Көненің көзі, жақсының жәдігері
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Мемлекеттік орталық музей қорындағы этнографиялық коллекциялардан жасақталған «Бабадан қалған аманат» атты жылжымалы көрмесі ашылды. Экспозицияда Айшуақ сұлтан, Жаяу Мұса, Шоқан Уәлиханов, Әміре Қашаубаев, Қаныш Сәтбаев сияқты тарихи тұлғалардың көне тұрмыстық заттары, киімдері мен әшекейлері, жеке заттары қойылған. Осы орайда орталық музейдің антропология және этнология бөлімінің жетекшісі Ерсін Жайнақпен әңгімелескен едік…
Музей қорында 300 мың экспонат бар
Мемлекеттік орталық музейдің бай қоры мен сәулетті залдарында халқымыздың ұлттық құндылығы саналатын аса құнды тарихи-мәдени жәдігерлер сақтаулы.
Қазақтың ұлттық келбетінің бірден-бір көрсеткіші — оның мәдениеті. Мәдениет пен өнер — үнемі қатар айтылатын, бір-бірін толықтыра түсетін ұғымдар. Қазақтың ұлттық өнер туындылары мәдениетіміздің айшықты бір бөлшегі болып есептеледі. Сондықтан қазақ өнерінің әрбір саласы оның ұлттық болмысын көрсете алады.
— Музейде 300 мыңға жуық экспонат бар. Көрмеге 145-тен астам тарихи мәні бар жәдігерлерді әкелдік. Экспонаттар қатарында Жаяу Мұсаның қобызы, домбырасы және скрипкасы, Шоқан Уәлихановтың бөркі, қазақтың дүлдүл әншісі Әміре Қашаубайұлының, ақын Манарбек Ержановтың, ғалым, қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың домбыралары бар, — деді орталық музейінің антропология және этнология бөлімінің жетекшісі Ерсін Жайнақ.
Алматыдан арнайы әкелінген жылжымалы көрмеде қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптейтін этнографиялық бұйымдар бар. Музей қорындағы экспонаттардың ішінен жеті топтама үздік үлгілерін көрермендер назарына ұсыну көзделген.
Музей қызметкерінің айтуынша, көрмеде негізінен киім-кешек, ыдыс-аяқ, тоқыма бұйымдары, үй жиһаздары, музыкалық аспаптар, ер-тұрман және зергерлік бұйымдарының үздік экспонаттары бар.
— Көрмедегі ұлттық киімдер, әсіресе сал-серілердің киімдері ерекше қымбат материалдан жасалған. «Жат жерде тон сыйлы» дегендей, олардың киген киіміне қарап дәулетін оңай ажыратуға болады. Сондай-ақ қазақ халқы жас ерекшелігіне қарай киімдерді ерекшелеп, бөлген. Мәселен, жастар жағы ою-өрнекті, қызылды-жасылды киімдер кисе, үлкендер ою-өрнектері аз киімдер киген. Алғашқы сөреде, байқасаңыз, ерлер мен әйелдер киімінің жаздық және қыстық киімдері — тымақ, шапан, елтірі тон, бешпентті көре аласыздар, — дейді ол.
Ерсін Маралбекұлы көрмеге қойылған ұлттық киімдердің бірқатарына жеке тоқталды:
— Тымақ — жылдың суық мезгілінде киетін, малдың, аңның терісінен тігілген баскиім. Оның төбесі биік, маңдай тұсы сыртқа қайырылған, екі құлағы мен жауырынға дейін жауып тұратын желкелігі болады. Сонымен қатар дәстүрлі ортада тымақты адам өзінің жас ерекшелігіне, әлеуметтік ортадағы дәрежесіне қарай киетін болған. Ақсақал, үлкен кісілер тымақты кеңдеу қылып тіктіріп, тақия немесе шыт сыртынан киген. Олар көбіне пұшпақ тымақ киген, ал жалпақ төбелі үлкен тымақты орта жастан асқан, лауазым, дәрежесі жоғары болыс, билер киген екен. Тымақты қасиетті санап, аяқ астына тастамай, жоғарыға іліп қойған. Баскиімді, оның ішінде тымақты «бастағы бақ кетеді» деп бөтен біреуге сыйламаған, бөгде адамға бермей, балаға мұра қылып қалдырып отырған. Сондай-ақ «бәле бастан жұғады» деген ырыммен бөтен адамның тымағын кимеген. Ерте кездері айы-күні толмай, шала туған сəбиді қолға ұстауға немесе бесікке бөлеуге келмейтіндіктен, қырқынан шыққанша «тымаққа салып» өсірген. Өйткені тымақтың іші жылы, қолға ұстауға қолайлы болған. Ғұрып бойынша, сәбидің құрсақтағы неше күнi кем болса, сонша күн тымаққа бөлеген, — деді Ерсін Жайнақ.
Әміренің домбырасы мен Айшуақ сұлтанның мұрағы
Музей жетекшісінің айтуынша, мұндағы ерекше экспонаттардың бірі — төрелердің мұрағы мен шапаны. Музейде Айшуақ сұлтанның мұрағы сақтаулы. Сәнді мұрақты ертеректе хандар мен сұлтандар кисе, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап билер киген.
