш қызметін дамыту департаменті директорының орынбасары, директоры лауазымдарында қызмет атқарған.

2014 жылғы қазан мен 2015 жылғы желтоқсан аралығында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитеті жобаларды сүйемелдеу басқармасының басшысы болған.

2015 жылғы желтоқсаннан бастап 2016 жылғы желтоқсанға дейін «Ғалам» ЖШС бас директоры болып қызмет атқарған.

2016 жылғы 2 желтоқсаннан бастап ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған.

2019 жылғы 5 мамырда ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалған.

2019 жылғы тамызда Министрліктің қайта ұйымдастырылуына байланысты  ҚР  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде Агроғарыш комитеті төрағасы лауазымына ие болды.

— Қазір Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитетінің төрағасысыз. Осы лауазым иесі ретінде сізден Қазақстанның қазіргі ғарыш саласын қалай бағалайтыныңызды білсек. Сондай-ақ Қазақстаннан 4-ші ғарышкердің ұшуы мүмкін бе?

— Бұл — өте күрделі сұрақ. Біздің елімізден Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовтің ғарышқа ұшып, Қазақстанның ғарыштық зерттеулері мен эксперименттерінің 5 ғылыми бағдарламасын сәтті орындағаны белгілі. Бұл ретте ғарышкерді ұшыру — кез келген елдің ғылыми-техникалық имиджін көтеріп, абыройын арттыратынын, бірақ басты мақсат басқа екенін ұмытпау керек. Ғарышқа ұшу арқылы ең әуелі ғылымды дамыту, көкте жүргізілген зерттеудің арқасында Жердегі өмір сапасын жақсарту көзделеді. Сондықтан ғарышқа ұшу өте қымбат жоба екенін ескеріп, жай ғана сапарлап барып-қайтудың мәні жоқ екенін айтқым келеді. Алдымен ғылыми бағдарлама қажет. Бұл бойынша әзірге нақты жоспар жоқ.  Дей тұрғанмен, жеке демеушілердің есебінен ұсыныс болса, министрлік оны мақұлдауы мүмкін.

Өзім басшылық ететін комитет ғарыш қызметінің барлық саласын қамтитын жалпы саны 1218 штаттық бірлігі бар 10 компанияны біріктіреді. Бүгінгі таңда бізде 5 ғарыш аппараты бар.Үш жерсерік — «KazEOSat-1», «KazEOSat-2» және «KazSTSat» табысты жұмыс істеп тұр. Бұлар толық көлемде спутниктік түсірілімдерді жасап, төтенше жағдайларды алдын алу, климаттық, табиғи және техногендік өзгерістерді талдау, егінді, жер қойнауын, су ресурстарын бағалау үшін пайдаланылады.

— Ал екі елге ортақ «Байқоңыр» ғарыш айлағының қазіргі жағдайы қалай?

—«Байқоңыр» ғарыш айлағы — әлем бойынша алғашқы және ең ірі кешен. 9 ұшыру кешенінен тұратын айлақта қазір ғарыштық мақсаттағы 3 зымыранжұмыс істейді.2020-2022 жылдары ғарыш айлағынан «Союз» (24), «Протон» (3) сияқты зымыран тасығыштардың 27 ұшыру жұмысы жүзеге асырылды.Сонымен қатар мұнда «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру  жөніндегі бірлескен жоба атқарылу үстінде. Бұл өңірге инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

«Туған жер, өзің дегенде…»

Даңқты ұшқыш-ғарышкерлер Виктор Пацаевтың біздің жерлесіміз, ал Юрий Лончаковтың осы өңірдегі орта мектепті тәмамдағанын, сондай-ақ Талғат Мұсабаевтың Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі екенін ескерсек, Ақтөбені еліміз бойынша ғарышкерлердің астанасы деуге толық негіз бар. Бұл пікірмен келісесіз ғой?

—Әлбетте, бұны көпшілігі біледі. Әлемнің жүзден астам ғарышкері мен астронавтары «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшқаны белгілі. Олардың арасында Ақтөбеге қатысы бар азаматтар аз емес. Әйткенмен ғарышкерлерді «әлем азаматы» деп жатамыз ғой, оларды дүниежүзіне ортақ тұлғалар деп санаймын.

— Өткенде хабарласқанымда, Наурыз мейрамына Ақтөбеге келетініңізді айтып қалдыңыз. Туған жеріңізге жолыңыз жиі түсе ме?

—Мерекелерде, еңбек демалысымда міндетті түрде келіп-кетемін. Өйткені туыстарымның дені осы жақта ғой. Әкем Ақтөбеде мәңгілікке тыныстап жатыр… Өз кезегінде менімен бірге тұратын анам да өсіп-өнген өңірге жиі барғанымызды тәуір көреді. Барлық жерлестеріме жақсылық тілеп, құтты мекен — Ақтөбеміз көркейе берсін демекпін. Туған жерімді сағынып, жылт еткен жақсы жаңалығына қуанып отырамын.

— Ақтөбе дегенде ойыңызға кімдер немесе не оралады?

— Алдымен мұнайлы Мұғалжар, аумағында үшкенді-кішілі бірнеше өзен-сулары бар, табиғаты керемет Ырғыз, адамдарының жаратылысы бөлек Шалқар, хромы мен никелі бар Хромтау мен Қарғалы аудандары еске түседі. Бұл — менің балалық шағым өткен өлкелер.

Ал адамдардан, әрине, саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған марқұм әкем Жеткерген Оралмағамбетов, әлемге әйгілі нейрохирург Серік Ақшолақов, еңбегі ерен Аманғос Төлеуов, талантымен көпшілікке танылған Димаш Құдайберген ойыма оралады.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button