Спорт

Сенсациялық жеңіс

Еуропа чемпионаты-2024

Қазақстан-Дания — 3:2

Жерлестеріміздің «Н» тобындағы фаворит болып есептелетін Дания құрамасын жеңуі бір сенсация болса, ұтылып жатып жеңіп кетуі (камбэк жасауы) сол сенсацияның айшықты қосымшасы болды.

Футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі екінші ойынға жерлестеріміз тас түйін болып шықты. Алғашқы кездесудегідей емес, бұл жолы футболшыларымыз, қаншама даңқты болса да, әрлі-берлі ойқастағысы келген қонақтарға аса ерік бере қоймады. Рас, бірінші таймда (21,36-минуттарда) қақпамызға 2 гол енгізіп алдық. Қорғаушыларымыз сақтықтан айрылып қалды. Ал екінші таймда…

Екінші таймда Қазақстан құрамасы 3 гол соғады деп ешкім болжай қоймаған шығар. Соқты. Екінші тайм бойы жерлестеріміз даттарды тықсырумен болды. 73-минутта Бақтияр Зайнутдинов пенальтиді мүлтіксіз орындап, үміт отын жақса, 86-минутта 25 метрдей жерден гол соққан Асхат Тағыберген есепті теңестірді. Ал 89-минутта Ян Вороговский қақпа алдына әуелете тастаған допты Абат Айымбетов баспен ұрып, жеңіс голын соқты.

Өкінішке қарай, 6 минут ішінде екі рет ескерту алып, «қызыл қағаз» көрсетілген Абат келесі ойынға қатыса алмайтын болды.

Әсіресе екінші таймда қажетті алмастырулар жасап, футболшыларды жеңіске жігерлендіре білген бас бапкер Магомед Адиев өз ісінің білгір маманы екенін тағы да дәлелдеді. Бұл ретте осының алдындағы Еуропа чемпионатында Дания құрамасы күміс жүлдегер болғанын да ұмытпаған жөн.

Не болғанда да, 23 наурыз күнгі алғашқы ойында Словениядан ұтылып қалған (1:2) жерлестеріміз іле-шала осылайша тамаша жеңіске жетті.

Қазақстан-Дания — 3:2

Гол авторлары: Расмус Хойлунд, 21-минут (0:1); Расмус Хойлунд, 36-минут (0:2); Бақтияр Зайнутдинов, пенальти, 73-минут (1:2); Асхат Тағыберген, 86-минут (2:2); Абат Айымбетов, 89-минут (3:2).

90+6 минутта Абат Айымбетов екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін алаңнан қуылды.

Қазақстан құрамасы төменгі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Ян Вороговский, Нұралы Әліп, Сергей Малый (Темірлан Ерланов, 46-минут), Александр Марочкин, Михаил Габышев (Лев Скворцов, 34-минут), Асхат Тағыберген (капитан), Абзал Бейсебеков (Аслан Дарабаев, 83-минут), Бақтияр Зайнутдинов (Бауыржан Исламхан, 79-минут), Рамазан Оразов, Максим Самородов (Абат Айымбетов, 78-минут).

Бас бапкер: Магомед Адиев.

26 наурыз 2023 жыл. Астана. «Астана Арена» стадионы. 28 000 адам.

*   *   *

Екі турдан соң «Н» тобындағы құрамалар төмендегідей ұпай жинады:

Словения — 6; Дания — 3; Қазақстан — 3; Финляндия — 3; Солтүстік Ирландия — 3; Сан-Марино — 0.

3-4 тур ойындары маусым айының екінші жартысында өтеді. Қазақстан сырт алаңда Сан-Марино және Солтүстік Ирландия құрамаларымен кездеседі.

*   *   *

Ал сәуірден бастап Премьер-Лига ойындары жалғасады.

«Ақтөбе» 2 сәуір күні өз алаңымызда «Қызылжар» командасын қабылдайды. Қазір «Ақтөбе» 3-турдан соң 9 ұпаймен көш басында тұр. Чемпионат сұрмергені — ақтөбелік Максим Самородов, 4 гол.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button