— Мұраққа қарап жұрт адамның мансап-дәрежені айырған. Мұрақты тек арнайы тігілген шошақ төбелі қалпақтың сыртынан киген. Сондықтан ол салтанатты шараларға киетін баскиім түріне жатады. Сонымен қатар сырт киімдердің бірі — шапан да көрмеге қойылды. Шапан — матадан астары тігіліп, кейде арасына қой мен түйенің жүні салынып, сырып тігілетін сырт киім түрі. Қазақы шапандардың пошымы мен пішімінде аймақтық ерекшеліктерге байланысты бірқатар өзгешеліктер бар. Шапанның басқа сырт киімдерден басты ерекшелігі — оның екі жеңінің, өңірі мен жағасының ұлттық ою-өрнектермен кестеленуінде. Жалпы күнделікті тұрмыста киілетін шапандар қарапайым берік маталардан тігіледі. Сонымен қатар олардың етектері мен жеңдері де қысқалау келеді. Ал қазақы ортаның ауқаттылары, сал-серілері, сондай-ақ билер мен ел басқарған әлеуметтік топ өкілдері көбіне жағасына құндыз немесе бағалы аңдардың терісінен, қамқадан немесе паршадан тігілген шапандар киген, — дейді ол.
Ерсін Маралбекұлы көрменің ішіндегі қазақ халқының ұлттық аспаптарын да таныстырып өтті.
— Музей қорында 200-ге жуық музыкалық аспап бар. Мұнда дәстүрлі музыкалық аспаптың 30-ға жуық түрі қойылған: ішекті, үрлемелі, тілшелі, соқпалы түрлері және жетіген, шертер, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, асатаяқ, тұяқ, қоңырау және басқа да аспаптар бар. Мәселен, Жаяу Мұсаның домбырасын оның ұлы Салық 1955 жылы экспедиция кезінде музей қорына тапсырған екен.
Сондай-ақ көрмеде 1980 жылы музей қорына тапсырылған нар қобыз бар. Ол қайың ағашынан жасалып, төменгі жағы былғарымен қапталған. Ал ішектері жылқының қылынан жасалған. Жылжымалы көрмеден аспаптың неше түрін көре аласыз, — дейді Ерсін Жайнақ.
Сонымен қатар көрмеде ағаштан жасалған ыдыстың түр-түрі әкелінген. Оның ішінде сүт өнімдерін өңдеуге және тасымалдауға арналған — саба, торсық, мес, көнек, шара, тегене, тостаған, саптыаяқ, ожау сияқты теріден және ағаштан жасалған ыдыстар, сонымен қатар тамақ ішуге арналған астау мен табақ түрлері де бар.
— Мұндағы бұйымдардың ерекше бір түрі — көшпелілер тұрмысында қолданылған аяққап және кесеқап. Аяққап – табақ сияқты тамақ ішуге арналған үлкен ыдыстарды салатын арнайы қап түрі. Ол көбіне алашадан, киізден және матадан даярланған. Кесеқап көші-қонда қыш, кәрлен кеселер сынбас үшін салынатын, ағаштан, теріден, киізден жасалатын қап түрі. Кесеқаптар ертеректе пайда болып, ХVІІІ ғасырда қазақ арасына қытайдың фарфор ыдыстары кеңінен тарай бастағанда, аталған ыдысты сындырмай алып жүру қажеттілігінен молая түскен. Кесеқапты қазақтар мен Орта Азия шеберлері ағаштан, шиден, тобылғыдан иіп, тоқып, сонымен бірге теріден, көннен тігіп жасаған. Айталық кесеқапты теріден жасағанда ірі қараның жаңа сойылған терісін жібітіп, түгін ұстарамен қырып жасаған, — дейді музей қызметкері.
Көрмеге жасалу техникасы қиын ұлттық бұйымдар мен ат әбзелдері де қойылған. Әсіресе өңіржиек, алқа, тұмарша, құдағи жүзік, қос білезік, сырға, кемер белдік, деңмент белдік қазақ қыз-келіншектерінің көркіне көрік қосады.
— Көрмеге алтынмен апталған, күміспен күптелген ер-тұрмандар да қойылған. Ер-тұрман – мініс-көлік малына салт мінетін ат әбзелдерінің бірі. Ер-тұрман ердің қаңқасы тоқым, желдік, тебінгі, айыл, құйысқан, өмілдірік, үзеңгі, жүген, ноқта, жабу, тұсау, шідер, қамшы және тағы басқа құрамдас бөліктерден тұрады.
Ер-тұрман — көне заманнан бүгінге жеткен көшпелілер тұрмысында зор маңызға ие болған заттық мәдениеттің айрықша үлгісі. Ертеректе отты қарудың жетілдірілген түрі шыққанға дейін көшпелілер қоғамында салт атты жауынгерлердің қимылдарына лайықталған ер-тұрманның алар орны ерекше болды. Сондықтан көшпелі тұрмыс және әскери жорық қажеттілігіне байланысты ер-тұрман жабдықтары үнемі жетілдіріліп отырған екен, — дейді ол.
P.S. «Бабадан қалған аманат» атты жылжымалы көрме 15 сәуірге дейін ақтөбеліктер назарына ұсынылады. Ұлттық сананың, таным-білімінің, дүниетанымының, ұлттық болмысымыздың ерекшеліктерін танытуға, ортақ құндылықтарды дамытуға, елдік рухты арттыруға бағытталған көрменің болашақ ұрпаққа берері мол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.